• Қоғам
  • 07 Қазан, 2021

ЖАЙЫҚ МӘСЕЛЕСІ – ХАЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты. Шекара маңындағы аймақтар арасындағы ынтымақтастықты дамытудың өзекті  мәселелеріне арналған форумға облыс басшылары, екі елдің салалық мемлекеттік органдары мен іскер топ өкілдері де қатысты. 

Қазақстан Президенті жиынға қа­тысушылар алдында сөйлеген сөзінде Форум екіжақты қарым-қаты­нас­тардың, әсіресе өңірлердің өзара байланыс­та­рының құрамдас әрі маңызды бөлігіне ай­нал­ғанын айтты. Президенттің айтуынша, Қазақстанда 7500-ден астам ресейлік және 3500-ге жуық бірлескен кәсіп­орын табысты жұмыс істеп жатыр. Ынтымақтастық орнатқан уақыттан бері Форум аясында 200-ге жуық келісім мен шартқа қол қойылды. Осы кезеңде ­тауар айналымы 3,5 есеге өсіп, 19 ­миллиард долларға жетті. Ресейден тартылған тікелей инвестицияның көлемі соңғы 15 жылда 16 миллиард доллардан асты. Өз кезегінде Ресейге салынған қазақстандық инвестицияның көлемі 4,5 миллиард долларға жуықтады. Елдер арасындағы іс-қимылдар экономиканың барлық саласы: өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым бағыттары бойынша жүргізілуде.

Мемлекет басшысы екі елдің шекарасы арқылы өтетін жүк тасымалдаушылардың мәселесіне арнайы тоқталды.

– Қазақстан мен Ресей шекарасында 30 автокөлік бекеті бар. Оның тек бесеуі ғана бақылау-тексеру кешендерімен жабдықталған. Өкінішке қарай, олар сәт сайын істен шығып жатады. Бұл ретте Саратов, Орынбор, Челябинск, Курган, Тюмень және басқа да облыстармен шекарадағы өткізу бекеттері туралы айтып отырмын. Ресейдің Шекара қызметі аталған мәселені қамтамасыз ету үшін көліктердің жүк бөлімдерінде «технологиялық өту» сияқты жаңа талаптар енгізді. Сол тексеру аймағында жүргізушілерді жүктерін түсіруге мәжбүрлейді. Бұл көбінесе тауар­лардың бұзылуына әкеп соқтырады. Осыдан кейін тасымалдаушылар көлігінің 2/3 бөлігіне ғана жүк тиеуге мәжбүр болады. Нәтижесінде көліктердің шығыны артып, тауар бағасы өседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

– Қазақстан мен Ресейдің экологиялық мәселелері ұқсас. Бұл – ауаның, судың, топырақтың ластануы, радиация мен өндірістік қалдықтардың жиналып қалуы. Оған қоса, көрші отырған соң көптеген мәселе екі жаққа да ортақ. Оны шешу үшін үкіметтер экология, биологиялық әртүрлілікті сақтау, трансшекаралық су нысандарын бірлесіп пайдалану және қорғау салаларындағы 7 келісімге қол қойды. Келісімдер жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Алайда, экологиялық ахуалдың нашарлауы тоқтайтын емес. Сондықтан аталған мәселелерді шешу халықаралық деңгейде бірлескен әрекеттерді күшейтуді талап етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жайық өзені­нің өте қатты тартылуы және ондағы эко­ло­гиялық жағдайдың нашарлауы Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ Ресейдің де шекаралас аймақтарындағы тұрғындар үшін аса қауіпті екенін айтты.

– 2019 жылы Омбы қаласындағы кездесуіміздің қорытындысы бойынша Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасы қабылданды. Сол үшін Сізге алғысымды білдіремін. Үкіметтерімізге аталған бағдарламаның сапалы іске асырылуы жайында, сондай-ақ бір жылда атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама әзірлеуді тапсыруды ұсынамын. Шағын өзендердегі бөгет құрылысы мен оларды пайдалану тиімділігіне қатысты мәселеге, сондай-ақ жаңа тоғандар құрылысын ұйымдастыруға ерекше мән берген жөн, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар форумда Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау мақсатында теңіздің солтүстігінде мемлекеттік резерваттар құру мүмкіндігін, сондай-ақ киіктердің маусымдық қоныс аударуы кезінде екі елдің шекарасынан еркін өту жолын қамтамасыз ету мәселелерін қарастыру ұсынылды. Тұран жолбарысы популяциясын қалпына келтіру жоспары да сөз болып, Ресей тарапы қол ұшын созуға дайын екенін білдірді.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің «жасыл» экономика саласы ­бойынша ынтымақтастығы белсенді түрде артып жатқанын атап өтті. Президенттің айтуынша, елдеріміздің жаңартылатын және баламалы энергия көздерін дамыту жөніндегі әлеуеті зор.

– Қазақстан жел энергиясы бойынша бір жылда сағатына үш триллион киловатқа жуық қуат өндіруге қауқарлы. Еліміз – «жасыл» сутегін экспорттау әлеуеті жоғары әлемдегі сегіз мемлекеттің бірі. Баламалы энергетика саласындағы жобаларды іске асыру үшін өндірістік және ғылыми инфрақұрылымды қалыптастыру керек, сондай-ақ жоғары білікті мамандар қажет. Осыған орай біз энергетика саласында Жоғары технологиялық инновациялар жөніндегі құзыреттер орталығын ашамыз. Ресейдің мықты ғылыми базасы мен тиісті кадрлық әлеуеті бар. Сондықтан Ресей мамандарын өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Форум аясында киіктерді қорғау және олардың санын көбейту, Каспий итбалығын қорғау, сондай-ақ өңірлер мен кәсіпкерлер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту жөнінде 13 құжатқа қол қойылды.

Пленарлық отырыс аясында Ресей Президенті Владимир Путин, Қазақстан мен Ресейдің салалық министрліктері мен өңір басшылары сөз сөйледі.

Екі елдің өңіраралық ынтымақтастық форумы 2022 жылы Орынборда бетпе-бет кездесу форматында өтеді. Биылғы кездесу Көкшетауда офлайн форматта өтуі керек еді, алайда эпидемиологиялық жағдайға байланысты қашықтан ұйымдастырылды.

Форум қорытындысы бойынша бір­неше құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда:

Қазақстан Республикасы Экология, ­геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ресей Федерациясы Табиғи ресурстар және экология министрлігі арасындағы Киіктердің шекара маңындағы популяция­сын қорғау, өсіру және пайдалану туралы келісім (Saiga tatarica tatarica);

 Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімді іске асыру аясында 2021–2026 жылдарға арналған Каспий итбалығының популяциясын сақтау жөніндегі Қазақстан мен Ресей арасындағы бірлескен іс-қимылдар жоспары;

 Ақмола облысы әкімдігі мен Челябинск облысы Үкіметі арасындағы Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісім;

 Ақмола облысы әкімдігі мен Омбы облысы Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық салалар бойынша халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстарды іске асыру туралы келісім;

 Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Самара облысының Үкіметі арасындағы 2021–2023 жылдарға арналған сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі 2018 жылғы 5 қарашадағы келісімді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары;

 Павлодар облысы әкімдігі мен ­Курган облысы Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық және басқа да салалардағы ынтымақтастық туралы келісім;

 Жамбыл облысы әкімдігі мен ­Ленинград облысы Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техника­лық және әлеуметтік-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы келісім.

 Коммерциялық құжаттар:

«Pasta&noodles» ЖШС пен «Мереке» ЖШҚ СҮ арасындағы келісімшарт;

 «Аралтұз» АҚ пен «Салина Трейд» ЖШҚ арасындағы келісімшарт;

 «Кентау трансформатор зауыты» АҚ пен «ТрансЭнерго» ЖШҚ арасындағы келісімшарт;

«Технониколь» компаниясы мен «Kazakh invest» ҰК АҚ арасындағы Инвес­тициялар жөніндегі келісімге қол қоюға ықпал ету жобасын іске асыру туралы меморандум;

«Велфарм» ЖШҚ және «РОКА» ЖШС арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;

«Қорғас-Шығыс қақпасы» ЕЭА пен «Тулома Салмон Қазақстан» ЖШС арасындағы жол картасы.

Майя МҰРАТБЕК

 

2024 рет

көрсетілді

206

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы