• Руханият
  • 07 Қазан, 2021

Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ: КИНО – ТҰНЫП ТҰРҒАН ИДЕОЛОГИЯ

«АЛДЫМЕН ҚҰДІРЕГЕ СӘЛЕМ БЕРЕР ЕДІМ»

Әкемнің есімі — Қали, шешемнің есімі — Жазира. Үлкен кісілер «Кәкеңнің даусы қозыкөш жерден естіліп тұрушы еді. Ашық еді» деп айтып жататын. ­Тынысы кең. Бір жылдары ауылға Жүсіпбек Елебеков бастаған бір топ өнерпаз келіп, біздің үйден дәм татып, әкем Мәдидің «Қарқаралысын» орындапты. Сонда Жүсекең «Шіркін-ай, сенің әніңді естіп, жаңа ер-тоқым салып, арғымақ ат мінгендей болдым ғой, сен бізбен бірге жүр, мен сені алып кетейін», – депті. Әкем бара алмаған.

***

...Кино тұнып тұрған идеология. Одан кейінгі үлесіме тиген рөл Сәкен Сейфуллин ағамыздың шығармасы бойынша түсірілген «Даладағы қуғын» фильмі. Өкінішке қарай, бұл фильмнің сценарийін орыс жазды да, ұлттық киім, ұлтымыздың әдет-ғұрпы жақсы көрінбей қалды. Бұл фильм шынында менің танымалдығымды арттырды. Кинодағы төлқұжатым сияқты болды. Алғаш рет көрерменге актер ретінде, азамат ретінде танылған рөлім болды. Сондықтан бұл рөл маған осы уақытқа дейін ыстық. Бір кездері маған «Құдіре мен Хамитты көрсеңіз, алдымен қайсысына сәлем берер едіңіз?» деген де сұрақ қойылды. Мен айттым, әрине, алдымен Құдіреге сәлем берер едім, өйткені оның бойында елге, жерге, ұлтқа деген сүйіспеншілік жатты. Бірақ Хамитты да сөгуге болмайды. Коммунистік идеямен «қаруланған» жігіт. Ол да өз сенімі бойынша өз елін тап жауларынан қолындағы наганымен қорғады. Негізінде бұл фильм өте сәтті түсірілген дүние. Режиссер Абдолла Қарсақбаевтың жемісті еңбек етіп жүрген жылдары еді.

***

Әрине, не жазсаң да, не түсірсең де – сен мұнымен не айтқың келеді деген сұрақ тұрады. Ең негізі – осы. «Біржанда» алғашқы империялық күштер, сүттей ұйып отырған ұлттың мінезін бұзып, ұлттық өнеріміздің өгейсіп бара жатқаны туралы көрсеткіміз келді. Құнанбай қазақ даласында биліктің құрылымын жасаған тұлға. Өз дербес ойы бар тұлға. «Құнанбайды» шығарарда «Абай жолы» тұрғаны хақ. Ол әрине, басқа Құнанбай. Заманына қарай солай жазылу керек болды. Біз Құнанбайды пенделікке түсіруге тырыстық. Ол да адам, пенде. Анасымен мұңдаса, сырласа білетін Құнанбай, көзіне жас ала білетін де Құнанбай, баласы Абаймен сырласа білетін Құнанбай, ел алдында тұжырымды ой айтып қана қоймай, еліктіре білетін Құнанбай, өкіне білетін, айтқанын орындата білетін, билердің ортасында сөз ұстаған Құнанбай. …Біржанды да, Құнанбайды да халыққа жақындаттық. Жас ұрпақ үшін өте қажет. Негізі кино дегеніміз – тұнып тұрған идеология. Ұлттық идеологияны сіңіруіміз керек. «Жаужүрек мың бала», «Алмас қылыш», міне, осылардың бәрі соған сай түсірілген фильмдер.

ТАҒДЫР МЕН ТАРИХ ҚАТАР ӨРІЛСЕ, НАҒЫЗ ШЕДЕВР СОЛ

Домбыра менің құлақ бұрауым. Домбыра менің мұратым. Әкемнен алып қалған аманатым. Серігім. Домбырамен ән айту ішкі сезімімді сыртқа шығару ғана. Өзімді әнші санамаймын. Осы күнге дейін ыңылдап ән айтатын өзімнің ортам бар. Сондықтан үлкен сахнаға шығып ән айту ойымда жоқ нәрсе. Дәстүрлі ән — біздің классикалық дүниелеріміз. Біржан, Ақан, Мәди, Жаяу Мұсаның жолын жалғастырып келе жатқан қаншама талантты әншілеріміз бар. Солардың алдында ән айту мен үшін өте ыңғайсыз. Әкем дүниеден озғаннан кейін сағыныштан туған «Ауыл қарттары», «Домбыра» деген әндерді айттым. Мен үшін сөзі құнарлы. Екеуінің де сөзін Сағи Жиенбаев жазған. Сұраған жерде өзім орындаймын.

«Қыз Жібектің» алғашқы сериясында Асқар Сүлейменовтің Шегенің аузына салған «Қан кешкен мына заманда, қайғыны жеңген бар ма екен?» деп басталатын толғауы айтылған кезде залда бір-бірімен иін-тіресіп отырған халық қырандай қомданып, дүр етіп, бір басылды.

 «Қыз Жібек» экранға жол тартқан соң шөп-шалам пікірлер бой көрсетіп қалды. «Төлеген-Құманды шашын жалбыратып қайдан тапқан» деген сөз де айтылды. Кейін, шөп-шалам пікір қурап кеткен соң экранда тек Сұлулық пен Тағдыр қалды. Мүмкін, өмірде Қыз Жібек те, Төлеген де соншалықты сұлу болмаған шығар. Бірақ олардың тағдыры мен махаббатын тарих ұмытпады, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап отырды. Тағдыр мен тарихтың арасындағы үндестік деп осыны айтуға болатын шығар. Біздің кинолардың кемшілігі сонда, киноға тек тарихты ғана әкелгісі келеді. Тарихта тағдыр болмаса ол тек жалаң баяндау болып шығады ғой. Ал тағдыр мен тарих қатар өрілсе, нағыз шедевр сол...

ҰЛТТЫҚ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕНДЕ ЖАНЫҢДЫ ЖЕГІДЕЙ ЖЕУ ҚАЖЕТ

Әлихан Бөкейхан ұлтты сүю және оған қызмет ету үшін мінез қажет екенін айтты. Бұдан асырып сөз жеткізу мүмкін емес. Себебі ұлтқа, ұлттық дүниеге келгенде жаныңды жегідей жеу қажет. Киноға келетін болсақ, біріншіден бұл – кәсіп. Оның жілігін шағып, майын ішу екінің бірінің қолынан келмейді. Тіпті әбден меңгеріп алғандардың өзі кино түсірген кезде оның мазмұнын халқымыздың жан дүниесімен, көзқарасымен, тәрбиесімен қабыстыра алмай жатады. Мұны өз көзімізбен көрдік. Біздің ең басты олжамыз – өз халқымыздың сұранысын қанағаттандыру. Осы белесті бағындырып жатсақ, әлемді жаулауға кірісуге болады.

Бүгінде атақ та, даңқ та сатылады. Тіпті «Оскар», «Нобель» сыйлықтарының өзі базардағы саудагердің қолындағы дүниедей болып қалды. Байқасаңыз, сөрелеріміз халықаралық кинотөрешілердің естелік сыйлықтары мен мүсіндерінен қайысып тұр. Біздің мұратымыз халықаралық жарыс­тан сыйлық алу емес, халықтың алғысы мен ықыласына кенелу болуы керек. Бір құлап, бір тұрып жатса да, қазақ киносы қалыптасып, дамып келеді. Болашақта көрерменнің қазақ киносына деген ықыласы артса, жағдай қазіргіден де жақсы болады. Ұзын сөздің қысқасы, кез келген өнер туындысының астарында кірдің тасындай терең ой жатпаса, оның құны көк тиын.

***

Сахна мен экранды былапытқа айналдыруға болмайды. Өйткені екеуінің де арғы жағында көрермен, яғни халық бар. Бізде идеологиялық диктатура деген жоқ. Бірақ экрандағы атыс-шабыс немесе эротика арқылы көрерменнің жүрегін жаулап аламыз деген пікір басым. Ондай жайт өзімнің басымнан да өтті. «Біржан сал» фильмінің сценарийін талқылаған кезде біраз айтыс-тартыс болды. Кейбіреулер Біржан Ләйліні алып қашуы керек екенін, сол кезде оқиға тартысты болатынын айтты. Қарсылық танытып едім: «Сіз көнені көксейсіз» деп сын тақты. Мүмкін, олардың көзқарасы бүгінгі өлшеммен қарағанда дұрыс шығар. Олар бүгінгі киноның заңына бағынғысы келетін болар. Алайда оларды қандай дүниені өзегіңнен суырып алып, көрерменге ұсынғың келетіні қызықтырмайды.

***

...«Құнанбай» фильмін көріп болған соң, киноның көркем тіліне таңғалғандар көп болды. Бұл – Таласбектің еңбегі. Тәкең әйгілі мұрағаттар мен кітапханалардың бәрінде отырып жұмыс істеген адам.

Біздің заманымызда өмір сүрген тұлғаларды экрандау бізде енді-енді қалыптасып келе жатыр. Сатыбалды ­Нарымбетов Мұстафа Шоқайды қазақтан алыстатпай экрандады. Джеффри Веспа да Әмірені алып шықты. Көңілім аса толмаса да Мұстафа Шоқайдан кейін іле-шала осы тақырыпқа түрен түскеніне қуандым. Басқаларын айтпаймын. Алла ғұмыр берсе, қазақтың арманда кеткен бір арысының өмірін экран арқылы ұзартып кеткім келеді.

БАҒДАР БЕРЕТІН ДҰРЫС СЫН ЖОҚ

Ауыл-ауылдағы қариялар ұлт рухының қайнап жатқан қара қазаны ғой. Одан саған қандай дәмнің бұйыратыны сенің несібең мен алғырлығыңа байланысты. Ауылда өскен бала мен қала баласының психологиясын бір-бірімен салыстыра алмайсың. Меніңше, бұл кемшілік фильмнің басы-қасында жүрген азаматтардың дала философиясынан алыстап кеткендігі себеп болған шығар. Ермек Тұрсынов айтқандай, жұмыс кабинеттерінде дала-баба тарихы жайлы 200 кітап тұрса да ауылдағы қара шалдың күн сіңген шапанының етегіне жармасып, дала иісі мен тердің иісі терінің бір қабатына айналып кеткен бауырына тығылып, бір түн әңгіме тыңдағанға ештеңе жетпейді. Даланың иісі бабаның әңгімесі арқылы бойыңа дару керек.

 Бірақ жастарымыз әрекетсіз емес. Көрерменнің талғамымен санасып, күрделі тақырыпқа барып жатыр. Барымызды бар деп, жоғымызды жоқ деп айта алмасақ, алға жылжымаймыз. Сондықтан дәл бабамның иісі, даланың иісі бұрқырып тұрмаса да кино бар. Көрерменнің ризашылығы бар. Бірақ бағдар беретін дұрыс сын жоқ. Батыстың ентелеген идеологиялық экспансиясы көрерменнің талғамын шатастырып жіберді. Ендігі күрес көрерменнің талғамы үшін күрес төңірегінде өтпек. Жеңіс кімде болса, идеологияның кілті де сонда.

 

ӨНЕРДЕГІ БЕТ ТҮЗЕЙТІН  ҚҰБЫЛАМ – «ІШКІ СЫНЫМ» МАҒАН БОСАҢСУҒА ЖОЛ БЕРМЕЙДІ

Ел арасында Құнанбай мен ­Абайды алыс­тататын емес, жақындататын ­дерек өте көп. Тіпті сүйікті ұлы Мағауия қайтыс болғанда Абай әкесі Құнанбайдың моласының басына барып, мені ал деп зар қылғанын, ұлының сүйегіне тас батпасын деп мәйіт салынған арбаның алдына жаяу түсіп, жолды тазалап, мазар басына жаяу барғанын тобықты жұрты беріге дейін айтыпты. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолынан» Құнанбайдың Меккеге кетіп бара жатқан кезде Ұлжанмен қоштасқан кезін суреттейтін 70 беті кесіліп кеткенін енді біліп отырмыз. Демек, біздің Абай жайлы білетініміз – бір, білмейтініміз – мың.

***

О, мен мұны сахнаға, киноға алғаш түскен күннен бастап сезіп келемін. Сәтсіз шыққан кездерімде жұбатып, басымнан ­сипады, жетістігіме қуанды. Көрерменнің патша көңілі болмаса Досхан Досхан болар ма еді? Өнердегі бет түзейтін құбылам – «ішкі сыным» маған босаңсуға жол бермейді. Өз кемшілігімді өзім жақсы білемін.

 

1925 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы