• Мәдениет
  • 14 Қазан, 2021

«БӨРТЕНІ» ИТАЛИЯЛЫҚ РЕЖИССЕР САХНАЛАДЫ

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ

«Ana tili»

Заманында дүниені тітіреткен Шыңғыс қағанды тек асқан қатал адам ретінде бағалау ұшқарылау болмақ. Ұлы әмірші жауын аямағанмен, айналасындағы адамдарға неғұрлым әділ болуға тырысқаны аңыз болып айтылады. Шындығында қаған сол әділеттілігімен үлгі болып, өзі шығарған заңдар мен ұстанымдар арқылы империяның ғұмыры ұзақ ­болуына ықпал еткен.

«Құпия шежіре» мен «Алтын шежіреде» және біртұтас Маңғол мемлекеті құрылғалы (1206 жыл) 800 жылдан асты десек, содан бергі жазылған сандаған тарихи, әдеби туындыларда, кинолар мен драмалық шығармаларда қағаннан кейін айтылатын бір есім –Бөрте(шамамен 1154–1230/31). Қазақтың Қоңырат тайпасының көсемі Дай шешеннің қызы. Империяны билеген төрт ұлдың анасы. Олар: Жошы (1182–1127), Шағатай (1183–1242), Үгедей (1185–1241), Төле (1193–1256).

Шыңғыс қаған мен Бөрте жайлы сөз болғанда, Есукейге кегі кеткен Меркіттердің Бөртені қолды қылып кетуі барлық тарихи, әдеби кітаптарда айтылады. Темужин өкіл әкесі, Керейдің ханы Тұғырыл мен андасы Жамұқаға өтініш білдіріп, көп әскермен барып, Меркіттерді талқандап, жарын қайтарып алуы, Бөртенің ол үшін аса қымбат жан болғанын, жақсы көргенін әйгілейді.

Ол айдарынан жел есіп, қаған атанған кезде де Бөртенің  көңіліне қараған, «Алтын шежіреден» үзінді келтірейік: «Боғда иеміз: «Бөрте ханым жас кезімде жолыққан жарым еді. Енді бетін көруім қиын болды. Үйіне тура кірсем, жөні қалай болады? Алдымен жөнін білмей, барған кезде, оның ашуланып бұлқан-талқан болғанын көру ұят іс секілді. Тоғыз кеңесшімнің бірі барып, сөз сап келгені оңды болар деп ойлап отырмын» (Лувсанзадан. Алтын шежіре. Маңғолшадан аударған А.Мауқараұлы.) деуі көп нәрсені аңғартады. Өйткені ол кезде қаған Құлан сұлумен көңіл қосқан еді. Сөйтіп, Жалайыр Мұқа алдына барғанда, ақылды

Бөрте: «Көлде жүзген аққу-қаз бар,

Көңілінің қалағанын

Хан ием өзі таңдап алар.

Байтақ елде

Қыз-келіншек көп дейді,

Қалағанын Хан ием

өзі таңдап алар»,

– деп, ілтипатқа разылығын білдіреді.

Бүгін біздің айтпағымыз, тарихтағы ілкідегідей оқиғаларды еске сала келе, еліміз мәдениетінде елеулі жаңалық ретінде қабыл­данған, белгілі драматург, Мем­лекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековтың «Бөрте» драмасы ­туралы. Автордың айтуынша, бұл ең ұзақ жазған шығармасы әрі мазмұны төмендегідей. «Құпия ше­жіреде» айтылғандай, Бөртені айттырып келгенде екеуі тоғыз, он жастағы балалар. Бөрте «Жүр, мен саған қазақ арбасын көрсетейін», – дейді. «Мен қазақ деген халықты естімеппін», – дейді Темужин. «Арбасы болса, қазақ деген халық та бар, – дейді Бөрте.

Дай шешен бүркітші болған. Бүркітті баптау үшін бір апта ырғақ деген жіпке отырғызып қойып, ұйықтап бара жатса жіпті қозғап, не тамақ бермей ашықтырады. Осыны көргенде Темужин «Не ­деген қаталдық», – дейді. «Осылай қинамаса, бүркіт қыран болмайды», – дейді Бөрте. Осы сөзді Темужин – Шыңғысхан өмір бойы есінде сақтайды. Сөйтіп, Бөрте естілігін көрсетіп, алғашқы кездескеннен болашақ жарының алдын ораған.

Қағанның қаншама әйелдерінің ішінде тарихта қалғаны Бөрте. Қалай дегенде одан аяғын тартты, ақыл-парасатын сыйлады. Драманың финалында оған жасаған қиянаты үшін кешірім сұрайды. Өмірі бұрқ-сарқ қайнап жатқан, көбіне шабуылдардың өтінде жүрген қаған, неше мәрте Бөртеге «басыңды алам» дейді. Бірақ қайтпас қайсар әйел алған бетінен қайтпайды, тілін тартпайды. Шыңғыс хан оны ордадан қуып жіберетін де кезі бар. Көрмеген қорлығы жоқ. Ақыр соңында ақылды әйел, қаһарлы ханды жеңеді», – дейді автор.

Содан да шығар, Австрияның Мельбурн қаласынан режиссер ­Ворон Билл Дулат Исабековке хат жазып, «Бөрте секілді мықты әйелді бұрын-соңды көрген жоқпын, пьесаны қойғалы жатырмын», – депті.

Ал еліміздегі жаңалық, жақында Түркістан қаласының музыкалық драма театры «Бөртені» сахналады. Театр режиссердің өзін жақын маңнан емес, мұқым Италиядан шақырыпты. Есімі – Карло Шакалуга. Бөртенің рөлінде Австрияның Вена қаласында тұратын актриса – Айя Шәріп. Шыңғыс хан бейнесін, белгілі актер Еркебұлан Дайыров сомдаған. Қойылым туралы жақсы пікірлер айтылуда.

«Бөрте» мәдениеттегі елеулі жаңалық болатын бір себебі, жоғарыдағы австриялық режиссерден басқа еуропалықтар да драманы жоғары бағалап жатқан көрінеді. Автордың айтуынша, жақын арада Люксембургта, Брюссельде, Венада қойылмақ.

– Сол ел азаматтары, келер жылы әлгі спектакльдерін Қазақстанға әкеліп, менің сексен жылдығымда Бөртенің Отанына оралғанын көреміз дегенде, көзіме жас келді, – дейді автор.

Иә, тәуелсіздік алғалы қазақ ­Отанына оралуда. «Алдымен Бейбарыс сұлтан оралды», – деген бір ақынның өлеңі бар еді. Бөрте ханым да оралды.

2527 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы