• Қоғам
  • 14 Қазан, 2021

БІЗ ҚАЗАҚҚА ҚЫЗМЕТ ҚЫЛЫП ЖҮРМІЗ БЕ?

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

«Ana tili»

Біз осы Алаш сөзінен неге қорқамыз? Қарапайым халық емес. Біздің жоғары мәртебелі шенеуніктер осы сөзді неге көп қолдана бермейді? Мұның себебі неде? 
Әңгіменің ашығына келсек, біздің тәуелсіздік алуға ұмтылысымыз 1991 жылдан басталған жоқ. ХХ  ғасыр емес, одан арғы жүздеген жылдар еркіндікке, тәуелсіздікке деген күрес және арпалыспен өтті. Ақиқаты, біз әлі күнге дейін Алаш арыстарын қастерлей алмай жүрміз.Тіпті соңғы 30 жылдың ішінде Алаш арыстарына алғаш рет Елордада биыл ғана ескерткіш ашылды. 

– «Әлихан – Алашорда үкіметін басқарған мемлекет қайраткері. ­Ахмет – халқымызды білім мен ғылымға жетелеп, рухани ұстаз болған әйгілі ағартушы. Міржақып – ұлт бірлігі ұранына айналған «Оян, қазақ!» пен тұңғыш қазақ романының авторы, көрнекті қаламгер. Үш қайраткер де – бірегей тарихи тұлғалар. Бұл ескерткіш – барша Алаш ардақтыларына құрметіміздің көрінісі. Алаш сөзі – халқымыз үшін қашанда қасиетті ұғым. Өткен ғасырдың басында ұлтымыздың бас көтерер азаматтары Алаш идеясының төңірегіне бірікті. Олар елінің азаттығы мен өркендеуі жолында қызмет етті. Халықтың рухын оятып, санасына сілкініс әкелді. Жеріміздің тұтастығының сақталуына ықпал етті. Төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Өркениетті зиялылықтың негізін қалады. Алаш арыстары заманның сын-қатеріне қарамай, қазақ елінің мемлекетшілдік идеясын жаңғыртты». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алаш арыстарына арналған ескерткіштің ашылу салтанатында осылай деді.

Ал ендеше, бізде Алаш арыстарындай ұлт патриоттары неге жоқ? Патриоттық тұрғыда әркім ұлтқа қызмет істесе дейміз. Біз көбінесе, мемлекеттік тілдің мәртебе ала алмауын биліктен көреміз. Биліктің де бұл орайда кінәсі бар шығар. Бірақ, екінші жағынан, бәрі де өзімізге байланысты. Әлі күнге дейін өз тілінде сөйлемейтін, тіпті сөйлегісі де келмейтін қаракөздер бар және аз емес. Ал тәуелсіздікті аңсап өткен Алаш ардақтыларының көксегені не еді?!

Осындайда көкейде маңызды сұрақ қала береді: Біз Алаш арыстарының аманатын орындай алдық па? Ал тәуелсіз ел болуға қатысты бес ұстанымда болған Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханұлының мақсат-мұраты не еді?

–Ең бірінші – Алаш ұлттық демократиялық мемлекет болуы тиіс. Ол үшін, ең алдымен, «жер, жер және жер» болуы керек. Жерсіз Отан жоқ. Қазақтың байырғы жерін қашан қазақ­тың өзі ғылым мен техникаға сүйеніп, толық игермейінше, жер жекеменшікке, қоныс ауда­рушыларға берілмеуі керек. Екінші ұстаным – Алаш жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі керек. Қазақтың әрбір тасы қазақтың өңіріне түйме болып тағылуы тиіс. Үшінші ұстаным – қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі ­керек. Төртінші ұстаным – қазақ мемлекетінде мемлекетқұрушы ұлттың тілі, діні, менталитеті өзге ұлттарға қарағанда үстем болуы керек. Ал, бесінші – ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген, заңға сүйене отырып, жапон үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құрылуы қажет», – деді Әлихан Бөкейханұлы.

Ақиқат бір нәрсе бар. Қазір қазақ тіліне сұраныс артты. Бұл басымдық қазірдің өзінде көріне бастады. Қазақ аудиториясы да кеңейді. Бұқара халық өз ана тілінде барынша және қолжетімді тұрғыда ақпарат алғысы келеді.

Осыдан бірнеше ай бұрын өткен ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мемлекеттік органдарды қазақ тіліндегі ақпараттарға баса мән беруге назар аудару керектігін айтқаны есте.

– «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңға сәйкес, барлық мемлекеттік органдарда ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша анықталған уәкілетті тұлғалар осы мәселелерді бақылауда ұстауы тиіс. Демек, олардың тарапынан тиісті түрде мониторинг, үйлестіру және бақылау жүзеге асырылмайды. Мемлекеттік орган басшыларының назарын осыған аударамын. Қазақ тіліндегі ақпараттарға үлкен назар аударылуы керек. Халқымыздың 80 пайызы қазақ тілінде ақпарат алуды қалайды. Бірақ әлі күнге дейін парақшаларымыздағы қазақ тіліндегі ақпараттарды дұрыстай алмай отырмыз, – деді министр Аида Балаева.

Бұл ақиқат нәрсе. Қазіргі кезең осыдан он жыл бұрынғы уақыт емес. Отандық медианарықта қазақтілділердің үлесі артып келеді. Ұлттың демографиялық өсімі де жоғары. Қазір елдегі негізгі мемлекетқұрушы  қазақтардың саны 69,01 пайызға жетті. Ал орыс­тар – 18,42, өзбектер – 3,29, ұйғырлар – 1,48, украиндар – 1,36, татарлардың саны 1,06 пайыз шамасында. Сондықтан биылғы халық санағы көп нәрсені нақтылап беруі тиіс. Халық санағына байланысты биліктің стратегиялық ұлттық саясаты да айқындалуы керек. ­Министр Аида Балаева «Халқымыздың 80 пайызы қазақ тілінде ақпарат алуды қалайды», – деп бекер айтып отырған жоқ. Қалай айтқанда да, пайыздық тұрғыдан қарағанда, оқырманда басымдық бар. Сондықтан алдымен орысша жазылып, содан кейін ғана қазақшаға аударылатын қалыпты үрдіске айналған әдетті қоятын кез жетті. Аударма тілді құртады.

Сондықтан Алаш көсемі Әлихан айтқандай, «ғұмыр бәйгесінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар», – деген үміттеміз.

Тағы бір Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады, – деді.

«Болғанда атам қазақ, шешем қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын?». ХХ ғасырдың басында «Оян, қазақ!» деп, ұлтқа ұран тастаған Міржақып Дулатұлының бұл жалынды сөзі де ұмытылмас..

Сондықтан біз қазақ болудан қорықпауымыз керек. Ал біздің кейбір  министрлер қазақша сөйлеуден, қазақ болудан қорқады. Әлі күнге дейін өз ана тілінде еркін сөйлей алмайды.

1914 жылы Әлихан Бөкейханұлы «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» , – деп еді.

...Ал біз қазаққа қызмет қылып жүрміз бе?

1332 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы