• Тарих
  • 14 Қазан, 2021

РАЙЫМБЕК!!!

Әр аңыз төркінінде ақиқат жатады. 
Ақиқат айқын, құдыретті болса, халық санасында қалыптасқан аңыздың сәулесі мен нұры да соғұрлым алысқа тарайды.
Ақиқат өмір шындығы болғанда, аңыз – сол өмір шындығын ғасырлар қойнауынан суырып, алдағы уақыт, замана айдынына алып ұшар тәңір сөзіндей қанатты, әрі жүйрік, әрі тылсым сырлы ғажайып күштің көрінісі. 
Аңыздың атасы – халық болғанда, анасы – уақыт.
Иә...
Көшпелі өркениеттің ақырғы алтын бесігі болған қазақтың Ұлы Даласы басынан нендей уақыт зобалаңын өткізбеді?! Қаншама тарихи қырғын оқиғалардың куәсі болмады?! Алапат соғыстар сойқанын көрмеді?! Ел ­басына күн туғанда елін, жерін қорғап, тағдырын шүберекке түйіп, тас шайнап, құм бүркіп, өмірдің қызыл жалынына күйіп, жан алысып, жан беріскен, қылша мойны талша боп, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалған, «еңку-еңку жер шалған, тебінгісін терге шіріткен, терлігін майға еріткен» алаш ұранды ерлер мен кескілесіп келгенде қас дұшпанын «арыстандай ақыртып, лауазымын көкке шақыртып» тізе бүктірген хас батырлар аз өтті ме, қазақта?!
Халық қай кезде де сондай екі тумас, ер мінезді, ерен тұлғалы батыр оғыландарына сенген, тағдырын соларға тапсырып, соңынан ерген, атын ұранға қосып, ерлігін ел рухын асқақтатар аңызға айналдырған.

Сондай ұлы батырларымыздың бірі, бірегейі – халық жадында «ақтабан-шұбырынды, алқакөл-сұлама» дейтін тұтас бір дәуірге созылған жоңғар соғысы тұсында қайып-берен мінезді ерен ерлігімен, ересен қолбасшылық қабілетімен көзге түсіп, атажұртты жаудан тазартқан, халқының намысы мен жігерін ту етіп, бар өмірі ат үстінде өткен Райымбек Түкеұлы Ханкелді немересі.

«Райымбек батыр», «Райымбек әулие», «Батыр баба», «Батыр ата» деген адам ойын сілкіп-сілкіп алар құдыретті сөздерді ерте күннен санасына сіңіріп, жүрегімен тоқып өскен қазақ баласы үшін бұл тарихи тұлғаның орнын тілмен айтып жеткізу қиын... Бағзы замандардан суына шомылып, шалғынын кешіп, ауасын жұтып, осынау ұлы байтақты жайлаған елдің тамырын тереңнен тартар Жетісу аймағы ғана емес, Райымбек атына Алаш жұрты тегіс қанық. Батыр туралы білмейтін қазақ жоқ. Алатау мен Қаратаудың қойын-қолтығында батырдың жан серігі болған қанатты тұлпар – Көкойнақтың тұяғы тимеген тау-тас, құм-шоғыр жоқ десе де болады. Ақиқаты аңызға айналған әулие бітімді хас батырдың ерлігі мен парасатынан мол хабар айтар ауыздан-ауызға көшіп, атадан-балаға, баладан-немереге, немереден-шөбереге жетіп, хисса-дастандарға толғау-жырларға арқау болған дәуір шындығы ұрпақты тәрбиелеп, ұлттың ірге бекітуіне орасан ықпал еткен.

Райымбек ат жалын тартып мініп, ел көшін бастаған он сегізінші ғасырдың өрті мен дерті тарихқа айналғалы үш ғасырдан астам уақыт өткенімен, ел жады – қазына, аты ұранға айналған хас батыр – біздің жүрегімізде, ойымызда, жадымызда. Бүгінгі жаһандану дейтін адамдар санасынан ұлттың ұлы белгілерін жоюға бет алған кезеңде, «өткенді өксітпей» өмір сүру принципі ұлт үшін, ұрпақ үшін, әсіресе жері кең, жерін мекен еткен халқының саны аз біз секілді маңдайының соры қалың ұлт үшін, ұлт ертеңіне жауап берер жеткіншек ұрпақ үшін ауадай қажет екені күмәнсіз. Тарих пен тіл қашанда біртұтас. Сол тұтастықты тарихтың ұлы сындарынан сүрінбей өтіп, халқының жүрегіне мәңгілікке ұялаған ұлы тұлғалар ғана қамтамасыз ете алады.

Райымбек – ғасырлар сынын артына қалдырған жоңғар шапқыншылығы дейтін қасіреті мен қасиеті жүрек төрінде қатар сақталған үш ғасырлық алапат дәуірдің алып тұлғаларының бірі, бірегейі.

Бұл – бүгінгі Тәуелсіздік тұғырына қондырған дәуір таныған, танытқан Ақиқат!

Бұл – өз атын арқалаған аудан орталы­ғында Батыр ескерткішінің бой көтеруі, бұл – бүгінгі Алаш жұртының ұлы қаласы төрінен маңдайына ұлы даңғыл бұйырған, көп жылдар бойы Алатау бөктеріндегі ұлы қалада, өз атындағы ұлы даңғылдың бойында ұлы жұртымызды Өзінің жұмбақ пен сырға толы ұлы аруағымен қолдап қоршап жатқан, қоршап келе жатқан Баба Рухына деген шексіз құрметтің нышаны.

Бұл – бүгінгі күн!

Кешегі күнді ойласақ, шет-шегі жоқ ғасырлар қойнауында шаң басып, тұншығып келген онсан дәуірлердің еске түсері хақ. Біресе Батыстың, біресе Шығыстың шабуылы мен дабылын қатар көріп жүріп, арғы-бергі дәуірлердің төл перзенті болып жетілген Ұлы Дала көзге елестейді. Тасқа түскені бар, түспегені бар, хатқа қонғаны бар, қонбағаны бар, қалай болғанда да «ат жалы, түйе қомында» жүріп, жан ұшырып, елі мен жерінің тұтастығы жолында найзаның ұшын да, білектің күшін де, ақылын да, парасат-пайымын да бірдей жұмылдыра білген бабалар «керегесі – ағаш, ұраны – алаш» болған Қазақ елін сақтады, қорғады. «Тұлымдысын күң етіп, айдарлысын құл ету» дейтін сұмпайы саясатқа жанын шүберекке түйіп жүріп, қарсы күрескен, тұрысар тұста тұрысқан, тіресер жерде тірескен, ұрысар тұста ұрысқан, жұртына қалқан болған ұлдарын халқымыз әулиедей көріп сыйлаған, қол бастап, жауға шапса, соңынан ерген.

Райымбек батыр туралы ел аузында тараған, мұражайларда, қорларда сақталған, жарық көріп, оқырман назарына іліккен хисса-дастандарды, жыр-толғауларды оқып отырып, өткен дәуірдің осындай халықтық қалыбымыз бен елдік бірлігімізді айқын танытар тамаша қасиеттерімен жүздесеміз. «Береке басы – бірлік» деп, ұл сүйіп, қыз өсірген елдің кешегі «балапан – басына, тұрымтай тұсына» үдере қашқан заманында ел тағдыры үшін отқа түскен жалын жүрек жас батырдың бірте-бірте ел-жұртын айналасына жиып, білектің күшін, ақылдың пәрменімен тізгіндеп, киелі Жетісудың қойын-қолтығын бір жарым ғасырдай билеп-төстеген жоңғар шапқыншыларынан тазартуы – «елім-айлап» тентіреген ауыр заманның Ақиқаты.

Алпыс жылдан астам өмірі ат үстінде өткен Батыр хақында жазылған ­поэма, дастандардың қай-қайсысында да дәуірдің осы шындығы айқын, анық жазылады.

«...Көш келеді боздатып боз даланы,

Көз ұшында боз сағым қозғалады.

Әлдекімнің естілсе созған әні,

Әлдекімдер аңырап жоқтау айтса,

Әр кеудеде бір шемен қозданады,

Әр қазақтың естіліп боздағаны.

 

...Қара жауың әкеліп қара қайғы,

Тас уатты-ау төбеңе тайраң қағып.

Аңырауды доғарып, аттан, қазақ,

Алты жасар ұлыңды майданға алып!» (М.Мақатаев «Райымбек! Райымбек!» поэмасынан) – деген тозған ел мен ел қамын түгендеп, он жеті жасында өз атын өзі ұран қып жауға шапқан арыс­тандай айбатты, жолбарыстай қайратты ­Райымбек атын жалпақ елге танытқан тарихи оқиғалар төркінінен ел үмітін, ел сенімін, ел мұратын, ел тілегін, ел құрметін, ел махаббатын аңғаруға болады.

Райымбек туралы жазылған біз білетін үш дастанның үшеуінде де (Мөкен Болысұлы «Райымбек батыр», Сабдалы Жырау «Райымбегім, Асылым», Мұқағали Мақатаев «Райымбек! Райымбек!») халық сүйген хас батыр елді езгі мен озбырлықтан құтқарушы бейнесінде жырланады.

Халық жады – тұнық.

Жас кезінде жауға шауып, қарсы келген дұшпанын Көкойнағының үстінде жүріп, тақымға салып тураса, егде тартып, ел-жұрты ауызына қараған, әулие атанып, абыз болған жасында Ақ түйеге қонып, сөзді – cерік, ақылды көрік етті... Тәңіртаудың қалың жұрты ғана емес, айтқаны алашқа жеткен ұлы жүректің соғысының тоқтауы – ақтық дем, ақырғы сәтте, өзі айтқандай, мәйітінің Ақ түйе шөккен жерге жерленуінің өзінде көріпкелдік, әулиелік жатқаны байқалады. Бұл ертеректе Алтын Орданың басынан бағы тайып, түркі жұрты бірімен-бірі қырқысып, қырық пышақ болған кер заманда ел бүтіндігін толғап, Желмаяға мініп, жерұйық іздеген Асан Қайғыны еске салады. Әулиенің жан жүрегін ғарыш іздеп, сүйегін жер тарта бастаған кездегі Ақ түйе аңызында қаншама ұлт Ойы мен Мінезінің Ақиқаты жатыр десеңізші!

Алаш жырының ақиығы ­Мұқаға­ли­дың аяқталмай қалған дастанында халықтық ұлы трагедия қаршадай ұлдың көкірегін жегідей жеген намысты сөйлету арқылы ұлттың ұлы жігеріне қамшы басса, халық ақыны Мөкен Болысұлының дастаны ел аузында сақталған Райымбектің тұлғасын сомдайтын қан-қырғын оқиғалар мен батырдың жекпе-жектері суреттеледі. Жыраулық мектеп пен жазба әдебиеттің сәтті сабақтасқан үлгісіндей елестейтін Сабдалы Жыраудың «Райымбегім, ­Асылым!» дастаны батыр-әулиені жоқтау сарынында жазылған.

2005 жылы «Елорда» баспасы арқылы ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы Кеңес Нұрпейісовтің басқаруымен жарық көрген «Райымбек» атты танымдық-талдау бағытындағы ұжымдық еңбекте батыр өмірінен, батырдың заманы мен ортасынан, замандастарынан, дәуірінен, ол қатысқан тарихи оқиғалардан бірқыдыру ақпарат жинақталған. Кітапта бұрын да ел ауызында айтылып жүрген деректер келтірілген. Екеуі де Қабай Жыраудың сөзі (Райымбек өз аузымен айтты деген): «Аты – батыр, заты – қазақ тұлғаның кейінгіге жаңғырып жеткен өз сөзімен айтқанда, «Елі – Албан, жері – Жетісу, жайлауы – Асы, қыстауы – Алматының басы», – дегені, екіншісі (Шамалханның ауызымен айтылды деген): «Алмалары жүректей, балдырғаны білектей, Алматыдай жер қайда, Райымбек келгенде Қоңтайшы біздің жүр қайда?!», – дегені. Бұл екі сөздің екеуінің де анығын айғақтайтын тарихи дерек іздеп әуре болудың керегі жоқ. Қыстауы Алматы екенін ұлы шаһар төрінде тұрған ақ кесенесі; Шамалханның сөзін айғақтар дәлел Алматы мен Шамалған арасында жатқан Райымбек атындағы ауылдың әлі күнге дейін сақталғаны.

Әрі батыр, әрі әулие Райымбектің есімі ел жадында өзі ат жалында жүріп, жауларын жер жастандырған жер атау­ларында, ерлігіне әр буын тебірене жырлаған дас­тан-хиссаларда сақталған. Міне, ұлы батыр тағы да айбыны қайыра атқа қонып, үш ғасыр мерзімді артқа тастап, жаңа жиырма бірінші ғасыр айдынына қоладан соққан мүсін боп шығып отыр (мүсінші Едіге Рахмадиев). Тәуелсіз қазақ елінің ұлы қаласы – Алматы есімді шаһардың өрі бір замандарда батырдың ата-бабасына мекен болғаны қалай ақиқат болса, аруақты жұрттың киесіндей саналып, ақ атан шөккен Алатаудың осы бір қасиетті төрінен Райымбек батырдың көкке бой созған ақ кесенесі де солай Ақиқат!

Қиын заманда өмір сүріп, қазақ жерін сыртқы жаудан бірге жүріп қорғасқан Бөгенбай, Қабанбай, Өтеген, Наурызбай, Тайлақ тәрізді батырлармен иық тірестіре жүріп, талай жекпе-жекте жауының басын алып, дұшпанының ­бойына ақ найзасын сүңгіткен, ойына үрей қондырған, батыр атасы Қанкелдінің жолын қуып, Әлмеректей әулиеден бата алған, хас батырдың он сан ерлігінің көзіндей болып, қасынан қалмайтын Ақ түйесі де осында – ақ кесене қасында шөккен қалпы, үнсіз. Абыз-әулиенің ақылы мен парасатына бас иіп, тәнті болған Алаштың сайын сахарасынан ағылған қалпы жұрт сәт, сағат құрғатпай Алатауға ат басын бұрып, Алматы төрінде екі дүние арасын Рухымен жалғаған Бабаға құранын бағыштап жатады. Бұл да бүгінгінің Ақиқаты!

«Қой үстіне бозторғай жұмыртқа­лаған» дәурені көпке созылмаған Әз-Тәукенің қымыз шайқалып, сүт төгілмес дәуірі мен Абылайдың ақ туын желбіретіп, сахараны сандалкөктер оңды-солды кезген, қазақ, қалмақ бірінің жанын бірі алып, бірінің қанын бірі судай ағызған, бірін-бірі езген, Қазақ жерінің өрісін өрт шалған, мыңдардың үні «елім-айлап» күңіренген он сегізінші ғасырдың көп уақыттар бойы көмікте келген ақтаңдақ беттері енді-енді ашылу үстінде. Бұл да замана Ақиқаты!

Қазақтың басын біріктіріп, көрші-қолаң елдермен алыс-беріс орнатқан іргелі мемлекет болғанбыз дегенді айта алмаған сәт-сағаттар күні кеше болып еді ғой... Егер еліміздің еңсесін тіктер тарихи шындықтардың шаңырағы шайқалмай, тоталитарлық жүйенің тұсында өткенді өгейсітпей, «ағын – ақ, қарасын – қара» дейтін ұлттық идеология болғанда, халық тағдырын талапайға салған, екі бірдей көшпелі мемлекетті жер бетінен мүлдем өшіруге бет алған Батыс пен Шығыстың айлалы күресіне әділ, анық баға берілмес пе еді? Тарихи ақтаңдақтар қалыптастырған әуре-сарсаңның бұлай етек алуы да мүмкін емес еді... Басқа елдің хандарын хан етіп, біздің елдің хандарын хан емес, сор етіп көрсетуге, басқа елдің батырларын батыр етіп, біздің елдің батырларын қор етіп көрсетуге тырысудың салқыны ­Райымбек батырдың өзін былай қойып, басына орнатылған кесенесін де кезінде қалай шалғаны ел есінде. «Бұл арада батыр емес, әулие жатыр. Әулиеге жүгіну кеңестер идеологиясына қайшы келеді» деген сылтаумен ұзақ жылдар бойы әрі батыр, әрі әулие жанның қасиетті орны – қалың елдің санасына бекіген зираты үгіліп, мүжіліп жермен-жексен, жойылғаны – кешегінің шындығы!

Кешегінің ақиқаты!

Ол туралы көп жазылып, көп айтылды...

Жасыратыны жоқ, студенттік жылдарда ескі көлік вокзалының қасындағы ескі зиратқа барып, баба зиратына тәу етіп тұрып, іштей қиналатынбыз... Осы арада аналарымыздың аузынан түспейтін, аты аңызға айналған Батыр атаның сүйегі жатыр дегенді ойлағанда, жанымыз жаншылып, көңіліміз налушы еді... Бір жолы Мұқағали ағамыздың күрсініп отырып: «Апыр-ай! Әділдік орнауға тиіс. Қазақтың Жетісуын жаудан тазартқан қайран Бабаның басына қалың қазақ жасқанбай келіп, құран бағыштар күн қашан туар екен?» – дегені есімде... Жаңылмасам, сол сөз ақын аузынан жалын болып шапшып шыққан кез «Қарлығашым келдің бе?» жинағы жарық көрген тұс еді... Араға екі-үш жыл салып, ұлы ақын көкірегін тескен сол арманына жету үшін өлеңнің өлмес өрімімен Райымбек дәуіріне түрен салды. «Бала! Баба туралы мықты дүние бастадым...» – дегені есімде...

Ұмытпасам... 1971 жылдың басы...

Ақынның «мықты дүние» деп кеудесін керіп, зор мақтанышпен айтқан шығармасы (өкінішке қарай, аяқталмай қалған) өзі өмірден өткен соң «Лениншіл жас» газетінде марқұм Сейдағаңның – қайсар мінезді қаламгер, үлкен суреткер Сейдахмет Бердіқұловтың тәуекелімен жарық көрген «Райымбек!.. Райымбек!» поэмасы болатын.

Ақын арманы жүзеге асты...

Ол үшін жылдар керек болды...

Ең бастысы, көгінде көк туы желбіреп, киелі де қасиетті қазақ елінің өз билігі өз қолына еркін тиер Тәуелсіздігі керек болды. Жер-жерде, аймақтарда көктемнің көгіндей болып, дүр етіп көтерілген ел рухы аз ғана уақыт ішінде бабалар аманатын атқаруға кірісті. Үш ғасырға жуық Еуразия кеңістігінің қақ төріндегі кіндік аймақ – Ұлы Дала үшін жүргізілген екі бірдей көшпелі жұрттың соғысында аттары аңыз болып тараған хандар мен билердің, батырлар мен ақындардың ұмыт болған есімдері халқымыздың жадында қайта оянды. Қазақтың сайын сахарасы өткен ғасырлар өкінішін түзетіп, отарлық саясаттың қылбұрауында болған кезеңді өз тұғырына қайта қондыруға кірісті. Қытай империясы мен Орыс империясының қыспағы бір жағынан, жоңғарлардың жойқын шапқыншылығы, екінші жағынан қазаққа жан түршігер азап пен қасірет әкелген дәуір мен дәуірдің оқиғалары, ел тағдырын ат үстінде жүріп қорғаған ер-азаматтардың ерлік істері рәсімделе бастады. Тарихи туындылар өмірге келді. Аршылған ақтаңдақ беттер қатарында Райымбек батырдың да есімі өзінің мәртебелі биігіне көтерілді.

Мұқағали ғана емес, Мұқағали секілді баба рухының қайта оралуын күткен мыңдаған, жүзмыңдаған жаңа дәуір қазақтары жұмыла бірігіп, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Тәшкен көшесінің бойындағы батыр зиратын жөндеуге кіріскені есімізде. Алматы қаласының ардагер-ақсақалдары, ел зия­лылары қысқа уақыт ішінде қара құрым жұрттың қолдауымен кесене құрылысын бастады. Шынын айту керек, бұл бір жұртты жұдырықтай жұмылдырған абыройлы іс болды. Соның нәтижесінде 1994 жылдың қоңыр күзінде Алматы қаласында Батыр бабаның ақ кесенесі көкке бой созды. Ақын сөзімен айтқанда, әділдік орнады! Азаттық дәуірінің алғашқы қарлығаш құсындай болып, өмірге келген осынау ақшаңқан зират ашылған күні қалың елдің қуанышында шек болған жоқ... Ғасырлар қойнауынан ұрпағы мен ұлтына мейірін төккен Баба аруағы да сол күні бір аунап түсіп, Тәуелсіз елдің туырлығы желпілдеп тұрғандай елестеп еді...

Сол күндерде мені Ел Президенті қабылдады. Әңгіме арқауы – алда (1994 жылдың 19 желтоқсаны күні) болатын «Егемен Қазақстан» газетінің 75 жылдығы...

Сөз арасында Президент:

– Иә. Біз біле бермейтін қалада жаңалықтар бар ма? – деді әзілін аралас­тыра сөйлеп.

– Естіген боларсыз... Осы жуырда ғана ел өмірінде үлкен жаңалық болды.... – дедім.

 – Қандай жаңалық?

– Алматыда Райымбек атаның кесенесі бой көтерді...

Президент қуанышын жасырмай, шабыттана сөйлеп кетті:

– Білемін. Жігіттер баяндаған. Бұл бір – елдігіміз үшін біткен үлкен іс болды. Иісі қазаққа үлгі болар іс... Тарихи әділеттіліктің орнағаны емес пе? Қазақтың ұлан-байтақ даласына Райымбек ата секілді әділдіктің ақ, адал сағатын ­тосып жатқан ұлы аруақтар қаншама?! Кешегі Ордабасыдан басталған баталы, бәтуәлі жолымыз осылай жалғаса беретін ­болады енді... Арқада, Атырауда, Алтайда ескерткіштер бірінен соң бірі орнайтын болады әлі... – деді. Сәл үзіліс жасап ­барып: «Естімеп пе едің? Мен Райымбек атаның ұлы аруағының алдында өзін қарыздар сезінетін қазақтың бірімін... Әрі-беріден соң мен – осы отырған Нұрсұлтан ­Назарбаев Баба аруағының алдында мына жарық дүниеге келгенім үшін қарыздармын...» – деді толқып. Өз басым дәл осы сәт Президент көзінен ерекше мейірім мен тұңғиық сағыныш отын көргендей болдым.

Одан әрі... Елбасы жұрт аузында кең жайылған анасының бала көтермей жүріп, Райымбек Ата басына келіп түнегені туралы, түс көріп, түсінде баба рухы аян бергені жайлы әсерлі әңгімесін айтты...

– Сұрағандарға менің қуанышымды жеткізуіңе болады... Алла бұйырса, көп ұзатпай, жаңа бой түзеген Баба кесенесіне барып, зиярат етіп қайтамын. Райымбек Атаның ұлы аруағы бәрімізді қорғап, қолдап жүрсін! Елімізді қолдап, қорғап жүрсін! – деп еді ол кісі сөзінің соңында.

Президент аруақ алдындағы уәделі сертін орындады. Бір емес, әлденеше рет орындады.

Сол 1994 жылдың қоңыр күзінде қасына Сара Алпысқызын, бір-екі ел ақса­­қал­дарын ертіп Райымбек батыр кесе­несіне барып, зиярат жасады. Бағыштап құран оқытты.

2005 жылы республика аумағында кеңінен аталған Райымбек батырдың 300 жылдығын атап өтуге үлкен мүмкіндік тудырып, үкімет қаулысын шығартты. Өзі де қаулыға сай өткен Шалкөде жайлауындағы сол дүбірлі мерейтойға қатысты...

Енді, міне... Елбасы пәрменімен Үкімет қаулысында көрсетілген Алматы қаласында Райымбек батыр ескерткішін ашу туралы шешім өз мәресіне жетіп отыр.

Алла сәтін берсе, осы жылы, яғни 2012 жылдың желтоқсан айының алғашқы онкүндігінің ішінде қала әкімдігі мен Батыр атындағы Қордың ұйымдасты­руымен Райымбек даңғылы және Пушкин көшесінің қиылысында ат үстінде отырған батыр баба ескерткішінің ашылуы жоспарланып отыр (мүсінші – Едіге Рахмадиев).

Бұл алаш жұртының азаттығы үшін алысып, аттың жалы, түйенің қомында жүріп, елін, жерін сыртқы жаудан жанұшырып қорғаған, қара орман жұртының намысын қолдан бермеген қазақтың хас батырына қойылған екінші ескерткіш. Алғашқысы – 1996 жылы суық күзде Алматы облысы Нарынқол ауданында (қазіргі Райымбек ауданында) орнатылған еді. (Мүсіншісі – Құрақбай Егізбаев; мүсінді орнатуға аудан әкімі Ызғарбек Бектұрсынов бастаған аудан жұртшылығы ұйытқы болған).

Алаштың ұлы қаласы Алматыға орнағалы тұрған батырдың ат үстіндегі айбарлы кескіні Тәуелсіз Қазақ Елінің өз өткеніне, өзінің тағылымды тарихына жасаған ұлы Құрметі екені анық.

 

Өзінің жүз жасаған өмірінде, ел тұтастығы мен бірлігін күллі шығармашылығына арқау еткен Ұлы Даланың шашасына шаң жұқпас Жыр-Бозы, арғы-бергіні тең көрген, екі дүние суретін жүрегімен өңгерген қазақ халқының ұлы ақыны Жамбыл бабамыздың ел ауызына тараған мына бір сөзі аты ұранға айналған ұлт Батырының бейнесін асқақтата түсері күмәнсіз.

«Аруағыңнан айналайын, Райымбек,

Келгенім жоқ, қасиетіңді сынайын деп.

Бас ием, тағзым етем бір Өзіңе,

Тірлікте сиынатын Құдайым деп...» – дей келе сәждеге құлап, батыр зиратына тағзым жасаған, дейді көрген көнекөздер. Қайран Жәкем-ай! Қайран Жыр алыбы! Кейінгінің санасынан өшпестей төрт-ақ жол өлеңмен аты – ұранға, ақиқаты аңызға айналған Райымбек батырдың Рухын ұлт рухының құдыретті биігіне көтергенін көрмейсіз бе?!

Бағаның асылы да, асқағы да осынау бір шумақ жырға сиып тұр.

Рухқа Тағзым деген Киелі ұғым осылай болар шамасы.

Ұлы Жәкеңдер жасаған Тағзым жаңа дәуірде де өз жалғасын тауып, зиярат жасаушылар қатары қоюланып келеді. Жас та, кәрі де келеді. Түр-түсіне қарамай, алыс-жақыннан келеді. Рухтан көмек сұрап келеді. Сиынып келеді. Ұлттың ұлы тарихы мен мінезіне сүйініп келеді!..

Келгендер...

Аңыз төркінінде қаншама киелі де қасиетті ұлт жүрегінің соғысы жатқанын сезіп, сезініп қайтады.

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

Қазақстан Республикасы

Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

2111 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы