• Қоғам
  • 14 Қазан, 2021

АЛТЫНШЫ САММИТ ЕЛОРДАДА ӨТЕДІ

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстанның төрағалығымен «Пандемиядан кейінгі әлемнің жаңа шындығындағы Азиядағы қауіпсіздік және орнықты даму» тақырыбында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті.
Шара онлайн және офлайн форматта өтті. Оған ұйымға мүше мемлекеттердің өкілі, байқаушы ұйымдар мен серіктес ұйым басшылары қатысты. 
Министрлердің кездесуін ашқан Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Ақан Рахметуллин Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отырысқа қатысушыларға арналған үндеуін оқып берді.

Тұңғыш Президенттің құттық­тауында кеңестің елдерді саяси тұрғыдан жақындатуда, Азиядағы ортақ әрі инклюзивті қауіпсіздік пен тұрақ­тылықты қамтамасыз етуде бірегей халықаралық құрылымға айнал­ғанын атап өтті. «Форум Азия аумағының 90 пайызын қамтитын 27 мемлекетті біріктіреді. Бұл жер шары тұрғындарының жартысына тең, әлемдік жалпы ішкі өнімнің 50 пайызы өндіріледі және жаһандық эко­номиканың үштен екісін қамтамасыз етеді. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің 5 саммиті өтті. Оның хатшылығы, жұмыс органдары бар. Іскерлік және жастар кеңесі жұмыс істейді. Жаһандық және өңірлік деңгейде көпжақты құрылым­дар­мен байланыс орнатылған. Кеңестің БҰҰ Бас ассамблеясы жанындағы байқаушы мәртебесі бар. Бұған қоса, кеңестің беделі, рөлі және географиясы артып келе жатыр», – делінген Елбасы үндеуінде.

Ал Орталық Азиядағы Превентивтік дипломатия жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығының басшысы Наталья Герман БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің құттықтау сөзін оқып берді.

Қазақстан делегациясы басшы­сының айтуынша, Азия елдері COVID-19 пандемиясы кезінде эпи­демиологиялық, медициналық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жаңа сын-тегеурінді бас­тан кешіруде. Осыған байланысты АӨСШК-ні толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру туралы көтерілген бастаманың маңызды екенін атап өтті. Бұл Кеңес шеңберіндегі саяси диалогқа жаңа маңызды серпін беруге, Азиядағы сенім шараларының тиімділігін арттыруға, жаһандық және өңірлік қауіпсіздіктің ортақ сын-тегеуріндерін шешуге мүмкіндік беруі тиіс.

Делегациялар Елбасының АӨСШК-нің құрылуы мен эволюция­сына қосқан рөлін атап өтті. Кеңестің әлеуетін одан әрі нығайту және іске асыру жөніндегі жүйелі жұмыс үшін қазақстандық төрағалыққа ризашылық білдірілді.

Кеңесте Даналар кеңесін құру туралы бастама көтерілді. Мемлекет басшысы АӨСШК делегациясымен кездесуінде бұл лауазымға Елбасын тағайындау ұсынылды. «Біріншіден, Даналар кеңесінің басшысы лауазымына АӨСШК-тің негізін қалаушы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсыну – мен үшін үлкен мәртебе. Екіншіден, 2022–2024 жылдары АӨСШК төрағалығына Қазақстанды ұсынамын. Еліміздің кандидатурасы мақұлданған жағдайда Кеңестің игі миссиясын орындау үшін ұжымдық күш-жігерді нығайту жолында жаңа мандатты пайдалануға міндеттеме аламыз», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар қатысушылар халық­аралық және өңірлік күн тәрті­біндегі ең өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

– COVID-19 пандемиясы жаппай жұқтыру қаупі мен бактериологиялық қарудың талқандаушы күшінің жет­кілікті деңгейде бағаланбай отыр­ғандығын айқын көрсетіп берді. Бұл тұрғыда вакциналарға жаһандық қолжетімділікті кеңейту қажет, – деді Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары.

Осы ретте Ақан Рахметуллин Қазақстан вакцина сатып алу бары­сында қиындықтарға тап болып отырған мүше мемлекеттерге көмек беруге дайын екенін баса айтты. Сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайды тұрақ­тандыруға жәрдемдесудің маңыз­дылығы атап өтілді. Сонымен қатар Түрікменстанды АӨСШК-ге бақылаушы мемлекет ретінде қосылуымен құттықтады.

Тараптар кеңес шеңберінде бір­лескен белсенді жұмысты жалғас­тыруға уағдаласты және Қазақстанның 2022 жылы АӨСШК-тің алтыншы саммитін өткізу ниетін құптады.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында АӨСШК Хатшылығының жаңа офисінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан 2020–2022 жылдар аралығындағы Кеңеске төрағалық етеді, бұған дейінгі төрағалар арасында Түркия, Қытай және Тәжікстан болды.

АӨСШК шақыру туралы идеяны алғаш рет Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев 1992 жылғы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында жария етті.

1144 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы