• Тұлға
  • 28 Қазан, 2021

НАҒАШЫ

Елім деп емірене алатын әр адамның жүрегіне қазақ даласының қай өңірі де етене жақын. Соның өзінде де аты аталғаннан-ақ жаныңды жылытып жүре беретін, жөні бөлек жерлер бары тағы рас. Солардың бірі – Жуалы. Бір жағын қарт Қаратаудың жотасы, бір жағын Боралдайдың биіктері, бір жағын Талас Алатауы қоршап жататын, көрерге көз керек көркем өлке, түгін тартсаң майы шығатындай шүйгін жайлаулы берекелі жер. Арғыдағы аруақты ата-бабаларды айтпағанда, бергідегі Бауыржан батырды, күні кешегі Шерхан баһадүрді қазаққа сыйлаған ел. Жуалының қадір-қасиетін былайғы жұрттың өзі жақсы біледі, ал енді сол Жуалы нағашы жұртың болса, қалың қазақ онсыз да аялай айтатын сол жер мен сол елдің көңілден де, көкейден де кетпейтіні өзінен-өзі түсінікті. 

 

Жуалының Қошқарата бетінде Қызтоған деген ауыл бар. Ертедегі атауын қазір сондағы елдің өзі ұмытып қалған шығар, біз білгендегі аты осындай – Қызтоған. Отан соғысы жылдарында сол ауылдың қыз-келіншектері майдандағы азаматтарды жоқтатпай, суды жинайтын тоғанды қолдан тұрғызып, құнарлы топыраққа егін салып, майданға дән жіберген, ауылдағы ел-жұртты асыраған екен. Содан ауыл Қызтоған атанып кеткен. Қызтоғанда менің анам туған. Кейін апамдар іргедегі Шаңлаққа көшіп келген. Біз мектепте жүргенде каникул сайын Шаңлақтағы Сәрсеқұл нағашымызға баратынбыз. Сәрсеқұл – апамның жалғыз інісі. Боралдай бойлап, үзіліп түскен моншақтай жайнап, бір-біріне жалғасып жататын Талдыбұлақ, Кеңбұлақ, Мыңбұлақтардың сол жерге көшіп келген қарашекпендердің атымен Антоновка, Михайловка, Петровка атанғанындай, Шаңлақ та Кантемировка делінетін. Бесінші класта ма, алтыншы класта ма, бір жолы апам екеуміз Кантемировкаға бара қалдық. Барысымен Еркінбек көкенің үйіне сәлем беретін әдетіміз. Есіктен аттағанымыз сол еді, Айбарша апаның: «Осы сендер қайда жүресіңдер? Сәл ертерек жүрсеңдер қайтеді?», – деп қарсы алғаны. Бұнысы несі дегенімізше болған жоқ, апамыз өз сөзін өзі түзете бастады. «Қыз-ау, апыл-ғұпыл айтқанымды айып көрме. Жаңа ғана Тельман мен келін Бурныйға жүріп кетіп еді. Тым құрыса бір сағат бұрын келгеніңде ғой, келінімді көріп қалатын едің, саған сынатып алатын едім келінімді», – деп жатыр. «Мен не, сыншымын ба сонша?», – деп күлді апам. «Ай, сен сыншысың, білем ғой, бидің жиенісің, бір көргеннен бағасын беретін едің» дегенді Айбарша апа толқып айтты. Келін түсіргеніне қуанғаны, келінге көңілі толғаны көрініп-ақ тұр.

Апам жас келінді көруге үлгермей қалғанына өкінген шығар, ал мен жаңа үйленген жігітті көре алмағаныма өкінген едім. Өйткені мен оған дейін Тельман нағашымды ешқашан көрген емеспін. Қайдан көремін, біз Жуалы жерінен Қазығұрттағы ағайынды іздеп, сонау 1950 жылы көшкенбіз. Ағам Батырбек 1949 жылы Жуалыда туған. Атақты ­Батырбек датқаның атын алатыны содан. ­Бастауыш класта жүргенімде Тельман нағашым оқу қуып, Алматыға кеткен де, сол күйі қалада қалып қойған. Тельманның жалғыз ағасы – Шардарбек көке де оқу қуып, Жамбылға кеткен, ол да қалада қалып қойған. Шардарбек радиода бастық, ­Тельман комсомолда бастық болып жүргенде сай-сайда шабылған шөпті үйге тасып жеткізуге адам іздегенде Айбарша апамыз айтқан «Трәктірші бала туу керек екен ғой» деген сөз ауыл-аймаққа тарап кеткенін естігенбіз. Негізінде бұл әулеттен тракторшы бала тууы да оңай емес еді. ­Айбарша апамыздың әкесі Мәткерім болыс болған. Нағашы жұртымыздағы аталарымыз ­Сауранбек, Сауқымбек, Жәнібек – шетінен сөз ұстаған, мал біткен адамдар. Жәнібек – нағашы атамның азан шақырып қойған аты. Бозбала күнінен-ақ ел алдына шығып, айналасының бәрі «көке, көкелеп» жүріп, бірте-бірте Жәнібек аты ұмытылады да, Көке атанып кетеді. Апамның тұрмысқа шыққанға дейінгі тегінің өзі Көкеева екен. Апам – Дәуімбет бидің жиені. Сонда мен бидің жиеншары болып шығамын. Ардақты ағамыз Еркінбек Тұрысов төмендегідей мағлұмат береді: «Рысбек-Құдияр ұрпағынан шыққан Сәуірбай, Дәуімбет би, Батырбектен өсіп-өнген күллі Ақсу – Арыс, Шымкент атырабына билік жүргізген әйгілі Қасымбек датқа, Ыса датқа, Белқожа би, Төребек әулетінен шыққан Шерім, Нарғозы би. Кешегі ақ патша Николайдың тұсында сонау Ақмешіттен Әулиеатаға шейін ұлан өлкеде қос жүйрігі – қара тұлпар мен қасқа тұлпары аламан бәйгенің алдын бермеген атақты Мақұлбек болыс өз заманында дәуірлеп өткен Рысбек батырдың ұрпағы еді». Сол Мақұлбектің аңызға айналған Қара атымен талай жыл шауып, бәйгені бермеген шабандоз бала – менің атам Таутай Қарымсақұлы. Бұл сәйгүлікті өз шығармаларында Тәкен Әлімқұлов та, Асқар Сүлейменов те атап өтеді, Әбжаппар Жылқышиевтің «Қара аттың хикаясы» деген повесі бар. Атамның Қара атқа қатысты хикаясын қағазға түсіріп, Еркінбек аға «Марқабұлақ асуында» жазған. Онда бала күнде тай-құлындай тебісіп өскен досы – менің әкем Абдрахман туралы да айтылады. Әңгімешіл атамның сөзінің басын жазушы былай келтіреді: «Қаратаудың үш сала Сүңгісін қыстап, жон өлкесін жайлайтын ұлы Бәйдібек бабамыздың бәйбішесінен тараған сарыүйсіндер іргелес жатқан қалың сиқыммен қатар көшіп, қарайлас қонған тату ағайынды ел едік. Әкем Қарымсақ арғы атамыз Жетібай, Тілеуке, бергі атамыз Ақшал, Жарастың тұсынан Сиқымның ұлы ордасы Батырбек, Төребек датқа, Құдияр, Сәуірбай, Дәуімбет би әулетімен сыйластығы жарасқан қат-қабат құдандалы, барыс-келісті жұрт едік. Бізді туған анамыз Қарымсақтың бәйбішесі Әнепия жоңғар жорығында қол бастаған Рысбек батырдың бір шөбересі Жанғазының қызы еді». Соның ізінше: «Қара тұлпар Мақұлбек қолында болған бас-аяғы жеті жылда он екі мәрте аламан көшін бастады. Соның 17-ші жылан жылғы Төребек датқаның үлкен ұлы Темірбектің асынан, сонау өр Таласта өткен Сапақ датқаның асына дейінгі тоғыз бәйгенің алдын бермеген қара тұлпар жануардың үстінен түспеген атшабары мен болдым», – дейді атам. Ретін келтіріп, өз атамды айтып алсам, енді тақырыпқа оралайын...

Сауранбектен Еркінбек туады. Енді Еркінбектің жайын батыр Бауыржаннан тыңдаңыз. Баукең былай дейді: «Баяғыда, мен Жуалыда райкомда істеп жүргенде, Еркінбектің үйінде тұрдым. Еркінбек Құрманбек екеумізден екі-үш жас үлкен болатын. Бірақ біздің сырлас, қимас дос болуымызға оның әсері тиген емес. Кеудемізді арман мен тілек кернеген жас кезіміз, басымыз біріксе-ақ алдағы күнімізді армандап, жорамал жасаймыз. Сонда Құрманбек «Мен журналист боламын», – дейді. Мен «Әскери адам боламын», – деймін. Еркінбек екеумізге қарап күліп қойып: «Ниеттеріңе жетіңдер, арман­дарың алдарыңнан шықсын, екеуің сыртта жүргенде біреуіміздің ауылда қал­ғанымыз жөн. Сондықтан мен осында қалып, ауылдың белсендісі болайын», – дейтін. Осы айтқандарымыз айны­май келді. Еркінбек марқұм өмірінің соңына дейін Жуалы ауданында партия, совет қызметінде болып, адал тер төкті. Құрман­бек болса белгілі журналист, жақсы аударма­шылығымен танылды. Александр Бектің «Арпалысын» ойдағыдай аударып, қазақ оқырманына жеткізді. Үшеуміздің досты­ғымыз ертеден басталып, талай асудан асты»...

Сөздің орайы келіп тұрғанда Еркінбек көкенің менің атам Таутай ақсақалмен өте жақын болғанын, ерекше жақсылығы тигенін де айта кетейін. Еркінбек ­Сауран­беков соғыс басталғанда майданға атта­нады да, 1942 жылы жараланып, елге оралады. Жарақатынан жазылып шық­қанында соғысқа дейін-ақ мектеп директоры болып үлгерген, жалындап тұрған жігітті аудан басшылығы аттай қалап, броньмен алып қалады, бірден аудандық кеңес атқару комитетінің ­жауапты хатшы­лығына қояды. Арада аз уақыт өткенде ­ауатком төрағасының орынбасары, тағы біраздан кейін ауатком төрағасының өзі болады. Сөйтіп жүргенінде 1944 жылы жарақаттанып, Таутай атам ауылға келеді. Соғысқа қайта аттанар кезінде Еркінбек досына бронь алып береді, онымен де қоймай, сондағы колхоздың біріне председатель етіп тағайындайды. Еркінбек көкеміз сол жақсылығын жасамаса, атамызды қан майдандағы қарша бораған қалың оқтың бірі қағып түсер ме еді, құдай сақтасын, бәлкім, әкеміз жастай жетім өсер ме еді. Онда біздің тағдырымыздың қалай өрілерін кім біледі.

Еркінбек Сауранбековтің көмегін көр­гендер көп-ақ. Қорғанбек Аманжол­дың: «Аудандық кеңес атқару комитетінің ­жауапты хатшысы, ауатком төрағасының орынбасары, одан соң төраға міндетін де қоса атқарып, аудандық атқару комитетін басқарды, жағдайлы болған талай адамға қолдан келген көмегін, естен кетпес жақсылығын жасап, шарапатын тигізді. Сөйтіп, ауыл-аймақта, мұқым Жуалы өңірінде ел ағасы атанды, сыйлы қонақ келсе, алдына ат басын тірейтін, аудан атынан қарсылайтын қаптал дәрежеге жетті. ­Бауыржан мен Құрманбек туған жерге ат ізін салған сайын ең бірінші күтіп алатын да, сағыныш мауқын басып, сый-құрметімен шығарып салатын да Еркінбек болатын. Жұрт сонда жарқылдап жайраңдасқан, қуақы қалжыңдасқан, елдің әңгімесін айтқан үш достың аузына қарайтын», – деп жазатыны содан.

Қорғаш досым Бауыржаннан туған Бақытжан, Құрманбектен туған Кеңес, Еркінбектен туған Тельман аталар аманатын алға апарғанын, әкелердің достық дәстүрін жалғастырып әкеткенін, өздері де өмірден өте-өткенше жандары жарасып жүргенін, қазір Бақытжаннан туған Ержан, Кеңестен туған Ғалым, Тельманнан туған Ғани ол жолдың жібін үзбегенін, көкесі Тельманға жақсыларға жақын болуды, үздіктен үлгі алуды үйреткенін, Мәскеуден Алматыға өтіп бара жатқан Бауыржан досын Бурныйдың станса басынан күтіп алып, Жамбылға (қазіргі Тараз) дейін шығарып салғанда қасына кішкентай ­Тель­манды ілестіре кететінін, сөйтіп, ­бала­сына өнеге беретінін Тельман ағаның 70 жыл­дығына орайластыра жариялаған «Тағ­дыр сыйы» атты мақаласында әдемі келтірген.

Ел сөзін ұстаған Сауранбектің немересі, ел басқарған Еркінбектің ұлы Тельман жас­тайынан зерек өскен. Көкесінің жұмы­сы аудан орталығы Бурныйға (әйгілі Шыңғыс жазатын ­Боранды бекетіңіз осы) ауыс­қанда мектепке бір ауыз орысша сөз білмей барған бала Тельман айналасы бірер жылда сол тілде таңдайы таңдайына жұқпай, тақылдайтын болып шығады. Еркін­бектей әкенің, Айбаршадай ананың текті тәрбиесімен қазақы қалпын да сынын бұзбай сақтай алады. Мектепті орысша бітірген, университетте орысша оқыған Тель­ман­ның екі тілде бірдей сөйлейтіні, бірдей жаза­тыны өзі «папа» деумен өткен ұлы Баукеңнің ұлағаты деудің де артығы жоқ.

Тельманның Еркінбек көкемізден алып қалған қымбат қасиеттерінің бірі – жұртқа жұғыстылығы, көңілінің кеңдігі. Кешегі қоғамда ұйымдастырушылық қабілет, көппен тіл табыса білу, мінез байлығы, сезім сергектігі жақсы бағаланатын еді ғой. Сол заманның ұстанған ұрандарына ұйыған, өткізер сөзін өрнектеп өре білетін, ішкі жан тазалығына сыртқы сымбаты сай Тельман да көзге ерте түскен. Университетті бітірісімен-ақ комсомол жұмысына тартылып, әуелі Алматыдағы Совет аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы, облыстық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі болған ол көп ұзамай алдымен Совет ауданының, одан кейін қаланың комсомол ұйымын басқарады. Алматыға оқуға келіп, университетке құжат тапсырғанға, жатақханадан орын алғанға дейін бес-алты күн Тельман ағамның үйінде жатқанмын. Менен бұрын келген тағы екі абитуриент бар еді үйінде. Оныншы шағынаудандағы шағын пәтерде бала кезде көріп үлгере алмай қалған Мейіржан жеңешемнің мейіріне бөленген күндер, жастайымнан сыртынан атына қанып, атағына мақтанып жүретін Тельман ағамның әңгімесіне әсерленген түндер әлі күнге көз алдымда.

Астаналық қаланың комсомол же­текшісі болып жүрген жерінен Мәскеуге – Бүкілодақтық Лениншіл комсомол жастар одағының орталық комитетіне жұмысқа шақырылуы – Тельман Сауранбековтің өміріндегі айтулы белес. Ел астанасында қызмет еткен сол үш жылда орда бұзар отыздағы жас жігіт үлкен мектептен өтті. Жауапты ұйымдастырушы ретінде өзіне бекітілген Брянск, Смоленск, Рязань облыстарындағы комсомол жұмысын үйлестіре жүріп, көп жайға қанықты, өзін танытты. Орыстың ойдым-ойдым ормандарындағы деревня тұрғындары ұзын бойлы, ақ жүзді, келбеті келіскен жігіттің бетіне «Қазақтар осындай болады екен ғой өзі?» деп аңтарыла қарағанын талай сезінген де.  Ғани ағасының ізімен Мәскеуге барып, Қазақстан комсомолы кадрының жақсы атын шығарып жүрген Тельман республика басшылығының да назарына ілігеді. Іліккені сол, үш жылғы жұмыстан кейін Алматыға шақыртылып, КОКП Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясының басшысы Дінмұхамед Қонаевтың алдынан бір-ақ шығады. Оған республика комсомолы орталық комитетінің хатшысы қызметі ұсынылады. Бұл лауазымда жүргенінде Тельман өзінің алдындағы Өзбекәлі ағасының өнегесімен шығармашыл жас­тармен етене байланыс жасап, талай тастүлек таланттарды тәрбиелеуге атсалысты. Ол кезде комсомолдың шығар биігі – партия. Жастармен жұмысты жалындатып жүргізген жетекшілер партия қызметіне шақырылмай қоймайды. Өз тұрғыластарының арасынан сүйріктей суырылып тұрған Тельман ­Сауранбеков те сол жолға түсірілді – ­Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы қызметіне жоғарылатылды. Әлеуметтік салаға ­жауапты хатшыны «үшінші» деп нөмірлеп жататын ол кезде. Көтеретін салмағы бойынша солай болса солай да шығар. Бірақ Алматының үшінші хатшысына артылар жүк өзге қалалардың бірінші хатшысының жүгінен кем түспесі анық еді. Неге десеңіз, ол кезде игі жақсының бәрі Алматыда, ғұлама ғалым да, заңғар заңгер де, даңқты дәрігер де, атақты жазушы да, арқалы ақын да, саңлақ суретші де – бәрі сонда. Ақыл айтқыштар да, арыз жазғыштар да жетіп артылады. Солардың бәрімен аралас-құралас болу, елге еңбек етер жақсылардың жұмысына жағдай ­жасау, көңілін табу қаланың бас идеологына жүктеледі. Қала басшылығының қайта-қайта ауыса беретіні тағы бір қиындық. Тельманның сондағы сегіз жылда бес бірінші хатшымен жұмыс істеп шығуы олардың бәрі идеологиялық бағыттағы атқарылып жатқан тірлікке көңілі толғанын көрсетері күмәнсіз. Бір ғана шаруаны атаумен тоқтайық. 1978 жылы Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің халықаралық конференция­сы өтті. Сол тарихи ­жиында адамзат үшін аса маңызды шешім қабылданды – алғашқы медициналық жәрдем жүйесін міндеттейтін ұстаным тұжырымдалды. Әлемнің жүзден астам елінен, денсаулық сақтау саласын­дағы халықаралық ұйымдардан делегациялар келді. «Әлемнің жүзден астам елінен» деп жаза салу жеңіл. Жүзден астам елден келген қонақты күту қазір де оңай емес. Қазақстанның халықаралық қатынас тәжірибесі қалыптаса қоймаған ол кезде тіпті қиын. Бас-аяғы мыңнан астам адамды қонақ үйге орналастыру, аудармашылардың, гидтердің қызметін ұйымдастыру, тамақпен, көлікпен қамта­масыз ету, Алматыны, Медеуді, Шымбұ­лақты тамашалауын реттеу сияқты қат-қабат жұмыстың бәрі, әрине, қалаға жүктеледі. Соның бәрін үлгі тұтатындай етіп үйлестірген жұмысты басқарған осы Тельман болатын.

«Ол кезде комсомолдың шығар биігі – партия» дедік қой, ал партиялық жұмыста ерекше көзге түскендердің шығар биігі – Орталық комитет. Оттай жанып тұрған астаналық ортада абыройлы атқарылған хатшылық қызметтен кейін Тельман Сауранбеков Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Шет елдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Сол қызметте жүргенінде Т.Е.Сауранбеков Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. Бұл жұмысты ол 1986 жылдың желтоқсанына дейін атқарды. Дінмұхамед Қонаев көтерген кадрдың, Асанбай Асқаров қамқорлық жасаған адамның Колбиннің тікелей қарамағындағы бөлім меңгерушісі қызметінде қала алмайтыны түсінікті еді. Әйтсе де, жұмысынан мін табылмайтын, мінезіне сын тағылмайтын ­Тельмандай азаматты жазықсыздан-жазықсыз тым тұқыртып жіберу де тіпті жөнсіз. Оған енді КСРО Министрлер Кеңесінің Қазақ КСР-і бойынша дін істері жөніндегі өкілетті өкіл міндеті артылды. Бір жақсысы, Тельманның өзіне төмендетілу болып шыққан бұл шешімнен ел пайда көрді. Екі жайды айтумен тоқтайық. Үкімет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауының, көмегінің арқасында сонау он тоғызыншы ғасырда салынған ескі мешіттің орнына жаңа мешіттің құрылысын бастатып берді. Екінші еңбегі тіпті ерен. Ерен болатыны – ол кезде біздегі дін мәселелері Ташкенттен басқарылатын, Орта Азия мұсылмандарының дін басқармасы өзбек астанасында орналасқан еді. Тағы да Назарбаевтың алдына кіріп, Нұрсұлтан Әбішұлының: «Дұрыс айтасың. Дін тәуелсіз болмай, діл тәуелсіз болмайды» деген сөзінен соң, Мәскеумен күресіп, Тәшкенмен тіресіп жүріп, ақыры Қазақстанның дербес дін басқармасын құруға қол жеткізді. Өз билігіміз өзімізге тигеннен кейін-ақ діннің тың тынысы ашылды, жер-жерде мешіттер салына ­бастады. Жұмысын жарнамалап жату былай тұрыпты, қадалып сұрағанда да ештеңе айтпайтын Тельманның былайғы жұрт біле бермейтін басқа да игі істері жеткілікті. ­Наурыз мейрамын қайта жаңғырту мәселесі көтерілгенде Орталық комитеттің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековке бұл мерекенің діни сипаты жоқтығын, исламға дейін де болғанын дәйекті дәлелдеген қызметтік жазба дайындап бергенін өз басым анық білемін. Өз басым демекші, Алматыда қазақша газет шығару жайын қозғай қалып, оған «Алматы ақшамы» деген ат ұсына қалып, екі ортада «дін сөзін тықпалауға тырысты» деген сөзге қалып, кәдімгідей қиналғанымда Тельман ағама барғанмын. Сонда ол мені арабист жерлесім Лениншіл Рүстемовке жіберіп, төрт беттік анықтама алдыртқан болатын, газет атының дауы сонымен тынған еді. Әлгі анықтаманы алға ұстап, «ақшам» сөзінің намаздан шық­па­ғанын, қайта «ақшам намаздың» сол намаз оқылатын кешкі уақыттың атынан шық­қанын әупірімдеп дәлелдегенбіз, әйтеуір.

Тельманның тапсырылған іске тиянақ­тылығы, жүктелген жұмысқа жауаптылығы еліміз егемендікке жеткенде тағы да тамаша таныла түсті. 1990 жылы сәуір ­айында Қазақстанда президент институты енгізілгенде Нұрсұлтан Назарбаев оны өз аппаратындағы азаматтарды қабылдау және хаттар бөлімінің меңгерушісі қызметіне шақырды. Жетпіс жастың жотасына шыққанында Елбасының өз қолымен мөлдіретіп тұрып түсірген құттықтау хатын­дағы: «Қызметтес болып, бірге жүрген кездеріміз менің де есімде. Елге қызмет етіп, бала өсіріп, осындай жасқа келу – бұл тағдырдың сыйы», – деп ақ қағазға қара сиямен жазып берген қолтаңбасы да тағдырдың сыйы.

Қай кезде де, қай қызметте де кісілік келбетіне кіршік түсіріп көрмеген, соңынан сөз ермеген Тельман Сауранбеков жаны да, тәні де сұлу сирек жан болатын. Президент Әкімшілігінде қатар жұмыс істеген жылдарда Тельман Еркінбекұлының іскерлігі, ішкі мәдениеті, сырбаз қалпы, қай мәселені де салқын сабырдың сарабына салып, асықпай-саспай шешетіні жөнінде аппараттағы адамдардан естіген сайын жаным мерейленіп қалатын. Мектепте жүргенде атын сырттай мақтаныш тұтып, Алматыға келгенде өзін көріп, сөзін естіп, үлгісінен үйренген, қатарласа, қанаттаса қызмет атқарған тұста да жанашырлық ақыл-кеңесін алған нағашыма бір жолы жиендігім ұстап, «Ойпырмай, кезінде бір қызметке ұсынбай-ақ қойдыңыз ғой», – деп әзілдегенімде: «Талай қағаз мен арқылы өтетін еді ғой, жақында өзің де өсейін деп жүргеніңді біліп тұрып, неге ұсынайын?», – деп құтылғаны бар. Тегінде, мұның бір себебі Тельманның сәл артықтау сақтығында, тағы бір себебі біздің қызмет салаларымыздың онша тоқайласпағанында сияқты. Әйтпесе, қолынан келерін кім-кімнен де аямайтын. Қолынан келерін аямайтыны сол, Президент Әкімшілігіндегі, Парламент Сенатындағы жауапты жұмыстарды абыройлы атқарғаннан кейін зейнет демалысына шыққанында ­Тельман үйде қарап отыра алмады. «Игілік – С» халықаралық қайырымдылық қорын құрып, қор президенті міндетін атқарды – мүгедектігі бар кісілілерге, жоқ-жітік жандарға, жетім балаларға киім-кешекпен, азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен қарасып, талайдың сауабына қалды. Бұл қоғамдық қызметінде де оның ұзақ жылдарғы ұйымдастырушылық тәжірибесі көмекке келгені күмәнсіз еді.

Тәубе, жақсыға жиі жолыққан, ұстаздан жолы болған адаммын дей аламын. Университеттің соңғы курсында Мемлекеттік кино комитетіне шақырған Қалтай Мұхамеджанов, оқуды бітірген бетте бірден елдің бас газетіне жұмысқа алған Сапар Байжанов, партияның Орталық комитетінде елдіктің ерекше мектебінен өткізген Өзбекәлі Жәнібеков, ­Мырзатай Жолдасбеков, бірге қызмет атқарып, өшпес өнеге көрсеткен Әбіш Кекілбаев сынды саңлақтармен бірге жүрген жылдар ­жадымда жаңғырады да тұрады. Солардың бірі – Сапар Байжанов ұжымға келген күнімнен-ақ қамқорлығын көрсетумен болды. Әуелі бастауыш журналистер ұйымын басқаруды тапсырды, араға жыл салмай жатып кәсіподақ комитетінің төрағалығына ұсынды. Жұмысқа қабылданғаныма бір жарым жыл жаңа толғанда партия мүшелігіне кандидаттыққа өткізу мәселесін көтерді. Ол кезде Орталық комитеттің органында, «ЦК-ның «СҚ-сы» делінетін газеттің өзінде партияға өту бір қиямет-қайым. Аудандық партия комитеті 2-3 жылда бір анкета беретін көрінеді. Елдегі жалғыз партияға өтуден дәмелілер тізіліп тұр. Оншақты жылдан бері сол күнді күтумен жүргендер де бар. Осындай жағдайда мұншама құрмет редакция табалдырығын кеше ғана аттаған жас жігітке бұйырғалы тұр. Оңайлықпен кешіретін нәрсе емес. Ақыры солай болды да. «Әрнәрсенің жолы сақталғаны жөн екенін», «жастарды желпілдетіп жібермеу керектігін» айтушылардың пікірі ескеріле келіп, әлгі анкетаны редакцияға менен бес жыл бұрын келген әріптесіме беру ұйғарылды. Не істеу керек? Дауласатын жер емес, дауласу тұрмақ таласудың өзі ыңғайсыз. Әрі ойлап, бері ойлап, ақылдасқан артық болмас дегенге тоқтадым да, Тельман ағаның тіке өзі көтеретін телефонына хабарластым. Бардым. Айттым. Қайран, партияның пәрмені-ай. Фрунзе аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына телефон соқты да, «Осылай да осылай, «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына тағы бір анкета беруді сұраймын», – деді. Ана кісі: «Бір ұжымға бірден екі анкета берілмейді ғой», – деді ме, «бермеуші едік» деді ме, бірдеңе айтты-ау деймін. Қалкомның хатшысы: «Солай болғандықтан да сұрап тұрған жоқпын ба?», – деді де телефон тұтқасын орнына қойды. Ойпырым-ай, арада екі-үш күн өтті ме, өтпеді ме, аупарткомнан хабар түссін. Редакцияға партия мүшелігіне кандидаттыққа қос анкета қатарынан бөлініпті... Сөйтіп, айды аспанға шығарып, екі жігіт кандидаттыққа бір күнде өттік те кеттік. Дәл осы жолдарды бүгінгі жастар оқыса, «Бұлар неменеге сонша жанығып жүр? Ол партия уақыттың сынағына шыдас бере алмай, тарих сахнасынан бір-ақ күнде тайдырылған жоқ па еді?» деп таңданатын да шығар. Ал біздің тұстастарымыз тіпті де таңданбайды. Себебі белгілі. Партиясыз ол кезде аттап аяқ баса алмайсың. Партияға өтсең, қай-қайда да жолың ашылады, мүмкіндігің молаяды. Мысалы, менің өзіме тап солай болды. Коммунист атанғаннан кейін араға небәрі екі жылдай өткенде бөлім меңгерушілігіне тағайындалдым, «Социалистік Қазақстанның» тарихындағы ең жас бөлім меңгерушісі атандым. ­Бастауыш партия ұйымы хатшылығының тізгіні қоса берілді. Тағы үш жылдан кейін редакциядағы ең белді бөлім – партия тұрмысы бөлімінің меңгерушілігіне, алқа мүшелігіне бекітілдім. Сол қызметтен 1987 жылы Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің аппаратына, Насихат және үгіт бөлімінің баспасөз секторына шақырылдым. Коммунистер қатарында жоқ адам мұның бәрін тек түсінде көре алар еді. Тельман ағаның сол бір әрі батыл, әрі тосын шешімі болмағанда мұндай жарқын жолдың алдымнан жайылып салмайтыны анық еді. Нағашымның маған көрсеткен сол бір ғана көмегінің өзі өміріме шешуші ықпал еткенін жасым жетпіске толған шақта жасырмай жазғым келді.

Қолым бір жақсылыққа жеткен тұста қазақтың «Үйдің жақсы болмағы – ағашынан, жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан» деген сөзі ойыма оралады. Сондай асыл адамның, асыл ағамның сексен жастың сеңгіріне шығуға жарты-ақ жыл қалғанда мына жарық дүниеден жырақтап кете барғаны жаныңды жүдетеді, жүрегіңді жылатады. Қайтерсің, өмір заңы солай. Адам келеді, адам кетеді. Өмір жалғаса береді. Қос қоғамда да бірдей құрметті болған, қай кезде де елге қызмет етуді қасиетті мұрат тұтқан ардақты азамат ­Тельман Еркінбекұлы Сауранбеков – қашанда көзін көрген көптің көңіл төрінен түспейтін тұлғалардың бірі, бірегейі.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ

 

1382 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы