• Руханият
  • 21 Қазан, 2021

АҒАСЫЗҒА АҒА, ЖАҒАСЫЗҒА ЖАҒА БОЛҒАН МӨРӘЛІ

Ойым менің тыпыршиды тыншымай,

Аңғарамын әлем сырын тыңшыдай.

Мен жылдарды өткен сонау санаймын,

Мен жылдарға кеткен сонау қараймын.

Әбділда ТӘЖІБАЕВ

Өзгерістер Қазақстанның әрбір ауылында болып жатыр. Мәселен, бұрынғы «Коммунизм» совхозы бүгінде «Мөрәлі Шәменов» ауылы деп аталады. Ауылдың қақ ортасында ауылшаруашылығының майталманы атанған Мөрәлі Шәменов­тың биік тұғырда орналасқан ескерт­кіш мүсіні тұр. Оның артында ауыл мешіті бой көтерген. Жалағаш ауылының орталық бір көшесі Мөрәлі Шәменовтың атымен аталады.

Ол жайлы мақалалар өзі барда талай рет газет беттерінде жарияланған, республикалық журналдарда басылған, кітаптардан да орын алған.

Ең бастысы Еңбек ері болмаса да Еңбек еріндей еңбек еткенін айтып, халық уақытында өз бағасын берген. Бұл баға әліге дейін елінің есінде.

Кезінде Мөкең ақын Әбділда Тәжібаевпен сыйластық, достық қарым-қатынаста болыпты. Қызылордаға келсе, Мөкеңнің үйіне соқпай қайтпайтын болған. Бірі еңбек ұйымдастырудың алыбы болса, екіншісі жырдың алыбы, екеуін жақындастырған қандай құдіретті күш екен?!

1963 жылы Қазақ КСР Жоғары Советінің депутаттыққа сайлауы болады. Сол жолғы сайлауда ақын Әбділда Тәжібаев Қызылорда обылысы Жалағаш ауданынан төрт жылға Қазақ КСР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланады. Сол кезден бастап ақын ағамыз депутат ретінде ауданға жиі келетін болды. Бұл жылдар ішінде ол халықпен, еңбек адамдарымен, совхоз шаруашылығының тыныс-тіршілігімен тығыз араласты. Ол өзінің 1981 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан бес томдығының бесінші томындағы «Жол дәптерінен» деген жазбасында былай деп жазған-ды:

«Жасымда көрген еліме егде күнімде қайта араластым, балалығымда атам-анам болған ел, егделігімде де мені қайта оқытты. Қанша адамдар көрдім, қаншалық тірілік таныдым, сөз үйрендім, күй аңғардым жаңадан; өнеге алдым, үлгі алдым, ақыл қостым өзіме. Солардың ішінде маған ұстаз болғандардың бірі Шәменов Мөрәлі деген інім. Ол Жалағаш ­ауданы Сыр бойындағы «Коммунизм» колхозының председателі еді. Мені депутаттыққа ұсынған да осы колхоз болатын. Бір жылдан соң бұл колхоз «Коммунизм» совхозының (орталығы Жалағаш ауданының орталығында еді) бөлімшесіне айналды. Ал совхоз директорлығына Шәменов Мөрәлі белгіленді. Мөрәлі осы совхозды он жылдан аса басқарды. Ол 1974 жылы еңбек майданында қайтыс болды.

Адам өлді дейміз ғой. Бірақ оның жарамды істері, жақсы қылық, мінездері көпке дейін өлмейді екен. Ол туралы айтылған жақсы сөздер өткеннің әлі өшпеген жарығы, бүгін де бетіңе теуіп тұрған буы сияқты ұзақ сақталады екен.

Мөрәлі туралы да айтылатын жылы сөздер аз емес. Сондықтан шығар, маған Мөрәлі бүгін де тірі сияқты.

– Мөрәлі түрегеп жүріп-ақ ұйықтайды.

– Мөрәлі жолда емделеді.

– Шаршамайтын, шалдықпайтын Мөрәлі.

– Ағасызға аға, жағасызға жаға Мөрәлі.

– Мөрәлі айтпайды, айтса қайт­пайды.

– Өз ақылың жетпесе Мөрәліден сұра.

– Мөрәлі көргенін ұмытпайды, есітгенін ұмытпайды, уәдесін ұмыт­пайды.

– Мөрәлі кесірленсе трактор да қозғай алмайды...

– Иеміз де Мөрәлі, киеміз де Мөрәлі еді ғой.

– Бір жігіт өрге сүйресе, Мөрәлідей-ақ сүйрер.

– Дауылда да тынбайтын, жауында да тынбайтын Мөрәлі еді...

– Темірден қатты, жібектен жұмсақ еді.

– Түсінгіш еді, ісінгіш емес еді.

– Тастай берік, гүлдей нәзік еді Мөрәлі.

– Мөрәлі ұялшақ пен сұраншақты ұнатпайтын.

– Аянбай жанды, жанып болды да бітті ғой, жігіт! – деседі жұрт Мөрәлі туралы сөз болса. Ол туралы айтылатын күлкілі, көңілді әңгімелер қаншалық!

Екі алыптың достығының құпия сыры тереңде жатқандығы жоғарыда айтылған әңгімеден-ақ аңғарылып тұр емес пе?!

Ол жайлы кезінде айтылған әңгіме­лерде есеп жоқ. Мысалы, бір жылдары күлдіргіш артист, әнші Күндебай Жалағаш ауданына келіп, «Коммунизм» совхозының клубында концерт қоятын болыпты.

Концерт басталмастан бұрын совхоз директоры Мөкеңе кіріп:

– Мөке ауылыңа ойын-сауық көр­сетуге келдім, қанша төлейсің? – депті.

Сонда Мөкең:

– Оны концертке билет алып ­бара­тын адамдардың қатысуы шешеді, – депті.

Мұны есітіп тұрған Күндебай риза болмаған кейіппен:

– Концертке адам келмесе қайтеміз? – десе керек.

Сонда Мөкең:

– Онда біздің үйден бір қонағасыңды жеп, ауылыңызға қайтасыз да, – деген екен.

Концерт уақытылы басталады, келушілер клубқа сыймайды, бұлай болады деп ойламаған Күндебай сахнаға шығып алып, әнге ерік беріп, арасында Мөкеңе арнап:

– Көрмедім ғой Мөрәлідей кесірді,

Сөйлескенде алады екен есіңді.

Көнбей қойды оңаша

айтқан саудама

«Билет сатып өткіз» деді кешіңді.

Өзі келді бастап жұртын, мінеки

Ән мен күйдің қадірін сөйтіп өсірді.

Ал тыңдаңдар Күндебайды ағайын... – деген өлең жолдарын табан астында шығарып, әуелетіп, әндетіп, ағылта жөнеліпті. Сол күні Жалағаш аспанында әсем ән қалықтап, жұртшылық қауым сол кештен алған тамаша әсерлерін ұзақ уақыт жыр етіп айтып жүріпті.

Ұлы Абайдың:

Құлақтан кіріп бойды алар,

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең менше сүй, – деген өлең жолдары осындай сәттерді еске түсірсе керек.

1962 жылы Жалағаш ауданы тарап, Қармақшы ауданына қосылады. Ал 1963 жылдың мамыр айында Коммунизм колхозы XXII партсъезд колхозымен қосылып, жаңадан «Коммунизм» атты совхоз ашылады. Совходың алғашқы директоры болып Мөрәлі Шәменов бекітіледі.

Жалпы Мөкең басшы ретінде кадр­ларды іріктеу, орналастыру, тәрбиелеу жұмысына аса жауапкершілікпен қараған. Оның қарамағында қыз­мет атқарып, кейін ауданның, халық шаруашылығының әртүрлі салаларында басшылық қызмет атқарған азаматтар қатарының жеткілікті болғаны оған дәлел. Мысалы совхоз партия комитетінің секретары болған Асанбек Оспанов «Жаңадария» совхозына директор, зоотехник болған Нағымар ­Назмаханов «Аққұм» совхозына директор, кәсіподақ комитетінің төрағасы болған Төлеген Сүлейов «Калинин» атындағы совхозға директор, зоотехниктік жұмыс атқарғандар: Нәжмадин Ысқақов – Қармақшы аудандық Советі атқару комитетінің төрағасы, Мақсұт Абдразақов – Тереңөзек аудандық Совет атқару комитетінің төрағасы болып абыройлы қызмет атқарды.

Кезінде «Коммунизм» совхозы кадр даярлайтын совхозға айнал­ғаны баршаға аян. Бұл да болса, шаруа­шылыққа жетек­шілік жасаған Мөрәлі Шәменов­тың көрегендік саясаты­ның арқасында совхозда іскер кадрлар мектебінің қалыптасқандығын көрсетеді.

Жұмысты совхоздың жауапты учаскелеріне кадрларды бекітіп алудан бастаған ол, халық шаруашылығы жоспарын орындау мәселесін күн тәртібінен түсірген емес, ол кезде ­совхозда 986 адам еңбек ететін.

Совхоз 1971 жылы 2000 гектар жерге күріш егіп, оның әрбір гектарынан жоспарлы 32 центнердің орнына 40 центнерден өнім алып, мемлекетке күріш тапсыру жөніндегі социалистік міндеттемені артығымен орындайды. Осы жетістіктері үшін «Коммунизм» совхозы обылыста бірінші болып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Сонымен қатар қолы жеткен ерекше табыстары үшін СОКП-ның КСРО Жоғарғы кеңесінің және ВЦСПС-тің «Ескерткіш туы» совхозға мәңгі сақтауға қалдырылады.

Өндіріс озаттарының еңбектері айрықша бағаланды. Күрішші Тұршабек Елеусінов Социалистік Еңбек Ері атанды. Бөлімше меңгерушісі Тоқан Боранбаев «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, күрішшілер С.Дәулетбеков пен Ә.Ысмағұлов Ленин орденімен және 40 жұмысшы – қызметкерлер медальдармен марапатталды.

Мөкеңнің, Мөрәлі Шәменовтың басқарушы ретіндегі өзгелерден ерекшелігі сол – ізденімпаздығы мен жаңалыққа жаны құмарлығы айрықша болатын. Оның жоғарғы дәрежедегі іскерлігі мен еңбексүйгіштік қасиеті бірімен-бірі ұштасып жататын. Адам өмірге еңбек жасау үшін келеді, ел үшін жасаған еңбек өлмейтін еңбек дейтін. Оның қолынан Москвадан шығатын «Сельская жизнь» газеті мен «Плановое хозяйство» журналы үнемі түспейтін. Сондағы жаңалықтардың ауылшаруашылығы өндірісіне қажет-ау дегендерін енгізбей тыным таппайтын.

Жиырма жылдай «Коммунизм» колхозын, сосын оның «Коммунизм» совхозына айналған кезеңін басқарған уақытта оның атын сонау Москва қаласындағы билік басындағылардың тани білуіне қол жеткізген Мөкеңнің ауылшаруашылығы саласындағы аса талантты ұйымдастырушы, елді еңбекке орнымен жұмылдыра білуші, өмірлік тәжірибесі мол, өз заманының дара тұлғалы азаматы болғандығын көрсетеді. Мөкең тек ауылшаруашылығының білікті басшысы ғана емес, дүниетанымы жеткілікті, қаламы қарымды, жазу қабілеті мол адам болатын. Ағамыздың ондай қабілеті облыстық «Ленин жолы» (бүгінгі «Сыр бойы») газетінде төрт жылдай меншікті тілші болып жұмыс істеген кезінде айқындала бастайды. Мәселен, оның «Мен Жанаевпын біліп қой, мә, сөмкемді іліп қой», «Дәнді қара, Дәндіқара салатын әнді қара» және де басқа тақырыптарға жазылып, газет бетіне жарияланған фельетондары жұртшылық назарын бірден өзіне аударып, баспасөз бетіндегі журналистік беделі арта түседі.

Егер ол осы жолмен жүре бергенде, сөз жоқ, республикаға танымал қаламгер болған болар еді. Бірақ оны туған жерінің тұрмыс-тіршілігі, жүдеу шаруашылығы алаңдатпай қоймады. Ақыры туған жерге деген оның шексіз махаббаты ауылға алып келгеніне, барлық саналы өмірін туған жерге жұмсағанына, елі мен халқы куә болды.

Осы тұста Мөрәлі Шәменов туралы ақын Жақсыбай Сарыталаевтың:

Кеудені кернегенде тығылып ән,

Сыр ұғар бүгінгі ұрпақ ғұмырыңнан,

Ал бүгін қарап тұрсың маң далаңа,

Мәрмәр тас мәңгі мекен

тұғырыңнан.

Кейде біз өткен күнмен тілдесеміз,

Өзіңмен ел тарихы үндес, егіз.

Атанды Мөрәлі ауылы құт мекенің,

Еншілеп елімізді бір көшеміз.

 

Ей аға, нанасың ба, нанасың ба?!

Өзіңдей азамат аз алашымда,

Сәмбі тал сағыныштан сарғаяды,

Жайқалып сұлу сырдың жағасында, – деп өлең жолдарын арнап, жырла­ғанын еске алудың артықшылығы бола қоймас деген ойдамыз. Азаматтың қалың елге танылуына, қызмет бабында табаны таймай, дараланып өсуіне, шаруашылықтың қай саласында жұмыс істесе де еңбек туын жоғары ұстауға қолы жетуіне, жан-жары Ақшонық апамыздың да қосқан үлесін өлшеусіз деуге болады. Бір шаңырақтың ғана емес, бір әулеттің, тіптен бір рулы елдің алтын діңгегіндей абзал анасы болудан артық абырой бола ма,сірә?!

Ақшонық апамыз кезінде комсомол-­жастар ұйымына жетекші, жинақ кассасының жауапты қызметкері, балабақша меңгерушісі, ауылдық Совет атқару комитетінің төрайымы қызметтерін атқарады. Әсіресе оның Екінші дүниежүзілік соғысы ж­ылдары Қаракеткен ауылдық кеңесінің төрайымы қызметін атқарған кездегі жұмысының нәтижесі әліге дейін елінің есінде.

1944 жылдың қазан айында Ақшонық Ақанайқызы Қазақ республикасының Министрлер Кеңесінің кезекті мәжілісіне шақырылып, төрайым есебінде баяндамасы тыңдалады. Артынша оның жасаған баяндамасы бойын­ша республикалық «Социалистік Қазақстан» газетіне (бүгінгі «Егемен Қазақстан») арнайы мақала жария­ланды. Апамыздың еңбегі жоғары бағаланып, 1945 жылдың қазан айында болған Қазақ республикасының 25 жылдығына арналған Алматы қаласында өткен салтанатты мерейтой жиынына қатыстырылады. Мұның өзі үлкен сый-құрметтің белгісі болатын-ды.

Мөрәлі ағамыз бен Ақшонық апамыз 1939 жылы үйленіп, шаңырақ құрады. Содан кейінгі өмірінде жеті балалы болады. Олардың барлығы да тәрбиелі болып өсіп, жоғары білім алады.

Айтмұрат аудан, облыс көлеміндегі құрылыс мекемелерін басқарып, Облыс әкімінің орынбасарлығына дейін көтеріледі. Кейін кәсіпкерлікпен айналысты. Дүниеден ерте озды.

Атамұраты ғылым жолына түсіп, экономика ғылымының докторы болды.

Өмірбек әке жолын ұстап, шаруа­шылықты басқарды. Аудан әкімі болып, жемісті еңбек етіп, ел құрметіне бөленді.

Қыздары Балжан экономика ғылымының кандидаты, Айман мен Айжан кәсіпкерлікпен айналысады, Балқашы агроколледж директорының орынбасары қызметін атқарады.

Шүкір, бәрі де өз орталарында әке атына көлеңке түсірмей, абыройлы еңбек етіп келеді. Өмір жалғасы, өнегелі ұрпақ жалғасы деген осы болар.

Екінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысқан, 1946 жылы елге келгенде оның кеудесінде «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысының I, II дәрежелі» ордені және жауынгерлік төрт медалі болған. Бейбіт өмір кезінде нәтижелі еңбегінің қорытындысы мен олардың қатарына «Ленин», «Октябрь революциясы», «Құрмет белгісі» ордендерімен бірнеше медальдар қосылған.

Туған жерінің көркеюіне, ақ күрішті алқапқа айналуына саналы өмірін сарп еткен, басқалардан мүлдем бітімі бөлек, кесек жаралған Мөрәлі Шәменов ағамыз 1974 жылдың 11 қыркүйек күні 58 жасында дүниеден озды.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ

Қызылорда облысы

 

1303 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы