• Әдебиет
  • 14 Қазан, 2021

ЖАН ТАЗАЛЫҒЫ

Философ ғалым бойында жан тазалығы, адамгершілік, шыншылдық, пенделікке бой алдырмайтын ірілік, қайсарлық, кәсіби қызметінде өзіне және өзгелерге жоғары талап қоя білу қасиеттері көрініс тапқанда осы ғылымның шыңына шыға алады. Шын мәнінде, осы қасиеттер мақаламыздың кейіпкері, ұстазымыз, ғылым қайраткері Марат Шамұратұлының кісілік тұлғасына толық сәйкес келеді.
Көрнекті ғалым, философия ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Марат Шамұратұлы Хасанов мерейлі 80 жасқа келіп отыр.

Марат Шамұратұлы 1941 жылдың 29 қазанында Орал облысында дүниеге келген. Отбасында жеті баланың үлкені, балалық шағы соғыс жылдарынан кейінгі қиындығы мен жоқшылығы көп кезеңге сәйкес келген. 1959 жылы Жымпиты орта мектебін бітірген соң сол замандағы тың көтеру ұранымен тракторшы мамандығын игеріп, алғашқы еңбек жолын Жымпиты совхозында бастаған. 1960 жылы әскер қатарына шақырылғанда теңіз, кеме туралы кітаптарды бала кезінен қызыға оқыған Марат Шамұратұлы флотта қызмет етуді таңдаған.

Әскери қызмет атқарған жылдарында көркем әдебиетке қызығушылығын жоғалтпаған. Алғашқыда қолына кездейсоқ түскен «Эстетика» оқулығымен танысқан ол кемедегі кітапханадан философия тақырыбына жазылған кітаптарды тауып алып, қолы қалт етсе, соларды оқыған. Сөйтіп, «философ боламын» деген шешімге келіп, әскерден Мәскеуге жол тартып, 1965 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің философия факультетіне оқуға түсті. Бұл тарихи оқиға «Комсомольская правда» газетінің беттерінде жарияланды, ол 1965 жылдың қазан айында М.Ш.Хасановпен «Неге философ болдыңыз?» тақырыбында сұхбатын жариялаған. Жас философтың қалыптасуына Мәскеу мемлекеттік университетінде тыңдаған белгілі философтардың дәрістерінің ықпалы зор болған. Антикалық философия курсын белгілі ғалым В.Ф.Асмус, логиканы ­Войшвило оқыған, А.С.Богомолов, И.С.Нарский, В.В.Соколов шетелдік философия тарихымен таныстырған, М.П.Новиков атеизм теориясы мен тарихынан дәріс оқыған.

1967 жылы Мәскеу мемлекеттік универси­тетінің философия факультетінің негізінде алғаш рет жаратылыстанудың философиялық мәселелері бойынша эксперименттік топ құрылды. Марат Шамұратұлы оған мүше болып, оқуын аяқтағанға дейін осы эксперименттік топ құрамында білім алған. 1971 жылы Мәскеу мемлекеттік университетін үздік бітіріп, ал 1974 жылы осы оқу орнының аспирантурасын тәмамдап, философия ғылымының кандидаты ғылыми атағын алған. 1988 жылы Қазақстанда докторлық диссертациясын қорғаған.

1975 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Марат Шамұратұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұстаздық және ғылыми қызметін мінсіз атқарып келеді. Осы жылдарда профессор студенттерге, магистранттарға, докторанттарға жалпы философия курсы, ғылым тарихы мен философиясы, онтология, таным теориясы, философиялық антропология, әлеуметтік философия, ғылыми жұмыс философиясы мен әдістемесі және тағы басқа салалары бойынша дәріс оқып, магистарнттар мен докторанттардың ғылыми ізденісіне жетекшілік етіп келеді.

Марат Шамұратұлының ұстаздық шебер­лігімен қатар, халықаралық, Республи­калық деңгейдегі ғылыми қызметін ерекше атап өтуімізге болады.

Өткен ғасырдың 90-жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және АҚШ-тың Оклахома университетінің арасындағы ынтымақтастық ­шарты ­бойынша іске асқан, USAID грантын ­иеленген «Әлеуметтік және гуманитарлық пәндерді оқыту барысында демократиялық құндылықтарды дамыту мә­селелері» білім беру жобасына қатысты

Профессор Хасановтың басшылығымен Алматы қаласында «Шығыс-Батыс: мәде­ниеттер сұхбаты» атты үш халықаралық симпозиум өткізілген. Осы симпозиумдардың жұмысының нәтижесі ретінде ұлттық мәдениетті теориялық негіздеуде және өзге мәдениеттермен өзара ықпалдасуда маңызды рөл атқарған 7 томдық ғылыми еңбектер жинағы жарық көрген.

1994 жылы мемлекеттік саясат ­бойынша ұлттық кеңес бекіткен «Қазақстан Республикасының гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы» жобасын дайындаған шығармашылық ұжымға жетекшілік қызмет атқарған. Жоба негізінде Республикадағы ұлттық білім жүйесін реформалаудың 1995–2000 жылдардағы басымдықтары айқындалған.

Марат Шамұратұлының «Өзгермелі әлемдегі Қазақстан: әлеуметтік-мәдени импульстер және еуразиялық өркениеттік бағдарлар» ғылыми жобасы Білім беру министрлігінің грантына ие болғанын да ерекше атап өту керек.

Марат Шамұратұлының еліміздегі білікті ғылыми кадрлар даярлау ісіне қосқан үлесі зор. 1995 жылдан 2000 жылға дейін Марат Шамұратұлы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Аттестациялық Кеңесінің Төрағасының орынбасары қызметін атқарған. 2003–2005 жылдарда «Адамды үйлесімді дамыту» институтының директоры, ҚР БҒМ «Бөбек» ғылыми Орталығының Бас директорының орынбасары ретінде жастар тәрбиесі саласындағы ізденістерін жүргізген. Марат Шамұратұлы 200-ден аса ғылыми туындының авторы, оның ғылыми жетекшілігімен 2 ғылым докторы, 13 ғылым кандидаты ғылыми ізденісін жүргізген.

Бүгінде арамызда ардақты ақсақалымыз болып отырған ұстазымыз, қазақ рухания­тында өзіндік орны бар көрнекті ғалым ­Марат Шамұратұлына зор денсаулық, қажымас қайрат, сарқылмас шабыт тілейміз.

НАЗГҮЛ ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

философия кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы

1559 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы