• Руханият
  • 14 Қазан, 2021

АШАРШЫЛЫҚТАН ҚҰТҚАРУ ЛАЖЫ

Бұл мақала өткен ғасырдың басында, яғни 1922 жылы 9 наурызда «Қазақ тілі» газетінің №19 санында «Ашаршылықтан құтқару лажы» деген атпен жарияланған  Жүсіпбек Аймауытовтың жалпыхалықтық үндеуі.
Жүсіпбек бұл мақаласында ашаршылықтан қынадай қырылып жатқан халықтың тағдырына бейжай қарамай сол заманның атқамінерлері мен зиялыларына ұлтты сақтап қалу жөніндегі өзінің жоба-жоспарын ұсынады. Сондықтан нақты дерек ретінде  ұлт зиялысы Жүсіпбек Аймауытовтың бір ауыз сөзін сырт  қалдырмай, текстологиялық талдауды ыждағаттылықпен қарап шығып, көзі қарақты оқырманға ұсынып отырмыз.
Ескерте кетейік, аталған құнды дерек Семей қаласының облыстық тарихи- өлкетану музейінің архивінде сақталған.
Төте жазудан кириллицаға аударған музейдің ғылыми қызыметкері Ақжол Қадылбекұлы.

«Қазақ тілі» газеті №165 санынан кейін ашаршылық туралы көп жаза қойған жоқ. Аштан қырылып жатқан елге жан ауырмай, селқос қарағандықтан емес, болмаса, ашар­шылық жоғалып, қарық болған­нан емес: «аштарға жәрдем беріңдер, бауырларың қырылып жатыр, бәлен-түген болып ­жатыр...» ­деген құр сөз арық түйеге бұлбұлдың сай­рағанындай пайдасыз деп ойлағандық.

Шынында газет жүзінде талай зарланды. Көмекке жұртты шақырды, әдемі сөздер қан құйдыра сөйледі. Биыл емес, көптен айтылып жүр. Ана жылы Жетісу, Сырдария қазақ- қырғызы қырылғанда да талай жазылған. Бірақ бұл жолмен біркелкі жәрдем жиналмаған һәм жиналмайды. Қайыршыға берген садақа, қауым елді аштықтан құтқара алмайды.

Бұған біз сенеміз, осы нөмірде кіндіктегі қазақ азаматтарының аштарға жәрдем жию туралы қаулысы басылып отыр. Айтады: «барлық кіндіктегі, жергілікті партиялық, партиясыз мекемелер, жұмыскер ұйымдары жәрдем беру ісіне кірісуі керек; барлық халық жәрдемдессін; баспасөз жүзінде жиындарға жұрт жәрдемге ша­қырылсын, тығыз бұрсатты полномочнилар сайлансын...», тағы пәлен істелсін дейді. «жоғалсын аштық», «өле жегенше, бөле же», азаматқа деп газет жүзінде өлең жазып, жұрттың жүйкесін босатпақ болады, әйгілемек болады. Соған жұрттың іші-бауыры елжірей қалғаны. «Аш қадірін тоқ білмей-ақ қойсын».  Ашаршылықтан құтқару үшін бұл түк құрал емес, жарапазан айтып жинаған жылу қырылып жатқан елдің халімен салыстырғанда дария қасында тамшы. Әдемі сөзден, жақсы қаулыдан аштарға келетін пайда шамалы.

Көріп айтып отырмыз. Қанша ел ашаршылыққа ұшырап отыр? «Еңбекші қазақ» та жазады; аштыққа ұшыраған елге Қазақстанның төрт губерниясы кіреді: Ақтөбе, Орал, Бөкей, Орынбор һәм Торғай уезі. Бұл барлық қазақтың жарымынан артығы, аман отырған екі-ақ губерния: Ақмола, Семей. Бұған қосымша тағы хабар алып отырмыз: Ақмола губерниясы да аштыққа айналған көрінеді. «Бостандық туы» газетінің хабарынша,  Атбасардың 12 болыс бағаналысы, Қара өткелең қамбасы жұтқа ұрынып, малынан айырылып, жаяу, аш-жалаңаш отыр. Қызылжар уезінің қазағы қолындағы малын қырып ­сойып жеп жатыр, «Еңбекші қазақтың» 2-санында жазады: Көкшетау уезінің 35 болысында 78 мың жан ашығуға айналды.

 

Биыл жаз жауын болмай, құр­ғақ­шылық һәм шегіртке көп болғандықтан халық шөп ала алмады. Шеттен көмек болмаса, 41 мың 271 ірі мал шөпсіздіктен қырылатын түрі бар. Ауылдардың тұрғылықты халқынан аштықтан босып келгендер артылып кетті. Бұған қарағанда бүкіл Қазақстанда аштық апатынан амандау отырған жалғыз- ақ Семей губерниясы. Есте болсын, қазақтың халқы 5 миллион болса, ­Семей губерниясында көп болса, бір- ақ милиондай қазақ бар.

Бұл ұлы қырғын!

Бұл қырғыннан құтқару үшін істеліп отырған шаралар қандай? Кіндіктен, шитіден әртүрлі аштарға жәрдем ­жиятын комитеттер ашу. Қайыршылап көмек жию. Жиналған затты теміржол маңындағы елдерге жеткізу, тарату. Теміржол жанап өтетін Қазақстанда үш-төрт-ақ уез барлығы айтылған. Сахараның жалпақ даласындағы теміржолдан аулақ түкпірдегі ел жәрдемнің ұшын да көрмейді. Ажал сағаты қашан жетсе, сонда өледі. Сол теміржол мен үкімет махкамалары арқылы жететін жәрдемнің бәрі дұрыс таратылады деп сенуге болмайды. «Еңбекші қазақтың» 3-санында Мұхтар айтады: «Жиылған астықты алудың өзі де тез болатын жұмыс емес, толып жатқан продком, распред тиче қилы қылып, құбылтпай отырмайды. Бәрінің арты қырдағы ашқа дәнеңе бермеумен бітеді...».

Ақмола губерниясында кіндіктің Торғай уезінен астық алуға келген 500 көлікті түк бітірмей сандалтып, қырғынға ұшыратып қайырған. (Бостандық туы)

Қазіргі жолдың хәлін іске алсақ, теміржол мен тасыған астықтың қашан, қалай жететіндігі, қалай таралатындығы бір қараңғы тұман. Ол онымен тұрсын.

Өткен жаз Семейдің губерниялық кеңесінде сиез аштарға көмек беру мәселесін қарап, жәрдемді елге салық есебінде салуға, яғни қазақ 100 қойдан бір қой, егіншілерден бір пұт астықтан бір қадақ алуға қаулы қылған. Мұжықтан қандай астық алғаны туралы менің артық хабарым жоқ. Қазақтан мал қалай жиылғаны туралы хабарымыз бар, аласапыран заманда лай судан балық аулауға антұрғандар атқа мінетіні белгілі. Аштарға жәрдем жиюға елдегі жемқорлар мал табу үшін партияға жазылған ұры-қары ел коммунистері атқа мінген. Бір есе жиылатын салықты екі-үш есе қылып жинап, қазынаға өлімтігін тапсырып көбін өздері пайда қылып кеткен. Мұны ел көріп отыр, мұндайды көре-тұра ел қайтып жәрдем берсін? Берген жәрдемі аштарға жетуіне, жолдағы жалмауыздардың аузына түспеуіне көзі жетсе, жұрт берер еді. Бұл қалыпта елді айыптауға болмайды.

Құдыққа түйе жығылса, бірлі-жарым кісі шығара алмайды. Ауыл-аймақ жиналып, айқайласып, арқан салып, әрең шығарады. Көптің көмегін керек қылатын іс келсе, қазақ ұрандасып науқанмен бітіреді. Ол науқан қандай болуы керек? Оны көрсетуші азаматтар да болды. 28 декабрьде шыққан «Бостандық туы» газетінде «Ашаршылық һәм үкіметіміз» деген мақаланы Мағжан жазды.

13 январда «Қазақ тілі» газетінде «Аштық қырғыннан қалай құтыламыз?» деген мақаланы Мадияр жазды. Сырттан қараған кісіге екеуі үндесіп жазғандай көрінер, өйткені екеуінің ұсынған жобасы бір, жазған уақыттары да жақын, олай емес, ол екеуі үндеспек түгілі, қатынасқан да жоқ. Бірі - Қызылжарда, бірі - Семейде отырса да, екеуіне бұл шараны айтқызып отырған апаттың күштілігі.

Олардың жобасы.

«Елді- ел қылу үшін, қырғыннан құтқару үшін азаматтар тегіс атқа мінуі керек, үкімет азаматқа рұқсат берсін, елге сенімді, беделді кісілер жүріп жинасын», – деген.

Ашыққан ел жаздай, келесі қыстай қырылмай тұрмайды.

Үкімет басындағы азаматтар ел қамын ойлайтын болса, «Қазақ тілі» мен «Бостандық туында» ұсынған ­жобаларды қабыл алуы керек. Бұл ­жобадан орынды жоба жоқ.

Кейін бір шолақ ойлы жігіттер ­ойлар; сыйымды, беделді кісі дегенде партиясыздарды айтқан деп, олай емес, сенімді, беделді кісі партиядағылар да, партиясыздар да бар. Меңдешов, Мырзағалиев сықылды үкімет басын­дағы азаматтар атқа мінсе, қай қазақ сенбейді? Партиясыздардан сезіктенсе, сенімді адамнан қарауыл қойсын. Әйтпесе, бұл жоба – жоба.

Мен өз тұсымнан батылданып айта аламын; үкімет бұл жобаны қабыл алып, азаматтарға «Атқа мін!» десе, Семей губерниясында атқа мінбей қалатын азамат табылмас, бәріміз де бұл жолда аянбаспыз, кірісеміз.

ЖҮСІПБЕК

1764 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы