• Қоғам
  • 14 Қазан, 2021

АҚ ҮЙДІҢ ҚҰПИЯСЫ НЕМЕСЕ ТРАМП ТУРАЛЫ «ТАҢҒАЛАРЛЫҚ ТУЫНДЫ»

«Барлық сұрақтарыңызға жауап беремін: Мен Трамп басқарған Ақ үйде не көрдім?».АҚШ-тың 45-президенті Дональд Трамптың баспасөз хатшысы болған ­Стефани Гришэмнің осындай атпен кітабы жарық көрді. Америка құрлығында ғана емес, әлем жұртшылығының қызығушылығын туғызып жатқан бұл кітаптан БАҚ беттерінде қазір үзінді жариялау да жалғасып жатыр. Кітаптың алғашқы сөйлемі «Алты жылдан бері Дональд Трамптың отбасына өте жақын болдым. Мен бәрін де көрдім» деп басталады. Сонымен, Дональд Трамп қандай адам, ол дипломатиялық кездесулерде өзін қалай ұстады? Мұның бәрі де Стефани Гришэмнің жазбаларында жиі сөз болады. Ендеше, біз де АҚШ-тың 45-президентінің баспасөз хатшысының кітабынан қызықты үзінділер бермекпіз.

 

Ақ үйде барлық шенеуніктер де Трампқа жағынуды жақсы көретін. Бірақ біз ғаламдық ауқымда Дональд Трампқа не керек, соны түсіне алмай қызметтен кеттік. Ол негізі болжап болмайтын, мына дүниеден сырт қалған, жабық адам. Трамп Ақ үйде ешкіммен өте жақын араласқан жоқ. Тіпті дос болып, етене қарым-қатынас жасаған адамы да болмады.

***

Тіпті оның басқа президенттерден қандай артықшылығы бар, оны да біле алмадық.

***

Жұмсартып айтқанда, Трамптың бет терісінің ақшыл сары тартып тұратынын бәрі де біледі. Мұның қандай құпиясы бар? Бірақ сырттағы адамдар АҚШ президентінің таңертең бетіне опа-далап жағатынынан ­хабарсыз. Ол телешоуға қатысатын кейіпкер секілді, күн сайын бетіне үнемі қалың крем жағады. Төрт жылдың ішінде мен оның жұрттың алдына опа-далапсыз шыққанын көрген жоқпын. Бірде Сауд Арабияға сапар барысында көмекшісі президенттің косметикалық бұйымдарын ұмыт қалдырып кеткен. Амалдың жоғынан көмекшісі өз опа-далабын ұсынғанын ұмытқаным жоқ.

***

Трамп ойына не келсе, соны айта салатын адам. Ол әлемнің бірқатар елінің басшыларын жақтырмайтынын да жасырмайды. Әсіресе оған Франция президенті Эмманюэль Макрон ұнай қоймайтын. Трамп оны «бас-сүйегіне жүн толған адам» деп атайтын.

***

Түркия мен АҚШ-тың бірлескен саммиті аяқталған соң, маған Дональд Трамп бұрылып қарады да, «Кім мықты, Ердоған ба, жоқ әлде, Си Цзиньпин бе?» – деп сауал қойды. Дипломатқа тән емес сөздер Трамп үшін қалыпты нәрсе еді. Бұл сауалға «Білмеймін сэр, Ердоған іскер адам сияқты», – деп жауап бердім. Алайда саммит аяқталған соң, Трамп «Іс барысында талай байқадым. Цзиньпинь өте қатал адам. Ол – салқынқанды кісі өлтіруші», – деді.

***

Дональ Трамп Таяу Шығыстағы жағдайды көмекшісімен талқылап отырып, «Осы ирандықтардың проблемасы таусылмайды. Мемлекет о бастан солай құрылған-ау», – дегені бар.

***

Ойындағысын жасырып қалу Трампқа тән нәрсе емес. Ол Пәкістанның премьер-министрімен келіссөз барысында Үндістанға ресми сапармен баратынын хабардар етіп, «Ол жақта адамдар әжетханаға далаға шыға береді», – деп те айтқан.

***

2019 жылы Владимир Путинмен кездесуге мен де қатыстым. Бұл Жапонияның Осака қаласында «үлкен жиырмалықтың» кездесуі аясында өтті. Трамптың Ресей лидерімен кездесу барысында айналасындағыларға жақсы әсер қалдырғысы келіп отырғаны бірден көзге анық байқалып тұрды. Тіпті екі президентке жақындау тұрғандықтан оның Путинге ақырын ғана айтқан сөзін де естіп қалдым. «Мен сізбен бірнеше минут бойы қаталырақ сөйлесемін. Бұл тек бейнекамера үшін... Ал бәрі кеткен соң, дұрыстап өзіміз еркін әңгімелесеміз ғой. Оны өзіңіз де түсініп отырған шығарсыз».

***

Трамп пен Путиннің кездесуі басталған уақытта аппарат басшысы Фиона Хилл «Ресей президентінің аудармашысын байқадыңыз ба?», – деп маған иек қақты. Расында да, Путиннің аудармашысы өте сұлу, әдемі, мүсіні көз тартарлық бойжеткен екен. Бұл кездейсоқтық па, білмеймін. Бірақ Ресей тарапы сұлу бойжеткен аудармашыны кездесуге бекер әкелген жоқ деп ойлаймын. Бізге белгілісі, Дональд Трамп сұлу әйелдерді көргенде, ақыл-есінен айырылып қалатыны рас.

***

Трамп микробтан өлердей қорқады. Ақ үйде жүргенде, қызметкерлердің бірі жөтеліп немесе түшкіріп қалса, оны бірден үйіне қайтаратынбыз. Орыстар Трампен кездес­кенде оның мінезіндегі артық-кемшілігінің бәрін біледі. Сонда да, Трампен кездесу кезінде Ресей президенті қайта-қайта жөтеліп, жиі жөткірініп отырды. Бізге мұны Путин әдейі істегендей әсер қалдырды. Путин жөтелген сәтте біздің президент қайта-қайта қозғалақтап, асып-сасып отырды.

***

Дональд Трамп Ақ үйде әйелі Меланиямен бірге тұрған жоқ. Тіпті оның бөлмесіне де бармайтын. Бірақ Меланияға өзінің ағайын-туыстары жиі келетін.

ТҮЙІН

Ақ үйдің бұрынғы баспасөз хатшысы Стефани Гришэмнің бұл кітабын АҚШ жұртшылығы «сенсациялық жазбалар» деп атап жатыр. Алайда мұның барлығына назар аудара қоятын Трамп па? АҚШ-тың 45-президенті Дональд Трамп журналистердің қойған сауалына өзіне тән мәнермен жауап берді.

–Стефани Гришэм солшыл радикал­дардың ықпалына түсті. Оның айтып отырғанының бәрі бос сөз. Шындыққа еш жанаспайды. Қызметінде өсу болмағаннан кейін ол қоғамға ашулы. Тіпті Стефанидің  аты-жөнін АҚШ халқы ұмытты. Сондықтан оның жазғандарының бәрі де ұзамай қоқысқа айналады, - деп жауап берді.

Ал Трамптың бұрынғы баспасөз хатшысының жазбалары қаншалықты ақиқат. Ол жағы беймәлім. Алайда өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істемей кәсіпкерліктен бірден президенттікке секірген Дональд Трамп та оңай адам емес. Бір жағы болмысында әпербақандық та бар. Сондықтан Дональд Трамп туралы әлі де айтылады. Кітап та жазыла береді. Америкалық қоғамның бөлекше сипаты да осы...

964 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы