- Руханият
- 14 Қазан, 2021
ТӘУЕЛСІЗДІК – БАБАЛАР АМАНАТЫ
Биыл ерекше атаулы жыл. Себебі Ұлы дала елі тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойламақшы.
Қазақ елі үшін тәуелсіздік тосыннан келген сый емес. Тәуелсіздік үшін халқымыз қаншама қиындық көрді, бостандық үшін боздақтарын қиды. Сондықтан тәуелсіздік – тоқтаусыз соғыстан қажыған түркітектес халықтардың бас қосып, ҚАЗАҚ атты ұлт болып қалыптасуына түрткі болған – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Тарихқа көз жүгіртіп қарасақ, бұл дала не көрмеді? Демек, тәуелсіздік – ащы термен келген, төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген тәтті жеңіс. Тәуелсіздік – бабаларымыздың аңсауы, кейінгі ұрпаққа аманаты.
Жалпы адамзат тарихында жер үшін, тәуелсіздік үшін болған соғыстар өте көп. Соның нәтижесінде талай мемлекеттің аумағында, әлем картасында түзетулер болғаны белгілі. Қазақ елінің тарихы да осындай шиеленіскен оқиғалардан бастау алды. Қазақ хандығының бастауы болған Керей мен Жәнібек хандар тұтастықтың, бірліктің ұлы үлгісін көрсете жүріп, «қара қазан, сары бала қамы үшін» Шайбан тұқымымен атқұйрығын кесіскен сәттен бастап, алты алашын қан төгілген қақтығыстардан сақтаймыз деп Есенбұға бөліп берген аядай жерді сақтап қалуға тырысты. Кейінгі ұрпағы аттың жалында, түйенің қомында жүріп ұшқан құстың қанаты талатын қазақтың байтақ даласын ақ білектің күшімен, күміс найзаның ұшымен анталаған жаудан қорғап, толарсақтан қан кешіп, қасық қаны қалғанша соғысты, сайын даланы аманат етіп қалдырды. Қабанбай, Бөгенбай, Кенесары мен Жанқожа, Исатай мен Махамбеттер осы ата-баба аманатын сақтаймыз, ұлтарақтай жер ұстатпаймыз деп анталаған жаудан қызғыш құстай қорғап, ат үстінде арыстанша алыса жүріп, туған жер төсін тұлпарлардың тұяғымен дүбірге бөледі. Тәуелсіздікті ту еткен Әлихан, Міржақып, Ахмет сынды арыстарымыз ұйықтап жатқан ұлт санасын оятуды мақсат етіп маса болып ызыңдап, «Оян, қазақ!» деп шырылдап, талай тар жол, тайғақ кешуді бастан кешті. Тәуелсіздік жаршысы ретінде «Еркек тоқты – құрбандық, атам десең, атыңдар!», – деп қасқая қарсы тұрып, ар-намысын сақтап қалған Қайратты еш шүбәсіз айта аламыз. Осындай батыр ерлердің арқасында Қазақстан бүгінгі таңда ата-бабамыз армандап кеткен «Тәуелсіздік» деген қасиетті ұғымға ие болып отыр.
Елім, жерім деп қаншама жыл бойы езгіге түсіп, қан жылаған, тәуелсіздік таңын аңсаған қазағым бүгінде тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын тойламақшы. Осы ұланғайыр уақыт ішіндегі оқиғалар тарих тереңіне сүңгігенде мұхиттың тамшысындай ғана. Ал алдағы жазылар тарихымыз мұхитқа құйған өзендей таусылмайтын, шегі жоқ, шеті жоқ көкжиекке айналса дейміз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі буыны бабалар аманатына адалдық танытып, ел абыройын биікке көтерді деп айта аламын. Біз – ұлы даланың ұрпағымыз. Осы даланы біздің ата-бабамыз сақтап, қан төгіп, тер төгіп ұстап қалған», – деген орамды ойы арқылы ертеңгі ұрпаққа патриоттық рух беріп, келешекке дұрыс көзқарасын қалыптастырады деп ойлаймыз.
Трихымыз терең, бүгініміз баянды, болашағымыз жарқын боларына кәміл сенеміз. Тәуелсіздіктің бақыт құсын үркітіп алмай, бір жағадан бас, бір жеңнен жұмыла қол біріктірсек, болашақтың таңы жарқын! Орасан зор ерліктің үлгісін көрсете отырып келген тәуелсіздікті қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, аялап-қастерлей білу – перзенттік парызымыз. Еліміздің дамыған елдермен терезесі тең Ұлы дала еліне, мәңгілік елге айналуы – жас ұрпақтың қолында.
Жұлдыз БАЙСЕРІКҚЫЗЫ,
№182 жалпы білім беретін мектептің
тарих пәні мұғалімі
АЛМАТЫ
10252 рет
көрсетілді0
пікір