• Тұлға
  • 21 Қазан, 2021

БЕДЕЛМЕН ӨРІЛГЕН БЕЛЕСТІ ЖЫЛДАР

Адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі де бірегейі – адамгершілік десек, кез келген адам осы бір қасиетпен егіз жаратылған деп айту қиын. Небір қиын-қыстау кезде сынмен суғарылатын адамгершілігімен дараланатын тұлғалардың бірі – Әлімжан Жарылқағанов. Жауапты қызметтердің тізгінін ерте ұстаған Әлекең өзі шыңдала жүріп, өкшесін басқан талай жасты да шынықтыра білді. Өзінің адамға қамқор болуға дайын тұратын ақжүректілігінің қайтарымы шығар – Әлекең өмір баспалдақтарынан сүрінбей, биікке өз абыройымен көтерілген адам. 
Сөзіміздің дәлелін оның ең алғашқы қызмет жолынан бастасақ. Қазақ журна­листерін даярлайтын жалғыз қарашаңырақ Қазақ Мемлекеттік университетін бітірген жас жігіт 1984 жылы ­Целиноград облыстық телерадио комитетiнiң радио редакциясына тiлшi болып келеді. Қолына енді ғана диплом алған жас маман үшін Қазақстандағы белді бір облыстың телерадио комитетінің тілшісі болу үлкен абырой еді. Бүгінде алпыстың ауылына еркін кірген  Әлекеңнің Алатаудай абыройының алғашқы кірпіші осы телерадио комитетінде қаланды десек артық айтпайтын шығармыз. Мәскеудің бұйрығымен Қазақстанның бес қаласында радио редакциялары ашылғанда Әлімжан Мұратбайұлы Қапшағайға қоныс аударып, «Қазақстан» телерадио комитетіне тікелей бағынышты Қапшағай қалалық радио редакциясын құрып, оны өзі басқарды.

Әлімжан Мұратбайұлының Қапша­ғайда қызмет істеген жылдары жетпіс жыл бойы тұншыққан туған тіліміздің енді ғана еңсесі көтеріліп келе жатқан жылдар еді. Ол қалалық радио редакциясын басқарып жүріп «Қазақ тілі» қоғамының құрылуына мұрындық болып, орыс мектептерінде қазақ сыныптары мен қазақ балабақшаларының ашылуына атсалысты. Қоғамдық негізде атқарса да, «Қазақ тілі» қоғамының беделін көтерді, сол арқылы қазақ тілінің мәртебесін арттырды.

Оның радиода басталған еңбек жолының сәтті жалғасуына кешегі Шер аға-Шерхан Мұртазаның да өзіндік орны бар. Ормандай орысы көп Қапшағай қаласындағы радионы басқарып әрі «Қазақ тілі» қоғамының бір уығын ұстасып, шаңырағының тік көтерілуіне үлес қосып жүрген Ә.Жарылқағанов сияқты жас маманның орны бұдан да жоғары жерде екенін Шер-аға дер кезінде аңдады. Талантына талабы ұштасқан жастарды тап басып танып, оны қазақ баспасөзінің қара қазанына аямай салатын, сол арқылы ширатып-шынықтырып алатын Шерхан ағаның берген бағасының арқасында Мәскеудегі КСРО телерадио комитеті жанындағы Останкино, Шаболовка телерадио орталықтарында тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды. Теледидардан ғана еститін мұндай атақты телестудиялардың табалдырығын аттап, ондағы іскерлігімен аты шыққан журналистерден тәлім алу жас маман үшін зор мәртебе болды. Келісімен оны Шер-ағаң «Қазақстан» телерадио комитетіне қарасты Алматы қаласы мен облысына радио хабарларын тарату бас редакциясына бас редактор етіп тағайындады. Арада бір жыл өткенде «Қазақстан» телерадио комитетінің шетелдерге радио хабарларларын тарату арнасының директоры ­лауазымын иеленді.

Радиода өткен күндері Әлімжанның өмір жолындағы ең бір жарқын кезеңдер болды. Қазақтың «Левитаны» атанған Әнуарбек аға Байжанбаевпен, Айман Ақшалова, Сауық Жақанова, Нұрлан Өнербаев сынды белгілі дикторлармен қанаттас қызмет атқару бақытына ие болды. Әлекең сол күндерден естелік айта қалса: «Әнуарбек ағаны «қазақтың Левитаны» деп емес, керісінше, Левитанды «орыстың Әнуарбегі» деп атау керек деп отырады. Әнуарбек ағасына деген алғаусыз көңілден туған ниеті болса да, оның бұл сөзінде шындықтың ­барын сол кезде Әнуарбек ағаның ерекше ­дауысы құлағында қалған ұрпақ жақсы сезінеді. Жақсы адамдардың жанында толымды еңбектің көрігін қыздырған еңбегінің елеусіз қалмағанын Әлекеңнің 1987 жылы «Правда» газетінің бас редакторы Г.Марков кол қойған «КСРО Журналис­тер Одағының мүшесі» деген куәлігі-ақ дәлелдеп тұрғандай.

Тоқсаныншы жылдың ­басында Әлімжан Мұратбайұлы Қазақстан ­Республикасы Ішкі істер министрлігінің Штаб бас басқармасына қарасты Баспасөз орталығына бастық болып келеді. Бұл еліміздің экономикасы күрделі кезеңді ­бастан кешірген жылдар еді. Тәртібі темірдей салаға келіп, иығына погон тағу, таң бозынан басталатын түрлі жауынгерлік жаттығуларға жүгіріп, қызметкерлердің жинақылығы мен жауапкершілігін сынау үшін оқтын-оқтын ұйымдастырылатын дабылдардың ортасынан табылу, күні бойы республиканың әр түкпірінен бұрқ ете қалатын ауыр қылмыстардың жай-күйін зерттеп, оны журналистерге жеткізу, түрлі басылымдардың басын қосып брифингтер мен баспасөз мәслихаттарын өткізу сияқты қым-қуыт шаруаның арасында қол астындағы қыз-жігіттердің тұрмыстық та, қызметтік те жағдайларына көңіл аудару, бір сөзбен айтқанда түннің бір уағына дейін созылатын жұмыс күндеріне көндігу еркін жүрген журналиске оңай болған жоқ. Алайда алмағайып жұмыстың жауапкершілігімен шыңдалып, тәжірибе жинақтаған күндерге күндер жалғасып жатты. Әлімжанның ішкі істер органындағы баспасөз қызметінің қыр-сырына қаныққан маман болып қалыптасуына бұрынғы Ішкі істер министрі, генерал-полковник Қайырбек Шошанұлы Сүлейменовтің ағалық қамқорлығы аз болған жоқ. Ол өзінің баспасөз хатшысына сенім арта отырып, сынады да, сынай отырып шыңдады да. Ең бастысы, осындай қамқор адамның сенімінен шығуына Әлекеңнің бойындағы туа бітті еңбекқорлығы көмектессе, шыңдалуына төзімі көмектесті. Әлекең бұл жауапты қызметті бес жыл атқарды. Одан кейін де атқарған қызметтерінің тізгінін берік ұстай алды. Көліктегі Бас Ішкі істер департаментінің Кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары, Әділет министрлігінде, ҚР Ішкі істер министрлігінде Ақпарат және қоғаммен байланыс басқармасының бастығы, ІІМ Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы, Көліктегі Батыс ІІД бастығының тәрбие және кадр жұмысы жөніндегі орынбасары бола жүріп, тәрбиенің түп қазығы болатын ұлттық құндылықтардың салтанат құруына аянбай атсалысты. Ал Әлекеңді кез келген адам оңайлықпен шыға алмайтын абырой деген шыңның биігіне шығарған бір қасиеті – қашанда жақсы істердің бастамашысы бола білетіні. Соның бір ғана дәлелі – Қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет атқарып жүргенде осындай маңызы зор саланың жаршысы болар басылымның жоқ екенін ескеріп, «Жазаларды орындау – Исполнение ­наказаний» журналының алғашқы сандарын бір өзі шығарған жанкештілігін айту парыз.

– Аталған журнал еліміздің пени­тенциарлық жүйесінің қызметін елге жеткізетін тұңғыш басылым. Бұл журнал жарыққа шыққан кезде тек Қазақстанда ғана емес, Орталық ­Азияда мұндай журнал болған жоқ. Мен ол кезде Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде Сотталғандар арасындағы тәрбие жұмыстары басқармасына қарасты халықаралық ұйымдармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бөлімінің бастығы қызметінде едім. Міндетім – республикалық бұқаралық ақпарат құралдарымен және үкіметтік емес ұйымдармен б­айланысты жақсартып, ведомствалық басылым ашу болатын. Себебі сол жылдары Қылмыстық-атқару жүйесі комитетін Ішкі істер министрлігінің қарауынан алып, Әділет министрлігінің құрамына қосқан еді. Ол жылы қылмыстық заңнамаларды ізгілендіру жұмысының жаңа басталып жатқан кезі. Осы міндеттерді насихаттау мақсатында жоғарыда аталған журналды шығаруды қолға алдым. Журнал шығару үшін бізге берілген уақыт – екі ай. Әрине, тыңнан түрен салу оңай болған жоқ. Басылымда Қылмыстық-атқару жүйесінің сан-салалы қызметін қамту үшін қысқа уақытта көп ізденуге тура келді. Журналдың бар жауапкершілігі жүктелген мен үшін екі ай уақыт екі күн сияқты зулады десем де болады. Ең бірінші маған көмек қолын созған Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінің журналистика факультетінің сол кездегі деканы Айтмұхамбет Есдәулетов болды, – деп еске алады Әлімжан Мұратбайұлы.

Бұдан кейін де ол Ішкі істер министр­лігінің «Ардагер», «Динамо» және Әділет министрлігінің «Әділет» журналдарының тұңғыш сандарын шығарды.

Әлекеңнің тағы бір айта кететін қыры, ол – еліміздегі ішкі істер органдарына қарасты басылымдардың тарихын зерттеп жүрген Қазақстандағы бірден бір журналист. Тәуелсіз Қазақстанның ішкі істер баспасөзінің шежіресін жасап, оқырмандар назарына ұсынуының өзі үлкен еңбек. Ол өзінің «Ішкі істер саласы және баспасөз» атты монографиялық-ғылыми еңбегі арқылы тек сала баспасөзінің ғана емес, тұтас ішкі істер қызметінің де толық жылнамасын жасап шықты. Оңай жұмыс болған жоқ, әрине. Қазақстанның ішкі істер органдарын қай жылдарда қандай комиссарлар мен министрлер басқарғаны, ортақ іске кімнің қандай үлес қосқаны туралы тың мәліметтер жинау үшін архивтерді ақтарды, ішкі істер саласы баспасөзінің даму арналары және қалыптасу кезеңдерін саралап, таразылады.

Әлімжан Жарылқағанов Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты «Ұялы» дейдін шағын ауылда туып-өскен. Осы бір қазақтың қаймағы бұзылмаған ауылдың тұрғындары Қазақстанның тұңғыш Премьер-Министрі Ұзақбай Қарамановтың да «Ұялыда» туғанын мақтан етеді. «Менің өмірімде жақсы адамдар көп. Студенттік кезді «ҚазМУ-дың алтын түлектері» дейтін ­буынмен бірге өткіздім. Біздің курстан ­Алтынбек Сәрсенбаев бастаған қазақ журналистикасының көптеген майталмандары шықты. Олардың түгелге жуығы қазір егеменді еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарын дөңгелетіп жүр»  дейді Әлекең.

Әлімжан Мұратбайұлының отбасылық өмірін зерделегенде «Ер жігіттің аты жақсы болса бір бақыт, алған жары жақсы болса мың бақыт» деген сөз ойға орала кетеді. Әлекең мен Маржанның шаңырақ көтергеніне биыл 40 жыл болды. Осы уақыт ішінде олар тек қызметте ғана емес, жанұялық өмірде де өзгелерге өнеге бола білді. Маржан Қайырсапақызы да ұзақ жылдар ішкі істер органының көші-қон саласында лауазымды қызметтер атқара жүріп, үш қызына тәлімді тәрбие бере білді. Бүгінде олардың Ғалиясы мен Гауһары, Гүлмирасы бір-бір әулеттің ­алтын қазығы.

 Әлекең қазақтың «Туған жерге туыңды тік!» деген аталы сөзін ісімен дәлелдеп, полковник шенімен отставкаға шыққан соң Елордадан Қызылорда облысына қоныс аударды. Облыстың сол кездегі әкімі Қырымбек Көшербаевтың шақыруымен 2013 жылдан бастап Қызылорда облыстық Ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары, Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы лауазымдарын атқарды. 2017-2020 жылдар аралығында өзінің балалық шағы өткен Қазалы ауданы әкімінің орынбасары болып абыройлы қызмет етті. Бұдан кейін Әлімжан Мұратбайұлы өзі негізін қалауға атсалысқан «Сақшы», «На страже» газеттері мен ­«Полиция» журналдары шығатын Ішкі істер органдарының медиа орталығын басқарды.

Полиция полковнигі, ғылым кан­ди­даты Әлімжан Мұратбайұлы ­Жарыл­қағанов осындай еңбек жолынан абыроймен өткен бақытты азамат.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА,

Отставкадағы полиция

майоры, журналист

2039 рет

көрсетілді

8

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы