• Әдебиет
  • 21 Қазан, 2021

КӨЗБОЯУЫ ЖОҚ КӨРІНІСТЕР

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

«СОТОВЫЙ»  ӘҢГІМЕНІҢ СИҚЫРЫ

Оқырман қаламгерден алшақтап кетті дейміз, егер екеуінің басы қосыла қалса оқырман аянбайды, айтар сөзін айтып, ағынан жарылады. Бір күні жастар кітапханасы екі жазушыны кездесуге шақырды. Бірі – мен, бірі – сексеннің сеңгіріне бет алып, тарих пен осы дәуірдің шылбырын тең ұстап, том-том кітап шығарған айтулы қаламгер. Жастар ә дегеннен маған шүйлікті.

– Осы сіз неге «Көзбояуы жоқ көріністерді» жазбай кеттіңіз? – деп сауал тастады.

– Бұл – көркем проза емес, өмір құбылыстары, нақпа-нақ көріністер, көрініске қаламгер ретінде берілген баға...

– Десек те, қазіргі күндері бізді ойландыратын нәрселер керек. Әрине, мен кітапты көп оқимын, бірақ шұбалаңқы суреттеуге шыдай алмаймын. Ең болмаса, Гончаровтың «Обломовы» сияқты болса ғой, – деді көзілдірікті балаң жігіт миығын тартып.

– «Обломов» неше бет? – дедім мен.

– Қазақша аудармасы 580 бет, орысшасы одан аздау...

– Сені жалықтырған жоқ па?

– Көлемі кейіпкеріне сай ғой, – деп балаң жігіт әзілге бұрды.

– Сенің мамандығың?

– Мен КазГУ-дың механика-математика факультетінде оқимын. Төте ғылымның өкілімін.

– Қарағым, сені түсініп тұрмын. Бірақ «қысқалық – таланттың қарындасы» болғанмен, жазушы оқырманның аузына шайнап салмауы керек. «Обломовтың» көлеміне әуелі ашқарақ қоғам, сосын тойымсыз кейіпкердің өзі кінәлі. Гончаров оны жеріне жеткізе суреттеген.

– Кітаптың бәрі «Обломовтай» болса, өкпе жоқ. Біз де обломовщина дәуірін бастан өткеріп жатырмыз. Бірақ соңғы кездері одан да қалың кітаптар жастарды жалықтырды.

– Бізге сіздің жазғандарыңыз ұнайды, – деп тағы бір бойжеткен орнынан көтеріле берді.

Қозғалақтап әрең отырған қасымдағы серігім «Айтып отырғандарың «сотовый» әңгімелер ғой», – деп қойып қалды.

– Не де болса сол әңгімелер бізді ойландырады, – деді өрен жігітің қасындағы қызға да сөз бермей өрекпіп.

Мен қортық бөтелкені ашып, жазушы ағама су құйып бердім.

– Мұның дұрыс, – деп қара суды кілк-кілк жұтты.

Қара сөздің соңы қақтығысқа ұшырамаса деп отырмын.

«Сотовый» әңгіменің сиқыры жайлы сөз жалғаса берді.

 

БАЗАРДА ЖАСЫЛ ЖАНЫП ТҰР

1991 жыл. Алматы көк базары ығы-жығы халық. Қоңторғай көңіл күй әркімнің жүріс-тұрысынан көрініп тұр. Бірі – арба сүйретсе, бірі – «Ку-ка-ре-ку!» деп шақырған қораз кәмпитті бір жақтан арзанға алып, әудем жерге апарып сәл қымбатқа саудалап, өмір шіркіннің сіріңкесін тұтатып жүр. Арба сүйреткендердің арасында көзтаныстар, тіпті баспасөз өкілдері де бар. Таңғалуға болмайды, «есектің артын жуып, мал тап» деп Абай бабаның өзі айтқан. Өтпелі кезеңге өкпе жоқ.

Ортасы инемен шұқылған тесік-тесік дөңгелек пәтір нан сатып отырған келіншек кітаптан басын алмайды. Алды толы өзбектің пәтір наны, май қосып жесең, өмір дегенің осы. Қасына жақындадым. Қолындағы кітаптың мұқабасы да, әріптері де көзге таныс.

– Пәтір наныңыз қаншадан?

– Отыз тиын.

– Мынау менің кітабым, – деп шап ете қалдым.

«Сөздік-словарь» баспасынан былтыр шық­қан «Жасыл жанып тұрғанда» деген повестер мен әңгімелер жинағым.

– Өтірікті соқпа, – деді де, келген жерін бір бүктеп, тапал үстелдің астына тастай салды.

– Рас, менің кітабым.

– Осы, неге көк базарға кеп өтірік айтасыңдар? Мілитсалардың өтірігі аз еді, сен де сол жақтансың ба?

– Жоқ, апай, менің кітабым...

Қалтамда көрсететін куәлігім де жоқ, осы тұрысыма өзім ырзамын.

– Кітапханашысыз ба, мұғалімсіз бе?

– Екеуідемін...

Әйелдің өзі де, сөзі де суық, тіршіліктен баз кешкені білініп тұр.

– Мына кітапты кітапханадан алдыңыз ба?

Ол мырс етті.

– Кітапхана ашық деп кім айтты. Қарағым, аласың ба, ал, алмасаң басымды ауыртпа.

Бос сөзге жоқ, байқаймын кітап оқуға ын­тығып отыр. «Қай жеріне келді екен?»

Бес пәтір нан алдым. Көршімнің балалары көп, соларға беремін. Түгел сатып алуға ақшам жетпеді. Апай ешнәрсеге алаңдамай, тек менің кітабымды оқыса екен деп тұрмын.

Бұрылып тағы бір қарадым. Апай тағы да кітапқа шұқшиды. Қолында «Жасыл жанып тұрғанда». Маған көк базарда жасыл жанып тұрғандай көрінді.

 

«ЕҢБЕК ҚЫЗЫЛ ТУ»  ОРДЕНДІ ЖЕЗӨКШЕ» КІМ ЕДІ?

1992 жылы «Жас Алашқа» «Еңбек Қызыл Ту» орденді жезөкше» деген проблемалық мақала жаздым. Мақсатым – тәуелсіздік алғаннан кейін тарап кеткен Алматы мақта-мата комбинатының ақыры, жатақханадан қуылып кеткен ауылдан келген қазақ қыздарының тағдырын жалпақ жұртқа жария ету. Солардың ішінде кезінде еңбекте оза шауып алдыңғы қатарға шығып, баспасөз бетінде әлденеше мәрте мадақталып, кеудесіне «Еңбек Қызыл ту» орденін таққан қазақтың көрікті бір қызы бар еді. Іздестірсем, ол да күнкөріс үшін көппен бірге «Сайынның бойында» тәнін саудаға сап жүр екен. Өмірден алынған шындықтың (әрине, кейіпкер есім-сойы бұрмаланды) бояуы қанық, фактісі айқын, әңгіме стилінде жазылды. Оқып, пікір айтқандар көп болды, алатопанның кезінде дағдарып қалған жұртшылық «Обалдағы-ай!» деп қазақы сарынға салды, қатар-құрбы «Сенің де жүрмейтін жерің жоқ» деп авторды қағытты. Айтпағым, осы газет материалын бір ғылым докторы көркем шығарма деп талдапты. Аузын ашып, аһ ұрыпты. Рақмет! Бірақ бұл көркем дүние емес, проблема көтерген газет материалы ғой. Бұрын осындай мақалалардан тиісті орындар қорытынды шығарып, редакцияға жауап беретін. Қазір «Сынап едік, қорытындысы қалай?», «Бір хаттың ізімен», «Хат соңында адам бар» деген айдарларды аңсаймыз. Баспасөз – адам тағдырына араша түссе ғана баспасөз. «Газет – халықтікі» деген сөз осыдан қалса керек.

 

АМАНДОСОВ АЙТҚАН СӨЗ

Журналистика факультетінде оқып жарыт­қаным шамалы, екінші курста Ауыл шаруашы­лығы институтынан ауысып келдім. Екі оқытушының дәрісі есімде қалды, бірі – профессор Тауман Амандосовтың журналистика жанрларын жіктеген лекциясы, екіншісі – Зейнолла Қабдоловтың «Әдебиет теориясы». Т.Амандосов бір күні: «20 жол хабармен әлемді жалт қаратуға болады, – деді таяғын иегіне тақап отырып. – Егер сен фактіні ойната білсең...»

Иә, хабар – журналистиканың атасы. Хабар аз сөйлеп, көп тыңдатады. Біздің тіліміз бай болғасын ба, сөзіміз көп. Әсіресе ­тележурналистер «Қобыланды келед сайменен»-ге көп салады. Қобыланды дер кезінде келіп, ел-жұртын не қуантуы, не жылатуы керек емес пе?

Қазір баспасөзде жанр жоқ, жалғыз-ақ жанр бар, ол – мақала. Бұрын очерк, суреттеме, репортаждың шекесіндегі қолмен жазылған жанр «клишелері» газеттің көркін ашып тұратын. Жапырақ – көктемнің көркі, жанр – газеттің көркі. Халық әні мен арияның айырмасы секілді журналистика жанрларына да аражік керек.

 

«ЕНДІГІ КЕЗЕК – МЕНІКІ»

Қайран, қарттар! Солардың көбі көшті бастап кетіп жатыр. «Қариялар азайып бара жатыр» деген Мұқағалидың күңіренісіне де әкемізді аттандырып салғасын түсініп жүрміз.

Қазір жас та, жасамыс та өзі сөйлегісі келеді, сөз кезегін күтпей киіп кететін әдет бар. «Осы-ақ сөйлесін» деп екі-үш жас үлкендігін алға салсаң, ауыздығын алдырмай аптығып кететінін қайтерсің.

Әлкей Марғұлан мен Асқар Тоқпанов секілді терең де шешен қариялармен жас шағымнан көрші тұрғанымды Алланың силаған сыйы деп білем. Асекең сөзге дес берместің нағыз өзі, аттың басын жуық арада тарта қоймайды. Сонда тау мен тасты шұқылап, терісі әбден күнге күйген Әлкей ақсақал арқасына желбегей жамылған шапанын бір иығына тартыңқырап қойып, «Асқар, ендігі кезек – менікі» дегені бар. Асекең тосылып, «Екі құлағым сізде» деп оң өкшесін көтеріп тұрып қалды.

Біздің қатарларымыз шал болмай жатып сөзқұмар. Кірісіп кетсе, құдасына да сөз бермейді. Кейде қалалық телефон да, қалта телефон да қызып кетеді. Сұрамасаң кезек келмейді. «Сұра­ған­ның айыбы жоқ», Құдай ұрлағаннан сақтасын.

 

«АҒА ДЕГЕН АУРУ БАР»

Эстет журналист Қали Сәрсенбайдың осы сөзіне тәнтімін. Сәлемдесу этикасы бізде «Ағаңа неге сәлем бермейсің?»-нен басталса, осы ­жерде Қадыр Мырза Әлінің сөзі сөз-ақ. «Сәлем берген баланың маңдайынан иіскеп, қолына ақша ұстатпай ма екен?» дейді ол ағасына аспай-­саспай. Ақшасы құрысын, маңдайын тыржитпай сәлеміңді сәтімен ала қойса. Ең қиыны – тілдесу. Сен біреудің жақсылығын алға тартсаң, ол өз жетістігін жариялап шыға келеді, өзгелер жайлы лебіз білдіріп, сөз шығындамайды. Мінбеден де оңайлықпен түсе қоймайды. Аға деген ауру осы. Кеселден сақтану күн тәртібінде тұр.

Сексеннің сеңгіріндегі сол Әлкей-ата әңгіме бастарда: «Қарағым, сен де жас емессің» деп бір жұтынып ап бетіңе шұқшия қарайтын. Дәстүр-салт та сол сұлбалармен бірге сытылып кеткендей. Төрт-бес жас үлкендігі барлар «Саған әлі қай-да-а!» деп ақыл айтқысы кеп алқынып тұрады. Иегінде бір тал қылы, мысық мұрты жоқ мұсылман баласына қарап күлкің келеді.

«Күлсең кәріге күл».

КӨШЕДЕ ТҰРҒАН КӨЗ

Індет басталғалы әр көшенің бұрышында аяғынан тік тұрған күзетшіні көресің. Біздің үйдің бұрышында да бір қыз тұр, иығында бір сызық, мөлт-мөлт еткен кішкентай үш жұлдыз, демек аға лейтенант. Тұмылдырық тақпай өтіп бара жатыр едім, қып-қызыл ғып бояған бес саусағын оң шекесіне қойып, сәлем берді.

– Аға, маскаңыз жоқ қой, – деді күлімсіреп.

– Ұстап тұрып, ұмытып кетіппін. Шалдың тірлігі осы ғой. Жеңгең нан әкел деп жұмсап еді.

– Дүкенге кіргізбейді. Қазір ереже қатаң. – Қыздың өңінде сақшыға тән қаталдық жоқ, Қазақстан Республикасының азаматымен тең сөйлесіп тұр.

– Ал, енді жалақыларың осы тұрыстарыңа тати ма? – дедім сөзге тартып. Өйткені таңнан кешке дейін қыздың тік тұрған сұлбасын алыстан көріп, аяушылық білдірем.

– Ой-й, аға, жарытпайды. Осы індетті әкелген біз сияқтымыз. Таңғы бесте сапқа тұрғызып қойып, жер-жебірімізге жетіп, жан-жаққа таратады. Менің көлігім жоқ, таксимен келем, түнде тағы такси жалдаймын.

– Тамақ жағы?..

– Мына екі баланы жұмсаймын, – қасында тік тұрған алапес киінген екі жауынгерді көрсетті. Шекара училищесінен көмекке келген курсанттар екен, – сосын кезекпен үй бұрышына барып, талқанын ұрлап жеген баладай тығылып тұрып жейміз. «Ұлы сөздің ұяттығы жоқ», әжетханаға әр үйге ақша төлеп кіреміз.

Сол кезде сыртында «Күзет» деген жазуы бар мәшине қасымыздан дөңгелеп өте шықты. Қыз оң қолын шекесіне қойып селт тұра қалды.

– Бізді тексеріп жүр. Тұрғанымыздан тексерісіміз көп.

– Неше сағат тұрасыңдар?

– Таңғы алтыдан түнгі тоғызға дейін. Майорға жетсем, осы жерді желкемнің шұңқыры көрсін.

– Кітап оқып тұрмайсыңдар ма?

– Ой-й, аға, әзілдеп тұрсыз ба? Онда апарып қамайды ғой, устав ережесін бұзғаным үшін. Мен өзі кітапты бір адамдай оқимын. Демалысымда кітап дүкендерін аралаймын. Сіз де сол жақтансыз-ау деймін.

– Сол ауылға жақынмын.

– Аты-жөніңіз?

Есім-сойымды айтып едім, қызыл жағалы қыз бояумен сүрмеленген кірпігін бір қағып қап маған шұқшия көз салды.

– Мен сіздің «Көз» деген кітабыңызды оқыдым. Кейіпкеріңіздің тағдыры маған ұқсас екен. Менің де көрмегенім жоқ, даяшы да болдым, әжетхана да жудым...

Біз өзі ақуа халықпыз ғой, бір сөзге бола қызға қарай бір аттап кеттім.

– Аға, сіз дүкенге бұлай барсаңыз шу шығады. Ақырында таяқтың ұшы бізге кеп тиеді, тиісті орындарыңда неге қырағылық танытпайсыңдар деп. Сіздің басқа кітабыңыз бар ма?

– Бар. Қазір тұмылдырық тағып, бір кітабым­ды әкеп берем, – деп шалт кері бұрылдым.

Аға лейтенант қыз маған көшеде тұрған көздей боп көрінді. 

1266 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы