• Руханият
  • 28 Қазан, 2021

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТТАНУЫНЫҢ АЛЫП БӘЙТЕРЕГІ ЕДІ

Филология ғылымы­ның докторы, академик Серік Қирабаев 95 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Серік Қирабаев 1927 жылы 23 наурызда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Атасу ауылында туған.

1951 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітіргеннен кейін аспирантурада оқи жүріп, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы, «Әдебиет және искусство» журналының бөлім меңгерушісі болып істеген. 1952–1955 жылдары «Пионер» журналында редактор, 1955–1958 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде меңгеруші, редакциялық алқа мүшесі болды.

1958 жылдан Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында 30 жыл бойы доцент, профессор, филология факультетінің деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, институт ректорының оқу ісін басқаратын орынбасары қызметтерін атқарды.

1988–1995 жылдары Қазақ КСР ҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, кейіннен бөлім меңгерушісі болды. Филология ғылымының докторы (1964), профессор (1966), КСРО Педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі (1968), ҚР ҰҒА-ның академигі (1994), Қазақстан және Қырғызстан Республикасы ғылымының еңбек сіңірген қайраткері (1977, 1995), Қазақстан ­Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері (1996).

Қазақ әдебиетінің өзекті мәселелеріне арналған сын мақалалары мен рецензиялары 1948 жылдан бастап жарық көре бастады. Содан бергі уақытта 800-ден астам әдеби-сын ғылыми мақалалары мен еңбектері жарық көрді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сінің «Құрмет» Грамотасымен, КСРО-ның «Еңбек Қызыл Ту» Ордені, КСРО-ның «Халықтар Достығы» орденімен марапатталған.

1994 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, 1995 жылы «Қырғыз Республикасының Еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағы берілді. 1996 жылы Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері атанды.

2005 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері.

2007 жылдың 30 наурызында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке қабылдауында болып, қазақ ғы­лымына сіңірген айрықша еңбектері үшін елі­міздің ең жоғарғы «Отан» орденімен марапаттады.

2012 жылы ІІ дәрежедегі «Барыс» орденімен марапатталды.

«ОҒАН КҮННІҢ НҰРЫ ТҮСКЕН»

 

Дүниеден қазақ әдебиетінің ұлы тұлғасы, сын сардары Серағаң, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген ғылым қайраткері Серік Қирабаевтың 94 жастан асқан шағында бақилық болғандығы жөнінде қаралы хабар келіп жетті.

Серағаң екі заманның куәсі ғана емес, екі замандағы ғылым мен білімнің абыройы болған адам. Алаш ардақтыларын ақтау ісіне белсене араласқан ұлтжанды тұлға еді. Сыйлас, сырлас болған ұлт қайраткерінің өмір жолы ұлтына қызмет етудің үлгісі болып қала береді. Кезінде әдебиет әлемінің қаламгерлері бір-бірінің үстінен ашық та, жабық та домалақ хаттар жазған ғой. Сонда ұлы жазушы Ғабит Мүсірепов: «Қирабаевтың үстінен арыз жазбай-ақ қойыңдар. Оған күннің нұры түскен», – депті. Атеистік ­заман ғой. Ғабеңнің Күн дегені Алла ғой. Расында, Серағаңа Алланың нұры түскен жан еді.

Бұл ғалымдар отбасы болды. Жұбайы Әлия Бейсенова апамыз да академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Серағаңның бақилық болуына байланысты Әлия апамызға, отбасы, бала-шағасына, бүкіл ғалымдар қауымына, жамағатқа қайғырып, көңіл айтамын.

Ортағасырлық ұлы шайыр Руми айтыпты: «Ұлы адамдардың бейітін жер бетінен іздемеңдер. Олар өз халқының жүрегіне жерленеді».

Серағаң да өз ұлтының жүрегінде өшпейтін дара тұлға!

 

Уәлихан ҚАЛИЖАН,

филология ғылымының докторы

ӘКЕМДЕЙ БОЛҒАН  АСЫЛ ҰСТАЗЫМ ЕДІ...

Қандай бала, қандай азамат болсын, әкесін бұл өмірде мәңгі жүре беретіндей көретіні анық. Мен де солай ойлайтын едім. Өмірде әкемдей болған ұлы ұстазым Серағаңды  жасы қанша ұлғайса да арамызда жүре беретіндей көретін сезім бар еді менде... Бірақ... асыл ұстазым Серік ағам «енді арамызда жоқ» деген қаралы хабар сол сезімімді бір сәтте тас-талқан етті.

Бала кезімізде Серік Қирабаевпен бір топырақта туғанымызды мақтан етіп, көрмесек те, сондай болуды армандайтынбыз. Қазақ әдебиеті оқулығының сыртындағы осы фамилия біздің әдебиет пәніне ынтамызды еселей түсетін. Ауылдан ұзап Алматыға келіп, студент атанған шақта, одан кейінірек университет жолдамасымен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында еңбек жолымызды бастаған кезде түрлі жиында көріп жүретін  Серік  ағаның бойын­дағы сырбаздық пен қарапайымдықты, ерекше мәдениетті көріп одан сайын құмарта түс­кенбіз. Қолымыз жетпейтін асқар таудай көрінетін.

Бір қарағанда салқындау сияқты көрінетін осы бір асқар таудың қойнауы сондай жылылық пен мейірімге толы екенін, Сарыарқаның шалқар жайлауындай кеңдігін сезіну бақыты бұйырды маған. Серік аға басқарып отырған  кафедраның аспирантурасына түстім. Ғылыми жетекшім Серағаң болып, ғылымдағы алғашқы қадамымды бастадым. Сол кезден бүгінге дейінгі өмір жолымда асыл ұстазымның маған берген өнегесі мен бағыт-бағдары өлшеусіз мол болды. Бүгінгі таңда ғалым ретінде, педагог ретінде қандай да бір жеткен жетістігім болса, соның бәрі Серағаңның есімімен байланысты екен.  

Бүгінде Серағаң өмір бойы ұстаздық еткен Абай университетіндегі өзі іргесін бекіткен, меңгерушісі болған кафедраның «Академик Серік Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы» деп аталуының өзі оның алдынан дәріс алған барша шәкірттеріне мақтаныш қана емес, ұлағатты ұстаз-ғалымға деген ұрпақтар құрметі, әрі болашақ мамандарға ағалар дәстүрін ұлықтай білуді үйрететін аса маңызды мектеп екені даусыз.  

Иә, академик Серік Смайылұлы Қирабаев бүгінде еліміздің руханият әлемінде еңбек етіп жүрген барша зиялы қауымның шын мәніндегі ұстазы еді.

Серік аға! Сіз туралы жазар сөйлеміміздің соңына өткен шақтың салқынын сездіретін «еді...» деген сөзді қосып айтуға мәжбүрміз енді, амал не? Мәңгілік өміріңіз басталды. Өзіңіздің қалдырып кеткен ізіңізді алдағы белестерге жалғастыратын ізбасар шәкірттеріңіздің Сіз қашанда жүрегінде боласыз.

Жаныңыз жаннатта болсын, әкемдей болған АСЫЛ ҰСТАЗЫМ!

Балтабай ӘБДІҒАЗИҰЛЫ,

шәкірті, филология ғылымының

докторы, профессор

ЕСІМІҢІЗ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Қаралы хабарды алғаш естігенде, еркін дем ала алмай, тынысым тарылып, ауыр күй кешіп отырып қалғанымды жасыра алмаймын. Оқулықтарымен мектептен таныс оқушы кезіміз сонау алыстағы күндер белестерінде бұлдырағанымен, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бірге қоян-қолтық араласып, еңбек еткен сексенінші, тоқсаныншы жылдар көз алдымда...

«Жүзге дейін сыр алдырмайтын шығар» деп үміттенген академик ағамыз, қазақ әдебиет­тануы­ның абыз ақсақалы, күллі әдебиеттанушылар Сераға деп атайтын, академик-ұстаз, айтулы ғалым-сыншы Серік Қирабаевтың өмірі – қазақ әдебиеті мен әдебиеттануының тірі, жанды шежіресі еді. Жиырмадан жаңа асқанда, алғашқы әдеби сын мақалаларын жариялаған, сонау қырқыншы жылдардан бастап, өндірдей жас кезінде қиындығы мен қиянаты сапырылысқан ауыр кезеңнің салмағы мен сызын анық сезіне отырып, оқулық жазу сияқты аса жауапты іске азаматтық адалдықпен атсалысқан, жиырма бірінші ғасырда да сол тұғырдан түспеген тау тұл­ғалы ғалымның шығармашылығы көпқырлы, көпсырлы.

Жайшылықта сөзге араласа бермейтін, сырт көзге сыр алдырмайтын салқынқанды, суықтау көрінетін Серағаң әдебиеттің іргелі, көкейкесті, концептуалды мәселелерін талқылауға келгенде, тартынып қалмайтын, белсеніп шыққанда, бет қаратпайтын. Қашанда ғылыми қауымның көкейінен шығатын дәлелдерді ретімен жүйелегенде, ғылыми кеңеске, диссертациялық талқылауларға қатысқан ғалым замандастары да, олардан да үлкен аға буын өкілдері де бірауыздан келісетін. Сондайда академик Мұхаметжан Қаратаев үнсіз басын изесе, партизан жазушы Әди Шәріпов «Серік дұрыс айтады» деп гүрілдеп, қолдауын қызулана салмақтаса, ұстазымыз ­Зейнолла Қабдолов құрдас болса да, «Сераға, сізді қолдаймыз» дер еді, академик Зәки Ахметов «Секеңдікі дұрыс» деп сүйсінгендей жымиып қояр еді. Серағаңның арғы-бергі әдебиет тарихының қыруар деректерін біліп қана қоймай, дәуір, қоғам ерекшеліктерін, замана салмағын сезіну мен кейінгі уақыттың талабы мен мүмкіндігін, кезең қажеттілігін іштей таразылап, сараптаудан барып туған толғақты тұжырымдарына «осы қалай болар екен?» деген ұшпамыш пікірлер жарыспайтын. Әдебиет тарихы мен бертінгі әдеби процеске Серағаң айтқан концептуалды ойлары бір ғылыми-зерттеу институтының ғана емес, жалпы еліміздегі жоғары және орта дәрежелі оқу орындары ұжымдарының, Қазақстан республикасы Білім және Ғылым министрлігінің зерттеу арналарына ықпал жасағанына қинала жылжыған жылдар, арманда өткен айлар куә.

Қайсыбірін айтарсың...

Қазіргі қазақ әдебиеттануының талассыз мойындалған алып бәйтерегі құлады. Орны толмас, опындырар қазаның арты жақсы болғай.

Бақұл болыңыз, Сераға! Жаныңыз жаннатта болсын, пейіште нұрыңыз шалқысын. Туған еліңіз барда Сіздің есіміңіз ұмытылмайды, ардақтала береді.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ

179 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы