• Қоғам
  • 07 Қазан, 2021

Әркім өз ісіне жауапкершілікпен қарауы тиіс

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа арнаған Жолдауы көптің көңілінен шықты. Жалпы Президенттің жыл сайынғы Жолдауын жүзеге асыру жан-жақты нақтыланып, айқындалып келеді. Биылғы Жолдауда да біршама мәселе қамтылды. 

 

Біріншіден, Президент азық-түлік бағасына бірыңғай бақылау орнату қажеттігіне назар аударды. Бұл әсіресе қазіргі қымбатшылық кезеңде халыққа оңайға соғып отырған жоқ. Бұл, ең алдымен, сауда нүктелеріндегі сатушылар мен базардың басшыларының ар-ұятына да байланысты. Бұл жерде бақылау қажет-ақ.

Екіншіден, бүгінгі таңда медициналық жабдықтардың 17 пайызы ғана Қазақстанда жасалатыны айтылды. Сондықтан  бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 50 пайызға жеткізу маңызды болып отыр. Сонымен қатар вакцина мәселесі де қозғалды. Өз басым пандемия кезінде вакцинаға қарсы пікір айтып жүргендерді түсіне алмаймын. Сәуір айында Спутник V вакцинасын алдым. Әрине, бұл – әркімнің өз таңдауы.

Үшіншіден, Жолдауда педагогтердің біліктілігін арттыруға және  оқытуға 1,2 трлн теңге бөлінетіні айтылды. Мұғалімдерді қолдау қажет, себебі еліміздің болашағы болашақ жас буынды оқыту мұғалімдердің қолында. «Ғылым саласын гранттық қаржы­лан­дыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн. Ұлттық ғылыми кеңестер шешім­дерінің әділдігі туралы мәселе де күн тәртібінен түспей тұр» деген пікір көп нәрсені аңғартса керек. «2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті», – деген Қ.Тоқаев сөзін біраз маман қуаттап отыр.

Төртіншіден, Жолдауда атап көрсетілгендей, әкімдердің жұмысын бағалау үшін тәуелсіз ­сауалнама жүргізу барынша кең қамтылғаны дұрыс. Бұл механизмді жандандыру арқылы біз прогреске ұмтылатынымыз анық. Бесіншіден, әйелдер мен жастарға арналған арнайы жеңілдіктен бөлек, ерекше күтімді қажет ететіндерге де квота енгізіледі. Менің ойымша, квота бөлу даулы мәселе, бірақ біздің дамушы жас мемлекетіміз үшін өте қажет, ал айрықша күтімді қажет ететін адамның жан дүниесін жанындағы қолдаушы серігі ғана түсіне алады. Дамыған қоғамда көрсеткіш қағаз жүзінде ғана емес, олардың барлық құқықтары ескеріледі. Сондықтан Жолдаудағы бұл мәселе болашаққа жасалған үлкен қадам деп есептеймін.

«Пандемия еңбек нарығын едәуір өзгертті. Бұл – ең алдымен, қашықтан жұмыс істеу тәсілінің қарқынды дамуы.

Көптеген жаңа кәсіптер пайда болған, үдеріс­тердің көпшілігі автоматтандырылып, цифрландырылып жатқан қазіргі кезде бұл үрдіс тың серпінге ие болуда.

Осындай жағдайда мамандықты жиі өзгерте білу және жаңа кәсіптерді игере алу арқылы ғана әркімнің бәсе­кеге қабілетті болуын қамтамасыз ете аламыз. 

Сондықтан бізге «Кәсіби білік­тіліктер туралы» заң қажет. Бұл құжат біліктілікті тану мәселесін реттеп, жұмысшыларды өзінің қарым-қабі­летін жетілдіруге ынталандыруы керек», – дейді Президент.

Әрине, экология, ұлттық келісім мен ең төменгі еңбекақыны өсіру және алаяқтықтың алдын алу  секілді тағы басқа маңызды мәселелер айтылды. Мұның бәрі еліміздің болашағы үшін жасалып жатқан жарқын қадам. Сондықтан мемлекет басшысының берген бағыт-бағдарын әрбір мемлекеттік қызметші, депутат, дәрігер, педагог, еріктілер, қорыта айтқанда, Қазақстанның әрбір  азаматы жүзеге асыруы тиіс деп есептеймін.

Айсұлу Ерниязова,

«Еріктілер лигасы» қоғамдық

қорының төрайымы

660 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы