• Қоғам
  • 07 Қазан, 2021

КЕШІГУ – ҚАЗАҚТЫҢ САЛТЫ МА?

Қарагөз Сімәділ
«Ana tili»

Осы күні жеке басымызға тән осынау бір кемшілікті күллі ұлттың атына аудара салатын жақсы бір сылтау ойлап тауып алдық. «Қазақ болған соң кешігеміз де», «Кешікпейтін қазақ бар ма?» деген сыңайдағы сөздерді қарша боратып қойып, барар жерге асықпай-аптықпай бір-екі сағат кешігіп жетеміз. Онымызға түк те ұялмай, кешігу кемшілігін ұлттың мінезіне балап қоя салатынымыз да бар. Шынымен де, қазақ кешігіп жүретін бе еді?

Бәлкім, бұрнағы қазақ уақытқа бағынбаса, бағынбаған шығар-ау. Тіпті туған жылдың өзін уақытқа байламай, мүшелмен есептегені де өтірік емес. Қыстау мен жайлаудың аралығын да аймен емес, амалмен бөліп, соған ыңғайлап көшін түзегені де рас. Алайда одан бері заман ыңғайы, тіпті уақыт өлшемі өзгерді емес пе? Бұл біздің сөз емес, ғалымдар пайымы. Жер шарының өз осінен айналу жылдамдығы жыл өткен сайын артып келеді екен. Бұлай жалғаса берсе жақын арада тәуліктегі 24 сағаттың бір секунді кемитін көрінеді. Иә, жердің айналу жылдамдығының өзгеруі таңғаларлық құбылыс емес, атмосфералық қысым, мұхиттардағы ағыс, жел, жер ядросының қозғалысы айналу жылдамдығын арттыратыны сөзсіз. Жаһандық жылыну да жердің жылдам айналуына себеп: мұздықтар еріп, жер массасының арасалмағы жылдан-жылға өзгеріп келеді. Жер өз осін 86400 секундта айналатын болса, 2020 жылдың 19 шілдесінде 1,4602 миллисекунд жылдам айналып өткен...

Адам түгілі, осы сәтте жер жылдамдай бастағанда біз неге бейқамбыз? Кешікпеуді қалай үйренеміз? 

Осындайда грузиндердің бір аңызы ойға оралады. «Құдай күллі халыққа жер үлестіріп жатқан екен. Грузиндер ежелгі әдетіне салып кешігіп барыпты. Барса, жер қалмапты... Салы суға кетіп кері қайтып бара жатқан грузиндерге жаны ашыған Құдай-Ана өзіне деп алып қойған жерін беріпті. Грузиндер жерінің тамылжыған табиғаты сұлу болатыны сондықтан-мыс...».

Демек, грузиндер де кешігеді екен. Қазақта да кешігуге қатысты осындай әпсана жетерлік. Бірақ осы жаз гүржі еліне сапарлаған сәтте кешігу мінезімізде бар екен деп, кешігіп жүрген грузиндерді байқамадық. Ендеше біз неге кешіге береміз? Той-томалақтың бір-екі сағат кешігіп басталуы заңдылық секілді көрініп тұрады. Тіпті ондай жиындардың бір-екі сағат кешігіп бас­талатынын есептеп тойға жиналатын болғанбыз. «Қазақтың тойды бастау этикеті» деп айдар да тағып қоямыз өзімізше. Осындайда ұрланған уақыт пен сол зая кеткен уақытқа деген жауапкершіліктің кімде екенін де білгіміз келетіні бар. Шынымен, жауапкер кім, жауапты кім? Осы күнде күллі топтың мінезіне жұққан кешігу әдетінің түп-төркіні қайда жатыр? Жарайды, той-томалақтың кешігіп басталу ғадеті сол жиынға жиналған адамдардың ғана уақытын ұрлады дейік. Ал басқа жағдайлардағы кешігу ше?

Басқасы басқа, мәдениеттің ордасы театр қойылымы ешқашан кешікпейтін еді. Күні кеше ғана бір жақсы қойылымның премьерасының өзі кешігіп басталды. Естіген құлақта жазық жоқ, кешігіп жеткен бір «дөкейді» күткен екенбіз. «Кептеліс кінәлі» болды бұл жолы. Иә, Алматы көшесі кептеліске толып тұрады. Бірақ сол кептелістен кешікпей жеткен жұртты күттіріп қоюдың әдебін кім ойлап тапты екен? Жалпы дәл осы кешігу жөні туралы әңгімеден ұққанымыз, ешқашан адам кінәлі болмайды. Бүгінгі зымырандық жылдамдықпен жылжыған уақыттың желіне ілесе алмағандығымызға да сайын даладай кеңқолтық мінезімізді желеу ете салатындар бар. ­Заманында осы далаға саяхаттап келген жиһангездер «уақыттың өзі тоқтап қалған сыңайлы» деп таңдай қағыпты деседі. Бірақ ол бұрнағы уақыттың тоқтамы еді ғой. Одан бергі сол сайын далада қаншама оқиға өтті, уақытқа байлаулы қаншама жайт жазылды. Ендігіде мүшел аралығындағы жыл емес, тәулік, сағат, тіптен минут, секундтарға дейін қадірлі екенін ұғатын жолға түскен шығармыз-ау!

Кешігуді ұлттың мінезіне балайтын ұстанымымызды доғармасақ, кешіккендерді айыптау дағдысы да тумайтыны анық. Кешігіп келген кейбір жандарды көргенде уақыт жауапкершілігі кімде еді деп сұрағың келеді. Еститінің сол жауап: «қазақпыз ғой, кешігеміз де?!». Күллі ұлт тарих көшінен кешіге қоймас, солай екеніне сенеміз. Ал жекелеген адамдардың кешігіп жүруі талай жақсылыққа кешігіп жетуімізге себепкер емес пе деп ойлайсың.

Ал, сіз кешігесіз бе?    

 

2470 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы