• Тарих
  • 22 Қазан, 2021

Түркітанудағы толымды еңбектер

Соңғы жылдары ғылыми мекемелерде, жоғары оқу орындарында түркітану саласын жандандыруға мән беріле бастады. Бұның басты себебі азаттыққа қолы жеткен қазақ елінің ішкі және сыртқы саясатына негізделеді. Күллі түркі халықтарының тарихы, мәдениеті, әдебиеті мен тілі туралы мәліметтен хабардар ету, білімді тереңдете түсу бүгінгі жаһандану заманындағы ұрпақ үшін аса маңызды. Ілім-білімнен сусындау қазақ халқына тән рухани құндылықтарды бағалай білуге жетелері анық.

Түркітану ғылымының тарихында белгілі бір межені белгілейтін, ізденістер нәтижесін жинақтайтын елеулі еңбектер жарыққа шығып келе жатқаны белгілі. Әсіресе түркі тілдерінің тарихы, жіктелу жүйесі, лексикалық-грамматикалық құрылымы, салыстырмалы типологиялық белгілері, жазба ескерткіштердің жай-күйі, қазіргі түркі тілдерінің таралу аймағы және олардың өзгеру жолдары сияқты іргелі мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Бұған атсалысып келе жатқан ғалымдардың еңбектері түркітану тарихында шешуші қызмет атқарып келе жатқаны даусыз. Әлемдік түркітанудағы көрнекті ғалымдардың еңбектері мол, олардың қатарында қазақ түркітанушыларының  атқарған жұмыстары өлшеусіз.

Шындығына келгенде, біздің еліміздегі ғылым мен білім саласында түркітануды зерделеу сәл бәсеңдегені болмаса, үзіліп, тоқтап қалған жоқ. Бұған дәлел ретінде бұдан бірнеше жылдар бұрын жарияланған екі еңбекті атауға болады. Оның бірі – көптармақты түркітанудың бір саласы – түркі тілдерінің зерттелуіне арналған, А.Алдашева, Э.Сүлейменова, Р.Авакова сынды белгілі ғалымдардың құрастыруымен жарияланған «Түркі тілдері: хрестоматия-оқулық». Еңбекті  Қ. Иасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Түркология ғылыми-зерттеу институты 2004 жылы шығарған  болатын. Оқулық қазір айрықша сұранысқа ие болып отыр. Өйткені сонау көне түркі жазба ескерткіштерінен бастап жаңа түркі тілдері туралы энциклопедиялар да, монографиялар да, анықтамалықтар да өте мол. Осы еңбектерде түркі тілдерінің тілі мен әдебиеті, жүріп өткен жолы,  түркі тілдерінің әрқайсысының қалыптасу кезеңіндеріне тән айырым белгілер өзара сабақтасып, бірін-бірі толықтыра баяндалады. Алғашқы түркітанушы М.Қашқариді атасақ, кейінгі кезеңдердегі түркітанушылардың шоғыры мол, әрі олардың тұжырымдарында  айырмашылықтар жоқ емес. Ал бұларды түркітану әлеміне енді енген жас шәкіртке меңгеру, ұғыну  оңай бола қоймайды. Жинақты мәлімет беретін қолайлы, ыңғайлы еңбек анық қажет болады. «Түркі тілдері: хрестоматия-оқулық» дәл бүгінгі таңда таптырмайтын лингводидактикалық базаға  айналды. Оқулықтың құрылымы арқылы жалпы түркітану бойынша барлық дерлік мағлұматтар деректер, көзқарастар топтастырылған. Еңбекте әлемдік түркітану орталықтары және ғылыми-зерттеу қоғамдары, түркі тілдері (тірі және өлі тілдер), түркі тілдерінде сөйлейтін халықтар, түркі тілдерінің классификациясы, тілдер туралы статистикалық мәлімет бар.  Кітапқа енген екі жүзден астам түркітану мен қазақ тіл білімі ғалымдарының есімнамалық анықтамасы және олардың ғылымдағы орны мен үлесі туралы мәліметтер пән аясындағы ұғымдардың іргелі сипатын, тарихи хронологиялық белгілерін айшықтап көрсетеді, білім өрісін кеңейтеді.  Есімнама анықтамалық деректерге ғана емес, маңызды ғылыми тұжырымдар мен зерттеу нәтижелеріне де назар аудартады.  Құрылымы да өзгеше: Ғалымның сөзі;Түркітанушы-ғалым айтады;  Түркітанушы-ғалымның түйіні  тәрізді рубрикалар аса қызықты, күрделі ақпаратты қабылдауды,  түсінуді жеңілдеткен.

Түркітанушылардың назарына көп іліге қоймаған бұл еңбектің анықтамалық сипаты және жинақтап ұсынған құнды пікірлер топтамасы – іс жүзінде тіл білімі төңірегіндегі іргелі ізденістерді тұтастай жүйелеп ұсынған оқулықтардың бірі ғана емес, бірегейі. Түркітанудың алдымен тіл білімі ретінде қалыптасқанын ескерер болсақ, бұл еңбектің жалпы түркология пәнінің қалыптасу тарихы мен дамуындағы рөлін қамтитын оқулық екеніне көз жеткізу қиын емес. Өкінішке қарай, қазір даярланып жатқан түркітану мамандығының ізденушілеріне ұсынатын мұндай оқулық жоққа тән.  Еңбек алғашқы тәжірибе болғандықтан, оны  қайталап шығару – кезек күттірмейтін іс.

Елбасының  бастамашылдық тың бағыттарының негізінде  «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы іске асырылып жатыр. Гуманитарлық салалар бойынша әлемдік ғылымдағы ең озық, құнды ғылыми еңбектердің қазақ тіліндегі нұсқасын жасау, аудару ісі жақсы жетістіктерге жетті. Осы бағыттың білім берудегі мәні зор. Дегенмен шет тілдерде жазылған құнды еңбектерді қазақшалаудың алғашқы үлгісі бұдан  біраз жылдар бұрын жүзеге асырылғандығын атап айтқан жөн. Профессор А.Алдашева 2009 жылы көрнекті түрколог Э.Тенишевтің басшылығымен шыққан, кейін таптырмайтын, сирек ғылыми еңбекке айналған «Сравнительно-историческая грамматика тюркских языков» деп аталатын көп томдық дүниенің бірінші томының қазақша нұсқасын жасады.

Аударматану саласының маманы болғандықтан, осы мәселе бойынша тағы да  еңбекті аударуға  Қ. Иасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Түркология ғылыми-зерттеу институты тарапынан ұсыныс жасалған еді.

Бұл еңбек тілі ғылыми терминдерге толы күрделі, фонетика саласының дыбыстық, графемалық ерекшеліктерін қамтитын қиын таңбаларға толы,  авторлардың тұжырымдарын дәл тәржімалауды талап ететін  ғылыми стилі өзгеше еңбек болатын. Бірден айтайық, бұл қатардағы аударма емес. Себебі қазақ тіл білімінде қалыптасқан салыстырмалы-тарихи грамматикаға қатысты терминдер, тілдік заңдылықтар, категориялар, түсініктер, ұстанымдар, ресімдеулер, қысқартулар  қайта пайымдаудан өткізіліп, қолданыстағы ұғымдар тұтастай жинақталған. Еңбекте іргелі ғылым аясында қазақ тіл білімінде қалыптасқан ұғымдардың халықаралық түркологиялық ізденістермен ғылыми сәйкестігі сарапқа салынған деуге болады. Ғылыми ізденіс орыс тіліндегі нәтижелі зерттеумен өрелескенде ненің игеріліп, ненің игерілмегенін анық көрсетеді. Бұл алдымен зерттеудің ғылыми аппаратына қатысты мәселе. Қазақ тіл білімі әлемдік түркология ғылымының даму үдерістерімен тығыз байланысты. Ізденіс бұл екеуінің өзара бірлестікте қол жеткізген нәтижелеріне сүйену арқылы жүргізілетіні дау тудырмаса керек. Жалқы мен жалпының байланысы, өзара қарым-қатынасы көз алдымызда. Түркі тілдерінің салыстырмалы-тарихи грамматикасының қазақша нұсқасының болуы –  өткен тарихи ақиқаттың ғана емес, бүгінгі ғылыми өзектіліктің де көрінісі. Ортақ тарихи-тілдік үдерістердің ғылыми тұрғыдан зерделенуі екі пәнге де толықтырулар, түзетулер енгізіп, тың ізденістерге бастайтыны сөзсіз. Әсіресе әлемдік түркологияның жетістіктерін қазақ тіл білімінің де өрісін кеңейтетін құбылыс ретінде қарастыру – табиғи жағдай. Бұл тұрғыдан келгенде, түркі тілдерінің салыстырмалы-тарихи грамматикасы талай толымды мәселелерге мұрындық болмақ.  

          Іргелі еңбектің қазақша нұсқасын жасау барысында қазақ лингвистикасындағы біраз ұғымдар қайта зерделеуден, қазақша баламасын табудан, терминді біріздендірілуден өткені анық. Мәселен, ареал, аллофон, фарингал т.б. терминдердің түсініктемелері берілуі  бұған дәлел бола алады.

          Тәуекелге барып, тапсырыс бойынша  атқарылған еңбекте маманның түркі тіл білімінен мол хабардарлығы, тәржімашы ретіндегі линговмәдени құзыреті айқын танылды. Бұл еңбек те түркітанудан білім алатын аудиторияға аса қажетті еңбек ретінде бағаланып келеді.   Ғылыми мінездеме басты орында. Асылы,  ғылымдағы ұмтылыс – жаңалық ашумен ғана емес, сол жаңалықты ашатын мамандарды даярлаумен бірлікте жүретін ұғым. Себебі ұмтылыс тек қана өткен тәжірибеден жинақталады. Осы соңғы сөз болып отырған кітаптың алғысөзінде танымал түрколог Э.Тенишев түркітанудың аса күрделі ғылым екендігін атай келіп, түркі тілдерінің салыстырмалы-тарихи грамматикасын зерттеу нақты фактілерге негізделген  жекелеген ізденістерді органикалық тұрғыдан түйістіргенде ғана тереңдей түсетіндігін атаған екен.     

          Біз сөз еткен  еңбектердің ең алдымен оқулық ретінде білім-ғылым кеңістігінде өз қызметін толық атқара алатыны дау тудырмаса керек. Оқулықтарға сұраныс болса, онда бұл оқулықтардың мәні күн тәртібінен әлі түскен емес. Өзектілігі арта түсуде. Себебі бұл еңбектердің жинақтау, жүйелеу және қорытындылау сипаты басым екендігі бірден байқалады.

          Профессор А.Алдаштың түбегейлі айналысқан мәселелелерінің бірі – қазақ тілін оқытудың әдіснамалық негіздері. Бұл да – соңғы онжылдықтарда  ғана қолға алынып, кешеңдеу дамыған салалардың бірі. Осы бағыттың өзектілігін, қажеттілігін деркезінде танып,  тағы да тәуекелге барып, салмақты жүкті арқалаған көрнекті ғалымдар Э.Сүлейменова, Ф.Оразбаева бастап берген еді.    Бүгінгі таңда қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде өзге тілді дәрісханаларға оқытатын, меңгертетін білікті мамандардың корпусы қалыптасты, осының нәтижесінде  әдіснамасы озық жетілген лингводидактикалық база жасалды. Қазақ тілін жетік білетін теоретик ғалымдар  тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мән-маңызы арта түскен практикалық қазақ тілінің оқыту жүйесі, оқыту үдерісіне жаңа технология енгізу ісі, оқу кешендерін жазу сияқты зәру мәселелерге аянбай атсалысты. Қалың жұртшылық арасында қазақ тілін білудің маңыздылығы, оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеу ісі қарқынды жүрді. Бұның сыртында мамандар сұраныс туғанда, кез келген дәрісханада сабақ жүргізді, мастер-класс ұйымдастырды.  Осындай мамандардың бірі ретінде профессор А.Алдаштың есімі де аталады. Автордың өз тәжірибесі қорытылған, басқа да білікті әдістемеші, теоретик, практика мамандармен бірлесе отырып жасаған оқулықтар мен оқу кешендері, оқу бағдарламалары, тұтастай алғанда, қазақ тілін оқытудың теориясы мен практикасының дамуы мен жетілуіне елеулі үлес қосты.  Бірқатар ғылыми мақалалары мен ғылыми жобаларында, әртүрлі ауқымдағы басқосулардағы сөздерінде ғалым мемлекеттік тілді оқытудың концептуалдық, тұғырнамалық ұстанымдарын тың тұрғыдан  баяндады. Маманның еңбектері  қазіргі таңда өзекті мәселеге айналған, мемлекеттік тілді этносаралық тіл ретінде меңгертудің жаңа жобалары мен бағыттарына тіректердің бірі болары сөзсіз.

          Қазақ сөз мәдениеті, әдеби тілдің нормалары, терминжүйе мәселелері бойынша да маңызды зерттеу жасап келе жатқан профессор А.Алдаштың ғылыми-педагогикалық қызметінің бір арнасы – түркітану мен тілді меңгертудің теориялық және практикалық негіздері.    Қазақ тілі мен түркітану пәндерінің мақсаты мен міндетін, шешімін күткен актуалды мәселелерін іргелі ғылым ретінде зерттеуді шығармашылық өмірінің мәніне айналдырған ғалымның еңбегі ізденістерге толы – өнегелі, жемісті жол.  

Ш. Ибраев Филология ғылымдарының докторы,  профессор

Қ.Қадашева Педагогика ғылымдарының докторы,  профессор

 

2140 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы