• Әдебиет
  • 21 Қазан, 2021

ЖАЗДЫҢ СОҢҒЫ АРМАНЫ БАРАДЫ АҒЫП

Қалқаман Сарин,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «ДАРЫН» мемлекеттік жастар

сыйлығының лауреаты

МІНЕЗ

Досхан Қалиұлы Жолжақсыновқа

 

Сал Досхан,

Сері Досхан,

Бөрі Досхан!

Мұңдасы – Ай,

Сырласы – Күн,

Серігі – Аспан!

Ұл беріп өзіңдей дүр!.. Тәңір Ием

Жарылқап Жолжақсының жолын ашқан!

 

Қалың шаш,

Қара мұртты шалып қырау,

Жетпісің есігіңді қағып тұр-ау.

Сонда да уақыт әмір ете алмапты

Тұлғаңа Алатаудай алып мынау!

 

Үкілеп аламанға Алтай қосқан,

Хас жүйрік қазанатсың!..

Пай-пай, Досхан!

Жетпіске жетсең-дағы бәрібір сен,

Алтайға бір баласың тәй-тәй басқан!

 

Туған жер,

Береді әр кез Туған ел күш!

Қалмаған бір бойыңнан түрлі өнер тыс.

«Өзіме тартып туған Өр мінез» деп

Ағады толқын атып, тулап Ертіс!

 

Бала боп бастың кеше Зайсан құмын

Ал бүгін үлгі-өнеге – жайсаңдығың.

Келеді Құнанбайлар көз алдыма

Ақтарып сөйлесең бір ой-сандығын!

 

Саған тән – серілікпен гүлді ұсыну.

Маған тән –  ақ үмітпен жырды ұшыру.

Сал Біржан салған әннің сазына елтіп,

Үлбіреп айтты сәлем Үлбі сұлу!

 

Өткізген сауық күнді, сыршыл түнді,

Білемін, Сен үшін тек Күршім құнды!

Жетпіске келді деп ем дара Досхан

Мұзтау да мізбақпайтын дүр сілкінді!

 

Ән Досхан,

Әнші Досхан,

Аңшы Досхан,

Хәліңді қара түгіл, Хан сұрасқан!

Қатарың сиреместен,

Сәтті болғай,

Сапарың сексен жасқа қамшы басқан!

 

Бірісің даңқы мәшһүр дарабоздың!

Асынып бесатарды дала кездің.

Ақсүйек аманатқа адал болдың,

Жылатпай қарашығын Қарагөздің!

 

Өнерге алғаш қадам басқан кезден,

Атағың жерді жайлап, аспан кезген.

Жетпісті желіп өтіп,

Жүзге дейін,

Алқынба,

Аттан түспе, Досхан жездем!

 

ӨСКЕМЕН

 

Көне жылдар көшінде анау,

Кештің ғұмыр жат кешпеген.

Өткен күнде өшің бар-ау,

Өкінішің қатты, Өскемен?!

 

Қадір тұтпа бақты құнсыз,

Қалай, қайтіп тарқар қайғың?

Құса-мұңға баттың үнсіз,

Құшағында қарт Алтайдың.

 

Алтай, Алтай – алтын бесік,

Аспан сүйіп тұрған таулар

Басыңнан дүр – даңқың көшіп,

Басынды-ау кеп кіл қорқаулар.

 

Есең кетті... Күндер ұзап,

Емін таппай дерт іштегі.

Елмен сонда бірге жылап,

Егіле аққан Ертіс пе еді?!

 

Жағадан ап мың батпан мұң,

Жау да көрдің, дау да көрдің.

Артынан қол бұлғап қалдың,

Арғы бетке ауған елдің.

 

Үмітін де үзді бауыр,

Үнсіз налып, Үлбі жаны.

Қорғасындай біздің ауыр

Қайғымызға кім кінәлі?

 

Қазып алды неше бөтен,

Қазынаңды қойныңдағы.

Қашан ғана шешеді екем?

Қыл арқанды мойныңдағы...

 

ЖАЗДЫҢ СОҢҒЫ

КҮНДЕРІ-АЙ!..

 

Әлденеден қалғандай жараланып,

Мына әлемге соңғы рет қарап алып,

Қалт-құлт етіп Ертістің толқынында

Жаздың соңғы арманы барады ағып.

 

Жаздың соңғы күндері-ай,

Жан мұңайтқан,

Үнсіз көніп үкімге тағдыр айтқан

Кеткеніңмен,

Келерсің жыл айналып,

Ұмытпасаң болғаны жолды қайтқан.

 

Аспан – күңгірт...

Бұлттардың жанары – шық.

Жан берісіп тағы да жан алысып,

Жалт-жұлт етіп құстардың қанатында,

Жаздың соңғы сәулесі барады ұшып.

 

Жаздың соңғы самалы,

Жылы... салқын...

Шолпанмен де, Аймен де ұғысар Түн

Бәрі – ғайып...

Жарықтық жапырақтар –

Көктен жауған жез бен мыс, күміс-алтын!..

Тамыз түні түрге еніп қарақошқылт,

Бір дауысты құмыққан қалам естіп.

Көз жасына малынып Көк Аспанның,

Жаздың соңғы күндері барады өксіп.

 

Жаздың соңғы күндері-ай, жаздың соңғы,

Жылап тұрып жырыңды жаздым шерлі.

Сенің әлсіздігіңді біле тұра,

Жазығым жоқ...

Күз келіп жазғырса енді!

 

Жаздың соңғы күндері-ай, жаздың соңғы!..

 

КҮЗ АҢСАР...

 

Қош келдің, Күз аңсарым, Күз аңсарым!

Құбылтқан жасыл Жаздың гүзәл сәнін.

Қызартып екі бетін қыз Алшаның

Сенің де келеді ертең ұзар шағың!..

 

Бермейді мәңгі ешкімге уақыт тұрақ!

Таңғы шық құлпырады жақұт құрап.

Сені есен көргеніме... Бақыттымын!

– Құстар ма?

Меніңше, олар бақыттырақ!..

 

Өзгеше сарғыш нұрың – жанның күйі

Өзді-өзі сыбырласар жаңбыр жиі.

Билейді жапырақтар жел сазымен,

О, Неткен, Тангоға ұқсас Тағдыр биі!..

 

Сендегі Түн – сабырлы, Күн – баянды!

Сендегі сөз жұпарлы, үн бояулы!

Сендегі жалғыздық та сұлу сондай!

Сендегі сағыныш та, мұң да – аяулы!

 

Құбылтқан жасыл Жаздың гүзәл сәнін,

Қош келдің, Күз аңсарым, Күз аңсарым!

Соңғы рет көкжиекте жүзер сағым...

Сенің де келеді, әттең, ұзар шағың!..

 

ЕРТІСТІҢ ЖАҒАСЫНА

КҮЗ ЖАЙҒАСТЫ...

 

Ертістің жағасына Күз жайғасты,

Жер мұздап табанымның сыздайды асты.

Артына қарай-қарай Жаз да кетті-ау,

Алысқа ұзатылған қыздай жақсы.

 

Дәл солай қыз да кетті...

Наз мұңлысы!

Қоңыр Күз келмеді оны жазғырғысы!..

Жылатып сыңсып ақты Үлбі сұлу,

Жұбатып сыңсу айтты аз құрбысы!..

– Мұңайма, мұның да аты – Өмір, білем!

Тартады кейде осылай көңіл жүдең.

Гүлдерге көз қуантқан іңкәр шақтар

Күндерге алмасады қоңыр-күрең...

 

Қош енді,

Қош болғайсың жасыл – ғұмыр!

Жолыңа жапырақтан шашылды гүл.

Жасынсыз бұлттарымен көлегейлеп,

Жасыңды көзіңдегі жасырды Іңір!..

Барады Алтай асып қыздың көші.

Еее, оған кетер дейсің, Күздің несі?

Келместің керуеніне бір күндері

Ілесе кетер ғұмыр біздің де осы!..

 

ҮЛБІ...

 

Үлбі сұлу,

Не дейсің, Үлбі сылқым!..

Кімді сүйдің?

Сағындың кімді, шіркін?!

Жан сырыңды жасырмай, ақтарылшы,

Толқыныңда –

Күн ойнап, мүлгісін Түн.

 

Көптен бері көрмеген

Бір жақсыңды

Көргендей боп тіл қатшы, үн қатшы, Үлбі.

Тым биікке кетейін көтеріліп,

Тұңғиыққа батайын тыңдап сырды.

 

Сенің сырың шешілмес жұмбақ сынды.

Мен жеңілдім, құтыртып құр нәпсімді.

Ұжданымның алдында қызарамын

Өлең оты қуырып күнде апшымды.

 

Тұнығыңа мөп-мөлдір мұң жүздіріп,

Не деп айтқың келеді-ау, Үлбі, үздігіп?!..

Жазғырмашы кінәмшіл тағдырыңды,

Жатыр дейсің қалқам-ау, кім бізді ұғып?

 

Келеді әне!..

Жоқ деме, Түнде ізгілік,

Кірпігіне мың-миллион жұлдызды іліп!

Қас-қағымда сөнеді сәуле-ғұмыр,

Аспаныңда тұрғанмен Күн-Қыз күліп.

 

Үлбі, үлбіреп барасың,

Үлбі үлбіреп!..

Бір күн үдеп ағасың, бір күн жүдеп.

...Жалғыз кешіп жағасын жалғыздықтың,

Қаларсың-ау, қаласың, құрғыр жүрек!

 

ҮЛБІ – 2

 

Айтшы, қашан келесің Үлбіге сен?

Жұпарындай аңқылдап гүлдің әсем.

Көбелектің деміндей бір үміттің

Арқасында, әйтеуір, жүрмін есен!..

 

Айтшы, қашан келесің Үлбіге сен?

Сергелдеңге салынып мұңды кешем.

Сенен бір сәт көз жазып қалмау үшін,

Кірпік қақпай жүрер ем, мүлгімес ем!..

 

Айтшы, қашан келесің Үлбіге сен?

Жетер едің сағынып шын жүдесең!

Кешірмейді махаббат кешігуді,

Келте өмірде кетпесін бір күні есең.

 

Айтшы, қашан келесің Үлбіге сен?

Сен болмасаң кімді ертем, кімге ілесем?

Құрсауында қылқынып қалың ойдың,

Құшағында тұншығып Түннің өшем.

 

Айтшы, қашан келесің Үлбіге сен?

Қолыңдағы сынбаса сырлы кесең,

Балын ұсын сезімнің жаным үшін,

Үлбірейді дүние, үлбіресең!

 

Жасырмаймын,

Жанымның шындығы осы ең!

Сен дегенде сәулелі Күн дұғасы ем!..

...Көркем бейнең келеді көз алдыма,

«Үлбі!» десем болғаны,

«Үлбі!» десем!..

 

Айтшы, қашан келесің Үлбіге сен?..

 

«ХАТ  ЖАЗДЫМ ҚАЛАМ

АЛЫП СІЗГЕ ЕРКЕМ...»

/МАҒЖАН/

 

Перісіз?..

Періштесіз?!..

Пендесіз бе?

Хат жаздым қалам алып мен де сізге.

Білмеймін,

Көктесіз бе,

Жердесіз бе?

Жоқ, әлде, ғайып болып кеттіңіз бе,

Түскен соң қайта оралып келмес ізге?..

 

Қозғасам, лаулайды өрттей дерт іштегі.

Қайтейін, жолықпадық, жол түспеді.

Ертемен қайық салсам айдынына,

Еркеме жеткізер ме Ертіс мені?

 

Сұлусыз!

Сіздей сұлу – Алтай мінсіз.

Ал менің бар арманым, бар қайғым – Сіз.

Талықсып тағы да сол жар басында,

Жарықтық жартыкеш Ай жантайды үнсіз.

 

Мені де меңдеп алған сол үнсіздік.

Айналам – алаңсыз ел, сенімсіз жұрт.

Себебін ұқтыра алмай тірі жанға,

Себелеп өте шықты көңілсіз бұлт.

 

Шынымен болғаны ма уәде жалған?

Ән-арман қалғаны ма, әуез-арман?!..

Әйтеуір, ақ сезімнің куәсіндей

Осы әуен естіледі әуе жолдан.

 

Содан соң ырғағымен әннің баяу,

Түсемін жиегіне жолдың жаяу.

«Қозғайды қатып қалған іштің дертін...»

Құдай-ау, болмаушы ма ед тағдырда аяу?!..

 

...Дайдидай-ау!..

2678 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы