• Руханият
  • 07 Қазан, 2021

РЕПРЕССИЯ ҚҰРБАНДАРЫН АҚТАУ – БІР КҮНДІК ІС ЕМЕС

«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бір күндік, бір сәттік науқан емес. Отыз жылда мемлекет өз өткеніне байыпты көз жіберіп,  ешкімге алаңдамай, қапыда кеткен ерлерін ұлықтауға жеткілікті ерік-жігер танытты. Басты мәселе – өткенді зерделеу, ұлтымызды ұйыстыру, бұл таразылаудан есейіп шығуымыз».

Құрбандарды толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия төрағасы, Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаевтың сөзінің өзегінде жатқан осы ой.

Алматы облысындағы Жаңалық ауылы шетінде мәңгіге байыз тапқан құрбандардың басына зиярат етіп арнайы келген Мемлекеттік хатшы қуғын-сүргін құрбандары музейінде өткізген алқалы жиынға Алматы облысының әкімі А.Баталов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаева, Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова, Мәдениет комитетінің төрағасы А.Әбдуәлі, Мәжіліс депутаты А.Сарым, Алматы облысы әкімінің орынбасары, қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия төрағасы Б.Байжұманов, Ш.Уәлиханов атындағы ­Тарих және этнология институты директорының орынбасары Ә.Шашаев, зиялы қауым өкілдері, тарихшы-ғалымдар қатысты.

 Басқосуда сөз алған О.Жандосов, Қ.Қожықов, Ұ.Құлымбетовтың ұрпақтары саяси қуғын-сүргін құрбандары есімдерін санадан өшірмеу жайын сөз етті. Музейдің аға ғылыми қызметкері Ғарифолла Әнес атқарылып жатқан жаңа бастамалармен, «Жетісудың шерлі тарихы» жобасының іске асырылу барысы жөніндегі ақпаратпен бөлісті. «Ақиқат» қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы Бейбіт Қойшыбай құрбандарды толық ақтау бойынша маңызды ұсыныс айтты. Жиында Алматы облысы өңірлік комиссиясы жұмыс топтарының құрбандарды толық ақтау бойынша зерделеу жұмыстарының нәтижелері де сөз болды. Күн кешкіріп басталған келелі жиын соңы қатысқан қауымның емен-жарқын сұхбатына ұласты.

Ескерте кетейік, Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық ауылында ашылған саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2018 жылы салынған. Ресми дерек бойынша, елімізде 100 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, оның төрттен бірі ату жазасына кесілген. Ал Жаңалық ауылының маңында 4 мыңнан астам құрбан жерленген деген дерек бар. Саяси қуғын-сүргін – ұлттық тарихымыздың нәубетті қасіреті. Тәуелсіздіктің арқасында ғана біз өткенімізді тексеріп, құрбан болғандарды түгендеуге мүмкіндік алдық.

Мемлекет басшысы да бұл мәселеге назарын бөліп, репрессия құрбандарын ақтау туралы тапсырма берді. Қазір Мемлекеттік хатшының төрағалығымен арнайы комиссия құрылып, бұл бағытта тындырымды жұмыс жүргізілуде.

1708 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы