- Әдебиет
- 18 Наурыз, 2011
Алдаркөсе
Қазіргі Шығыс Қазақстан облысына қарасты (бұрынғы Семей облысы) Дағанды болысы бойында дүниеге келген зиялылардан бізге белгілілері халық ақыны Төлеу Көбдіков, медицина саласының әйгілі дәрігерлері Тойсарының Бейсембайы (жазушы Жаппар Өмірбековтің зайыбы Зәуренің әкесі), Маңғытұлы Бөжей деген азаматтар болған. Екеуі де – Ресейдің Томск университетін тәмамдаған жоғары білімділер. Тойсарин Бейсембай кеңестік дәуір кесапаты кезеңінде нақаққа «Халық жауы» атанып қаза тапты. Ал Маңғытұлы Бөжей ХІХ-ХХ ғасыр арасында Семей, Шұбартау (қазіргі Аягөз ауданы), Қарағандының Қарқаралы аймағында атақты дәрігер атанып, ашаршылық жылдары қайтыс болды.
Атышулы 1937 жылдың дүрбелеңдік қырғын-сүргіні кезінде Бөжекеңнің соңында қалған ұрпақтары «бай балалары» деген байбаламды жаламен айыпталып, итжеккенге жер аударылды. Қайғылы репрессияға ұшырағандар ішінде Мұратбек деген аса сауатты баласы да болды. Мұратбек Бөжейұлы қатарынан он жеті жыл қамауда отырып, ақталып шыққаннан кейін Алматыға келіп, өз мамандығы бойынша қызметін жалғастырды. Ақыр соңында М.Әуезов атындағы Әдебиет институтында, ұлы жазушы атындағы мұражай-үйінде аға ғылыми қызметкер болып ұзақ жылдар қызмет атқарды. Алдымен кандидаттық, содан соң докторлық диссертацияларын қорғады.
...Бөжей Маңғытұлы ұлы ақын Абаймен құрметтес, сыйлас қарым-қатынаста болған. М.Әуезов романында кездесетін зиялылар тобында Бөжейдің де аты аталуы тегін болмаса керек. Бөжей жан-жақты білімді, өте сауатты адам болған. Ол өз мамандығынан тыс әлем әдебиетімен қатар орыс классиктерінің шығармаларын көп оқып-тоқи білген, кейде оның өмірі Антон Чеховтың тағдырымен үндес іспетті көрінеді. Ол арғы-бергі қазақтар, өзінің замандастары хақында көптеген шығармалар жазды. Ал қалың оқырмандардан сүйінші сұрап, тұңғыш паш етіп отырған «Алдаркөсе» дастанын Маңғытұлы 1900 жылы жазғандығы анықталды. Халық арасында осы кезге дейін ауыздан ауызға таралған Алдаркөсеге байланысты аңыз- әңгімелер азды-көпті баршылық десек те, көркем шығарма арқылы Алдаркөсе бейнесін кестелеген көлемді дастан тұңғыш рет қолымызға тиіп отыр. Кеңестік кез кесапатынан бұл қолжазбаны кезінде жарыққа шығара алмай, Бөжекеңнің баласы Мұратбек Бөжейұлы жүйке тамырын жұқартып, ақыры өзі бақиға озып кетті. Табиғатында өте момын, қарапайым ғалым өзі қызмет істейтін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының басшыларына қанша өтініш жасағанымен, тауы шағылып қала берген-ді. Ақыр соңында Мұратбек Бөжейұлының қарындасы, филология ғылымдарының кандидаты Зипа Әкебайқызы Бөжеева ағайын туыстарының көмегімен «Әсем систем» баспаханасында «Алдаркөсе» дастанын бар-жоғы 500 данамен басып шығарды.
Таяуда филология ғылымдарының докторы Мұратбек Бөжеевтің туылғанына ғасыр толғанын кейінгі ұрпақтары атап өтті.
– Мыңбай аға, Сізді біздің ағамыз, марқұм Мұратбек Бөжеев аузынан тастамай айтып отыратын еді. Қызмет істеген жері елеп ескермесе де, аруағы разы болсын деп ақ дастарқан жайып шақырып отырмыз, келсеңіз келісті болар еді, – деп өтінді.
Мен айтқан мерзімде баруға асықтым. Мұрекеңнің немерелері Зипа мен Есім:
– Аға, атамыз Маңғытұлы Бөжейдің өткен ғасырда жазған «Алдаркөсе» дастанын сізге шын жүректен сыйлауға рұқсат етіңіз, – деді.
– Ой, мынау керемет жаңалық екен! – деп мен жерден жеті қоян тапқандай қуанып кеттім.
...Оқи бастадым. Бас-аяғы 6 баспатабақ көлемінде ауқымды дастан бірден қызықтырып әкетті. Сөз байлығы, бейнелеу, ұтымды да қиыннан қиыстырылған ұйқастар, ұлы ақынның «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» дегені айнымай сақталыпты. Дастан он тараудан тұрады екен. Оқи келе өлеңмен жазылған сатиралық романға ұқсайды екен деген тұжырымға да келдім. Иә, нағыз роман. Аты аңызға айналған Алдаркөсе хақында роман! Алдардың шайтандармен достасып ат басындай алтын тауып алуы, шайтандардың өзін сазға отырғызып алтын арқылы қызды алуға баруы, той, қыз сыңсуы, салт-дәстүр, беташар жыры, шайтандардың Алдарды іздеп таба алмай күлкі болуы, кессе қаны шықпайтын сараңның сараңы Шығайбайды алдауы, өзге де толып жатқан басынан кешкен хикаяттары көркеми жазылған келісті шығарма екені оқырмандарын даусыз тәнті етеді.
...Құрметті оқырман! Енді осы дастаннан үзінділер беруді жөн көрдік, оқып көріңіздер...
Сіздердің үміттеріңізді ақтайтынына кәміл сенемін.
Мыңбай Рәш
Бөжей МАҢҒЫТҰЛЫ
Бүгіні жоқ ертеңі,
Үшбу жаздым ертегі,
Ескі сарын ертеде
Ертерек өткен ер кебі.
Қиыстырар ақындық,
Айта білсе қызыл тіл,
Қазаққа бір жақындық
Аңыз болған, мұны біл.
Ескіден қазақ ұнатқан
Мақтау сүйген әңгіме;
Бөтен тілді жолатпан
Кірсе – кірер ән күнде...
Шын аты оның ұмытылған,
Алдаркөсе елде аты.
Момын емес құр тұрған
Алдамшының санаты.
Алдар десе айтпайды:
Біздің қазақ алдамас.
Не болса да қайтпайды,
Алдары да аңдамас.
БІРІНШІ ТАРАУ
Пәлен дерлік жылы жоқ,
Әйтеуір бір хан тұсында,
Бір момын шал болыпты,
Тым-ақ кедей тумысында.
Аты Құжыр сол шалдың,
Мекені шаһар сыртында,
Қарасы жоқ һәм малдың,
Жүріпті жаяу жұртында.
Шалдың халін сұрасаң,
Зор бай емес орасан,
Адам көркі – шүберек,
Ағаш көркі – жапырақ,
Бар киімі қоқырап
Кедейліктен тақыр-ақ.
Төсенгені топырақ
Жамылғаны жапырақ,
Білседағы білмейді,
Көрседағы көрмейді,
Кедейліктен соқыр-ақ.
Үш ұлы бар әйел жоқ,
Малда саулы ешкісі.
Кедейліктен бедел жоқ,
Кигені әркім ескісі.
Соқтандай боп сорайып,
Үш баласы ер жетті,
Шалмен қатар зорайып,
Шал наразы еңірепті.
Тамақтары үлкейді...
Шал мен ешкі қартайды,
Шалға ой түсіп көркейді;
Отырып тұрып жантайды.
Балаларын шақырып,
Жөтеліп кейде қақырып,
Ақылға сап ойланып,
Сөйлер кісі бойланып,
Былайша қария сөйлейді,
Тамағын кенеп күйлейді:
Үстімде жоқ үй дейді,
Менен кетті күй дейді.
«Қартайды ешкі әкеңмен,
Ержеттіңдер мамырлап,
Құлағың бір шекеңмен,
Сөйлемеңдер даңғырлап?!
Атаңнан хал-жай кетті,
Ақыл айтуға ой кетті.
Қызыл кетті, май кетті...
Шырылдады байғызы,
Алдар басын шайқады:
«Япырмай, байым, қалайды!
Көріп едім талайды...»
Деп сөйлейді күбірлеп.
Аузы-басы жыбырлап
Жігіт жатқан сандыққа
Ала көзбен қарайды.
Әрбір жерге бөгеліп,
Бір томсарып бір күліп,
Айбат шегіп тұрады
Қара сандықты түрткілеп,
Құлағын түріп тұрады,
Сұқ қолымен шерткілеп,
Жұдырықпен ұрады.
Алдар берді жауабын,
Байға ашқан балынан,
«Бері тыңда ей, байым!?
Үйіңде бір кесел бар,
Түсіндірем мән-жайын.
Бұғып жатқан мешел бар,
Аңдып жатқан бұл тажал,
Ол өзіңе тап ажал.
Тағы-тағы барлайын
Дәу пері ме, нақ өзі
Антұрғанның дәп өзі,
Мен білемін жын жайын.
Қара сандық ішінде
Бір қара жын жатыпты,
Жібек көрпе үстінде
Ол қызыққа батыпты.
Жорғалайды сол пәле,
Келмейді екен атуға,
Құс төсектің үстінде
Қара баба қасында
Балаға қас бәлекет
Жатыр екен осында:
Қылмайды екен қарекет,
Ішеді екен, жейді екен,
Арғы затын сұрасаң,
Дию пері дейді екен.
Байқап барып қарасаң,
Өзің талып қаларсың.
Қатындардың ішінде
Жейді екен ғой баласын.
Ши ішінде асыңнан,
Қолы жетіп қасынан,
Ішеді екен, жейді екен,
Жатқаны осы бір мекен.
Бересім жоқ аласы,
Көзімнің жоқ аласы,
Сөзімнің дәл расы.
Айдауға бұл диюды
Балгердің келер шамасы.
Басын кесіп аламын,
Маған болса таласы!»
Бай ойлайды ішінен:
Бала ғой деп бұл балгер
Нашарсынып пішінін,
Маған дейді бұл көрім.
Ақымаққа беремін,
Көп сұраса көрермін,
Деп ойлайды осы бай,
Ақы дейді – насыбай.
Ырза болсын қатыным,
Арапшы кетсін бойынан,
Емдетпесін сырқатын
Кетпес қатын ойынан,
Бала бітер қатынға,
Осы дерттен жазылса,
Қалсын бала артымда.
Жас қалды жасар азырақ,
Бай айтады: «Ей, жігіт!
Болар ма екен бір үміт,
Кетер ме екен әрекет?!
Дертті жазған жігітім,
Малымнан мал берейін,
Баладан бар үмітім,
Алтын-күміс берейін,
Көрсетпесең пәлені
Сөзіңе несін сенейін».
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
Алтын тауып ат басындай,
Қалыңдығын Алдар іздеді,
Қайны атасын табады
Басына алтын жастады.
Қатасын алып мойнына
Атасы айтты Алдарға:
«Қызымды енді беремін».
Жоғарғы елді шақырып
Жорға бие сояды,
Төменгі елді шақырып
Топтан бие сояды.
Алтын менен апсындап,
Күміспенен күмбездеп,
Ат шаптырым той қылып,
Ат жетерлік жұрт жиып,
Арақ, сыра, бал құйып,
Алтын аяқ ыдысқа.
Отыз күн қылып ойынын,
Тойын етіп қырық күн,
Сыңсытып қызын беріпті.
Ойыншылар жиыпты.
Қыздырмаққа қыз тойын,
Аужаршылар саз айтып
Бикеменен сөйлесті.
Аужаршы:
Орынсыз неге жылайсың,
Бұрынғының мұрасы, бикем!
Никахланып қосылмақ, бикем!
Әйел-еркек міндетті, бикем!
Бике:
Жыламай қайтіп тұрайын
Атам қалып барады,
Сары уыздан шайқаған,
Аялап мені өсірген,
Анам қалып барады.
Аужаршы:
Жылама, бикеш, жылама!
Көзіңнің жасын бұлама?
Босқа да жылап не етесің
Жастығың баста тұра ма?
Ана орнына ене бар.
Бике:
Жыламай қайтіп тұрайын,
Сіңлім қалып барады.
Жыламай қайтіп тұрайын,
Інім қалып барады.
Аужаршы:
Сіңлің қалса қайын сіңлің,
Інің қалса қайын інің,
Жылама, бикем, жылама!
Кем болады қай күнің?
Бике:
Інім қалса қайын інім,
Сіңлім қалса қайын сіңлім,
Аға қалып барады,
Бұзылады бұл көңілім.
Аужаршы:
Аға қалса қайын аға,
Қорған болар келінге.
Ағадан кем деп ойлама,
Қиын-қыстау жерінде.
Бике:
Күндіз-түні сырласым,
Жеңгеме жыламай тұрам ба?
Кірсем-шықсам жолдасым
Онсыз да дәурен сүрем бе?
Аужаршы:
Жеңге қалса абысын,
Жеңгедей болар тиянақ,
Ел-жұрт біліп дабысың
Өспеймісің ұялап.
Бике:
Жыламай жаным тұра алман,
Туған жерім қалады,
Мұндай дәурен құра алман,
Өскен елім қалады.
Жаман әйел белгісі
Әрі надан, жоқ үлгісі,
Ашылмайды ұйқысы,
Күні бойы қыдырып,
Шөп жабысқан шүйкесі,
Буылтық қылып иіріп
Шүйкесін бояр түрлентіп
Бар шадырлық өзінен
Ерінің құрыр жүйкесі.
Шақырса дыбыс бермейді,
Таң атқанша мыңқылдап,
Жалаңаяқ, жалаңбас,
Қалса басы қайқайып,
Жүріс-тұрысы бейне мас,
Екі өкшесі шойқайып,
Самай шашы бұрқырап,
Екі қолтық жылтырап,
Кекектейді қырқырап,
Өзінің мүлкін танымас.
Тағы-тағы белгісі:
Тарп-тұрп етер кебісі,
Мұны дейсің кім кісі?
Десе болар елі кісі,
Қолын жумай шеңгелдеп,
Тамағын ұстай алады,
Жүруге азар ерініп,
Ас жағына барады,
Домалақтап қолына,
Бір тамағын алады.
Қонағы көріп жиренер,
Көзінің қырын жіберіп,
Алғаның сенің үйренер
Арамдыққа еті өліп.
Кейде оның үлгісі,
Шөмісі болар құмғаны,
Енді болар кім кісі?
Шөмішпен итті ұрғаны
Мұны дейсің қай кісі?
Аяққа қолын малғаны.
Сан айтсаң да, қылмайды,
Тазалықта тұрмайды!
Ылғи осылай боп тұрса,
Ер ажары мұқалар.
Алдар алып бай қызын
Қанша жасау мүліктен,
Қайтты еліне тойлатып,
Жаңа түскен келіншек
Бай қызы бетін ашам деп
Таласысып сөз ғып жүр;
«Мен ашам да, мен ашам!»
Қатын, қыздар, жігіттер...
Жаңа түскен келіншек
Беташары басталды:
Аз насихат айтайын,
Мұны тыңда, жамағат.
Айтпай енді қайтейін
Ұрғашыға, жамағат.
Ерлі-байлы болса да,
Біреуге – біреу аманат.
Ашпай соқыр білмейді,
Айтпай жаман білмейді,
Өзі білер асыл зат
Жүптіленмек белгісі,
Ата-ананың үлгісі
Талаптанып тырмысар,
Әйел-еркек һәр кісі,
Айтып-айтпай не керек,
Егер болса үлгісі,
Ұғып алар бек зерек.
Болмаса бір кем кісі,
Өзі жүрер еңіреп,
Мұны қылмас сез кісі.
Әйел-еркек міндеті,
Үлкен аға-ініміз,
Ұл мен қыз ержеткен,
Мұны және біліңіз.
Құтты болсын мүбәрак
Қонысыңыз, келіншек.
Қосағыңмен қоса ағар,
Өсіп-өніп, келіншек,
Еріңді сүй өлгенше,
Дәулетіңіз кеңісін,
Өршеленіп, келіншек,
Күннен күнге молайсын,
Сесе беріп, келіншек.
Кетпесін босқа ешкімге
Намысыңыз, келіншек.
Жұрттың біліп намысын
Дабысыңыз, келіншек.
Дәулетіңіз, келіншек
Дәулетіңіз барында
Танысыңыз, келіншек.
Ей, ақ келін, ақ келін!
Атыңның басын тарт, келін!
Сауысқаннан сақ келін,
Жұмыртқадан ақ келін!
Алдыңғы түйең тартыншақ,
Басқа соқпа, келіншек,
Артқы түйең итіншек
Басқа соқпа, келіншек.
Басыңдағы ақ жаулық,
Оның аты кимешек,
Қатын болып оңдырмас
Оны білмес келіншек.
Енді қайтып келмейді,
Үйдегі күн, келіншек,
Шаруаң тұр алдыңда,
Түйдегімен, келіншек,
Қанағат ет дәулетің
Аз да болса, келіншек,
Күйеуіңді жақсы көр,
Таз да болса, келіншек,
Атаң сыйла, кәрі шал,
Жасы жеткен, келіншек,
Қасиетті боласың
Қасиетте, келіншек.
Жаман қатын шалқиып
Кекірейген, келіншек,
Ерің сыйла, жолдасың
Өміріңе, келіншек.
Бір қызықты барласаң,
Өле-өлгенше келіншек
Ұлыңды күт ержеткен
Таза болып, келіншек!
Үйретпесең еңіретер
Жаза болып, келіншек!
Ұзын арқау, кең тұсау,
Қызыңды күт, келіншек.
Үйретпесең саған дау
Өзіңді күт, келіншек.
Жақсы болса қормалың
Қайынағаң күт, келіншек.
Қайның сыйла қолқанат,
Жұмыскерің, келіншек.
Бәрі саған аманат –
Болсаң көрім, келіншек,
Жақсы болса абысын
Тірі қызық, келіншек,
Жаман болса, ісіңді
Қылар бұзық, келіншек.
Жақсы болса сырласың,
Қайын сенің, келіншек.
Қайғыласың, мұңдасың,
Жаның сенің, келіншек!
Қолқанатың, келінің
Қызығын көр, келіншек!
Онымен дос аруағың
Көзіңдей көр, келіншек!
Ғұмырынша сыйласын
Досыңды күт, келіншек!
Қиындыққа қимасаң
Осыны күт, келіншек!
Қара жердің кемесі
Түйеңді күт, келіншек!
Қымыз – тамақ төресі
Биеңді күт, келіншек!
Қарын-қарын сары май
Сиырды күт, келіншек!
Ерің кетер танымай,
Қымызды күт, келіншек,
Қой күтпеген масқара
Қойыңды бақ, келіншек!
Қой жүнінен бас пана
Үй ынтымақ, келіншек!
Саба толар қасында,
Ешкіні күт, келіншек!
Ешкісіздің басында
Ескі тамақ, келіншек.
Таңсәріден үйің жоқ,
Ауылың көшсе, келіншек?!
Ашуыңды ішке тық,
Әупілдеспе, келіншек!
Мыжырайтып үйіңді
Тігіп жүрме, келіншек,
Ерің болар үйіңде
Қылығыңнан, келіншек.
Үйіңді бақ, бүтінде,
Шоқ шығармай, келіншек!
Үй тұрмасын түтінде
От шығарма, келіншек!
Үйдің ішін қопсытып,
Ыбырсытпа, келіншек!
Еркегіңді лоқсытып
Жыбыршытпа, келіншек!
Түндігіңді жөндеп аш,
Желге түзеп, келіншек!
Далаң-дұлаң жалаңаш
Желме шу деп, келіншек!
Арқан ессең бос еспе,
Бобыратып, келіншек!
Жүкті арқанмен бос тартпа,
Қобыратып, келіншек!
Жүнің жима үйіңе,
Бұрқыратып, келіншек!
Кимешекті айырма
Құрт ұрласып, келіншек!
Үй жабдығы әр жерге
Шашылмасын, келіншек!
Ерің сыры әркімге
Тасылмасын, келіншек.
Сырмағыңды қағып сал,
Төсегіңді, келіншек!
Көзге түртпе әркімді
Көсеуіңмен, келіншек!
Бос илеме құртыңды
Боданақтап, келіншек!
Екі ұртыңды толтырып
Құр алақтап, келіншек!
Ыдысыңды ит жалар,
Үйің бекіт, келіншек!
Қажалақтап қидалар
Бекітпесең, келіншек!
Ергенекті бекітсең
Ит кірмейді, келіншек!
Итті үйіңе кекіртсең,
Жаман болар, келіншек!
Шырық болмас ер басы
Қойныңдағы, келіншек!
Ер ажарын мұқатпай
Басыңды күт, келіншек!
Битті басқа ұқсатпай
Шашыңды күт, келіншек!
Көз алдыңа қатырып
Былшық қойма, келіншек!
Үй қыдырып сумаңдап,
Жылт-жылт етпе, келіншек!
Самай шашың дудырап
Жырқ-жырқ етпе, келіншек!
Көтере бас аяғың
Тарқылдама, келіншек!
Ашуыңды қолға алып
Лыпылдама, келіншек!
Бақайыңды сорайтып
Сылқылдама, келіншек!
Боларға да болмасқа
Барқылдама, келіншек!
Болымсызға таласып
Шарқылдама, келіншек?
Күндесіңмен өштесіп
Балталаспа, келіншек!
Жайылмасын шаштасып
Ел-жұртыңа, келіншек!
Үйдің іші толыпты,
Келін бетін көрмекке
Бетін ашпақ болыпты,
Үлкен-кіші ермекке.
Жас келінге телміріп,
Көздері оттай жайнапты.
Беташарға еліріп
Бет ашады талапты.
Анда-санда дуылдап
Басылады бүлк етпей.
Жымыңдасып қутыңдап,
Беташарға алғаны –
Қамшыдағы орамал
Бетін сипап мақтанып.
Беташарға жиналған
Орамалды қимайды,
Жұлқыласып, таласар,
Бір-бір жапырақ жыртысып,
Азырқаның күлісті,
Таласқаны осы-ау деп.
Сегізінші тарау
Кемпір өлген ауылында,
Хан жайына келейік.
Бір күні бір уәзір,
Ханға айтты «тақсыр» деп
Құп көрсеңіз бұл бір ер
Жасырар сізден жоқ сыр деп.
Бәлен байдың күйеуі
Жұртқа әшкере хайлалы,
Табылар содан іс емі,
Көрерсіз содан пайданы,
Құтқарса сол құтқарар
Кемпірдің шатақ ісінен.
Сіз айтқан соң тілді алар,
Ел көңілді кемсіз ер.
Қуанғаннан осы хан
Дереу алды шақырып,
Алдарды өз алдына,
Алдарға айтты: «Баршы деп
Көп ақыны алшы деп,
Осы кемпір өлгелі
Тілімді алмас жалшы деп,
Мені істен құтқарып,
Сауап алып», – деп.
Алдар айтты: «Барайын,
Үлкен шенді маған бер,
Кемпірге де шен кигіз,
Істеген ісім көріңіз!?
Маған керек бір түйе,
Кемпірді алып алдыма
Кетем сүйтіп жайыма».
Даярлады мүсейін,
Алтын оқа шомды ғып,
Кемпір киді үлкен шен
Алдардан шені кем емес.
Піскен тамақ көп алды,
Қоржынына құрт салды,
Кемпірді алып келеді,
Аяңдамай желеді,
Барқыратып түйесін
Өкшесіне біз қадап.
Жақын келді ауылға,
Көрінді көп қауымға,
Алдар қарар жалтақтап,
Кемпір басы қалтақтап,
Піскен тамақ салпақтап.
Түйе келді тайтақтап,
Кемпірді алды тірі ғып,
Биік қып тартып күндігін,
Көтеріп басын қаңқитып,
Тіріден түрі кем емес.
7890 рет
көрсетілді0
пікір