• Тұлға
  • 07 Қазан, 2021

ЗИЯТКЕРЛІК ПРОЗАНЫҢ КӨРНЕКТІ ӨКІЛІ

Баку қаласында баспадан шығып, туысқан халықтың оқырманына ұсынылып отырған, «Әлем күйреген күн» деп аталатын бұл кітапқа қазақ әдебиетінің ел таныған классигі, заманауи зияткерлік прозаның аса көрнекті өкілі, драматург-аудармашы, қоғамдық-саяси өмірдегі өнегелі қайраткер, Бүкіләлемдік өнер және мәдениет академиясының академигі Роллан Сейсенбаевтың әңгімелері мен хикаяттары топтастырылған. Қазақстанның Әзербайжан Республикасындағы елшісі Сержан Әбдікәрімовтің алғысөзімен ашылған толымды жинақ Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығына орайлас жарық көрді.

Жинаққа енген «Әлем күйреген күн», «Намыс», «Қашқын», «Желтоқсан күндері» шығармалары мен «Олжас!» атты эссені көрнекті әзербайжан жазушысы Нариман Абдулрахманлы өз ана тіліне айшықтап аударып шықты. Сөйтіп, бауырлас қос халық зиялыларының жарқын өкілдері – Роллан Сейсенбаев пен Нариман Абдулрахманлы арасындағы көпжылдық қарым-қатынас пен достықтың арқасында осынау бағалы кітап оқырманға жол тартты.

Бір мұқаба ішінде жинақталған Р.Сейсенбаев шығармалары ол жайында адами бақыт, өмірдің мәні, адамдар арасындағы өзара түсіністік сияқты мәңгілік мәселелер толғандырған жазушы ретінде пікір-пайым қалыптастырады. Тақырыбы жағынан әртүрлі әңгімелерді авторлық сұңғыла байыптамалар әмбе оларда көтерілген адам және қоғам, тұлға және тарих орайындағы маңызды мәселелер біртұтас алтын арқаумен біріктіріп тұрады.

Айта кетейік, биыл көрнекті қазақ жазушысы Роллан Сейсенбаев өзінің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында төрт бірдей Халықаралық Әдеби сыйлықпен марапатталды. Біріншісі, көрнекті тұлғаның әдебиет, өнер және гуманитарлық қызмет саласындағы  үлкен табысы үшін Бейбітшіліктің халықаралық Әдеби сыйлығы (Германия – АҚШ). Екіншісі, прозадағы жарқын ашылымдар мен философиялық ұмтылыстары үшін Мацуо Басё атындағы Халықаралық Әдеби сыйлық (Жапония – АҚШ – Германия). Үшіншісі, әдебиеттегі аса зор жетістіктері үшін Роберт Бернс атындағы Халықаралық Әдеби сыйлық (Шотландия – АҚШ). Төртіншісі, әдеби және халықаралық қызметі үшін Эмиль Золя атындағы Халықаралық Әдеби сыйлық (Франция).

Жалпы Роллан Сейсенбаев шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне тәржімаланып, Ресейдің, Ұлыбританияның, АҚШ-тың, Германияның, Италияның, Венгрияның, Польшаның, Жапония мен Кубаның аса ірі баспаларында жарық көрген. Бүгінде жалпы таралымы 9 миллионнан асты. Әлемнің айтулы әдебиет сыншылары қазақ жазушысының әңгімелерін інжу-маржанға теңейді.

 

1376 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы