• Руханият
  • 28 Қазан, 2021

ТАС БІТІКТІҢ БІЛГІРІ

Ғылым – табиғаттың құпия сыр-сипатын танып, білу, жұмбақ болып келген құбылыстың ақиқат сырын ашып, зерделеу.
Ғылым – қара жер мен көк аспанның арасындағы көзге көрінетін-көрінбейтін жанды-жансыздың бәрінің халық ­санасында қалыптасқан білік-пайымы, наным-сенімі, ұғым-танымы, талғам-түсінігі мен өмірде сыннан өткен пайда-зиянының себеп-салдарын, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен қордаланған мол тәжірибесін іс жүзінде жасампаздықпен адамзат кәдесіне лайық іске жарату. Алайда бүгінгі қалыптасқан ғылыми таным көзқарас пен даму сипаты, табиғи құбылыстың заңдылығын зерттеп-зерделеудің негізгі ұстанымдары мен шарттары, жүйесі мен классификациялық жіктелуі, қағидалары мен тұжырымдары төрүктекті ұлыт пен ұлыстың мүддесі ықпалды күштер арқылы мақсатты түрде ескерілмеген. Сондықтан төрүктану саласында бұл үдеріске қарсы әрекетті қажет етеді. 
«Ғұбекеңнің алғашқы мақалалары жарияланғанда атақты түрколог С.Малов «С Востока один казачонок интересуется древнетюркскими памятниками. Это очень хорошо. От него можно много полезного ожидать», – деген екен. Қазір біз Ғұбайдолла Айдаровтай ғалымның сол оқымыстының күткен үмітінен де асырып ғылыми жұмыс атқарғанын көріп отырмыз...» (Ғұбайдолла Айдаров. (естеліктер). – Алматы, 2003 жыл. – 84-б.), – деп пайымдайды филология ғылымының докторы, профессор Бабаш Әбілқасымов. Сергей Ефимович Маловтың әлгі пікірін профессор Бабаш Әбілқасымов ағамыз жақсылыққа балап, «мықты төрүктанушы боларынан үміттеніп, сенім артқан» деген мағынада баға беріп отыр. 

Шындығында солай ма екен? Сергей Ефимович Малов өткен ғасырдың 20-30-жылдарында Алаштың ардақты білімпаздарының көзін көріп, пікірлерімен жақын таныс болған. 1926 жылы Бакуде өткен Бірінші төрүктанушылар құрылтайында әлемге әйгілі тіл білімі ғылымның бетке ұстар марғасқаларының алдында қазақ-қырғыз тілін былай қойғанда, жүйесі мүлдем бөлек орыс тілінің емлесі, айтылымы мен жазылымы арасындағы елеулі кемшіліктер мен олқылықтарды профессор Щербаның баяндамасынан өз аузынан естіген бойда, лезде жарыссөзге шыққан Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы мысал келтіріп, уәжбен сынап, талап тастағаны сондай, қызыл империя ғалымдарының төбесінен жай оғы түскендей зәре-құтын қашырып, үстем пиғылы мен менменсіген астамдығын су сепкендей басып тастаған зияткерлік қуаты мәңгі есінде қалған. Сол Бірінші төрүктанушылар құрылтайының алдына қойған мақсаты – қайткенде де қызыл империя аражігі ажырай қоймаған төрүктекті ұлыт пен ұлысты рухани ыдырату мен бөлшектеудің ғылыми әдісін жүзеге асыруға барлық қулық-сұмдығын, саяси-идеологиялық, әкімшілік-билік ресурсын салып бақты. Бір қызығы, осы бас қосуда С.Е.Малов ­баяндама жасап, «сасқан үйрек артымен сүңгиді» демекші, көк төрүктердің тарихи Орқұн-Енесай ескерткіштері мен Шығыс Түркістан өлкесіне археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген кезінде сақталған руникалық қағаз кітәптардың фрагменттері Ленинградтағы архив қорында сақтаулы екенін, тіпті «қызды-қыздымен» 100 беттен тұратын IX ғасырдағы қағазға басылған «Ырық бітік» жәдігері Лондонда сақталғанынан мәлімет берген еді. С.Е.Малов ­солай дегенмен, төрүктекті ұлыт пен ұлысты араб графикасынан латынға, одан кирилге ауыстыру біржолата тарихи жадын өшіріп, кейін бұл «құпия саналған» ақпаратты қолдануға кеңестік империя біржолата тыйым салды. Сөйтіп, кітаптану тарихы неміс өнертапқышы Иоганнс Гутенбергтің XV ғасырда ойлап тапқан кітәп басу станогынан басталады деген «тұжырым» ғылымы айналымға енгізілді. Ал қазақ бітігінің [кітәбінің] тарихы XIX ғасырдың екінші жартысынан бастау алады деген жалған деректі арсыздықпен ұрпақ санасына сіңіріп, адастырып келді. Енді тақырыпқа оралсақ, Ғұбекең зерттеген Орқұн, Енесай бойындағы ескерткіштердің сақталған бөлігі бүгінгі Моңғолия аумағы. Ал Моңғолия кеңес билігі тұсында қызыл империяның әмірін жүргізген 16 Республикасы, құрамдас өлкесі саналған вассалы болғаны тарихи ақиқат. Егер солай болса, С.Е.Малов үміт артқан Ғұбекең сынды талантты ғалымды зерттеу нысанын қолмен ұстап, көзбен көруіне, ойланып-толғануға, тұжырымды пікір сабақтауға неге ежелгі жәдігердің түпнұсқасымен танысып, тиянақты ғылыми ізденіс жасауға арнайы экспедицияға рұқсат алып беруге ықпал етпеді? Екіншіден, С.Е.Малов тас бітіктердегі ғылыми-экзотикалық жәдігердің этникалық мұрагері ретінде Ғұбекеңнің әлі талай түрлі жаңалықтың жаршысы боларынан «үмітін жасырмаудан гөрі», меніңше, «осы қазақтан кеңестік идеологияға келер қауіп өте зор екенін ескерткен сақтандыру белгісі сияқты әсер етеді». Олай деуімізге ҚР Ғылым Академиясы Тіл білімі институтында ежелгі төлтума төрүк руникасымен бәдізделген тас бітіктерін зерттеуші ғалым Ғұбайдолла Айдаровқа көзқарастың қаншалықты деңгейде болғанын жақсы түйсінгендіктен үміттен гөрі күдік басым екенін сезетінбіз. Үшіншіден, Моңғолияны айтпағанда, Кеңес Одағындағы архив қорларында сақталған ежелгі төрүк руника бітігіне қатысты деректермен танысуға әкімшілік шектеу жасалды. Империялық осы шектеудің астарында не сыр бары логикалық тұрғыда түсінікті. Қайткенде де тарихи ақиқатты жасырудың империялық идеологиялық амалы еді. Егер төрүктекті ұлыт пен ұлыстың мәңгі тас бітіктерге бәдізделген тарихи ақпаратты сақтау мен таратудың өзіне тән сыр-сипатын жақынырақ танып білер болса – бұған дейін ғылыми ортада «қалыптастырған «көшпелілер – өркениеттің қас жауы» дейтін «аксиоманың» быт-шытын шығарып, сөз құдіретін мәңгілендірген жасампаздығын ашық насихаттауға жол ашылар еді. Сондықтан қызыл империя есік-терезені жауып, ежелгі төрүк руникалық жазба мұрасын зерделеуге идеологиялық тосқауыл қойды. Дәл осындай идеологиялық жүйе жағдайында ежелгі төрүк тас бітіктеріндегі руникалық жазудың табиғатын лингвистикалық тұрғыдан жан-жақты зерттеуге бел шешіп, ғылыми тақырып нысаны етіп таңдауы – Ғұбайдолла Айдаровтың көзсіз ерлігі санауға тұрады. Өйткені сол тұстағы әріптестері бұл тақырыппен айналысудың идеологиялық қатерлі қауіп екенін ескерткеніне ол пысқырып та қараған жоқ. Ғұбекең көз ашқалы қызыл империяның туған халқына жасаған әділетсіздігіне куә болып өсті. Отарлық жүйе ілгерідегі алаштың ардақты ұлдары Әлихан, Ахмет, Міржақып, Халел, ­Жанша, Мұхамеджан, Мұстафа, Елдес Омарұлы, ­Телжан Шонанұлы, Құдайберген Жұбанұлы сияқты біртуар білімпаздарды түп-тұқиянымен құртқан зұлымдығына жаны жарақаттанып, жалпы, ұлытын жылатқан заман зарына жауап іздеу жолына іштей бекінген-ді. Жасыратыны жоқ, академик С.Кеңесбаев, М.Балақаев Ғұбекеңнің V-VIII ғасырдағы Орқұн, Енесай бойынан табылған ежелгі баба ескерткіштерін зерттеу нысаны етіп алуға елеулі қарсылық білдіруінің өзі, сол кезеңдегі қазақ ғалымдарының қызыл империяның елдің бетке ұстар жақсысы мен жайсаңдарын түгел қынадай қырған саясатынан сескеніп, алдын-ала сақтанған түрлері болатын. Ғұбекеңнің алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы қазақ ғылыми ортасында төрүктанудың ілгері дамуына қомақты үлесін қосты.

Қобыланды батыр, Алпамыс батыр, Ер Тарғын, Ер Қосай, тағы басқа эпостық жырлардағы сюжет желісі мен мотив сарыны, ел-жұртты, туған жерді қорғау идеясы, көркемдік өрнек кестесі, тілдік, стилдік қолданыс ерекшелігі V-VIII ғасырдағы тасбітікке бәдізделген Білгеқаған, Күлтегін, Тониқұқ, Мойын Чор, Күллі Чор сияқты сүйекті ескерткіштермен тұстас туған деген ойға жетелейді. Бұл ауыздан-ауызға, атадан балаға жеткен фольклорлық шығармалардың да араб шапқыншылығына дейінгі Қазақ Даласындағы тасбітіктерге бәдізделген түпнұсқасы болуы әбден ықтимал. Яғни Орталық Азия мен Қазақия аумағына жасалған араб шапқыншылығы жермен-жексен қылып, тып-типыл еткен далалық мыңдаған тасбітіктердің арасында әлгі эпостық жырлардың түпнұсқасы да жойылған деген ғылыми жорамал жасаймыз. Ол – ол ма, ауызша жеткен әдеби асыл мұрала­рымыздың талайының тасбітікке ата-бабаларымыздың мәңгілендірген қолтаңбасы қалған түпнұсқасы болғанына шүбәсіз. Демек, бұл асыл мұраларымызды ұлыт жадынан өшіп кетпеуін көздеп, халықтың екінші тынысы ашылып, бүгінгі күнге ауызша жеткізген феномендік еске сақтау қабілетін мақтаныш тұтуға әбден тұрады.

Кеңес заманында социалистік реализм принципі бойынша әдебиетті әлеуметтік тапқа бөлу – ұлыттық әдебиет тарихын жоюға жасалған үкім болды. Кез келген мемлекет, кез келген қоғамда ұлыттың рухани-мәдени игіліктерінің өсу, дамуына бақуатты жандар ерекше қамқорлық жасап, ықпал етеді. Қазақ халқының рухани-мәдени даму тарихын дәулетті, сәулетті, бай, қоғамдық әлеуметтік тап өкілдерінің қолдауынсыз көзге елестету еш ақылға сыйымсыз. Кеңестік дәуірде социалистік реализм принципі мақсатты түрде қазақ әдебиеті мен өнерінің, жалпы рухани-мәдениет пен ғылымның дамуына үлкен соққы болып, қолдан құнарын қашырды.

Бағзы төрүктердің IX ғасырдағы түрлі-түсті ­бояумен «Ырық бітік» қағаз басылымы – сол замандағы сан алуан себеппен бүгінгі күнге жетпеген жүздеген бітіктің көзіндей Лондон қаласында архивте сақтаулы тұр. Бұл ретте антиквариат жәдігердің қадірін біліп, көздің қарашығындай сақтап қалған ағылшын ұлытына алғысымыз шексіз. Күні бүгінге шейін неміс Иоганнс Гутенбергтің 1450 жылы тапқан баспа станогінен бітік [кітәп] тарихын бастап келген ғылыми-методологиялық қағида осы дерекке сәйкес автоматты түрде жоққа шығып тұр. Бұған дейінгі бітік идеясын қара тасқа мәңгілендірген көк төрүктер екені тарихи ақиқат. «Ырық бітік» қағазға бәдізделген құнды рухани қазына. Жалпы, төрүк қағаз бітіктері – қағазды ойлап тапқаннан бастап бар екеніне еш күмән жоқ. Өйткені қағазды тұңғыш ойлап тапқан табғаштармен ата-бабамыздың қарым-қатынасы, азаттық, теңдік жолындағы «түн ұйықтамаған, күндіз отырмаған» күрес жорығы – осылай деуге негіз.

Орыс ұлытшылдары (Путин, Жириновский, тағысын тағылар сияқты) «қазақтың мемлекеті болмаған, қазақтың жазуы болмаған деген сандырақ қаңқу пікірлеріне «Ырық бітік» («Қасиетті бітік») ауыздарына құм құятын нақты рухани-материалдық дерек. Егер тарихқа жүгінер болсақ, мұндай рухани қазына тұрмақ, IX ғасырда жер бетінде орыс этносы, орыс мемлекетінің иісі де жоқ болатын. Көзі ашық, көкірегі ояу жанға осы деректің өзі кімнің кім екенін танытып тұрған жоқ па!?

Жалпы бүгінгі ғылыми-техноло­гиялық үдерістің нәтижесі электронды бітіктердің бастапқы тұғыры – тасбітіктер. Сол тас бітіктер, атап айтқанда, Талас бойынан табылған тасбітіктер, Білгеқаған, Күлтегін, Тониқұқ, Мойын Чор, Күллі Чор, ұзын саны зерттеушілердің дерегінше 300-ден астам ежелгі рухани ескерткіштер сақталған. Бір ғажабы, Лондонда сақталған IX ғасырдағы «Ырық бітік» қағаз басылымын Ресей ғалымдары руника жазуынан орыс тіліне аударып, баспадан жарыққа шығарғанын жуырда мәлім етті. Сөйтіп, «қазақ кітәбінің тарихы XIX ғасырда жарық көрді» деген кеңестік дәуірден жалғасқан аксиома өзінен-өзі бұзылып, жоққа шықты.

Кеңес дәуіріндегі жүргізілген ресми идеология «қазақта алфавит болмаған», «жазуы жоқ халық», «қазақтың әдеби тілі 1917 жылдан кейін қалыптасты» дегенге қарсы «қазақта әдеби тіл Абайдан басталады», «әдеби тіл орта ғасырдан бастау алады» деп пайымдаған сан қилы ғылыми уәжбен дәйектерге жүгініп, көзқарас пікірін білдіргені үшін қаншама зиялылар «ұлытшылдық» қамытын іліп, нақақтан-нақақ абақтыға жабылып, жазаланды. Осыншалық жат мемлекетке кіріптарлықты жоюға, ұлытының рухани көзін ашу мақсатында Ғұбекеңнің таңдауы түскен V-VIII ғасырдағы көк төрүктердің Орқұн-Енесай тасбітіктерінің табиғатын лингвистикалық тұрғыдан зерттеу еңбектерінің мәні төрүктану ғылымына қосылған қомақты үлес болғаны уақыт айқындаған ақиқат. Рас, қызыл империяның цензурасы Ғұбекеңе Орқұн-Енесай тасбітіктерінің түпнұсқасымен жақын танысып, ізденуге тыйым салған жағдайдың өзінде Сергей Ефимович Маловтың ғылыми анықтаған мәтініне сүйенуіне тура келді. Сондықтан С.Е.Малов Орқұн-Енесай тасбітіктерінің мәтінін оқу барысында жіберген олқылықтары мен кемшіліктері Ғұбекеңде де қайталанып отырады. Жалпы, Орқұн-Енесайдан табылған тасбітіктердің құпиясын ашып, тұңғыш оқып, ескерткіштің Тәңірге сыйынатын төрүк ұлытына тиесілі екенін күллі әлемге жариялаған дат ғалымы Вильгельм Томсен еді. Солай бола тұра, кеңес дәуірінде Вильгельм Томсен еңбегін ғылыми айналымға шығаруға саналы түрде шектеу жасалды. Біз кеңес дәуірінде отандық төрүктану ғылымының өре деңгейін С.Е.Маловтың жеткен жетістіктерімен бағалап, мақтаныш тұтқан едік. Тәуелсіздік таңы атып, дүниеге есік-тереземіз ашылған сәттен Вильгельм Томсеннің төрүктануға қосқан сүбелі үлесімен танысуға мүмкіндік туды. Сөйтсек, төрүктанушылар, соның ішінде С.Е.Малов та Вильгельм Томсеннің зерттеу еңбектеріне арқа сүйегені айдай анық болды. Әсіресе Вильгельм Томсеннің дыбыстардың мағыналық нәзік реңкін айқындайтын варианттылығына мәтін ішінде мысалдар арқылы көк төрүктердің фонетикалық табиғи ерекшелігіне сәйкес ғылыми тұжырымдарын С.Е.Малов зерттеу еңбектерінде тәжірибеде сәтті игергендігі байқалып тұрады.

Ғұбекеңнің ғасыр толған атаулы күніне орай әл Фараби атындағы ҚазҰУ-да, Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялармен инжиниринг университетінде ғылыми конференция­лар өтті.

Жаны жаннатта болғыр рунатанушы, Қазақстан­ның еңбек сiңiрген ғылым қайраткерi, филология ғылымының докторы Ғұбайдолла Айдаровтың мерейлі тойы тұсындағы толғаныстың бір үзігі осы.

Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ,

төрүктанушы-ғалым

 

421 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы