• Тарих
  • 14 Қазан, 2021

«БАЙ» ДЕГЕН – АТАҚ

«Бермесе де бай жақсы, жемесе де май жақсы»

 (Көнеден жеткен сөз)

Шығысы – айдыны кепкен Арал теңізінің жазықтығынан басталып, батысы – әбден мүжіліп, арса-арсасы шығып, тастары жалаңаштана бастаған кәрі Орал тауының Айрық, Боқтыбай, Мұғалжар, Әлітау, Доңызтау болып сілемдене созылып, теріскейі – Торғай, Ырғыз, Бетпақдала жазықтығына дейін керіліп, күнгейі Үстірт жазықтығынан Бейнеуге барып тұйықталатын кеңістік-киелі атамекенді көшпелі жұрт Шалқар деп атаған. Осындай далиған жазықтықтың ортасында шөгіп жатқан түйедей-түйедей құмның шөбін тартсаң майы шығатын, түбін қазсаң шынтақтан су шығатын, жидесінің жемісін ауызға салсаң бал татитын бұл қасиетті жерге кімдер келіп, кімдер кетпеді? Тұнған тарих, шежіре, әпсана жыр-дастан, хикаят. Осыларды білсем деген құштарлығыңды екілендіре түседі. 

Басы еді Ұлықұмның Қарашолақ,

Аяғы көрінеді Қаратамақ.

Суаттан мың жылқы ішкен

айдын көлдей,

Ортада отырушы еді Тілеу-Қабақ, – деп Батақтың Сарысы жырға қосқандай бұл қасиетті өлкеде Кеңес өкіметіне дейін де, 1928–1929 жылдардағы тәркілеуге шейін де байлар мен ауқаттылар көп болған. Осы түсініксіз, аласапыран кездерде олардың біразы сотталып, қуғын-сүргінге ұшыраған. Жалшылар байлардың аяғынан шалып, қызылдардың арбауына еріп қоса шабысқан кез. Ондаған бай кәмпескеленіп, итжеккенге айдалған. «Кәмпескеленген мал кедейлерге берілсін» деген үкімет қаулысы бос сөз болып, тартып алынған малдар атқамінер шолақ белсенділердің ырзығы болғандығы төменде әке естелігі арқылы сөз болады. Байлардың малын бағып, ас-тойда дастарқандас, дәмдес, сырлас болып, отбасын асырап, күнін көріп жүрген шаруа байғұстар қызылдардың сөзіне еріп бала-шағасымен аштан қырылған. 1922 жылдың қаңтар айындағы Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаттағы мәліметте облыс бойынша 361051 адам, осының 37416 (8772-сі 16 жасқа дейінгі балалар, 28644 ересектер) адамы Шалқар ауданы бойынша, ал 1930-1933 жылдары облыс бойынша 521 мың адамның 42000 (9105-і балалар, 32895-ересектер) Шалқардың елдімекендері бойынша аштықтың құрбаны болып, жүздеген адам көмусіз ит-құсқа жем болған. (Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағат мәліметі; ф 3, оп 1, д.604, л,52.). Құжатты оқып отырғанда төбе шашың тік тұрады. Әттең алапат нәубат болмағанда қазақ саны қазір кем дегенде 50 миллион болар еді-ау деген ой келеді. Аштық аудан халқын түгел қамтыған. Аштыққа ұшырап, жерленгендердің белгісі болып, Шалқар қаласындағы «Салтанат» дүкені тұрған жер, сондай-ақ әр ауыл маңындағы бүгінде жер болып кеткен төбешіктер, сол бір зардапты да, нәубатты заманның белгісіндей болып қалған ашаршылық құрбандарының бейіттері сияқты. Тілеу батырдың шөбересі 18-ғасырда өмір сүрген Қазыбай бабаның Барша әйелінен тарайтын, үш бәйтерек атанған Досымал, Байдос, Шам ұрпақтарының ашаршылық салдарынан опат болып, олардың жерленген жері құм бойындағы Қараөлең қыстағының шығысындағы Қарамола қорымында 2014 жылдың 31 мамыр күні 15 киіз үй тігіліп, әр аймақтан жиналған 500-ден астам қауымға ас беріліп, сол аруақтардың рухына Құран бағышталды. Қарамолада жатқан ашаршылық құрбандарын аяқ асты қылмас үшін арнайы жасалған шарбақпен қоршап, тұғырлы күмбезді қақпаның кірер тұсына қос ашпалы есік орнатылып, бірінші мәрмәр тақтаға... «Бұл дүниенің қызығына алаңдап, аспанға қарап, асқақтап кетпе... нәпсі қуғандарға, шектен шығып кеткендерге ілесіп кетіп жүрме», – деген Құран Кәрімнің «Қаһф» сүресінің 28-аятын, екінші тақтаға «...Өзіңнің шыққан тегіңді біл, бұл туыс­тарды жақындастыра түседі», – деген сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадисінен үзінді және үшінші тақтаға әйгілі Сарышолақ шайырдың «...Бір күні мені іздейді, Асылдан туған ұрпағым. Көңілім күдер үзбейді, Болса да өмір сұр сағым. Ұл туар неше жігерлі, Талқандар тұсау-шідерді» деген өлең шумақтары жазылып, үлкен сауапты да, қайрымды, игі іс жасалды. Аруақтарға белгі қоюдағы халықтан жиналған қаражатты шашау шығармай ұтымды пайдалана білген марқұм інім Сырымбай Меңдіқара бастаған Барша әуле­тінің ізгі ниетті азаматтарының бірліктері асқа жиналғандарды риза етіп, жалпы көп­шіліктің үлгі аларындай іс тындырылды.

Марқұм әкемнің айтуы бойынша, он арыс Қазыбайдың Құлжа әйелінен тарайтын Бейіс, Қырмаңдай, Сүйіндік, Сәдібек ұрпақтарының мал басы мен жан басы тең өскені баршаға аян. Сәдібектің Қуатынан Құлсары, Уақбайынан Тотан, Жаулыбайынан Ержан деген байлар шыққан. Сондай-ақ Жаулыбайдың Шыманынан әйгілі Мырзағұл би туған. Мырзағұлдың болыс болып, халқына қамқор болуына осы аталас байлар мен ауқаттылар көп көмегін тигізген. Елдегі жоқ-жұқаларға мінерге атын, көшіп қонарға түйесін, сауып ішуге сауын малын Мырзағұл осы өзі басқаратын халықтың байлары мен ауқаттыларының арқасында шешіп отырған.

Он тоғызыншы ғасырдың аяғындағы тарихи деректерге сүйенсек, Арқадағы кейбір байларда 20-30 мыңға жуық жылқы малы болыпты. «Қазақы жылқыны сен асырамайсың, ол сені асырайды, қорғайды» деп қазекем жылқыны аса құрметтегендіктен айтқан. Қалың қарда өз қорегін өзі табатын текті жануар. Ата-бабаларымыздан мұра болып жеткен төрт түліктің «падишасы» – киелі жылқы түлігі Ұлықұм бойында да жақсы өскен. Ұлықұмды мекен еткен Тотан мен Ержан бастаған қазақтардың көпшілігінде жылқы малы мол болған. «Қыдыр көрген» Тотан байдың жылқысына Арал теңізінен шыққан шұбар айғыр қосылып, ­содан Тотанның жылқылары түгелінен шұбарға айналыпты. Тотанның «шұбары» деген атақ содан қалған дейді көтеріп айтушылар. Жылқының қанша болғанын шамалау, болжаудың өзі қиын болыпты. Мұғалжар тауының етегіндегі ­«Тотан бұлақ» аталып кеткен бұлаққа бір құлағанда 89 айғырдың (әр айғырдың үйірінде 20-25-тен жылқы болады) үйірі суаттап, шөлін қандыратын еді, дейтін көзі көргендер. Жылқыдан басқа түйе, сиыр, қой-ешкісі қанша болғанын білмейтін Тотан бай бірнеше ондаған жалшы ұстаған. Жалшылардың ас-суын, үй-жайын өзі бақылап көмектесіп, жағдайын айтып жәрдем сұрағандарды құр қол қайтармай көмек беретін есті адам болған. Алты ай қыста жылқы бағып, аман-есен құлын өргізсе, әрбір жылқышыға еңбекақы есебінде үш құлынды бие, сондай-ақ ас-суы мен қоса соғымды тегін берген. Осындай әрі бай, әрі пейілді адамға заман (тағдыр) қатыгездік жасаған. «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып» деп Абай айтпақшы, кеңес өкіметі астарлы саясатын іске асыру үшін билік бишігін тексіздерге, есерлерге, ессіздерге, ойсыздарға берген. Олар жетілдім, жеттім, құлдықтан құтылдым, ерік өзімде, құрық қолда деп, жаны аяулыларға тепсініп, тікендей қадалған. «Күштінің боғын жеген ит құтырады» демекші, осындай желеуге ерген жарлы-жақыбайлар байдың малын бөлісіп, кейін қанады, зорлық-зомбылық көрсетіп, сабады, деген айыппен арызданып түрмеге жаптырады, ар жағы белгілі....

Бай-бай болғанына кінәлі ме, кедей-кедей болғанына кінәлі ме? Жеті атасынан бері бай, уызға жарыған, бойында аруақтарының қаны бар, жүрегінде намысы бар, есті адам әруақытта ауқатты болған. Жарлы-жақыбайларына жәрдемі тиген. Тотан бай ықыласы ауған жалшыларын үйлендіріп, отау көтерткен. «Малы көптің – асы да көп» деген сөз осыдан қалса керек-ті. Бай – азшылық, кедей-кепшіктер – көпшілік. Еңбек ет те мал тап.

Кеңес өкіметінің қаһарына ұшырап, мал-мүлкі талан-таражға түскен атақты Жаулыбайдың шөбересі Ержан бай да кең пейілді, қайрымы мол, мырза адам болған. Ол жалшыларына мал менікі-еңбек сендердікі, бақ та қызығын көр, іш, же, байы, үйлі-баранды бол, ауқаттылар қатарына қосыл, деп имандылықты қалыптастырыпты. Алайда Кеңес өкіметінің айтағына ерген, «Аузы толып ас ішпеген, тақымы толып атқа мінбеген» өзінің жарлы-жақыбайлары өзін абақтыға жаптырып, малын бөліске салған. «Есек семірсе, иесін тебедінің» өзі. Олар байдың малын тартып алып оп-оңай байығысы келгендер. Ержан байдың өзін түрмеге қаматтырған жалшыларына бағыттаған: «Күлдерің шашылмасын, көктерің тапталмасын» деген соңғы астарлы налу сөзі қабыл болып, оларды әуелі зорлықпен ұйымдастырылған колхоздастыруға, кейін ашаршылыққа ұшыратқан. О баста өзінің пешенесіне, ырыздығына, босағасына бітпеген дәулет-дәулет боп жарымайды екен. Осы аласапыран бейуақытта игі жақсылардың үлкен бөлшегі жер жастанған. Сөйтіп, олар өздерінің әрі ақылшы, қамқоршысы, әрі асыраушысы болған бай мен ауқаттыларды тас- талқан етіп, ақыры солардың қарғысына Голощекин арқылы өздері де ұшыраған. Ой, дүние-ай, кейінде байларды ұстатқандардың ұрпақтары тоз-тоз болып өзінен өзі жоғалып, «көгін таптайтын, күлін шашатын» тұяқ қалмады. Кешегі бар нәрсе, бүгін жоқ. Кешегі жапырақтай жайылған ел-жұрт бүгін жоқ. Кеше той-тойлап, көкпар тартып, ат шаптырған, мәре-сәре күй кешкен ел бүгін жоқ. Көшіп кетті, ауып кетті, олардың жұрты ғана қалған. Кешегі жағылған от, қайнаған қазан жоқ. Күлі бұрқырап, жерошағы жатыр қаңырап. Осындай зор­лық пен жауыздықты көзімен көрген Сопы атамның үйіндегі ақын жанды Құрақ әжем, күрсіне кеудесіне қолын қоя бір-екі шумақ өлеңмен біздерге былай жеткізген-ді:

Ей, Ержан-ай, Ержан-ай!

Туған жұртың күйзелді-ай!

Жалшыны бақтың бала ғып,

Соңыңа ерттің адам ғып,

Ақырында не болды?

Ей, Ержан-ай, Ержан-ай,

Шұғылалы Ұлы Қазаным,

Жарлыны байға теңгеріп,

Өрт болып тиді жұртыма-ай!

Ата жаумен тең болды-ай!

Шаңырақты шайқалтты-ай!

Алпыс үй шыққан шаңырақ,

Қалды ғой енді қаңырап.

Ой, дүние-ай, дүние-ай!

Ботадай көзі жәудіреп,

Тұл болып қалды-ау, тұқым-ай!

Жамандықтың түбі не болды?

Олардан да тұқым қалмады-ай!

Ой, дүние-ай, дүние-ай, – деп қамық­қан-ды, жарықтық. Иә, опасыздықтың түбі опын­дырады, адамды налытудың түбі қайғыртады деген рас екен. Балғын шақтан құлаққа сіңісті болып құйылған зұлымдықтың зарлы өлеңі алпыстан асқанда да жадыңнан өшпей, санаңда сақталып қалады екен. Жамандық ұмытылмайды деген осы да.

Иә, иә Тотан мен Ержандай байлар қазақта ежелден болған. Олар қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтауда елге елеулі еңбек сіңірген. Жоғарыда тілге тиек болған Құлсары атаң да айтулы байдың бірі болса керек-ті. Он саусағынан өнер тамған, істің көзін таба білетін, ісмер, кең пейілді де, қайрымы мол жан болыпты. Осы пейілінен бе, әлде өнерінен бе, мал басы мен жан басы тең өсіпті. Белінен тараған жеті ұлы жеті ауыл болған. Осындай халықтың қадірлі адамы болған адамды, көзінің тірісінде де, бақилығында да құрметтеу қазағымыздың қанына сіңген асыл қасиеттердің бірі. Құлсары сияқты атақ-абыройы бар аруақты құрметтеу, өліні разы қылу және рухына арнап ас беру ертеден бар дәстүр. Ас беру – әйгілі дәстүр. Тым әріге бармай-ақ өткен ғасырда ғұмыр кешкен атақты бабаларымыз халықтың мәдениетін, ұлттық дәстүрін, елдің бірлігін танытатын тәрбиелік маңызы аса зор имани шаралар өткізгендігі қазіргі тіршілік иелері біздердің көп нәрселерге көзқарасымызды өзгертіп, санамыздағы жағымсыз әдет, қылықтардан ­тыйып, әдепке қарай бұруда. Мәтжан әкемнің дүниеге келер тұсында осы бақилық болған Құлсары байдың ­рухына арнап, Шалқар көлінің оңтүстік жағасындағы үй-тамды салып бітіргесін, осы көлдің күн батыс жақ жағалауына өңкей ақбоз үйлер тігіліп, қыр шектісі мен сыр шектісіне сауын айтылып, би Мырзағұлдың ұйымдастыруымен үлкен ас берілген. Әйтекеш әкемнің айтуынша, келушілерге арнап, сән-салтанаты келіскен 200-ге жуық 6-8 қанатты ақбоз үйлер шұбырта тігілген. Аса қадірменді ел ағаларын күтетін ақбоз үйлерді сәндеу үшін Түркістан мен Қоңыраттан шеберлер алдырған. Ақбоз үйлер әсем айшықты қазақы ұлттық нақышты өрнектермен, көз жауын алатын қымбат бағалы бұйымдармен безендірілген. Ақбоз үйлердің жасауына шамамен 15 жылқының құнындай қаржы кеткен. Қазақтың ұлттық болмысын, қонақ күтудің мәдениеті мен салтанатын, үлгісі мен ұйымшылдығын асқа келушілерге осылайша паш еткен. Аста сойылған ірілі-ұсақты малдың саны, келушілердің өздерімен бірге әкелген саба-саба қымыздарының есебі тек қана Аллаға аян. Асқа тігілген ақбоз үйлерден аулағырақ жерге жер ошақ қазылып, қатар-катар қойылған қазандарға ет асылып, ет табақ-табағымен жерошақ басынан ақбоз үйлерге атпен таратылған. Осындай ұлан-асыр асты лайықты өткізу үшін, елдің бірлігі мен ағайын-туыстың ұйымшылдығын көрсету мақсатында дүйім жұрт бір кісідей кірісіпті. Астың алғашқы күні келген қонақтарды қабылдау және үйді-үйге жайғастырумен өтсе, екінші күні түрлі сайыстар, мысалы, жамбы ату, палуандар күресі т.б шаралар өткізілген. Үшінші күні құнан жарыс, қыз қуу ­ойындары, көкпар тарту жарыс­тары, кешке қыз-жігіттерге арналған алтыбақан тебу ойындары өткен. Келесі күндері ақындар айтысы, аламан бәйгеге дайындық жұмыстары жүрген. Аламан бәйгеге қатысатын сәйгүліктер санына шек қойылмаған, ол кезде жазық дала арқылы мәреге тіке шапқан. Бұл аста бәйге аттары Жомарт көлінен Шалқар көлінің тұсындағы Құлсары тамына дейінгі созылған 40 шақырымдық аралықта шапқан. Құлсарының асында 300-ден астам ат бәйгеге қатысқан. Мәреге бірінші болып келген 5 жүйрікке 5 түйе, 100 жылқы, екінші болып келген 3 жүйрікке 3 түйе, 300 қой, үшіншіге 1 түйе мен 50 қой сыйға беріліпті.

Ас беру дәстүрі қазақ халқының бірлігінің нығаюына, рухының биіктеуіне арналып жасалатын болған. Аста, тойда қазақ тапқа бөлінбеген, ауқаттылар мен жарлы-жақыбайлар бірге жүріп, бірге тұрып, бірге әңгіме-дүкен құрып, бірге ас ішкен. Бай мен кедей жоқшылықта да, тоқшылықта да септесіп өмір сүрген. Байлар кедейсіз, кедейлер байсыз өмір сүрмеген. Байдың амандығы – кедейге, ал кедейдің амандығы байға қажет болған. Қазағым осындай өмірдегі имани қасиеттерін жайшылықта да, ас-тойда да көрсете білген. Астың мақсаты ас ішіп аяқ босату, даурығып той-тойлау емес, керісінше аруаққа тағзым етіп, тіршілікте тындырған игі істерін еске алып, оның рухына құрмет көрсету болған. Сондай-ақ ас соңында дәулеті толып тасыған бай-бағыландар қора-қора малды ауыл адамдарының алдынан айдатып, жарлы-жақыбайлар мен көпбалалы отбасыларға шүлен ретінде таратқан. Шүлен тарату адамдық парыз бен зекет сынды имани шаралардың бірі. Қазақ шүленді мал басы көбейіп, әбден малдың қаны толған кезде, күз айларының бірінде таратқан. Шүлен таратушылар пайда үшін емес, керісінше жұртшылықтың алғысын алып, кедей-кепшіктерді қолдау мақсатында жасаған. Жауға шапқанда ұраны бір, намысқа шапқанда құрамы бір, тойға келгенде жыр-әні бір, қыйын жағдай болғанда ақылға жүгінген, өткенге келгенде дәстүрге үңілген, бір-бірін жауға да, дауға да бермейтін қазақ осындай болған. Тотан мен Ержан бастаған, Жұбаназар, Мырзабек, Нұрмағанбет, Іспенбет, Отарбай, Қалмен, Ділмағанбет сынды елдің ауқаттылары қоштаған шүлен тарату өңірде осылай өткізілген. Шүленді мал басы көбейген бай мен ауқатты адамдар әр 10 (ұсақ малдан) немесе 20 (ірі малдан) малдың бірін беретін болған. Осындай қайырымдылық арқасында елде бірде-бір қара кедей болмайды екен. «Шүлен таратқан қуаттар» деген мадақ сөз би Мырзағұлдың ұйымдастыруымен осы өңірде алғашқы рет Құлсары байдың асынан кейін бабалардың тағылымды істері деген ризашылық көңіл күллі жұртшылыққа тараған. Халық шат-шадыман болған. Алайда Кеңестік билік салт-дәстүрімізді ескінің қалдықтары деп бағалағандықтан жоқ-жұқаны қамқорлайтын бұндай игі істі айтуға тыйым салды және ел жадынан өшіріп тынды. Үлкендер айтатын, шүленнен тиген малдың қайыры мол, берекесі жоғары болады, одан тараған мал басы тез көбейеді, дейтін. Демек, шүленнің қайыры мол деп әкем әңгімесін аяқтады.

Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында, қазақ халқының мамыражай дәуірінің соңғы кезеңде­рінде далиған даламызда Ерден Сандыбайұлына, Байдәулет Құлбекұлы­на, Лабақ Қуатұлына, керей Сағынайға, ақкете Қабыл биге берілген астар қазірге аңыз болып жетті.

Иә, халықтың тұтастығын білдіре­тін игі іс тасқа басылып, қағазға хатталма­ғаны өкініш сазын оятады. Ұйымдас­ты­рушылардың елдің бірлігін сақтаудағы имани шаралары келе-келе заман қыспағына тіреліп, жаппай жазаға тартылуы қасіретті хикаяға айналды. Дегенмен дәтке қуат, елдің қазыналы қариялары мен әкемнен тыңдағандарымды өткенін білгісі келетін ойлы оқырманға ізденсін, тарихына жүгінсін деген ниетпен таңбалап отырмын. Ендеше, ауқатты ағайын шамаң жетсе, көңілің қаласа, иманың тасыса шүлен тарат. Сонда Жаратушының алдында да, адамның алдында да мәртебең биік болады. Қорыта айтқанда ішкі рухани болмысы мен сыртқы материалдық жағдайы сәйкес келетін адамды «бай» дейді. Тоқсан ауыз тобықтай сөзімнің дәлелін 1834 жылы Шығыс Сібір генерал-губернаторы М.М.Сперанскийдің орнына орыс императоры Николай-1-дің қалауымен болған орта жүз бен кіші жүз аумағында хандық билікті жойып, жаңа сұлтандық билікті енгізу үшін 1817–1822 жылдары қазақ халқының ішкі өмір сүру ережесін, ел билеу жүйесі мен тұрмыс-тіршілігін, діндік ұстанымдары мен салт-санасын, әдет-ғұрыптары мен hам шаруашылығына аса мән бере терең зерттеген атақты генерал Семен Богданович Броневскийдің; «Қазақтың бай» деген ұғымы орыстың «богатый» деген сөзінің баламасы емес. Бай болу үшін атағынан ат үркетін ірі тұлға болуы керек. Материалдық игіліктерге иелік етумен қатар, ақыл-ойы толысқан, жұртына қамқор биік адам болуы шарт. Қазақ байлары биік тұлғалар», – деген жазбасы айғақтайды. (Записки генерала-майора С.Б.Броневского о киргиз-кайсаках Средней орды, Санкт-Петербург 1829–1830). Шынында да, қазақтың байлары шетінен бай ғана емес, тағылымды істері арқылы ауыл-аймағына, жұртшылығына қарайтын, ұлттың болашағы үшін жауапты тұлғалар болған.

Иә, қазір кімдерді бай дейміз? Өрісте жүрген малды барымташыларша ұрлайтын, астарына шет елдік көлік мінетіндерді ме? Әлде көтерме сауда арқылы көгеріп, көрші-көлемнен, тума-туыстардан жат болғандарды ма? Әлде кең даланың еркесі ақбөкендерді үйірімен қырып, мүйізін шетелге сататын қырғыншыларды ма? Әлде өздерін қазақ меценаттары атап жүргендерді ме? Әлде шықбермес Шығайбай қатарына қосылып, тапқанын қарабасының қамы үшін күйттеп жүргендерді ме? Осылайша, пайда ойлағандар бай болам деп, мансап қуғандар билікші болам деп жанталасқан заманда, обал мен ­сауапты, ар мен ұятты кім ойлайды, кім даулайды? Бұларды байлар деп айтуға, баяғы байлардай жұртына қамқоршы, тәрбиеші, ішкі жан дүниесі жоғары деп айтуға бола ма? «Болады» деп айтуға күмәнданам. Себебі қазір шынайы, таза еңбекпен байыған байлар некен-саяқ. Олар кімдер? Дәлелді жауабым болмаған соң, бұл сұрақтың жауабын көкірегінде аз да болса қазағым деген нышаны бар оқырманға қалдырам. Ой тұйығына тірелген қадірлі оқырман, бай болғың келсе көп балалы бол! Көптен ақыл туады, ақылдан жанға ортақ мейірім шуағы жарқырайды. «Қой егіз туса жусан басы айрық шығады» дегендей, әр бала дүниеге өз ырысымен келеді.

Қанатбай ЕЛЕУСІЗҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі

2306 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы