• Қоғам
  • 21 Қазан, 2021

FAKE NEWS: ЖАЛҒАН АҚПАРАТТЫ КІМ ЖӘНЕ НЕ ҮШІН ТАРАТАДЫ?

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

«Ana tili»

«Ана жақта апат болып жатыр», ­«Коронавирус қолдан жасалған екен», «Вакцина салдырғандардың бәрі өледі екен»... Осы мәндес ақпарат әлемжеліні шарлап жүр. Мұндай көпшілікте үрей ­тудыратын, жаңылдыратын ақпараттарды кім қандай мақсатта таратады? Қандай жауапкершілік көзделген? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын білу үшін ­мамандармен тілдесіп көрдік.

ҚАНДАЙ ФЕЙК ЖАҢАЛЫҚ  КӨП ТАРАЙДЫ?

Factcheck.kz сайтының бас редакторы Думан Смақовтың айтуынша, жалған ақпарат Telegram мен WhatsApp желісінде жиі тарайды. Әсіресе туысқандар, достар, сыныптастар отыратын чаттарда тексерілмеген ақпарат таратылып жатады. Ал Facebook қазір орыс немесе ағылшын тіліндегі күдікті ақпараттарға «жалған ақпарат болуы мүмкін» деген белгі қоятын болған. Youtube жалған ақпаратты өшіріп тастауға ­тырысады.

«Көбінесе «Сіздерді өлтірейін деп жатыр», «Вакцинаға сенбеңіздер», «Вакцина зиян» деген сынды адамның психологиялық-эмоционалдық жағдайына әсер ететін ақпараттар өте жиі ­тарайды. Былтырдан бері «Коронавирусты Чарльз Либер деген адам ойлап тапқан», «Адыраспан коронавирустан емдейді», «Қойдың майы коронавирусқа ем», «Ұшақпен у шашып жатыр», «Бірінші тоқсан біткеннен кейін балалардың бәрі онлайн оқуға көшеді екен, себебі мектепте әдейі коронавирус жұқтырады екен» деген жалған ақпараттар көпшілікті жаңылдырып келеді», – дейді ол.

ҚАНДАЙ ЖАЗА  ҚАРАСТЫРЫЛҒАН?

Елімізде жалған ақпарат таратқандарға қылмыстық жауапкершілік көзделген. Заңгер Ержан Болатбектің айтуынша, қоғамдық тәртіпті бұзу, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, қоғамның, мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат таратқандар Қылмыстық кодексінің 274-бабымен жауапкершілікке тартылады.

«Қарапайым тілмен айтсақ, егер таратылған жалған ақпарат резонанс тудырып, қоғамға, азаматтарға зиян тигізу қаупін тудырса, онда ол қылмыс болады. Мысал ретінде апатты жағдайлар жайлы фейк ақпараттарды айтуға болады. Ондай ақпараттар қоғамда тұрақсыздық тудырып, түрлі негативті жағдайға алып келуі мүмкін. Осы қылмыс үшін азаматтар 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлдан ­бастап 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жазалануы мүмкін», – дейді заңгер.

Заңгерден дәл осылай біле тұра жал­ған ақпарат таратып, адам санасын мани­­пу­ляция жасағандар қандай жазаға тартылғанын да сұрадық. Жоғары соттың ақпараттық сервистеріне сәйкес, былтыр 274-бап бойынша сот 7 қылмыстық істі қараған.

2020 жылдың наурызында Сырдария ауданының азаматы WhatsApp желісіндегі түлектер чатына сол ауылдың басқа бір тұрғыны короновирусқа шалдыққаны туралы жалған ақпарат таратады. Нәтижесінде ауыл тұрғынын карантинге жатқызып, сынамалар алып, түрлі қолайсыздықтарға ұшырайды. Өзі туралы жалған ақпарат таратқанын білген адам полицияға арызданған. Қылмыскер үш жылға бас бостандығынан шектелді.

Дәл сол кезеңде Жезқазған қаласының медбикесі WhatsApp-та «Жезқазғанда үш адамда коронавирус шықты» деген ақпаратты таратқаны үшін бас бостан­дығынан үш жарым жылға шектелді.

«Ковидқа дейін осы бап бойынша істердің көбі түрлі апаттар жайлы фейк видеоларға қатысты еді. Мысалы, Семей қаласының азаматы YouTube желісіне тұрғын үйдің құлап жатқан видеосын жүктеп, ол оқиға жақында Семейде болғанын жазады. Ал шын мәнінде видео біраз жыл бұрын Ресейде болған апатқа қатысты еді. Нәтижесінде азамат бас бостандығынан шектелді», – дейді заңгер.

Дегенмен Қазақстанда жала жабу қылмыс болып саналмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Қылмыстық кодекстің 130-бабы – «жала жабуды» қылмыс деп танымай, Әкімшілік кодекске ауыстыру туралы шешім қабылдаған еді.

ЖАЛҒАН АҚПАРАТТЫ  КІМДЕР ТАРАТАДЫ?

Жалған ақпаратты кім, қандай мақсатта таратады деген сауал туындайды. Психолог Гүлжан Досболқызы жалған ақпарат тарататындардың алдында қандай да бір мақсаты болатынын айтады.

«Жалған ақпарат тарату, өтірік айту – манипуляция жасаудың бір түрі. «Адамдар неге мұндай қадамға барады?» деген сауалға нақты осы жауап беру қиын. Өтірік сөйлеп, сондай ақпарат тарататындарды нақты бір типке жатқызып, психотик немесе шизофрениктер ғана солай істейді деп айта алмаймыз. Себебі әр адамның ішіндегі мақсат, оған итермелеген себеп әртүрлі болуы мүмкін», – дейді психолог.

Психологтың айтуынша, бала кездегі соққылар да адамның есейе келе өтірікті көп айтуына әсер ете алады. Ол үйдегі тәрбиеге, құндылықтарға, отбасындағы психологиялық, эмоционалдық жағдайға байланысты. Егер бұл әдет бала кезде іртегасын қаласа, одан арылу да қиын көрінеді.

Кейбір адамдар өзіне назар аударту үшін, өзін ерекше қылып көрсету үшін, өзінің шындығына сендіру үшін де мұндай қадамға барады екен. Мысалы, былтыр әлеуметтік желілерде суда жүзу коронавирустан емдейтіні туралы ақпарат тарады. Фактчекерлер зерттей келе оны жүзуді үйрететін жаттықтырушы таратқанын анықтаған. Сонымен қатар пандемия басталған кезде «суға кеткен тал қармайдының» кебін киген көпшілік коронавирусқа ем болады деген кез келген нәрсені сатып алуға дайын болды. Соның арқасында қойдың майы, лимон, зімбірдің саудасын жүргізгендер болды.

Жалған ақпарат құрастырушылардың негізі тәсілі – «әкімшіліктегі танысым айтты», «полициядағы ағам айтты», «көршім көзімен көріпті» деген тіркестер. Жалпы психологтардың айтуынша, адамдар жақындарынан, таныстарынан келген ақпаратқа қатты сенеді. Сол себепті де әлеуметтік желідегі тусықандар чатында осындай ақпараттар көп таралады. Сонымен қатар мұндай жалған хабарлардың таралуына адамдардың жалқаулығы да себеп болып отыр. Өйткені көп адам ақпараттың күдікті екенін біліп тұрса да, арнайы сервистерді ашып, оның рас-өтірігін тексеруге ерінеді.

ҚАЛАЙ ТЕКСЕРЕМІЗ?

Factcheck.kz сайтының бас редакторы ақпараттың жалған, не рас екенін арнайы мамандар ғана емес, кез келген ниетті адам тексере алатынын айтады.

«Бірінші, ресми органның ақпарат көздерін қарау керек. Себебі кез келген атқарушы органға өзі, туыстары жұтатын ауаны, ішетін суды улау тиімсіз. Егер ол коронавирусқа қатысты ақпарат болса, Денсаулық сақтау министрілігінің ресми сайты, coronavirus2020.kz, factcheck.kz сайттарын оқуға болады. Әсіресе қарапайым тәсіл – Google желісінен іздеп, салыстыру. Алайда бұл жерде де жалған ақпарат таратушылар болуы мүмкін екенін естен шығармау керек» деп ескертеді Думан Смақов.

 

1834 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы