• Тұлға
  • 07 Қазан, 2021

ҰЛТ СУРЕТКЕРІ

Кешегі «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» делініп, зорлықпен таңылып, міндеттелген, дұрысы, мәжбүрленген кеңестік қағиданың құрған қақпанынан шығуға жол тапқан ұлттық рухтағы суреткерлер еді. Айталық, егер «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Атамекен» т.б. түсірілмесе, «Абай жолы», «Көшпенділер», «Қан мен тер» жазылмаса, Шәмші, Нұрғиса, Әбілахаттар бабадан қалған дәстүрлі ән мен әуенді биік өреге алып шықпаса, Қастеев, Таңсықбаевтардың ­парасатты палитрасы болмаса, сол буынның (Сатыбалды, Әнуар, Досхан, Құмандар) болмыс-бітімі қалай қалыптасқан болар еді?! Ойлаудың өзі оңай емес. Ойлағанын мысықтабандап жүзеге асыра беретін отаршыл жүйе ұлттың түп тамырын қиып тастауға түбегейлі бет бұрған шақта рухани кеңістікке жасындай жарқыраған ұлт суреткерлері шықпағанда біз қайткендей едік?!

Алтын тамыр үзілердей үлбіреп, алтын сағалар мен бастаулар құрдымға кетердің алдында тұрғанда Құдай қағып Тәуелсіздік таңы атты. Тарихқа, тарихи тұлғаларға көзқарас өзгерді, күрт бетбұрыс жасалды.  Басына бұлт үйірілген ұлттың көркемдік кеңістігінде мизамшуақ белгі берді. Сол күннен бастап-ақ ұлттық кино мәселесі де күн тәртібіне шыға бастады. Мемлекеттің ұлттық киноға бөлетін қаржысын айтудың өзі ұят еді. «Қазақфильм» Камалдардан кейін бір кемелге зар болды. Келе-келе фильмдер қисапсыз түсірілді. Бірақ қазақ көрмейтін, шетелде «жүлде» алатын фильмдер қаптады. Ұлттық кино популистер мен маргиналдардың ( рухани қалдықпен өмір сүретіндер) қолына өтіп кетті де ұлт суреткерлері жағалаудан алыстап бара жатқан теңіз толқындарындай құмбыл күй кешті. Бұл жаралы жолбарыс кейпіндегі ұлттық рух сұлбасы еді.

Тәуелсіздіктің елең-алаңында қазақстандық режиссерлердің экшн жанрындағы фильмдері халықаралық аламанға жолдама алады. Сондай фестивальдердің бірінде француздың дуалы ауыздары: «Мұндай фильмдер өзімізде де жетіп артылады. Бізге ұлттық фильм керек. Бұл қандай ұлт?» деген сауалды қабырғасынан қойып қызартып еді деген сөзді бір әріптесіміз қызарып отырып айтып еді.

Ұлт үшін қызармайтын сол күн де алыс емес еді. Күндердің бір күнінде Досхан мен Таласбек тандемі жарқ ете қалды.

«Біржан сал». «Құнанбай».

Ұлттық киноның түндігі желпілдеп, туы желбіреді, тамырына қан жүгірді. Досхан дүр сілкіндірді, Таласбек тамсандырды. Бұлардың парақтағаны – дала дәптері, ден қойғаны – дала философиясы еді. Олар үшін Темірқазық – дала Демосфендері – Құнанбай, Біржан сал.

Осыдан біраз уақыт бұрын Абай телеарнасы «Руханият» бағдарламасының бір хабарын киноның тіліне арнадым. Бәрімізге жақсы мәлім: киноның тілі орысша, сценарийі орысша, түсірілімі орысша, құжаттарының бәрі орысша, адами қарым-қатынас, түсірілім үстіндегі тілге дейін орысша, тіпті оны талқылаудың өзі орысша болған жоқ па? Міне, осы қарапайым талаптардың өзі сақталмаған жерде ұлттық киноның тілі туралы әңгіменің исі де болмасы белгілі ғой. Соңғы жылдар мұғдарында осы сірескен мұзды мұхиттың тоңы жібіді. Марқұм Сатыбалды көкеміз қатысқан сол хабарды «Біржан салдың» тілінен бастауымыз да тегін емес еді. Әрине, киноның  тілі – оның музыкасы, күйі де  ғой. Ал енді осы егіз стихия екі фильмнің де бағын ашып, сөз бен саздың үйлесімі де жан тербеген жоқ па?!  Француздарға да керегі осы еді ғой. Егер осы туындыларды апарып қазір көрсетер болса, баяғы «Қыз Жібектен» кейін бір дүр сілкінеріне шүбә жоқ.

«Біржан сал» мен «Құнанбай» – халқымыздың бекзат, дегдар болмысының типтік бейнесін жасап шықты. Досхан үшін басты мұрат – ұлттың өзінде бар мінезді әлемдік кеңістікке алып шығу еді. Алаштың арман-аңсарын аялаған ұлт суреткерінің көкірегін жылдар бойы күміс қоңыраудай күмбірлеткен Құнанбай мен Біржан ұлтты сол ұлы мұратына жеткізді. Ұлы Мұхтар Әуезовте «кейде даладан іздеген даналық өз үйіңнің төрінде отырады» деген сөз бар. Міне, Досхан да сол іздегенін өз ұлтының бойынан тауып, өзіне өзін өзегін жарған өнермен қайтарды.

Асқар Сүлейменов «Өмірді бүлдіргеннен, өнерді бүлдірген жаман», – деуші еді. Өзіңде барды өзгеден іздеп, өнерді бүлдіріп өмір сүретін дәлдүріштер жөнінде әлгінде айтқанымыздай,  өзгеге емес, өзімізде бар ұлылардың сөзіне жүгінеміз. Мұхаңның өзі ұстаз санаған Жүсіпбек Аймауытовтың «Мәдениет дегеніміз  – өз ұлтыңды өліп-өшіп сүю» деген сөзі осы сәттегі көңіл күйімізді дөп басады. Демек, ұлттық өнерге, оның ішінде киноға керек басты шарт, талап не өзі?! Әрине, өз ұлтыңды өліп-өшіп сүю. Ең алдымен ұлтын сүйген адам ұтылмайды. Жәй ерін ұшымен сүю емес, өз жүрек отына күйіп, бар жүйкеңмен еміреніп, егіліп сүю. Содан кейін барып оның атрибуттары – намыс, ақыл-ой, сезім кезектесіп, тізе қосып отырады да сіз өзіңізді ғана емес, тұтас ұлтты сол биікке алып шығасыз. Бүгінде жетпістің қыр желкесіне шыққан Жолжақсынов сол биікте жарқырайды. Әрине, Жолжақсыновта білім, бай парасат палитрасы да жетіп жатыр. Соны жетілдіру жолындағы жанкештілігі, ұдайы іргелі ізденіс жолында жүруі, ұлты үшін шеккен азапты рахатқа балап өмір сүруі – ол енді басқа әңгіме. Беттің беташар сөзінің мазмұнына ол сыймайды. Шын мәніндегі ұлт суреткері болу – ол бақыттың бақыты. Ол алаштың арманына шырақ жағушы. Шағын толғаныста осы байтақ ұғымның табиғатын ашуға бар болғаны талпыныс жасалды.

Қазақстанның халық артисі, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қырғызстан­ның еңбек сіңірген артисі Досхан Қалиұлы Жолжақсынов сүйегіне сөз сіңген суреткер, дара дегдар. Бұл ойымыздың бір парасына ұлт сурет­керінің әр жылдардағы ой-толғаныстарынан алынған үздік үзінділер де ақсамас айғақ бола алады.

Мархабат.

1621 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы