• Әдебиет
  • 14 Қазан, 2021

БІР БИІГІМІЗ ЕДІ...

Айла таптырмайтын ажал-ай... Амалын тауып қаншама жанды ауыздықтап, алды-артына қаратпай алып жатыр. Рас, өлім хақ. Өлімнің бәрі өкінішті. Алайда қимайтын аяулы да ардақты жандардан айырылғанда жүрекке салмақ салып, қимас көңілде жүресің. Сондай жандардың бірі курстасымыз, досымыз Балтабай Нұржанов еді... 
Зады, адамның жақсы, жаманын, қандай жан екенін білу үшін сонша көп уақыттың қажеті жоқ-ау. Мінез – адам баласының ішкі жан дүниесінің айнасы. Хакім Абай айтқандай, «Мінез – адамның ­сауыты». Ал пендеден пенденің айырмашылығы да сол мінезінде, адами қасиетінде жатса керек. 
 Балтекеңмен ҚазМУ-дың журналистика факультетінде сырттай алты жыл бірге оқығанда осы көркем міне­зімен қоса, ұстамдылығы, имани жайдары жүзі, кішіпейілділігі, кісілігі өзіне тартып тұратын. Әр жыл сайын қырық күнге созылатын сессия кезінде сағы­нысып көрісіп, қасиетті қалам ұстап, шығармашылық ортада жүрген соң да бір-бірімізбен өгейсіремей, арқа-жарқа араласып, әзіл-қалжыңның шуда жібін ағытқан керемет кездерді өткізген екенбіз...

Бағымызға қарай, курсымызда Алла ­аузына қасиетті сөз салған, сол кездің өзінде халыққа танымал талантты ақын, жазушы, журналист жігіттер оқыды. Олар курстың бетке ұстарлары еді. Сондықтан да біздің оқытушыларымыз олармен санасып, сыйласып өтті.

Шашын салалы саусақтарымен артқа қайырып тастап, мінезі де, жүрегі де жұмсақ, әдемі бір риясыз күлкісі бар, аймаңдай ақын Тынышбай Рахым, жазуы да өзі сияқты арқырап келетін жазушы Болат Қанатбаев, бізге дейін бітірген суретшілік мамандығымен қоса, көркем жазуымен оқырманын да, шығармашылық ортаны да мойындатып үлгерген, кіммен болса да тақадай таптап, ықыласты сөйлесетін біздің курстың старос­тасы Әлекең – бүгінде көрнекті жазушы, айтулы тұлға Әлібек Асқаров, белгілі спорт журналисі, курстың үлкені Жүсіп Қисымов, арамызда болашақта журналист болсам, ақын-жазушы болсам деген армандары ортақ жастардың ішінде талабынан көп үміт күттірген еліміздің түкпір-түкпірінен келген талантты жігіттер мен қыздар – Секен Иманасов, Марфуға Бектемірова, Мырзахан Ахметов, Мұхтар Шерім,  Әлібек Әбдірашев, Балтабай Нұржанов, Балтагүл Оспанова, Нұрлан Қабылов, Сарқыт Ысқақова, Дариға Амангелдиева, Бейбіткүл Бекдайырова, Сабыр Карманов, Бақыткамал Қанарбаева, Мағрупа Қазихан, Қарабек ­Гакашин, Роза Елікбаева, Рауза Жұматова т.б. қыз-жігіттермен бір аудиторияда отырып, білім алдық. Курсымызда осындай керемет жалынды жастар болғандықтан да сессияны асыға күтетінбіз. Сессияға емес, жылына бір рет өтетін тойға келетіндей дайындалатынбыз. Бір-бірімізді көруге асығатынбыз. Сағынысып қауышатынбыз. Ең қызығы, құдайдың құтты күні сабақтың сонында сылтау көп – небір отырыстар, қыдырыстар, басқосулардан жалықпай, әзіл-қалжыңмен әңгіме-дүкен құрып бір-бірімізбен қимай қоштасатын едік.

Есімде, 1976 жылы конкурстан өткен елу үміткер оқуға қабылдандық. Кураторымыз бәрімізді жинап, курстағы студенттердің аты-жөнін айтып, таныстырып жатыр. Түркістаннан келген ұзын бойлы әдеміше келген, жүзі жылы жігіт Балтабай мен қолаң шашын өріп алдына жіберген, ата-ананың сызып қойған сызығынан аттап өтпейтіндей ұяң, мейірімді қара көзі мен қылыш қасы аққұба өңін айшықтап тұрған қызылордалық Балтагүлді таныстырғанда, екеуінің есімдерін естіп, өздерінің ұқсастығын көргенде, іштей: «Екеуі үйленіп кетсе ғой, Алла Тағала қисынын келтіріп тұр екен-ау» деген ой жылт ете қалғаны бар. Әрине, осы ойды арамыздағы айтқышбектер әзілмен де, жай әңгіме үстінде де айтып қоятын. ­Содан келесі сессияда «екеуміз үйлендік» деп келіп тұр. Сондай жарасымды жұпқа бәріміз сүйсіне қарап, тілегімізді білдіріп жаттық. Одан кейінгі сессияда бүгінде ақындық пен қайраткерлікті қатар алып жүрген атпал азамат Мырзахан мен Бейбіткүл үйленіп келді. Міне, журфактың осындай екі әдемі жұптың отау құруына септігі тиді.

Жақсының артынан жақсы сөз ереді ғой. Осы алты жыл ішінде Балтекеңнің қандай азамат екенін курстастар да жақынырақ біліп, үлкен құрметпен қарады. Болады ғой, жаны да, тәні де таза адамның қасында жүрсең, өзің де тазарып шығатының сияқты, Балтекең де сондай азамат еді. Мырс етіп күліп қоятын күлкісі де есімізде. Екеуі де курстың сүйіктісі, сүйкімдісі болды.

Сонымен, оқуымызды ойдағыдай тәмамдап, әркім өз жолымызбен кеттік. Бірақ курстас жігіттер мен қыздардың әрқайсымыздың жүрегімізде өз орындары қалды. Күндізгі бөлімде бес жыл бірге оқып, жатақханада жатып, студенттік өмірдің қызық-шыжығына тоймасақ та, алты жылғы алты сессиядағы «қырық бес күндік басқосу» – әдемі сыйластық, жарасқан әзіл-қалжың, бір-бірімізге құрмет сыйлады. Ең бастысы – әрқайсымызға ықылас, көңіліміз ешқашан ортайған емес. Оның үстіне курстастардың дені еліміздің әр түкпірінде жазу-сызумен айналасып, бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істегеннен кейін жазған мақалаларымызды, шыққан кітаптарымызды оқып, сырттай тілеулес болып жүрдік. Егер облыстарға бара қалсақ, бірге оқыған курстастарды еске алып, жүздесудің реті келмесе де «Сіздерде мынадай қыз-жігіттер қызмет істеуші еді, сәлем айтыңыз» деп іздеп-сұрап тұрдық. Елге танымалдары сөз бола қалса, «Ол біздің курстасымыз ғой» деп мақтанып, марқайып қалдық.

Балтекең мен Балтагүлдің қасиетті Түркістанда тұратынын, мектеп бітір­геннен сондағы қалалық газетте корректорлықтан бас редакторлыққа дейін көтеріліп, ­басылымды жиырма жыл басқарғанын (кезінде белгілі журналист Тілеуқабыл Мыңжасаров «Балтабайдың баспалдақтары» деген мақала жазған), ал Балтагүлдің алғаш мектепте мұғалім, кейіннен Қожа Ахмет ­Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университеті ашылғанда ұстаздыққа шақырылғанын біліп, барып-келушілерден сәлемімізді жеткізіп қоятынбыз. Ал Түркістан туралы әңгіме қозғала қалса, біздің Балтекең мен Балтагүлге амандаса барып, әлемнің сегізінші кереметі атанған Ахмет Ясауи кесенесіне, оңтүстікте жатқан әулие-әмбиелерге тәу етіп қайту көптен ойымда жүретін. Өкінішке қарай, Балтекең барда қасиетті Түркістанға барудың бір сәті түспеді...

Бірде Балтагүл хабарласып, Алма­тыға кандидаттық диссертация қорғауға келетінін айтты. Қалай дегенде де Балтекең екеуіне деген сол студенттік кезден сыйластығым, көңілімнің жақын­дығы бар, қашан, қайда қорғайтынын біліп, оның үстіне көптен көрмеген сағынышты қайтесің, әрі курстасымыз ізденіп, еңбектеніп ғылым жолын таңдап жатса, неге келіп жанкүйер болып, қуаныштарымен бөліспеске деп, жұмыстың бәрін ысырып тастап айтылған уақытында келдім.

Алматыдағы Ғылым академиясы жанындағы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтына Балтагүлдің ­шашбауын көтеруге біраз ғалым, дос-жаран, ағайын-туғандары келген екен. Балтагүл сол әдемі қалпы, талғаммен киінген, «қазір қорғаймын, сосын сөйлесеміз» деп асып-сасып жүрген жоқ, баяғыдай сабырлы, салиқалы. Байқаймын, өзінің дайындығына сенімді. Жетекшісі – ұлт руханиятының бір биігі, қазақ тілінің қамқоры, үлкен ғалым, академик Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдаров ағамыз жоғары бағасын беріп, оппоненттері жақсы пікір білдірді. Қойылған сауалдарға да аспай-саспай, нақты жауап беріп, сәтті қорғап шықты. Артынан дастарқан жайы­лып, курс­тас досымыз жайлы жылы сөзімізді айтып, Балтекең мен Балтагүлдің жетіс­тіктеріне, өмірдегі қуаныштарына ортақтасып бір марқайып қайтқан жайым да бар. Сол жолы Балтекеңді көріп, курстас­тарды еске алып, өткен-кеткенді айтып бір жырғап қалған едік.

«Әйелді ер сақтамайды, ар сақтайды» деген, Балтагүл Балтекең барда да ерінің жанына жалау, егізіндей болды. Балтекеңнің құдай қосқан қосағының да бір мамандық иесі – шығармашылық адамы болып, жанын да, жазуын да түсініп, оған үлкен құрметпен қарауы, тұрмыстық, отбасылық тіршілікке алаңдатпай, бейқам жұмыс істеуіне жағдай жасауы, оңтүстікке келін болып түсіп, ата-енемен бірге тұрып, олардың қас-қабағына қарап, батасын алуы, ең бастысы, елдің ішінде отырған азаматының абыройына абырой қосып отыруы – бағы деп білемін.

 Міне, сол екеуінің түсіністікте, бірін-бірі бағалап, қадірлеріне жетіп, жетелі ұрпақ өсіруі – Балтекең өмірден өткеннен кейін де Нұржановтар әуле­тінің түтінін түзу шығарып отыр. «Жақсы әйелдің ері қайтыс болса, басына мұнара қояды, жаман әйелдің ері қайтыс болса, бара-бара дуанаға айналады» демекші, бүгінде Балтагүл Балтекеңнің басына мұнара қойып, атын да, отын да өшірмей, сол әулеттің темірқазығына айналған. Балтекең кеткелі ұстаздықпен қоса, қолына қасиетті қаламын алып, қаламгерлік, қайраткерлік дәрежеге жетуі де – Балтагүлдің тектілігін, ішкі жан дүниесінің байлығын, тазалығын, қарапайымдылығын көрсетсе керек. Осы естелік кітаптың жазылуы, неше жылдан бері басы қосылмай жүрген Балтекеңнің курстастарының Түркістанда жиналуына ұйытқы болуы да – Балтагүлдің үлкен адамгершілік иесі, адал да аяулы жар екенін көрсетсе керек. Оның үстіне отыз алты жыл бірге тату-тәтті сүрген ерлі-зайыптық өмірге деген адалдығы, отағасына деген сүйіспеншілігі, сағынышы деп білеміз.

...Қазақ баланың, немеренің санын айтпаған ғой. Құдайға шүкір, Балтекеңнің артында қалған саналы да салиқалы ұрпақтары – қара шаңырақ, қара орманының иесі Бақбергені, қырмызы, ұят ұялатқан қыздары Айсұлу, Майра, Ақботасы ата-аналарының осы бедел-биігін сақтауда, әке-шеше аманатын, жолын жалғастыруда жаман аттарын шығармай, аналарының бетіне жел болып тимей отырған әрқайсысы үлгілі-өнегелі отбасылары. Ал әрбір ата-ананың арманы да осы емес пе...

Балтекеңнің жатқан жері жұмақтың төрі болғай!

«Жаңарған, жасарған Түркістанын, өзі сүйген қаласының облыс орталығы болғанын көргенде қуанышында шек болмас еді-ау» деп те ойлап қоямын. Алла Тағала Балтекеңнің жасамаған жасын, көрмеген қызығын құдай қосқан қосағы – Балтагүліне көруге жазсын! Артындағы ұрпағы аман болып, өніп-өссін!

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

Ақпарат саласының үздігі

 

1773 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы