• Руханият
  • 21 Қазан, 2021

САПЕКЕҢНІҢ САБАҚТАРЫ

Мектепте, жоғары оқу орындарында сабақ беретін мұғалімдер мен оқытушы-профессорлар арасында өз ісіне шын берілген, пәнін терең меңгерген әрі сол пәнді алдына келген білім алушыларға жақсы меңгерте де білетін нағыз педагогтер болады. Олар жай ғана сабақ беріп қоймайды, шәкірт өсіреді, ­маман даярлайды. Бұл санатқа кіретін білікті педагогтер шәкірттерінің адам ретінде, маман ретінде қалыптасуына ерекше ықпал етеді. Сондай педагогтерді «ұстаз» деген орынды. Әдетте ондай ұстаздар шәкірттерінің жүрегіне жол табады, құрметіне бөленеді, есінде қалады. Біздің және біз сияқты әр жылдары қазіргі әл-Фараби (бұрынғы С.М.Киров) атындағы ҚазҰУ-ды бітірген талай түлектің есінде ерекше қалған қадірлі ұстаздарымыз бар. Солардың бірі – филология ғылымының докторы, профессор Сапархан Мырзабеков. Сапекең 64 жасында өмірден озды. Арамыздан кеткеніне жиырма жылдай уақыт (2004) өтіпті. Ол барын бадырайтып айтуға, өзін көрсетуге ұмтылмайтын, үндемей жүріп еңбек ететін өте қарапайым жан еді. 

ӘДІСКЕР ҰСТАЗ

 

Қазақ тiл білімiнің көрнектi өкiлi, белгілі фонетист, морфолог ғалым, филология ғылымының докторы, ­профессор ­Сапархан Мырзабеков есімі ғылыми қауымға жақсы таныс. Біз С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың филология факуль­тетіне оқуға түскен 80-жылдардың ортасында ол университеттің қазақ филологиясы кафедрасының доценті ­болып қызмет атқарды. Бұл кезең оның ­маман ретінде әдбен қалыптасқан, төрт мүшелге таяп, азамат ретінде де толысқан 48  жастағы дер шағы еді. Тәжірибелі ­доцент бізге 1-курста фонетикадан, 2-курста морфологиядан дәріс оқып, семинарын да өзі жүргізді. Ол тіл ғылымының фонетика, морфология салалары бойынша жақсы маманданған ғалым болуымен қатар, өз сабағын өте қызық та тартымды етіп өткізе білетін әдіскер дәрісші, білікті практик ұстаз еді. Сапархан ағай университетті бітіре салысымен 1962-69 жылдары мектепте мұғалім болып жұмыс істепті. Мектептегі осы 7 жыл уақыт оның маман ретінде қалыптасуына негіз болғаны сабақ беру мәнерінен анық байқалып тұратын еді. Алдымен аудиториядағы студенттерді түгендеп алып, студенттің жауабын тақтаның алдына шақырып тыңдауы мен сөйлемді бормен тақтаға жазғызып талдататыны да оның мектептен қалыптасқан дағдысы болса керек. Өзі де қолына бор алып, мысалдарын, талдататын сөйлемдерін тақтаға жазатын. ҚазМУ-дың оқытушылары мен доцент-профессорларының көбі қолына бор ала бермейтінін ескерсек, мұны да оның ерекше сипатының бірі ­деуге болады. Оқуға түскенге дейін әскерге барып келген, бірнеше жылдық еңбек өтілі бар зіңгіттей жігіттермен жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап келген стажды бойжеткендер Сапекеңнің дәрістері мен семинарларында тақтаның алдында сабақ айтып тұрғанда өзін мектеп оқушысындай сезінген сәттерінің де куәсі болдық. Бірер жыл жұмыс істеп, жиырма бір жасымызда әскерден кейін оқуға түскен біз де мектепті бітіре салып студент атанған өзімізден 4-5 жас кіші ұл-қыздардың алдында жауап беріп тұрғанда сондай күй кешкенімізді ұмытпаймыз. Бара-бара оған да бой үйренді. Сөйтіп, ағайымыз «мен кеше ғана мектеп бітірген бала емеспін, өмір көріп, еңбек етіп келген, көрген-білгені бар ҚазМУ-дың студентімін» деп отырған ішкі мені зор шәкірттерін сабасына түсіріп, «мен үшін бәрің бірдейсіңдер» дегенді  оп-оңай ұғындыратын. Сондықтан оның сабағында сақа жігіттер мен стажды бойжеткендер жасы мен тәжірибесін алға тартып еркінси алмайтын. Қайта, керісінше, бір жерден қате жіберіп «бала-шағаның» алдында абыройдан айрылмайын деп, сабаққа жақсы дайындалып, бойын жинақы ұстайтын.

Сапекең өте тәжірибелі, байқампаз әрі теориядан гөрі парактикаға көбірек мән беретін педагог еді. Өз семинарларында фонетикалық, морфологиялық талдауларға баса көңіл аударып, көп уақыт бөлетін.Соның арқасында оның алдынан өткен білім алушылар қазақ дыбыстарының табиғатын танып, морфемалар жігін айқын ажыратып, фонетикалық, морфологиялық талдауды жақсы жасайтын маман болып шықты. Одан сабақ алған шәкірттердің бәрі дерлік, кейбір тым саңылаусызы болмаса сөйлем талдауды жақсы меңгерді. Сапархан ағай шәкірттеріне ашық пен қысаңды ажыратып, буын үндестігін біліп, ілгерінді, кейінді, тоғыспалы ықпалдарды түсініп қана қоймай, қазақ тілінің дыбыстық жүйесінің ерекшелігін, дыбыстар тірке­сімінің табиғатын танытуға ұмтылды. Жоғары оқу орнында сабақ беретін кейбір ірі ғалымдарда ұшан-теңіз білім болғанмен дәріс оқу шеберлігі, әдіскерлік жетіспей жатады. Ал доцент Сапархан Мырзабеков өз пәнін қалай оқытуды өте жақсы білетін нағыз әдіскер педагог болды. Ол көсемшені көргенде танитындай, есімшені естен кетпейтіндей, шақтарды шатастырмайтындай, жедел өткен шақты жылдар өтсе де ұмытпайтындай етіп түсіндіре білді. Септік жалғауын шатастыратын талай шәкіртінің өз атын өзіне септеткізіп санасына сіңіріп жіберді. Септіктен сүрініп Сапекеңнің сабағында өз атын өзі шақыратын көкек тәрізді болып тұрмау үшін студенттер жеті септіктің жалғауын жатпай-тұрмай жаттап алса да, жаңылыспауға тырысатын.

Сапархан ағайдан сабақ алған сандаған түлектер сол алған білімдерін іс жүзінде пайдаланып, ұстаз тәжірибесін таратып та келеді. Шырт ұйқыда жатқанда оятып алып, ұсынған сөйлеміңді жіктеп-жіліктеп талдап беретін оның көптеген шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде қазір де еңбек етіп жүр.

 

«ОУ, ЖОЛДАС, СІЗ НӨЛ

ЕКЕНСІЗ ҒОЙ. ОТЫРЫҢЫЗ»

 

Әдетте айналасындағылардан айрық­шаланып, дараланып тұратындар адамның есінде жақсы қалады. Біздің ұстазымыз Сапархан Ниязбекұлы да сондай ерекше жанның бірі еді. Сондықтан да оның өзіндік болмыс-бітімі, мінез ерекшеліктері шәкірттерінің есінде жақсы қалды деп ойлаймыз. Бойшаң, иықты, қара торылау келген педагогтің алғашқы сабақтары, сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы мен киім киісі, қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, мәдениеттілігі мен ұстамдылық қасиеттері  содан бері арада отыз бес жылдан астам уақыт өткені қарамастан біздің де жадымыздан өшпепті. Оның өн бойында бір артық еті жоқ сымдай тартылған дене бітісінен жастайынан еңбекпен піскен ауыл баласы екені бірден аңғарылып,қою қара шашы артқа қайырылған кең маңдайы жарқырап жүретін мейірімге толы жүзінен жылылық сезіліп тұратын. Өзін әрқашан бірқалыпты ұстайтын, сабырлы қалпынан бір айнымайтын ұстазымыздың ашуға бой алдырғанын да, дауыс шығарып қатты күлгенін де көрмеппіз,  ептеп езу тартып қана қоятын. Бүкіл болмысынан қазақылықтың иісі аңқып тұратын ҚазМУ доцентінің берген жүйелі білімімен бірге өзін ұстау мәнері, мәдениеттілігі де шәкірттеріне үлгі болды. Сапекеңнің кейбір өзіне ғана тән жарасымды әдет-қылықтары мен қалыптасқан дағдылары да ұстаз бейнесін дәл бүгінгідей көз алдымызға әкеледі.

Сапархан ағайдың аудиторияға қазақ­тың халық әндерінің әуеніне салып, естілер-естілмес қана ыңылдап  әндетіп кіретін әдеті болды. Оның осы қазақы болмысы, жүріс-тұрысы өзіне ерекше жарасып тұратын. Қашанда бір нәрсені іштей екшеп, үнемі ой үстінде жүретін Сапекең кейде дауыстап әндетіп аудиторияны бір сергітіп алатын. Бірде сабақ  үстінде:

«Дегенде Шәпибай-ау, Шәпибай-ау

Атымды талға байлап, келдім жаяу.

Атымды талға байлап келсем жаяу,

Шәпи қыз отыр екен ұйқылы ояу» деп, қоңыр дауысына салып әндеткені, тағы бір сабағында «Бір баланың» бір шумағын айтып барып сабағын жалғастырғаны есімізде.

Ұстазды еске алғанда, ең алдымен, оның әр сабағында біздің алдымызда тұрған үстелдің шетіне ала аудиторияға бір қырын беріп аяқтарын айқастырып отырып, салалы саусақтарымен күйсандық тартқандай үстелді сыртылдатып қойып, шәкірттерінің жауабын тыңдайтын сабырлы кейпі көз алдымызға келеді. Сондай-ақ бір нәрсені іштей қорытқан кезде астыңғы ернінің езу тұсын тістеп отырып ойланатын кескіні де жадымызда ерекше жатталып қалыпты. Өзі ұсынған әлдебір өзекті мәселені талқылау басталғанда ол аудитория қабырғасына тым жақын барып, екі қолын артына ұстаған қалпында ойланып, ерсілі-қарсылы жүріп кететін. Сондай сәттерде «Дәрісханада отырған студенттер мен тақтаның арасында емін-еркін жүретін бос орын тұрғанына қарамастан ағайымыз неге қабырғаға өте жақын жүреді екен?» деген ой  еріксіз орала беретін. Бәлкім бұл сауал сол аудиторияда отырған сан сабақтасымызды мазалаған да болар.

Кейде ол сабақ үстінде өзі зерттеп жүрген бір дыбысқа, жұрнаққа қатысты  сұрақ қойып, аудиторияға бажайлай қарайды. Қазір бізге: «Мектеп грамматикасын меңгеруден аса қоймаған, ғылымнан әлі хабары аз 1-2 курс студенттерінен тұшымды пікір естімейтінін жақсы біле тұра неге солай етеді екен?» деген ой келеді. Шамасы зерделі зерттеуші «Осылардың арасында өзіндік ой-пікір, тың тұжырым айтатын, тілге, фонетика мен морфологияға қызығатындар бар ма екен?» деп барлау жасайтын болса керек.

Сабақ барысында немесе емтихан кезінде ол қабағын шытып, күйіп-пісіп ашуланып немесе біреуге дауыс көтеріп, ұрысып-зекіп көрген емес. Біреудің ­намысына тиіп, қатты кемсітіп, соңына түскенін де естіп-көрмеппіз. Керісінше, білуге ұмтылатын, мамандығына жауапкершілікпен қарайтын шәкірттеріне деген қамқорлығы мен тілектестігін ғана көрдік. Иә, оның мақтамен бауыздағандай етіп, сынай сөйлейтін, ретіне қарай сөзбен іліп өтетін кездері де болғанын шәкірттері ұмыта қоймаса керек. Бірақ ешқашан әдептен озбайтын. Оның сыны өте орынды, әділетті болғандықтан әркім өз кінәсін біліп, ешкім ренжіп, дық сақтамайтын. Өткен сабақты меңгермеген, негізінен фонетикалық немесе морфологиялық талдаудан қатені көп жіберген пәнге құлқы жоқ студентке: «Оу, жолдас, сіз нөл екенсіз ғой.Отырыңыз» деп, алдындағы шағын ғана журналына «екі» деген бағаны баттитып қоя салып, дегбірі қашқан шәкіртіне сынай қарап, сабырлы қалпын сақтап отыра беретін. Біз білетін Сапекеңнің ең төмен бағасы, ең қатты айтқаны осы –«Сіз нөл екенсіз» ғой деген сөз. Сондықтан әр студент «нөл екенсіз ғой» деген сөзді естімеу үшін басқа пәнді оқымаса да, Сапекеңнің сабағына жанын салып дайындалатын. «Фонетика мен морфологияны жақсы меңгердім» деген студенттің өзі үнемі ізденіп, өткенді қайталап отырмаса, қырағы доценттің сынағынан сүрініп қалатынын жақсы білетін. Өйткені ол әр бағасын студенттің білімі мен дайындығын түрлі сұрақтар қою арқылы жан-жақты анықтап, әбден тексеріп барып қана қоятын. Ол білімді бағалауға сараң да жомарт та емес, өте әділ еді. Біз ол жүргізген екі пән бойынша 1-курста фонетикадан, 2-курста морфологиядан емтихан тапсырдық. Бұл пәндерден 5 алғандар бірді-екілі, 4 алғандар да аса көп емес. Бірақ «Мырзабеков мырзалық танытпады, Сапекең сараңдық қылды» деп ренжіген ешкімді көрмедік. Шәкірттерінің білімін әділ бағалау арқылы ол пәннің де, педагог ретінде өзінің де қадірін түсірмейтін ұстаз ретінде талай шәкірттің есінде қалды.

Оның сабағында орфоэпиялық норманы бұзып сөйлесең, бірден тоқтатып ескерту айтатын. «Өлең», «бүгін» «мұрын» сияқты сөздердің екінші буынындағы қысаң дауысты дыбыстарды жазылуы бойынша айтып қалсаңыз: «Оу, жолдас, сендер осы екінші буындағы е, і, ы езуліктерін езулерің  жырылып кетпей қалай айтасыңдар. Мен осыған таңғаламын. Өздеріңді қинамай, «өлөң», «бүгүн»,  «мұрұн» десеңдер, сөз де әуезді айтылып, тілге де жеңіл болар еді ғой» дейтін де, «Осының бәрі жазудың жетегінде кеткендік қой» деп оның себебін де түсіндіре кететін. Әр сабағында ерінбей-жалықпай айтып отыратын осы ескертулері жүздеген маманның қазақша дұрыс сөйлеу дағдысын қалыптастырғанына еш күмәніміз жоқ.

Шәкірттің бәрі ұстазының көңілінен шыға бермейтіні белгілі ғой. Сабағына салғырт қарайтын немесе сол фонетика мен морфология миына кірмей қойған шәкірттеріне деген оның қарым-қатынасы да қызық еді. Сабақ сұрарда Сапекең ондай шәкірттерінің атын жорта ұмытып қалып, «Сенің атың кім еді?» дейтін немесе көп жағдайда  фамилиясының бір әрпін түсіріп, кейде әріп қосып қасақана бұрмалап айтатын. Кейде тіпті «мына мықтыларға сөз берелік» деп аудитория назарын бір адамға аударатын кезі де болады. Бұлар аса сабырлы ұстаздың ерінбей-жалықпай еткен еңбегінің қайтарымы болмағанда, әбден күйінгенде қолданатын «жазалары», ілмек сөздері еді. Сапекеңнің «мықтыларының» санатына қосылып кетпейік деп жүріп, талай филолог фонетика мен морфологияны жақсы меңгеріп шықты, шын мәніндегі нағыз мықты маман болып қалыптасты.

 

«АБАЙ» ДЕП СӨЗ БАСТАҒАН

 

1973 жылы «Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктердің құрылымына статистика-лингвис­тикалық талдау (Мұхтар Омар­ханұлы Әуезовтің«Абай жолы» романы бойынша)» деген тақырыпта кандидат­тық диссертация қорғаған Сапархан ­Мырзабеков ағайымыз «Абай жолы» ­романын жақсы білетін.

Алғашқы сабақтарының бірінде-ақ ол: «Абай жолы» қалай басталатыны естеріңде ме?» деп, бәрімізге барлай қарап алып романнан үзінді оқыды.

«Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне шәкірт бала барын салды. Қорықтан күн шыға атқа мінейік деп асық-қанды. Бұны қаладан алып қайтқалы барған ағайыны Байтасты да таң атар-атпастан өзі оятып тұрғызып еді.

Күнұзын аттан да түcпей, өзге жүргін­шілерден оқ бойы алда отырған. Кей-кейде өзіне таныс Көкүйрім мен Буратиген, Тақырбұлақ сияқты қоныс-құдықтардың тұс-тұсына келгенде бала оқшау шығып, астындағы жарау құла бестісін ағызып-ағызып та алады» деп тоқтады да: «Ал енді мына сөйлемді талдап көріңдерші» деп, мәтіннен бір сөйлемді үзіп алып аудиторияға ұсынды.

Біз 1-курста оқып жүргенде ағайымыз Абай өлеңдерінің бір тармағын алып, фонетикалық талдау жасатады. Кейде ақынның бір өлеңін өзі бастап оқып келе жатады да, кілт тоқтап, аудиторияға қарап бөгеліп тұрып қалады. Біз  «келесі жолдары ағайдың есіне түспей тұр екен ғой» деп, өлеңді жалғап жібереміз. Кейде тоқтаған жерінен «ары қарай қалай еді?» деп бізге қарайды. Өлеңнің келесі жолдарын жатқа білетіндеріміз одан әрі жалғастырып оқып жатамыз. Енді бірде өлеңді өзі ­бастап оқып келе жатады да «Бәленшеев» ары қарай сен жалғастырып жіберші» деп кез келгеніміздің аты-жөнімізді атай салады. Үнемі сөйтеді. Сөйтсек, бұл Сапекеңнің аудиторияны тексеру тәсілі екен ғой. Ол біздің Абай өлеңдерін мектепте қалай оқығанымызды, қаншалықты жатқа білетінімізді осы әдісімен анықтап жүріпті. Уақыт өте келе біз оның Абай шығармашылығын өте жақсы білетініне, Абай өлеңдерін кез келген жерінен бастап жатқа оқып кететініне көз жеткіздік. Жалпы Сапекең өте Абайшыл зиялы еді. Сөзіне дәйек, ойына тірек керек болса да, өмірлік сұрақтарға жауап іздесе де  ақынның өлеңі мен қара сөзіне жиі жүгініп отыратын, Абайсыз сөз бастамайтын ұстазымыз ұлы ойшылдың қара сөздері мен өлеңдерін жатқа білетін шәкірттеріне де ерекше ықыласпен қарайтыны белгілі болды. Бүгін ойлап отырсақ, аудиторияда өткізген сынақтарынан кейін ол біздіде сол қатарға қосқан сияқты. Олай дейтініміз, бірінші курстың екінші жартысында ағай маған «Абай өлеңдерінің текстологиясы» деген тақырып бойынша курс жұмысын жазуды ұсынды. Екінші курста жетекшіміз өзімізден бір жыл кейін оқуға түскен студенттердің екі тобының алдына апарып осы тақырып бойынша баяндама ­жасатты. Көпшілік алдында нақты тақырып ­бойынша бірінші рет сөйлеп тұрғандықтан әрі жасаған тұжырымдарымыздың ғылыми негізділігіне өзіміз де аса сенімді болмағандықтан топ алдына жүрексіне шықтық. Сол топтардағы өзіміз қатарлы ересек жігіттер мен қыздар сұрақтың астына алғанда қысыла жауап беріп, шекеміз жібіп кеткені естен кетпейді. Артынша курс жұмысының жетекшісі бізді осы тақырыппен студенттердің ғылыми конференциясына қатыстырды. ­Конференциядан кейін І дәрежелі диплом берілді. Ағайымыз ерінбей-жалықпай іздену арқылы ғана нәтижеге қол жеткізуге болатынын айтып, Абай өлеңдерінің текстологиясы бойынша мақала жазуды тапсырды. Ол мақала жазылғанмен университетте оқып жүргенде  жарияланған жоқ. Ғылымнан хабары аз 2 курс студентінің жазғанын дәл сол қалпында мақала ретінде жариялауға келмейтін. Содан 2-3 жыл өткеннен кейін Тіл білімі ­институтына жұмысқа қабылданған соң әлгі қолжазбамызды бөлім меңгерушісі, ғылыми жетекшім Байынқол Қалиевқа көрсеттім. Ол кісі студенттің шимайын ерінбей қырнап, жөндеп, өз тарапынан көп өзгеріс енгізіп, толықтырып жазып «Өлең – сөздің патшасы (Абай өлеңдерінің текстологиясы)» деген тақырыппен 1992 жылы «Жетісу» газетіне екеуміздің атымыздан жариялады. Сөйтіп, университеттегі ұстазым, курс жұмысымның жетекшісі Сапархан ағай ұсынған тақырып бойынша жазғанымызды ғылымдағы ұстазым Байынқол ағай жөнге келтірді. Қос ұстазымның қолдауымен жарық көрген бұл мақала менің ғылымдағы тырнақалды еңбегімнің бірі еді. Араға 30 жыл уақыт салып барып 2020 жылы біз шәкіртіміз М.Әділов екеуміз бірлесіп «Абай тілінің ерекшеліктері» деген ғылыми монография жарияладық. Абай мұрасын зерттеу туралы сөз қозғасақ бізді бұл тақырыпқа бастаған Сапархан ағайымыз әрқашан ойымызда тұрады.

3 курстың басында қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, бізге тарихи грамматика пәнінен дәріс беретін белгілі тілші-ғалым профессор Мархабат Томанов курс жұмысын өзінің жетекшілігімен жазатынымды айтты. Кафедра меңгерушісінің бұл ұйғарымын ести сала Сапархан ағайға бардым. Ол «кафедрада солай шешілді, жаңа тақырып бойынша іздене бер» деді.  Біздің ағаймен ғылыми-зерттеу бағытында бірлесіп жұмыс істеуіміз бұдан әрі жалғаспады. Алайда абзал азамат, аса білікті ұстаз, шәкіртіне үміт артып курс жұмсының тақырыбын ұсынып, көпшіліктің алдына шығарып сөйлетіп, ғылыми конференцияға қатыстырып, бізді ғылым жолына алғаш жетелеген ­Сапархан ағайға деген шынайы құрметіміз жүрек түкпірінде сақталып қалды. Ол  білікті ұстаз болумен қатар мықты морфолог маман, қазақтың дыбыстық жүйесін терең зерделеген белгілі фонетист, фонолог ғалым. Оның ғылыми еңбектері, ғылымдағы жолы туралы жеке тоқталған орынды. «Жазудан гөрі айту әлдеқайда маңызды» деп санаған ғалым қазақтың әр сөзінің айтылуын көрсететін «Қазақ тілінің айтылым сөздігін» жасады. Басқасын айтпа­ғанда осы бір ғана еңбегінің өзі оның аса ізде­німпаздығы мен еңбекқорлығын айғақтап тұр. Ғалымның жүрекжарды пікір­лерін жазып, қолтаңбасымен берген еңбек­тері кітапханамыздың төрінде тұр. Олар­ды жиі қолға аламыз. Абаймен сырласып, ойшыл ақын айтқандай ақырын жүріп, анық басып, сабырлы қалпынан бір айнымай өткен профессор Сапархан Нияз­бекұлы Мырзабеков білім-ғылым ­сапа­рында өзіндік жолы сайрап жатқан ұстаз.

Көңіл көзін ашып, көкірегіне білім нұрын сепкен ұстаздарын сағына да, сүйсіне еске алатын шәкірттерінің, тәжірибелі тіл-әдебиет мамандарының, еңбектеріне жиі жүгінетін ғалымдар қатарының молдығы – ұстаздық етуден, ғылым бағудан жалықпаған Сапархан сапарының сәтті болғанының және әлі де жалғасып жатқанының куәсі. Ұстаз-ғалымның өнегелі өмір жолы жақсының аты, ғалымның хаты өлмейтіндігінің жарқын мысалы, тағы бір айқын дәлелі болып қала береді.

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,

ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор

1996 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы