• Руханият
  • 21 Қазан, 2021

АДАМҒА ЕҢ ЖАҚЫН АДАМ

Қарагөз СІМӘДІЛ

«Ana tili»

Еліміздегі іргелі оқу орында­рының бірі – С.Асфендияров атын­дағы ҚазҰМУ-да «Төрегелді Шарманов Қоры» Қамқоршылық кеңесінің жиыны өтті. Басқосуға мемлекет және қоғам қайрат­керлері О.Сүлейменов, М.Әуезов, Қ.Сұлтанов, С.Ақшолақов, ҚазҰМУ ректоры Т.Нұрғожин, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев, дәрігерлер мен журналистер қатысты.

Жиында Т.Шарманов өзіңе, жақындарыңа қамқорлық кез келген ауруды жеңуге көмектесетінін айтып, адамның қоғам, халық алдындағы жауапкершіліктеріне тоқталды. «Адамшылықтың ­басты белгісі төңірегіне қызмет етуден көрінбек. Өзгенің игілігі үшін қызмет қыла жүріп, адам өзін парасаттылыққа, мейірімділікке жетелейді» деген ұстанымын көпшілікке жеткізді. ­Профессор Төрегелді Шармановты туған күнімен құттықтаған ­Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев оның отандық денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуы мен дамуына қосқан зор үлесі, ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі зор екенін атап өтіп, профессорға ұзақ ғұмыр тіледі. Коронавирус пандемиясына қарсы күресіп жүрген медицина қызметкерлеріне де ерекше алғыс айтқан әкім қоғам күш-жігерінің, азаматтар жауапкершілігінің әрі медиктердің ерлікке толы жұмыстарының арқасында пандемия кері шегіне бастағанын да тілге тиек етті. Осындай қиын жағдайда ел дәрігерлеріне ынта беретін халықаралық сыйлық ұсынған «Төрегелді Шарманов Қорының» ісі үлгі тұтарлық екенін де атап өтті.

Сонымен, денсаулыққа қатысты жалпыға бірдей құқық идеясын дамытуға бағытталған «Төрегелді Шармановтың халықаралық қоры» сыйлығының лауреаттарына марапаттар салтанатты түрде табыс етілді. Марапатқа алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға қосқан үлесі үшін Джонс Хопкинс университетінің шетелдік ғалымдары Дэвид Бишай мен Майк Шлайф, сондай-ақ қазақстандық дәрігерлер, COVID-19 диагнос­тикасы мен емдеу хаттамасын әзірлеуші инфекционистер – Бақыт Көшерова мен Амангүл Дүйсенова ие болды. Отандық қос дәрігер марапатты алып тұрып, дәрігер еңбегін бағалаған қорға алғыс ­айтып, COVID-19 диагностикасы мен емдеу хаттамасы жасалған, пандемиямен күрес басталған алғашқы уақытты еске алды. Ал пандемияға байланысты салтанатты рәсімге қатыса алмаған Дэвид Бишай мен Майк Шлайф алғысын виртуалды түрде жолдап, мұндай мәртебелі марапатты алғандарына қуанышты екенін, халық денсаулығын сақтау жолында дүниежүзі дәрігерлері жұмыла жұмыс істеуі керек екенін жеткізді.  

«Төрегелді Шарманов халық­ара­лық қорының» миссиясы – денсаулық сақтау және дұрыс тамақтану саласындағы жас және болашағы зор ғалымдардың жобаларын қолдау. Бұдан басқа, қор диетологиямен айналысатын әлемдік академиялық орталықтарда мамандардың тағылымдамасына гранттар беруді жоспарлап отыр.

Жиынды жүргізген Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов: «Қазақта аға деген атауды жасы үлкенге ғана емес, ең қадірлі адамына қарата айтады емес пе? Аға атанған шағыңыздан бастап, «ұлттың денсаулығын қайт­кенде жақсартамын» деп еңбек етіп келесіз. Талай дерттің дәруін таптыңыз, сіздің тікелей араласуыңызбен ДДҰ мен ЮНИСЕФ-тің Халықаралық Алматы конференциясы өтіп, онда ­Алматы декларациясы қабылданғаны мына жұрттың есінде. Қазір де ден­саулық саласындағы күрескерлік жолыңыз көпке үлгі» деп сөзін қорытындылады.

1589 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы