• Білім және ғылым
  • 21 Қазан, 2021

ЖАПОНИЯНЫҢ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ 30 ЕРЕКШЕЛІК

Әр елдің білім саласындағы ­реформасы әртүрлі. Тіпті кей елдің артықшылықтары да бар. Ал дамуы озық деп саналатын жапон елінің балалары мектепте қалай оқиды? Жапонияның білім саласында қандай ерекшеліктер бар? Біз жапонның  оқушы қыздары киетін киім үлгісі бір кезде сәнге айналғанын да біле бермейміз. Сонымен...

1. Жапонияда балабақшаға бару міндетті, жапон сәбилері үш жастан бастап, балабақшаның есігін ашады. Үш жастан бастап, жапон сәбилері сандарды үйреніп, әріп тани бастайды.

2. Балалар бастауыш сыныпқа қабыл­дану үшін арнайы емтихан ­тапсырады. Емтиханды сәтсіз тапсырғандар ­келер жылы мектепке түсу үшін арнайы дайын­дық курсына қайтадан барып оқиды.

3. Бастауыш және орта мектепте оқу міндетті және тегін. Ал жоғары сыныпта және университетте оқу ақылы.

4. Бастауыш сыныпта үйге тапсырма берілмейді. Ал орта және жоғары сыныпта оқу оңай емес. Тапсырма өте көп. Сондықтан да жапон мектебінің жоғары сынып оқушылары әлемдегі қолы босай бермейтін балалардың қатарында.

5. Әр мектептің формасы бір-біріне ұқсай бермейді.

6. Мектепке кіргеннен кейін әр оқу­шы­ның аяқ киімін қояр өз шкафы бар.

7. Мектеп оқушылары қатаң түрде бірыңғай шаш қию үлгісін қолданады. Тәртіп солай. Жеке және мемлекеттік мектептерде оқушыларға ұзын шаш өсіруге рұқсат берілмейді. Шаш қысқа болуы қажет.

8. Ал қыздарға шашты, ерінді, бетті бояп, опа-далап жағуға тыйым салынған.

9. Оқушылар ақ, қара немесе қара-көк киім киюге міндетті. Егер оқушы қоңыр түсті киім киіп келсе, бұл мектеп ережесіне қайшы болып саналады. Ондай жағдайда оқушы киімі «тәркіленеді».

10. Жапонияның Токио және  Йокогаме қалаларында түнгі сағат 22:00-ден кейін оқушылар үшін коменданттық сағат енгізілген. 18 жасқа дейінгі балалардың түнгі оннан кейін кинотеатрға баруына рұқсат жоқ.

11. Айта кетер бір жайт, жапон балалары 4 сыныпқа, 10 жасқа  дейін емтихан тапсырмайды. Тек өзіндік жұмыс тапсырады. Жапондықтар үшін алғашқы үш жылда академиялық білім беру міндетті емес. Негізінен басты назар тәрбиеге, үлкендерді құрметтеуге, қоршаған ортаны аялап, қастерлеуге арналады.

12. Мектеп оқушылары әдетте сынып ауыстырмайды, бір жыл бойы бір бөлмеде отырады.

13. Оқушылар жүргізіп оқып, жаза алуы үшін кем дегенде 2500 таңбаны жаттауы керек.

14. Жапон балалары сауатты болуы үшін жапон иероглифін, жапондық нұсқадағы қытай иероглифін және латын алфавитін білуі керек.

15. Жапон мектептерінде математика, жапон тілі мен тарихы, қолөнер, салт-дәстүр, музыка мен дене шынықтыру негізгі пән болып саналады.

16. Мектеп түлектері білімін жетілдіру үшін ақпараттық технологияны жиі қолданады. Барлық білім ордасында интернет қолжетімді.

17. Сынып оқушылары ұсақ топтарға бөлінеді. Жапон оқушылары бала жасынан тазалыққа дағдыланған. 

18. Жапон мектептерінде футбол, кендо, бейсбол, дзюдо, теннис, жеңіл атлетика, жүзу, волейбол, регби және каллиграфия, математика клубтары жақсы дамыған. Клуб мүшелері сабақтан тыс уақытта жиі бас қосады. Бірігіп, арнайы сабақ өтеді. 

19. Жапон мектептерінде техни­калық қызметкер жоқ. Сабақ біткен соң, оқушылар сыныпты, дәлізді, әжетхананы өздері тазартып, жуады.

20. Жапонияда балалар бастауыш сыныпты – 6 жыл, орта сыныпты – 3 жыл, жоғары сыныпты – 4 жыл оқиды. Ал университеттегі оқу ұзақтығы  – 4 жыл шамасында екенін айта кетуіміз керек.

21. Оқу жылы Жапонияда сәуір айында басталады. Бірінші семестр – сәуірден шілдеге дейін, екіншісі – қыркүйектен желтоқсанға дейін, үшінші семестр –қаңтардан наурыз айынның ортасына дейін болып есептеледі. Ал оқушылар үшін демалыс каникулы – бір-бір жарым ай. Негізінен тамыз айы оқушылар үшін демалыс мерзімі  болып саналады.

22. Оқушыларға үй тапсырмасы жазғы және қысқы демалыс кезінде беріледі. Демалыс болғанымен үй тапсырмасын орындау үшін жапон оқушылары мектепке барып дайындала береді.

23. Негізінен сабақтың өту уақыты сағат 8:30-15:00 аралығында. 1992 жылдан бастап оқушылардың миына күш түсірмеу үшін сенбі мен жексенбі демалыс күні болып жарияланды. Ал кейбір  білім ордасында сенбі күні де оқу бар.

24. Жапон мұғалімдері бір-бірінің орнын ауыстырмайды. Егер мұғалім ауырып, келмей қалса, жапон балалары өздері оқып, сабақты үзбей жалғастыра береді. Бірақ олардың қалай оқып, ізденіп отырғанын тексеріп тұратын бақылаушы мұғалім бар.

25. Жүзу Жапонияның арнайы оқу бағдарламасына енген. Көптеген мектепте жүзу бассейні бар. Оқушылар қысқа қашықтыққа жүзіп, жарысады. Егер оқушылар жүзуді үйренбей, сабаққа немқұрайлы қатысса, жазғы сынаққа қалдырылады.

26. Жапон балалары тамақты үйден әкеледі. Мұғалімімен отырып, сыныпта тамақтанады. Әр мектепте диетолог бар. Арнайы маман оқушылардың тамағын тексеріп отырады. Мектепке кәмпит, балмұздақ және тағы басқа тәтті нәрселер мен дәрілерді алып келуге тыйым салынған.

27. Білім ордасына ұялы телефон алып кіруге болмайды. Егер әкелген жағдайда ол мұғалім тарапынан дереу тәркіленеді. Оқушы ұялы телефонды мектеп аумағынан тыс жерде ғана пайдалана алады.

28. Жапон оқушылары жоғары сы­ныпқа өтер кезде міндетті түрде арнайы емтихан тапсырады. Тіпті әр оқушы үшін әр семестрдің алдында университеттегідей арнайы емтихан, сынақ бар.

29. Жапонияда «мектеп автобусы» деген ұғым жоқ. Оқушылар велосипедпен, қоғамдық көлікпен мектепке барады. Жапондықтар төменгі сыныптан бастап, балаларын дайындық мектебіне береді. Әсіресе кешкі сағат 21:00-дің шамасында қоғамдық көліктерге оқушылар толып кетеді. Олар – дайындық мектебінен үйіне қайтқан балалар.

30. Егер жоғары оқу орнына түсу кезінде нәтижеңіз өте жақсы болса, ірі компаниялардың қызығушылығы да жоғары болады. Тіпті кейбір фирмалар маман тарту үшін жоғары нәтижеге қол жеткізген түлектерді жұмысқа шақырып, оқу ақысын өздері төлеп отырады.

ТҮЙІН

Әрине, бір жағынан алып қарағанда, Жапониядағы оқу үрдісінің бізге жақын, ұқсас жақтары да бар шығар. Бірақ салыстырмалы түрде айтсақ, жапон оқушылары қатал тәртіпке бағынған. Сабаққа қатысуы да өте үлгілі. Оқушылардың 99,99 пайызы сабақтан қалмайды. Олар ешқашан сабаққа кешігіп келмейді. Бәрі уақытымен жүреді, бала шақтан с­олай қалыптасқан дағды бар. Олар ұстаздарын тыңдайды.

Жалпы жапондықтардың  білімге құштар екенін айта кетуіміз қажет. Мектепті бітірген түлектердің 76 ­пайызы одан ары оқуын жалғастырады.  

Күншығыс елі – тілді құрметтеген ұлт. Жапондықтар үшін жапон тілін білу міндетті.

 

6329 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы