• Тұлға
  • 21 Қазан, 2021

АЛЛАСЫ АУЗЫНАН ТҮСПЕГЕН АЙДАРБЕК

«Ащы болса да ақиқат қымбат» демекші, егерде ойланар жан болса, келместің кемесіне мінген арыстан тұлғаларымызды бүгінде ұрпақтары боп дәріптей алып жүрміз бе немесе жас ұрпақтың санасына сіңіріп жүрміз бе деген ойлар әркез мазалары сөзсіз. Ал Маңғыстау елі үшін есімі ұмытылмауға тиіс жанның бірі – Айдарбек Сәрсенұлы.
Ол 1900 жылы (құжат бойынша) бұрынғы ­Гурьев облысының Маңғыстау ауданы ­18-ауылында туған. Әкесі Сәрсен Тағыбердіұлы дәулетті кісі болған. Шешесі Дәметкен өмірге бірнеше бала әкелгенмен інісі Назарбек екеуінен басқалары жастай шетінеп кеткен. Ауыл молдасы Нұралыұлы Бекжан ахуннан, кейін Ержан хазіреттен оқып, діни білім алған. Айдарбек ел басына күн туған сұрапыл соғыс басталғанда 1941 жылы туған інісі Назарбекпен бірге Форт-Шевченко аудандық әскери бөлімшесінен соғысқа шақырылып, майданға аттанады. 

1942 жылы Харьков қаласы түбіндегі қанды қасапта немістің тұтқынына түсіп, Германияға айдалады. Түркістан легионын құрған Алаштың біртуар азаматы Мұстафа Шоқайдың жасағына «құдай айдап» тап болады. Сонда жүріп Айдарбек легионда діни білімін жетілдіріп, мұсылмандарға молдалық қызмет көрсетеді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі қаламгер, туған інісінің баласы Сайын Назарбекұлының «Тоқтамыс батыр» атты кітабының 95-96 беттерінде Айдарбек ақсақалдың естелігі берілген, онда былайша баяндалады:

– Назарбек екеуміз әскерге бірге шақы­рылдық. 1942 жылы қаңтар айында Форт-Шев­ченко қаласына келдік. Ол жерден пароходпен Шағадамға апарды. Шағадамнан Соль-Илецк деген қалаға апарып, бір ай дайындықтан өткізіп, наурыз айында соғысқа аттандық. Бірден Харьков соғысына салды. 14.02.1943 жылы Харьков түбінде қоршауда қалдық, тұтқынға түстік. Бір ай Король деген қалада ұстады, содан Минскіге апарды. Мамандығымды сұрағанда «молда» деп ­жауап бергенмін. Минскіде тұтқындар арасында ­мұ­сылмандардың өлгеніне жаназа, иман айтып жүр­дім. Намазымды тастамадым. Содан алып кетіп ­Белая Церковь деген қалаға апарды. Сонда бір жыл жаттық. 1943 жылы Мюнхенге алып кетті. Ол жерден Дрездень деген қалаға апарып, бір жылдық молдалық оқуға оқытты. Ұстазымыз Ғалымжан Идрисов ­деген білгір профессор ­болды. Назарбек Мюнхенде қалып қойды. Армияға алынғанда 81 дивизия, 53 полкте болдық. Молдалық оқуды 1945 жылы таратты да, Зальцбург деген қалаға апарды. Сол жерден АҚШ армиясы тұтқыннан босатып, советке тапсырды...

Содан 1945 жылы одақтастар әскері саяси тұтқындарды азат етеді. Олар: «Міне, алдарыңда екі пойыз тұр. Мына пойыз шығысқа, елдеріңе апарады. Бірақ ол жақта Сталин билігі неміс тұтқынынан шыққандарды аяусыз жазалап жатыр. Мына пойыз батысқа апарады, қалаған елдеріңе тұруға болады, жандарың қаласа» дейді әлгі одақтастар жол сілтеп.

«Не де болса нар тәуекел. Сүйегіміз елде қалса да арман жоқ» деп келген ол, көп ұзамай 1947 жылы 11 қыркүйекте қайта қамауға алынады. 1948 жылы 12 қаңтар күні Оңтүстік Орал әскери округы трибуналының 58-1 б. үкімімен 25 жылға сотталып, Сібірге еңбекпен түзеу лагеріне айдалады. Жеті жылын абақтыда өткізген Айдарбек Сталин өлген соң, 1954 жылы түрмеден босап, елге келеді.

Айдарбектің ұрпақтарының қолында абақтыда отырғанда, сағынышпен жазған бір дәптерлік қолжазба өлеңдері сақталған. Сарғыш түске боялған тарихы тереңге кеткен дәптердің бастапқы бетінде мына өлең жолдары көзге оттай басылды:

Қаламмен ақ қағазды қолға алайын,

Ел-жұртқа сағынғаннан сөз жазайын.

Айырылып ел-жұртымнан кеткеннен соң,

Қайғы мен ішім толып болды уайым.

 

Қайғыны тез арада кетіре гөр,

Жаратқан, рақымы көп Бір Құдайым!

Қолыма қалам алып хат жазамын,

Алланы күндіз-түні жатқа аламын.

 

Мезгілсіз несібе айдап қыдыртқанға,

Алланың рақымына таңғаламын.

Есіме  сіздер түсіп кеткенінде,

Айырылып ақылымнан сандаламын.

 

Бір Алла аман елге табыстырғай,

Дұшпанның табасына қалдырмағай.

Ей, Алла, бір өзіңе мен де аманат,

Арттағы қатын-бала бәрі аманат... – деген өлең жолдарынан елге сағынышты, туған жерге деген ыстық махаббатты сеземіз. Айдарбек ақсақал түрмеден келгеннен кейін, бейбіт мезгілде санасында қалған осы өлең жолдарын ұлы Аққазиға айта отырып, қағаз бетіне түсіргізген екен.

– Кәкем Әбубәкір Кердері, Абыл, Ақтан, Нұрым мен Қашаған жырларын жақсы көретін. Әсіресе Абайдың өлеңдерін жатқа айтатын, тіпті кейбірін талқылайтын. Кеңес түрмесінде жүргенде де Абайдың өлең кітабын қойнына тығып оқыған. «Абайдың сөзі – шырын ғой» деуші еді, жарықтық. Ұстазы әрі ағасы Ержан хазіретпен жұмбақтап хат жазысып тұрған. Зердесі зерек, санасы ояу кісі еді. 1996 жылы мамыр айында бақилық болғанға дейін намазын қаза қылмаған тақуа адам еді. Ел арасында Айдарбек молда деген аты қалды. Бала сүндеттеп, мал, адам ауырса құранмен дем салып, ішірткі жазып емдеп, қайтқан адамдардың жаназа намазын оқып, елге қайыр-шапағатын тигізіп, қызмет еткен. Кәкемнің киген көйлек, шапандарын қалап алып, әлі күнге дейін киелі нәрседей сақтайтын кісілер бар.

Кәкемнен маған өзі тұтынған Құраны, шапаны, асатаяғы мен Сібірде айдауда жүргенде ел мен жерді аңсап, бала-шаға мен туысын сағынғанда шығарған бір топ өлеңдері жазылған дәптері қалды. Бұл заттар мен үшін де баға жетпес асыл мұра. Негізінде, ескі шәйсандықта ескіше жазылған көптеген арабша, діни кітаптары болатын. Кәкем қайтқаннан кейін онымен сыйлас, көңілжықпас кісілер әкемнен өтініп сұрап, көп кітаптарды таратып алып кетіпті, – дейді бізге өткен күндерден сыр шерткен Айдарбек немересі Жомарт Аққазиұлы.

Айдарбек Сәрсенұлы өмірлік қосағы Ұлбөбектен Аққази, Сәнәгүл, Базарбай, Тазагүл, Масғұт атты перзенттер сүйеді. Бүгінде Масғұттан (18 жасында жол апатынан қаза болды) басқаларынан тараған ұрпақтары жапырағы жайылған алып әулетке айналып, көсегесі көгеріп, бақытты ғұмыр кешуде.

«Халық жауы», «Отанын сатқан» деген жалаң кінәмен айыпталып, қайта бас бостандығынан айырылып, түрмеге кесілген өлкеміздің төл ­тумасы асыл, бекзат болмысты, имандылықтың шамын өшірмей, дінге құлай берілген арыс ұл Айдарбек Сәрсенұлы 1997 жылы 18 маусымда ҚР Әскери прокуратурасының шешімімен «жазықсыз» деп ақталады.

Саналы ғұмырында кеңес үкіметі келтірген нәубеттің азабын көп тартқан тақуа молда Алланың берген 96 жасын жасап, 1996 жылы дүние салды. Асыл денесі ата-бабалары мәңгілік мекен еткен Тиген маңындағы «Құлбарақ әулие» қорымына жерленді.

Кенжебек СЕРЖАНҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

жазушы-өлкетанушы

АҚТАУ

1909 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы