• Руханият
  • 21 Қазан, 2021

МОЙЫНҚҰМНЫҢ МҰХАНБЕТҚҰЛЫ

...Басын сонау Қырғыз Алатауынан алып, Көктерек (қазіргі Мойынқұм) ауданын да көктей өтетін, аяғы Сарысу жеріне жетіп құлап, құмға сіңіп жоғалатын Шу өзені бойындағы серейген сексеуіл орманы ортасынан ойып тұрып орын алған Карл Маркс (қазіргі Қылышбай) ауылындағы қараша үйде – колхозшылар Сабыр мен Захардың отбасында 1951 жылғы 5 қарашада сәбидің іңгәлаған дауысы естілген еді. Сұмдық соғыстан соң біраз уақыт өтіп, ел еңсесі ептеп көтеріліп қалғанда дүние есігін ашқан ұлдарына ерлі-зайыптылар азан шақырып Мұханбетқұл деген ат қойыпты. Сәл өскенде құлағы қалқиған бидай өңді кішкентай бала болып шыға келген ол ат жалын тартып мінгеннен кейін, міне, деген жігіттікке жетіпті, ал бүгінде есімі ауданнан тыс жерлерге де белгілі, беделді азаматқа айналған.

Қазір аудан орталығы – Мойын­құм ауылында тұратын Мұқан дос туралы ел-жұрттан тек жылы лебіз ғана естисіз. 1920 жылғы марқұм әкесі Сабыр Ахметов Ұлы Отан соғысындағы қан майданның қақ ортасынан  қайтқан қайсар жауынгер еді. Оқ бораған, отқа оранған алапат шайқастан Алла сақтап, аман оралған майдангер 1946 жылы ұнатқан қызымен көңіл жарастырған-ды. Сол аяулы анасының да арғы дүниеге аттанғанына – біраз уақыт. Екеуі ата-аналық парызын адал атқарып, 8 ұл мен қызды өмірге әкелген. Олардан 20 немере, 10 шөбере көрген. Алайда алғашқы бір ұл мен бір қыз кішкене кезінде шетінеп кетіпті...

Ұзақ уақыт әр салада жұмыс істеген Сабыр ақсақал көзі ашық, көңілі ояу, үй ішіндегі тәлімі, тәртібі күшті, жады мықты, ескі есті сөзді жақсы білетін жан болатын. Кезінде ғибаратты, әсерлі әңгімелерін мен де бірнеше рет тыңдағанмын. Анасы да балапандарын тек арлылыққа, адалдыққа бағыттаудан жалықпаған. Ол кездегі адамдар қолы қысқа болғанымен көңілі дарқан, ниеті түзу, ұрпағының қамын ойлайтын еді ғой. Осындай орнықты отбасынан тағылым, тәрбие алған Мұқанның, әрине, әманда алдан көрінетін азамат атанбауы мүмкін емес еді дегім келеді.

Сонымен, бойындағы талап-талпынысы мол, ойындағы арманы да жетіп артылатын ол мектептен соң Алматы малдәрігерлік институтын зоотехник мамандығы бойынша аяқтап алады. Сондай-ақ Құлан ауыл шаруашылығы колледжін мал дәрігерлік фельдшер мамандығымен бітірген. Айтқандай, 1973 жылы институттағы оқуын тауысқан соң, сол уақыттағы тәртіппен екі жыл офицер ретінде (лейтенант, институтта әскери кафедра болған) әскерге алыныпты. Сонда бала күнінен иненің көзінен өтетіндей пысық, әрі қолынан көп нәрсе келетіндігінен, сөзге де шеберлігінен болар, оны Көкшетау (қазіргі Ақмола) облысы Куйбышев аудандық әскери комиссариатына жібереді. Сөйтіп, әскери комиссардың көмекшісі атанып, ауылына аға лейтенант шенімен оралған. Содан жалындап тұрған жас жігіт бір жылдан аса аудандық комсомол комитеті ұйымдастыру бөліміне жетекшілік еткен. Ары қарай алғыр, іскер Мұқанның сан салалы, ­алуан түрлі қызмет жолы байыпты ­басталып кеткен-ді. Кеңшарда зоотехник, кәсіптік-техникалық училищеде комсомол ұйымының хатшысы, аудандық атқару комитетінде нұсқаушы, халықтық бақылау комитетінде ­инспектор, Фурмановка (аудан орталығы) ауылдық кеңесінде төраға болған.

1979 жылы Қазақ мал шаруашы­лығы технологиясы ғылыми-зерттеу институты Ресейдегі Дондағы Ростов өңірінен қалмақ сиырының 200 бас танасын алдырады. Оларды келісімшартпен Мойынқұмдағы Жамбыл атындағы кеңшарда өсіріп жерсіндіреді, басқа да зерттеу жұмысын жүргізеді. Үш жыл ішінде бұл малдың саны 500-ге жетіп, ауданда алғаш рет асыл тұқымды мүйізді қара бөлімшесі құрылған, сөйтіп, олар Мойынқұмның өзімен бірге республиканың кей аймағындағы шаруашылықтарға да таратылған. Мұқан, міне, дәл осы іргелі істің бел ортасында жүріп, институттың етті мал тұқымын өсіру бөлімінің бас зоотехнигі болған.

Мұқанбетқұл Сабыровтың келесі қызмет жолы Биназар ауылымен тығыз байланыста өрбіді. 1990-1994 жылдары осындағы «Хантау» кеңшары парткомының хатшысы, бас экономисі, Биназар ауылдық кеңесінің төрағасы, Биназар ауылының әкімі қызметінде болды. Жалпы жөн-жоба білетін, жаны жайсаң адамға өзгелер үнемі үйір келеді ғой. Мұқанды биназарлықтар өте құрметтеді, өзі де басқаларға шекесінен қарамай, әкіммін демей қызметін ақылмен атқарды. Үлкенмен де, кішімен де тіл табысты, арқасынан қағып, жағдайын түсініп, түйсініп ел арасындағы телі мен тентекті де сабасына түсірді. Менің барлық құрдастарыммен достасып та кетті. Бұл, сөз жоқ, оның басшылық тұрғысындағы адалдығынан, елмен етене жүруінен, сондай-ақ аңқылдаған ақ көңілінен, көпшілікке жайлы жұмысы мен жағымды сөзінен болса ­керек. Осындағы қызметінің барысында шаршамай шапқылап, ­Коминтерн ауылының атын ауыстырып, оған ­Биназар батыр есімінің берілуінде көп шаруа атқарғанын қалай атап айтпаймын?!

– Биназар Ақеділұлы, – дейді Мұқан, – Қоқан хандығының үстемдігіне қаҺармандықпен қарсы тұрған, елін отырықшылыққа баулып егін ектірген, Шу өзенінен тартып суы мол тоған қаздырған, басқа да игі істері көп батыр баба. 190, 200 жылдығы дүркіреп аталып өтіп, онда мен де қызмет қылдым. Осы орайда қазақтың әйгілі Қадыры, ұлтын өлердей сүйген, артына көл-көсір өшпес жауҺар жыр қалдырған атақты Қадыр Мырза Әлінің:

Тірліктің ауыры шын, қиыны шын,

Тарихтың жетіп жатыр күйініші...

Биназар батырлықпен өле білген,

Болашақ ұрпағының бүгіні үшін.

Тарих – жыр, тарих – өлең, тарих – қайғы,

Өзінше әркім оны парықтайды.

Жас ұрпақ ұмытпау керек бабаларын,

Ұмытқан ұрпақ болып жарытпайды! – деп жазғанын айтқаным да жөн.   

Мұқан мұнан кейін де Талдыөзек ауылының әкімі, аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің бастығы, ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіп-одағының төрағасы, аудандық аумақтық басқарманың, аудан әкімі аппаратының бас инспекторы, Мойынқұм ауылдық округі әкімінің орынбасары тәрізді қызметтерді де абыроймен атқарды. 2014 жылдан зейнеткер. Бірақ жасынан бойында сіңген әдетімен әлі күнге дейін қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады, қашанда халыққа қажет іс десе ілгері басып, елеңдеп елден бұрын жүгіре жөнеледі, өз ұсыныс, пікірін айтып жедел жетеді. Сондай әдемі әрекеттерін жиі көргендіктен болар, қатарлығыма басып, менің оған қалжыңдап қойған Қажымұқан бабамыздың бүркеншік атына ұқсастырып «Мұқан – ура!» деген атым да бар...

Өз ойындағысын бүкпесіз ашық айтады, қандай іске де үлкен жауапкершілікпен қарайды, тындырымды, тиянақты, талапшыл. Халық арасында беделді, көпшілікке, жора-жолдастарына сыйлы. Сөзі басшыға да, басқаға да өтімді, көзі кемшілік, кемістікті көрсе қырандарша «қиядан шалады». Қазір имандылық жолын берік ұстанған, намаз оқитын, ізгі тілегі төгіліп тұратын ел ішіндегі қадірлі қарияның бірі.

Бір нәрсеге ұмтылса, соны жеріне жеткізбей, аяқтамай тыным таппайды. Тәуелсіздікке қолы жетісімен қайран қазағымыздың өлгені тіріліп,  өшкені жанды ғой. Мұқан да аудан басшыларымен ақылдаса отырып Биназар қоры (Биназар қоғамдық қорын мен де он жылдай басқардым) мен Қылышбай ақын қорының құрылуына мұрындық болды, оларға жетекшілік етіп, жұмысын жедел иіріп әкетті. Карл Марксты Қылышбай ауылы деп өзгертуге де маңдай терін төкті. Осыған орай той өткізіліп, елдімекенге кіре берісте көрнекті ескерткіш белгі орнатылды.

– Қылышбай Ержанұлы Мойын­құм, Шу өніріндегі қарапайым халыққа қамқор болған атақты ақын әрі шешен еді, – дейді Мұқаң тағы да – Ұлы Жамбыл өзінің «Өсиет» деген өлеңінде:

Қылышбайдан таралып,

Сөз нұсқасы келінген,

Дос-жаранға, кемтарға,

Қайырлы бол делінген... – деп бекер атап өтпесе керек. Сол от ауызды, орақ тілді Қылышбай атамыз­дың мынадай да жанға жағар өлең жолдары бар:

Алдымен керек нәрсе білім деген,

Білімсіз ел санатқа ілінбеген.

Екінші, елден таңдап бір сұлу ал,

Қиғаш қас, оймақ ауыз күлімдеген.

Үшінші, елден таңдап бір жүйрік мін,

Шапса да қазған орға сүрінбеген.,

Төртінші, елден таңдап бір мылтық ал,

Көзіне көрінгенді жібермеген.

Бесінші, елден таңдап бір кездік ал,

Алмастай кескендігі білінбеген.

Алтыншы, жас шағыңда күліп-ойна,

Бір күні шал боларсың дірілдеген!

Иә, Мұқан дос өскен-өнген әулеттің арқасүйері, бауырларының барлығына, олардан тараған ұрпақтарына да құшағын кең ашып, ақсақалдық жолымен ақылын айтады, адамдықтың ақ жолына бағыттайды, үлкендік үлгі-өнегесін көрсетеді. Өзі 1975 жылы бас қосып, бірігіп шаңырақ көтерген, сүйіп қосылған жан жары Роза сұлуы екеуі үш ұл, бір қыз өсірді, олардан өрбіген 13 немеренің ата-әжесі болып отыр.

Мұқан Елбасының Алғыс хатын алған, аудандық кеңестің депутаты болып сайланған, 2008 жылы ауданның «Үздік мемлекеттік қызметшісі» атанған, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, Ауыл шаруашылығы Министрлігінің, Жамбыл облысының Құрмет грамотасының және «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері. Басқа да марапаттарының өзі бір төбе.

Бүгінде ол Мойынқұм ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы. Аудандық газеттің белсенді авторы, әртүрлі өзін толғандырған, ойландырған мәнді мәселелер жайында жиі жазып тұрады. Аудан тарихының беймәлім беттерін ашуға да, ескерусіз, елеусіз қалған асылдарымызды танып-білуге өзіндік үлесін қосуда. Айтпақшы, ол компьютердің «құлағында ойнайды», әлеуметтік желіде де өте белсенді. Жас ұрпақтың ұлағатты тәрбиесіне қатысты, халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты жайларға орнықты ой қосып, пікірін білдіріп, ұсынысын айтып отырады.

Мойынқұмның ардақты азаматы Мұханбетқұл Сабыров жайында азды-көпті айтарым осы еді.

Берікбай ҚАДЫҚОВ

1173 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы