• Руханият
  • 07 Қазан, 2021

БАС ГАЗЕТТІҢ БАҒАЛЫ БАСТАМАСЫ

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

«Ana tili»

Биыл кең-байтақ Қазақстаны­мыздың Тәуелсіз мемлекет атанғанына 30 жыл толады. Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап, азат ел болуға қол жеткен тарихи күн, ең қастерлі мерекені күллі жұрт, әрбір мекеме лайықты қарсы алу мақсатында жыл басынан бері әртүрлі іс-шаралар өткізіп келеді.  «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының басшылығы бастама көтеріп, «Казахстанская правда» газеті редакциясының ұжымымен «Атамекен» бірлескен ақпараттық тарихи-танымдық экспедициясын ұйымдастырды. Бір ай бойы жүрген шараның соңы азаттықтың алтын бесігі саналатын Алматы қаласында аяқталып, Ұлттық кітапханада қорытындыланды.

Алматы қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасы басшылығының қолдауымен өткен шара  таңғы сағат 8:30-да қасиетті орын саналатын Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Бұл – иен далада еркін өсіп, ешкімге бас имей, әлемде тоғызыншы орында тұратын алып аумақты бүгінгі ұрпаққа аманаттап кеткен батыр бабаларымыз бен ел еркіндігі жолында тоқтаусыз күрескен тарихи тұлғаларымыздың рухына деген перзенттік тағзым еді. Осылай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қағиданы бұлжытпай орындаған экспедиция қатысушылары Алатау баурайындағы алып шаһардың символы іспетті, теңіз деңгейінен 1000 метр жоғарыда, биіктігі 372 метрге тең телемұнара салынған Көктөбеге қарай бағыт алды.

Алтын күздегі ашық күнде жапырақ­тары жасыл, сары, қызыл түске енген тұмса табиғаттың көз тоймас көркін тамашалай отырып, көкірегімізді туған жер үшін мақ­таныш сезімі кернеген күйде тау ішіндегі тақтайдай тегіс бұралаң жолмен көтеріліп келеміз. Біздің жол бастаушымыз Айдын Ақыш – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтін, оның үстіне өте білімді азамат екен. Жолшыбай жан-жағымыздағы ғимараттар мен нысандар туралы қызықты мәліметтер айтып, жан-жақты таныстырып келеді. Қалада өсіп, қазақша оқыған қарапайым жігіттің үш тілді білетіндігіне қоса жан-жақтылығына риза болған әріптестер оның белгілі жазушы Нұрдәулет Ақыштың баласы екенін де біліп алды. Сөйтіп, бәріміз осындай ұл, отаншыл азамат тәрбиелеген ағамыз бен жеңгемізге де риза болып қалдық.

Көктөбеге келіп түсуден алып шаһар алақандағыдай көрінетін алаңда тұрып, арман қаланың азат жылдарда қарыштап дамығанының куәсі болдық. Бағымызға күн ашық еді, таңертеңгі мезгіл, жел жоқ, ауа таза болғандықтан ба, оның үстіне әркім­нің көкейінде «30 жылда Алматы қалай өзгерді?» деген сұрақ тұрғандықтан ба, жасыл желек жамылып, әртүрлі әсем де сәулетті нысандар бой көтерген қаланың жалпы көрінісі бізге өте сұлу, тартымды көрінді. Осы жерде бұрын естімеген тың мәліметті естіп тағы таңғалдық әрі қатты қуандық. Тарихшы ғалымдарымыздан қазақтың соңғы ханы саналатын Кенесары бабамыз Көктөбенің басында кеңес өткізген деген деректі естіп жүретінбіз. Ал бүгін ХVІІІ ғасырда Ұлы жүз руларын билеген Жолбарыс хан Абдуллаұлы жоңғар басқыншыларына қарсы күрес кезінде дәл осы жерде үлкен жиын өткізген деген деректі естідік.

Демек, Қазақстанды ұзақ жылдар басқарған Дінмұхамед Қонаев Алматының символы саналатын телемұнараны салар кезде, дәл осы Көктөбені  таңдауы бекер емес. Ол кісі осы деректерді білді деуге негіз бар. Өйткені ата-бабалардан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан азаттық үшін айқас, күрескерлік рух өшпесін деген ішкі ниет, ұлы мұрат бар емес пе?! Сол күрескерлік рухтың жемісі, ұлы  мұратқа ұмтылушылықтың нәтижесі шығар, жер бетіндегі қазақтың асқақ айбыны, абыройлы мәртебесі іспетті ақ басты Алатаудың баурайындағы әсем де алып шаһар Алматы бүгін ел азаттығының алтын бесігі, мемлекет тәуелсіздігінің құтты тұғырына айналып отыр.

Көктебеден кейін әлем спортшы­ларының аузында «Рекордтар фабрикасы» аталып кеткен Медеу мұз айдынына қарай бағыт алдық. Ол – теңіз деңгейінен 1691 метр биіктікте орналасқан дүниежүзіндегі ең биік спорт кешендерінің бірегейі екенін біреу білсе, біреу білмейді. Оның айналасын жалпы көлемі 21 мың гектарға жететін, қарағай, қайың, шырша, шетен, долана сияқты ағаштар мен бұтақты өсімдіктер өсетін орман-тоғайлар қоршап тұр. Қала тұрғындары мен еліміздің басқа өңірлерінің тұрғындары, шетелдік турис­тер көбіне Медеуді тамашалау, лайықты тынығып, демалу үшін  барады. Айдын Ақыштың айтуынша, кешенге ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында өмір сүрген, қарапайымдылығы,  қайырымдылығы, еңбекқорлығымен аты шығып, қазақ балаларына арнап пансионат ашқан өз заманының беделді азаматы Медеу Пұсырмановтың есімі берілген.

Одан әрі Алматы қаласын селден қорғау мақсатында, тарихта тұңғыш рет жарылыс арқылы салынған  әйгілі бөгеттің үстінен өтіп, Шымбұлақ тау-шаңғылық курортына келдік. О баста кеңес тау шаңғышыларының олимпиадаға дайындық базасы ретінде қолға алынған бұл кешен Еуропаның ең үздік спорт нысандарынан кем емес. Баршаға белгілі, Медеу мен Шымбұлақта соңғы бес-он жылдың ішінде Қысқы Азия ойындары, Универсиада сайыстары өтті. Бір сөзбен айтсақ, бұл қос нысан тек Алматы қаласы емес, бүкіл еліміздің мақтаныштарының бірі десек, артық айтқандық емес.

Шымбұлақтан соң, Алматының көрікті көшелері арқылы қаланың солтүстік-батысы мен Боралдай кентінің ортасында орналасқан қасиетті орын – Сақ қорғандарына келдік. Бұл – біздің елімізді былай қойғанда, ТМД, Азия құрлығы аумағындағы ерте темір дәуіріне жататын бірегей ескерткіш. 470 гектар жерді алып жатқан аумақта 47 қорған мен 200-дей обалар бар. Оларда сол замандарда ел билеген тұлғалар ұлттық ғұрыптарға сай жерленген. Қазба жұмыстары кезінде қоладан құйылған қазан, керамикалық ыдыстар, алтыннан жасалған әшекей бұйымдар табылған. Олар Алматы қаласы мұражайына қойылған. Мәдениет басқармасы өкілдерінің айтуынша, болашақта бұл тарихи орын ашық аспан астындағы мұражайға айналмақ. Деректерге  жүгінсек, ондай орталықтар әлемнің екі мемлекетінде ғана, бірі – Венгрияның астанасы Будапешт, екіншісі – Кореяның Кенджу қаласында бар екен. Егер жоба іске асса, онда бұл жоба ұлтымыздың терең тарихы мен мәдениетін бүкіл әлемге әйгілейтін іс болары сөзсіз.

Тағы бір нәрсені айта кетейік, биіктігі 18 метрден асатын қорғанның үстінен қарағанда айнала түгел көрінеді. ­Былай қарағанда таудан алыстау, Алматыдан төмен жатса да қала дейгейінен аласа көрінбейді. Оның үстіне топырақ құрамы да өзгеше, тас кездеспейді. Соған қарағанда сақ бабаларымыз құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін топырағы материал ретінде пайдалануға ыңғайлы, биік төбе ретінде  жаудан қорғануға қолайлы болғаны үшін де осы орынды таңдауы бек мүмкін. Бұл енді археологтар мен тарихшы ғалымдарымыздың еншісіндегі жұмыс.

Алматы қаласындағы 7 сағатқа ұлас­қан тарихи және көрікті орындарға жасалған саяхат Ұлттық кітапханада жалғасты. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» демекші, бір ай жалғасқан «Атамекен»  ақпараттық тарихи-танымдық экспе­дициясының жұмысы дәл осы жерде қорытындыланып, ұсыныс-пікірлер айтылды.

Алғаш сөз алған «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айбын Шағалақ бұл шараның мәні мен мақсатына тоқталып, атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасады.

– Бұл экспедиция осыдан бір ай бұрын Нұр-Сұлтан қаласынан екі бағытта басталды. Оның бірі Ұлт ұясы – Ұлытау арқылы батыс пен оңтүстік өңірлер, екіншісі Бурабай-Оқжетпес арқылы солтүстік-шығыс арқылы жүрді. Сөйтіп, еліміздің барлық аймақтарын аралап, азаттықтың алтын бесігі Алматыда аяқталып отыр. Экспедициямыздың негізгі мақсаты – осы 30 жыл ішінде ел өңірлерінде қандай жаңалықтар болды, әсіресе туризм саласында қандай жетістіктерге жеттік, соларды көріп-білуді көздей отырып, байтақ жеріміздің көпшілік біле бермейтін қандай киелі, қасиетті орындар бар, соларға назар аударып, оларға арнайы барып, келелі мәселелер көтеріп, мақалалар  жария­лау болды. Олар «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарық көрді. Бүгінге дейін бір бетті тұтас алған он-он бес мақала жарияланды. Экспедицияны негізінен өңірлердегі тілшілеріміз жергілікті әкімдіктермен бірлесіп ұйымдастырды. Оның жұмысына зиялы қауым өкілдері, блогерлер қатысты. Осылайша, діттеген мақсатымыз орындалды деп отырмыз. Біздің ойымызша, бұл өте жақсы, олжалы экспедиция болды.  Көптеген мәселелер айтылды, киелі жерлерде болып, тарихи нысандарға жергілікті биліктің, қарапайым халықтың назарын аудардық, – деген ол шараға белсене қатысып, мүмкіндігінше қолдау көрсеткен барша азаматтарға алғысын білдірді.

«Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Асыл Сағымбеков бұл экспедицияның эмблемасы – Отанға деген сүйіспеншіліктің нышаны іспетінде жүрек үлгісінде жасалғанын айрықша атап өтті. 

– Айбын атап өткендей, экспе­дицияның мақсаты – газет оқырманын өңірлердегі тарихи ескерткіштер, киелі орындармен таныстыру, табиғи қорық­тардың   ерекшелігін көрсету және туристік бағыттардың дамуына өзіндік ықпал ету болды. Экспедиция қатысушылары қай жерде болмасын, өздері барған орындардың қазіргі жағдайын, ондағы жетістіктер мен кемшіліктерді, тамаша табиғатымызды барынша ашық, анық көрсетуге ­тырысты. Өйткені шынында да біздің елімізде тұрғындарымыз көп біле бермейтін тарихи, киелі орындар бар. Бұған  біздің екі газетіміздің бірігуінің  арқасында қол жетті. Қазір біз ортақ ақпараттық саясат әзірлеп жатырмыз. Басқа да ортақ жоба­ларды қолға алмақпыз. Газеттердің қосы­луының арқасында оңтайландыру жүріп, жалақы­мыз біраз өсті. Жалпы бұл экспедиция бірігу, бірлесіп ортақ мақсатқа жұмылу – үлкен нәтиже беретінін көрсетті, – деді.

Ал «Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай басылымдар қашанда осындай озық идеялардың басында жүретінін, бұл экспедиция елдің көкейінен шығатын дұрыс, жақсы бастама болғанын айты.

– Мұндай экспедициялар келешекте тіпті тарихи зерттеулердің, ғылыми ізденістердің себепшісі болуы мүмкін. Көпшілік біледі, «Вокруг света» деген журнал бар. Ол журнал Кеңес Одағы географиялық қоғамының осындай экспедицияларының нәтижесінде ашылды. Ол қазір дүниежүзіне тарайтын басылым. Өйткені осындай танымдық шаралардың қажеттілігі дәлелденді, қаншама ғылыми жұмыстар жүргізілді. Бұл бастама осындай кең сипат алса, оның елге тигізер пайдасы сол ғой деп ойлаймын. Экспедиция жұмысының Алматыда қорытындылануының да тарихи, символдық мәні бар. Өйткені арғы тарихты айтпағанда, Көктөбенің басында Кенесары ханның  шатыр тігіп отырғаны жөніндегі деректің өзі неге тұрады?! Ал сақ қорғандарының тарихы тіпті керемет. Бұндай экспедиция алдағы кезде де жалғасын табуы керек. Жаңағы газетте жарияланған мақалаларды жеке кітап етіп шығарса да дұрыс болар еді.

Осы жерде менің бір айтайын дегенім, Сақ қорғандары – өте киелі жер. Онда аруақ, бабаларымыздың рухы бар. Бірақ кейінгі кезде ол жерде  жергілікті тұрғындарды жинап, әртүрлі мәдени шаралар ұйымдастырылып жүр. Осыны тоқтату керек, – деді Қали Сәрсенбай.

Жиында сондай-ақ «Ақ желкен» балалар журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы, «Ұлан» газетінің бас редакторы Жадыра Нармаханова, «Аргументы и факты Казахстан»  газетінің өкілі Олег Белов және басқалар сөз алып, тарихи, киелі орындарды насихаттау, оларды табысты туризм нысандарына айналдыру жөнінде өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Іс-шараны белгілі журналист-қаламгер, «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы өкілдігінің жетекшісі Жүсіпбек Қорғасбек қорытындылап, экспедицияны ұйымдастырған басылым басшылығына, оған қатысқан барлық азаматтарға, қолдау көрсеткен жандарға қонақ иесі ретінде ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.

– Жағдайға байланысты біз қалың көпшілікті шақырған жоқпыз, оның үстіне бәрі  БАҚ арқылы халыққа жетеді. Кейбір елдерде бір тал шаш тауып алса, соның өзін жалпақ әлемге жария қылып жатады. Біздің тарихи, киелі орындарымыздың бәрі тек рухани деңгейде тұр. Біз әлі оларды бизнес көзіне, туризм нысанына айналдырған жоқпыз. Оның бәрін, манағы Қалекең айтқан сияқты, келісу керек, қоғамның талқысынан өткізу керек. Бұған іскер адамдар араласуы керек. Президентіміз де Жолдау сайын осы мәселені айтып жатыр. Туризм деген кәдімгі егіп қойған егін, бағып жүрген малың сияқты ғой, қазіргі заманда. Сондықтан да бұл экспедиция табысты болды деп есептейміз. Өйткені бұған тек біздің тілшілеріміз қатысып қойған жоқ, жергілікті зиялы қауым, билік өкілдері де қатысып, жетістіктерді, кемшіліктерді көрді, көрсетті, айтты деуге болады. Соның бәрі келешекте шешімін табады, мұндай экспедициялар жалғасады деп ойлаймыз.

Иә, уақыт біздің еліміздің алдына бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын рухани жаңғыру және ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру міндетін қойып отыр.  «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» демекші, ұрпақ бойында туған жер мен елге деген сүйспеншілік сезімдерін қалыптастырып, жан-жақты жетілген білімді ұрпақ, отаншыл азамат тәрбиелеуде де мұндай экспедициялардың атқаратын қызметі аз емес. Еліміздің бас газеті бастаған бағалы бастаманың әлеуметтік маңызы да осында. 

1285 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы