• Тұлға
  • 07 Қазан, 2021

МӘНІ ЖОҒАРЫ МЕРЕЙТОЙ

Нұрболат АБАЙҰЛЫ

«Ana tili»

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толған ­мерейтойы аталып өтетін күн белгіленгеннен бастап ақындар ­жырын арнап, қаламдастар естелік жазып, зерттеушілер поэзиясын зерттеді. Тойға баратын күні жұртшылық бір үлкен, екі шағын автобус және он бестей жеңіл көлікпен шерулетіп жолға шықты.

Екі сағаттан аса жол жүрген тойшыл қауымды алғаш болып Еңбекшіқазақ ауданының әкімшілігі «Көкпек» бекетінде күтіп, ақ дастарқан жайып, түскі асын берді. Тойға тілек, ниеттерін қосты. Осы шараның бәрін Шелек кентінің әкімі Сәкен Әбдіқалиев бастаған азаматтар ұйымдастырды. Бұл дәстүрді одан кейін ­Кеген ауданының әкімшілігі де жалғасты­рып,  қонақ алдына дәм тартты. Осындай күймен Қарасазға жеткен қауымды Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов бастаған әкімшілік мамандары мен жергілікті өнер­паз­дар күтіп алды. Меймандар Мұ­қағали мұражайының алдында тұрған ақын бюстіне гүл шоқтарын қойды. Бұл шараға ақынның ұлы мен келіні – Жұлдыз Мақатаев пен Бақытгүл Айдарова қатысты. Одан соң мұражайдағы Мұқағалидың өмірі мен шығармашылы­ғына арналған мұрағаттар­мен ­танысты. Жиналған қауымға ақынның ауылы, оның қазіргі тыныс-тіршілігі ­туралы еш қоспасыз түсірілген «Қарасаз көше­лері» атты деректі фильмнің тұсаукесері көрсетілді. Идея авторы белгілі продюсер – Сержан Молдасанұлы болса, режиссері – Жандос Еспенбет. Басты рөлге қа­расаздық актер, хандар мен батырларды сомдап, қалың көрерменге кеңінен танылған Еркебұлан түскен. Сондай-ақ Қарасаз­дың қара домалақ балалары аталарының өлеңдерін жатқа оқып, фильмнің сәні мен мәнін кіргізген. «Тоқсан жылдыққа керемет тарту болды» деп жиналған қауым ризашылығын білдірді.

 

Бұдан соң Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына, Мұқағалидың 90 жыл­дығына және Қазақ радиосының 100 жылдығына орай Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ радиосы бірлесіп өткізген «Еркін елдің ертеңі» атты жас ақындардың мүшәйра жеңімпаз­дары салтанатты түрде марапатталды. Ақындарға жүлдені осы өңірдің қызы, ақын, Мәжіліс депутаты Мақпал Мыса тағайындаса, жүлдені «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов пен Қазақ радиосы Алматы филиалының директоры Бақыт Жағыпар тапсырды.

Қарасаз ауылындағы Мәдениет үйінде «Алаш жұртының ақиығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Филология ғылымының докторы, профессор, ақын Бауыржан Жақып жүргізген келелі басқосуды Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастап берді. Конференцияда Мәдениет қайраткері, ақын, «Мұқағали» журналының бас редакторы Батық Мәжитұлы әсерлі баяндама жасады. Сондай-ақ Қазақстан ұлттық ғылым академиясының академигі Байынқол Қалиев, академик Шерубай Құрманбайұлы, қоғам қайраткері, қаламгер Рысбек Сәрсенбайұлы, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы және басқа да ғалымдар мен қаламгерлер ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер мен терең талдауларын ортаға салды. Бір атап өтерлігі, осы жиында баспа бетін көрген «Мұқағали тілі сөздігі» кітабы таныстырылды. Сенатор Нұртөре Жүсіп келіп, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтің құттықтау хатын оқып берсе, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы өзінің ақжарма тілегін білдірді.

Мұқағали тойының екінші күні жергілікті өнерпаздар мен Сүйінбай атындағы филармония әртістерінің концертіне ұласты. Ақындар Мұқаңа арнаған өлеңдерін оқыды. Тойға келген ЮНЕСКО өкілдері құттықтау тілектерін айтып, Мұқаңның ғасыр­лық тойы осы халықаралық ұйымның бағдарла­масымен аталып өтілетінін айтты. Ақын­ның өлеңдері оншақты шетел тіліне аударылатынын жеткізді. Бұл тойға жиналған қауым үшін зор жаңалық болды.

Мерейтойдың үшінші күніндегі іс-шараға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты. Жұртшылықпен бірге ақынның музейін аралап, Нарынқолдағы әкімшілік алдына тұрғызылған Мұқағалидың қоладан құйылған еңселі ескерткішін ашты. Ауыл тұрғындарына жаңадан салынған 50 үйдің кілтін тапсырылды. Журналистер, мұғалімдер, дәрігерлер, көпбалалы отбасылар баспаналы болды. Айта кетейік, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына дайындық өткен жылдан басталды. Айтулы шараға орай құрылған жұмыс тобын облыс әкімі Амандық Баталовтың өзі басқарды. ­Мерейтой аясында, ең алдымен, ақынның туған жері Қарасаз, Сарыжаз, аудан орталығы Нарынқол ауылдары абаттандырылды. Жол жасалып, ауыз су жүйесі жаңғыртылып, мәдени нысандар жөнделді, саябақтар салу қолға алынып, ескерткіш орнатылды. Мерейтойға дайындық барысында Қарасаз ауылын­дағы ақын музейіне, Мәдениет үйіне, А.Барманбекұлы атындағы орта мектепке жөндеу  жүргізілді. Елдімекен­нің орталық көшелері, орталық алаңы абаттандырылып, көше шамдары орнатылды. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында республикалық бюджеттен бөлінген 427,1 млн теңгеге ауызсу жүйесі қайта жаңғыртудан өткізіліп жатыр. Қарасаз ауылында өнер мектебін салу да – мерейтой аясындағы маңызды бастамалардың қатарын толықтырды. Қазір нысан­ның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Ауылға кіре берістегі Жастар саябағы абаттандырылды.

Үстіміздегі жылы 3 гектар аумағы бар Мұқағали атындағы жаңа саябақтың құрылысы басталды. Құны 374,5 млн теңгелік жобада концерттік сахна, шағын футбол алаңы, балалар алаңы, спорт алаңы, аллея, демалыс аймағы қарастырылған. Сол сияқты аудандық әкімдік ғимараты жанынан шағын саябақ салына бастады. Ал аудандық Мәдениет үйінің алдындағы сквер мен орталық саябақ толық абаттандырылды. Мұқағали тойының аясында осынша тәлімді істер атқарылып, оның шапағатын халық көруде.

Сонымен, Мұқағалидың 90 жыл­дығына арналған шара жоғары деңгейде аталып өтті. Бұл ақынын құрметтеген  мәні жоғары мерейтой болды.

 

1651 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы