• Білім және ғылым
  • 21 Қазан, 2021

БІЛІМ – БАҒА ЖЕТПЕС ҚҰНДЫЛЫҚ

Биыл қазақ елі маңызды белесіне – қастерлі тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына қадам басты. Осы 30  жылдың шеңберінде Қазақстанның берік іргетасы қаланды, мемлекетіміздің нышандары, Ата Заңымыз қабылданды.  Төл теңгеміз нарыққа енді, Ұлттық қорымыз құрылды. Әлемнің өзге елдерімен дипломатиялық байланыс жолға қойылып, Қазақстан беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды. Елордамыз Арқа төсіне көшіп, шекарамыз шегеленді. Жастарымызға әлемнің маңдайалды жоғары оқу орындарында білім алуға жол ашылды.

Иә, тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері еліміздің білім саласында бірқатар игілікті істер атқарылды. Шынында 30 жыл ішінде елімізде 2000-ға жуық жаңа мектептер ­салынды. Орта мектептер санының көбеюі білім беру саласындағы мемлекеттік ­саясат білім беру жүйесінің сапасын ­арттырды. Осылайша білім мен технология, ел дамуының басты қозғаушы күшіне ­айналды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап еліміздің білім беру саласы қарқынды түрде реформаланды. Соның нәтижесінде білім беру жүйесі нарықтық экономикаға бейімделіп, бәсекеге қабілетті мамандар дайындаудың ұлттық моделі қалыптасты. Бұл өзгерістер өз кезегінде білім беру мекемелерінің құзыретін кеңейтті.

Еліміз егемендікке қол жеткізген күннен бастап білім саласын жандандыруға бағытталған ұлттық жобалар, мемлекеттік бағдарламалар дайындалды. Соның арқасында білім сапасы мен педагогтердің біліктілігі артты. Тәуелсіздіктің үлкен жетістігі ретінде «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылдануын айрықша атап өтуге ­болады. Осы заң аясында педагогтердің нақты мәртебесі айқындалып, мұғалім­дердің құқықтары, әлеуметтік кепілдіктері және шектеулері, міндеттері мен жауапкершілігі белгіленді.

Педагог мамандығының мәртебесін арттыру үшін жүктеме 18-ден 16 сағатқа дейін қысқартылып, мұғалімдердің есеп-қисап беретін құжаттарының саны 10-нан 2-ге дейін азайтылды. Өткен жылы педагогтердің жалақысы қосымша ақы мен үстемақылардың артуы есебінен 45 пайызға, ал осы жылдың қаңтарынан 25 пайызға артты. Осылайша педагогтердің кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік жасалды.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қар­саңын­да қол жеткізген тағы бір жетістігіміз «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтарының оқу бағдарламасына қайта оралуы болды. Бұл жаңалыққа бүкіл ел қуанды, себебі бұл оқиға қазақтың рухани әлемінің қайтадан түзелгенінің белгісі еді. Баға жетпес мұрамыздың ортамызға оралуы ұлттық рухымызды көтеріп, көңілге жылу сыйлады.

Міне, осындай мол табыстарға біз тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан осы еліміздің өркендеп-дамуы, білім саласының алға қадам басу жолында қызмет етуіміз қажет.

 

Айгүл ХАСАНОВА,

№182 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі

орынбасары

Алматы

 

1497 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы