• Руханият
  • 21 Қазан, 2021

АҚТӨБЕГЕ ШӘМШІ МЕН ТӨЛЕГЕН КЕЛДІ

Ақтөбе қаласының тұрғындары, облыс, аудандарынан үлкен-кіші жамағат жан тебірентерлік ерекше қуаныштың куәсі болды. Паркет төселіп, жарықтандырылған гүлзарда халқымыздың біртуар тұлғалары – композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Төлеген Айбергеновке ескерткіштер орнатылды.
Бұл күні құдіретті Тәңірі  пенделе­рінің періште пейілін құп алғандай шуағын мейірлене төгіп тұрды.Үп еткен жел жоқ. Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның «Достық сазы»  ұлт аспаптары оркестрі Шәмші-Төлеген шығармашылығының інжуі «Ақ ерке – ақ Жайық»  әуенін құйқылжыта орындап тұр. Қуаныштан жүздері алаулаған қыз-жігіттердің вальс биі көңілдерді көкке өрлеткендей.

Салтанатты сәтті ашқан облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұртшылықты «Вальс королі» атанған ұлы сазгер мен отанымыздан жырақта тірлік кешіп, небәрі отыз жасында бақилық болған талантты ақынның ортаға оралуымен құттықтады. Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет әдебиет пен өнер алыптарына тағзым ету бастамаларының Ақтөбеде сәтімен жалғасып келе жатқанына ризашылықпен назар аударды. Өткен жылы мекен­нің көрікті аудандарында ұлы Абайдың, даңқты қолбасшы, ерлігі аңыз-жырларға арқау болған Едігенің сәулетті ескерткіштері орнатылғаны әңгімеге арқау болды.

Салтанатты шараға арнайы келіп қатысқан Шәмшінің қарын­дасы Райхан Домбаева, Төлеген Айбергеновтің қызы Махаббат ақтөбеліктер ілтипатына ризашы­лығын үлкен тебіреніспен жеткізді.

– Бұл елімізде әйгілі сазгерге орнатылған жетінші ескерткіш, – деді композитор, шәмшітанушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қалдыбек Құрманәлі. – Негізінде Шәмшінің ата-бабасы Ақтөбе аймағында тұрып, өмір сүрген. Мен бүгін облыс орталығынан қырық шақырым жердегі Қалдаяқов ауылына арнайы барып, ұлы тұлға бауырларының мағыналы тірлігін көрдім, «Вальс королін» мәңгі есте қалдыруға деген құлшынысына сүйсіндім.

Біз де қайталанбас ғажайып сәтке жиналғандар арасынан белгілі кәсіпкерлер Арынғазы Беркімбаевты, Қайырғали Арыс­танғалиевті, еңбек ардагер­лері Хабиба Сарқұлованы, Бақыт Ғизатовты және басқаларын көріп қуандық. Қадірлі қонақтардың бірі Қалдыбек Құрманәлімен 2002 жылдың 13 маусымында Шалқар ауданында танысқанбыз. Сидней Олимпиадасының ­чемпионы ­Ермахан Ибраимовпен бірге келіп, батыл ой-пікірлерімен әдемі әсер қалдырып еді. Сол қалпын жоғалтпай, Шәмші ағамыздың асыл мұрасын насихаттаудың алдыңғы санатында жүр.

Қазақстан Жазушылар Одағы­ның басқармасы төрағасының орынбасары, филология ғылымының докторы, профессор Бауыржан Жақып құттықтау сөзінде ақын Айбергенов жайында біршама мағлұмат берді. 1937 жылы дүние есігін ашып, бар болғаны отыз жыл өмір сүрген ақынның соңында қалған үш кітабы баспадан әлденеше рет қайта басылып шығарылды. Терең пәлсапалық толғаныстарға, атамекенге сағынышқа толы жауһар жырлары ұрпақтан-ұрпаққа жетуде. Қыздары Салтанат пен Махаббат Алматы қаласында тұрады, мерекеге арнайы шақырумен келген Махаббат әкеден бес жасында қалыпты, ал апасы денсаулық жағдайымен жолға шыға алмаған, інісі 35 жасында бақилық болыпты, соңында екі қызы бар. Ақын дүниеден өткелі елу төрт жылда атамекені – Қазақстанда алғаш рет Ақтөбеде ескерткіші ашылып отыр. Жазушы-ғалым ақынның «Бір тойым болатыны сөзсіз менің» деп басталатын әйгілі өлеңін нәшіне келтіріп, жатқа айтқанда үлкен-кіші қошеметпен қол соқты.

Шәмшінің ескерткіші ұзын орындықта мандолина ұстап отырған кейпінде тасқа қашалып жасалған, бір шетінде аты-тегі ойылып жазылған. Авторы – мүсінші Жеңіс Жұбанқосов, мүсін биіктігі 1 метр 57 сантиметр. Төлеген бейнесі гранитпен қапталған биік тастұғырға қондырылды, бір жағында латын әрпімен аты-жөні бедерленіпті, алдыңғы жағында «Бір тойым ­болатыны сөзсіз менің» деген сөзі латынша жазылған. Ескерткіш-мүсін ­авторы – Жақсыбай Төлегенов, жалпы биіктігі 3 метр 20 сантиметр, ал мүсін биіктігі 1 метр.

Жұртшылық ескерткіш ір­гесіне гүл шоқтарын қойды, топ­тасып және жеке-дара суретке түсіп жатты.

Аптаның бейсенбі, жұма күнінде ұйымдастырылып, өткізіл­ген мәдени-рухани шаралар Ақтөбе жұртшылығына және қонақ­тарға ұмытылмастай әсер қалдырды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік уни­верситетінің «Мәңгілік ел» ­залында республикалық «Әдебиет. Рух. Қоғам» ­форумында ­облыс әкімі Оңдасын ­Оразалин, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың ­лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет, белгілі ғалым, Ақтөбе облысының құрметті азаматы Амангелді Айталы, Мәдениет және спорт министрлігінің Мұрағат­тар және құжаттама комитеті­нің төрағасы Қуат Бораш, басқа да бірнеше адам сөз сөйледі. Республикалық әдеби байқаудың жеңімпаздары ақын-жазушылар Жұмабай Шаштайұлына, Мейір­хан Ақдәулетұлына, Қасымхан Бегімановқа, Дәурен Қуатқа, Нұржан Қуантайұлына, Гүлімай Әбішқызына, Гүлсамал Аймаха­новаға, Ершат Қайболдинге, Төрежан Мәндібайға, Мырзан Кен­жебайға арнайы номинация бойынша әрқайсысына 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық пен төсбелгі тапсырылды.

Жазушылар Одағының басқар­масы мерейжасқа толған Мейірхан Ақдәулетұлы мен Гүлсамал ­Айма­хановаға құрмет көрсетті.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы­на орай облыс әкімдігінің қолдауы­мен ұйымдастырылған «Едіге деген ер екен» атты республика­лық екікүндік байқауда Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, ­Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарынан, Нұр-Сұлтан, ­Алматы қалаларынан 18 жыршы бақ с­ынады. Нәтижесінде маңғыстау­лық Сәрсенбай Рахманбердиев жеңімпаз деп танылып, бас жүлде – 700 мың теңгенің сертификатын иеленді.

Сәңкібай батыр даңғылындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында «Әдебиет. Рух. Қоғам» форумы аясында бард әнші, дүниеден озғанына он бір жыл болған Табылды Досымов атындағы республикалық «Сәйгүлік» байқауында Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, ­Батыс Қазақстан облыстарынан және Жезқазған, Талдықорған қалаларынан 13 үміткер өз өнерін талғамы биік тыңдарман назарына ұсынды. Құрамында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, композитор, әнші ­Елена Әбдіхалықова, ақын ­Табылды Досымов атындағы қордың төрағасы Бижан Қалмағамбетов бар қазылар алқасы бас жүлде – 1 миллион теңгеге маңғыстаулық Айгүл Құбашты лайықты деп ұйғарды.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі

1463 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы