• Тұлға
  • 28 Қазан, 2021

АНА ТІЛІНІҢ ТАҒДЫРЫНА АЛАҢДАҒАН АЗАМАТ ЕДІ

Күні кеше ғана арамызда отырысымыздың сәні мен мәні болған маңғаз мінезді,  көрсең көзің тоятын, сөйлессең көңілің өсетін, кісі баласына кінәраттай қиянаты жоқ, өз ісіне мығым Нұрперзенттің мына жалған дүниеден өткеніне де көзді ашып-жұмғанша жүз күн өтіп кетіпті. Уақыт неткен жылдам. Мәңгілік мекеніне аттанғанын көзіңмен көрсең де, көңілің сенбейтіндей... Ол әлі де арамызда жүргендей... Алғаш естігенімізде төбемізден тас түскендей күй кешсек, ес жиғанда да ақиқатты мойындағымыз келмей күндердің күнінде кездейсоқ көшеден кездесіп қалатындай сенімде болғанымызды қалай жасырайық. Алайда ол әдемі күлкісімен айналасына нұрын шашып, сырқатынан да сыр бермей, сымбатына да сын іліктірмей лезде ізім-қайым жоғалыпты. Өкінішті-ақ.

 

Бірақ бірінші курста-ақ биязы болмысымен, көркем мінезімен бәріміздің көңілімізді жаулап алғаны соншалық, оны бір туған бауырымыздай  еркелетіп Нүркен деуші едік.  Сол баяғы моп-момақан, сүп-сүйкімді мектепті жаңа бітіріп, үлкен өмірге өзінің таза табиғатына тән мөлдірлікпен, тазалықпен, таңданыспен қараған бала болмысымен курстастарының көңілінен шыққан Нұрперзенттің енді екінші, мәңгілік өмірі басталды.

Өзгені қайдам, өз басым курстасым, белгілі журналист, Қазақстан Журналис­тер одағы сыйлығының лауреаты, Ақпарат саласының үздігі, Мәдениет қайраткері Нұрперзент Домбайдың жүрек сырқатынан кетті дегеніне жүз пайыз сенемін. Себебі сол саналы өмірінің соңғы секундына дейін өзінің жүрегі сыр беріп жүргенін сезбеген, не бір емханадан арнайы ем алмағандығына ренжісек те, қолына қалам алып қазіргі ұлттық құндылықтарымыздың құлдырауына бейғам қарамайтын әрбір қазақ зиялысына ортақ дерт екендігін еріксіз мойындарыңыз хақ. Университеттен кейін еңбек жолын бастаған Жезқазған облыстық газетінде де, сол жақтағы «Мысты өңір» газетінде де, өмірінің соңына дейін  «Ана тілі» газетінде еңбек етіп, күн сайын ғана емес, сәт сайын жүрек сырқыратар қазақ тілінің мүшкіл халі, тәуелсіздік алған отыз жылда да бір оңынан туып, барлық қазақ үшін ғана емес, жерімізде тұрып, жегені алдында, жемегені артында болған өзге ұлт өкілдерінің де қолданыс тіліне, күнделікті қажетіне қол жеткізе алмаған аянышты халі Нұрперзенттей ұлтжанды қаламгердің жанын жегідей жеп, жүрегіне салмақ салғаны белгілі. Оған Нүркеннің арын мазалап, азаматтық үнін айқындаған ана тілінің тағдыры туралы жазған публицистикалық толғаулары, сараптамалық мақалалары, түрлі тақырыптағы көкейкесті мәселелерді қозғаған көркем очерктері мен жазбалары, алғашқы бетте үнемі беріліп жүрген арнаулы бағаналары даусыз дәлел. Ұлт тағдырымен тамырласып тұтасқан, ұлт намысынан нәр алып, өзгеше өрнекпен өріліп өзіндік нақыш алған өлеңдері мен әрбір публицистикасындағы парасатты пікірлері ақын, журналист, ана тілінің жанашыры Нүркеннің ел мұңын жүрек шерімен шегіп, жанымен күйзелгенін көрсетеді. Қай мақаласында да ана тілінің тағдырын тікелей болмаса да астарлап та, ашық та айтып, мүмкіндігі мол берілген басылымның бар бағытын, болмысын кеңінен пайдаланып, көкірегіндегі кем дүниені күніне бір елдің есіне салып, етек-жеңімізді жинауды, алды-артымызға ой жіберіп келешегімізге кінәрат түсірмеуді, ұрпақ алдында ұятқа қалмауды құлаққағыс етіп отырды. Бұл бір ғана Нүркеннің ғана емес, елім деген азаматтың, «тілі жоғалса ұлты да жоғалатынын» (А.Байтұрсынов) терең түсінетін әрбір зиялы қауымның, қолына қалам ұстап ұлтының ар-абыройына айналған (М.Әуезов) әрбір қаламгердің қаперінде жүретін, өмірінің де өнерінің өзегі, мұрасының мәңгілік құндылығы екендігі де бесенеден белгілі. Ана тіліміздің айналасындағы ақиқатты айтпауға оның ары да, үндемей жүріп те үлкен іс тындырар табиғаты да жібермегені анық. Күнде жұмысқа келерде аялдамада әжесі мен немересінің, анасы мен баласының қазақ тілінде емес, өзге тілде өзеуреп өбектесіп тұруы жүрегін өрттей өртесе, енді қайтпек? Үйде де, көпшілік орында да, демалыс ­саяжайларда да, көлікте де, газет тапсырмасымен барған өндірісте, мәртебелері биік мінбелерде де, мекемелерде де еститіні орыс тілі, ауыздан шығарып елге естіртуге арланатын, өзге ағайынның алдында абыройын айрандай төгіп алмайын деп қанша құпия қымтап қуыстанса да құлағының түбінен жүз рет естіп, жүрегін жаралағанын қалай жасырсын. Міне, осының бәрі жұдырықтай жүрекке атом бомбасындай салмақ емес пе? Нүркен осы тіл тағдыры үшін тынбай табанды еңбек етті, ана тілінің тазалығы, келешегі үшін қам жеді, оның құндылығы мен құнарын өз ұлтының ұрпағына ұғындыруға тырысты. «Ана тілі» газетінде қызмет еткен жылдары өзіне аманат етілген бұл міндетті мінсіз, үлкен абыроймен, ұлтжандылықпен, азаматтық ар-намыспен, қаламгерлік қайратпен атқаруға бүкіл саналы өмірі мен алтын уақытын арнады. Өзінің бала кезден арман тұтқан ақындықты да кейде осы жолға құрбан ете білді. Мұндай ерлік екінің-бірінің қолынан келе бермесі де анық. Күнкөрістің қамымен негізгі жұмысын жүрдім-бардым істеп, жеке басқа орасан атақ-абырой әперер ақындық, жазушылық т.б кәсіпке көп көңіл бөлетіндердің санатына қосылмайтын, өз ісі мен мамандығына деген адалдықтан айнымай асқан жауапкершілікпен еңбек еткен Нүркеннің халық алдындағы абырой, беделі де осы тұста айқындалып, биіктері сөзсіз.

Өйткені тіл тағдыры үшін қабырғаң қайысу, қайғы шегу, азаптан арылмау секілді қасиет тек интеллигент, шын мәніндегі ­зиялы адамның ғана табиғатына тән болса керек. Тап бір өзінің жеке басына ғана қажетті құндылықтай құндақтап, кіммен болса да жаға жыртуға дейін баратын күрескерлік те осы журналистерге жарасымды. Қолына қалам алып, қазақ тілінің тағдыры жолында жанкештілікпен еңбек еткен жандарды, шын мәніндегі ұлт зиялыларын халық сөзі үшін, пікірі үшін сыйлайтыны да сондықтан.

Менің түсінігімде, журналистер өзі үшін емес, өзге үшін өмір сүретін жанкешті қауым. Өйткені арзан атақ пен шен қуғаннан жанкешті журналист, шынайы ғалым, жалпы шығармашылық тұлға қалыптаспайтыны қатаң қағида, мойындамасқа болмайтын ақиқат. Соның бірі – Нұрперзент Домбай, біздің мақтан тұтар курстасымыз.

Курстасымыз, белгілі журналист, қаламгер, ақын Нұрперзент Домбайдың тағы бір ерекше қасиеті еңбекқорлығы еді. Ізгілік атаулыдан өмірінің соңына дейін алыстамаған арлы азамат шығармашылық ізденіспен үнемі ілгері жылжып, көп жеңіске жетті. Атап айтар болсақ, ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Ақпарат саласының үздігі, ҚР Мәдениет қайраткері, «NurSunqar» дәстүрлі байқауының «Тәуелсіздік тағылымы» аталымы бойынша жүлдегер атанған. Алпыс үш жыл өмірінің қырық жылын қазақ баспасөзінің ­дамуына, ұлттық ақпарат кеңістігінің кеңеюіне арнаған қарымды қаламгер, журналист Нұрперзент Домбайдың шығармашылық жолы шын мәніндегі табанды еңбектің, үздіксіз ізденістің үлгісі.  Оның «Адалдықтың ақ жолы», «Адамдық айнасы», «Жүрек үні», «Жеңімпаз», «Елім деп соғар жүрегім», «Алғыс арқалаған  азамат», «Күй құдіреті» т.б секілді көптеген кітаптарының тақырыбының өзі оның табиғатын айнытпай танытып тұр. Ұлтжандылық пен өз мамандығына адалдық, шынайы сүйіспеншілік оның қай туындысында да шынайы көрініс тауып отырады. Автордың  ата тегімен, ана сүтімен сүйегіне сіңген таза табиғаты, бекзат болмысы, кесек келбеті көркем кестеленген жыр жолдарында тамыры тереңге кеткен қазақ иісі аңқитыны да жасырын емес. Дегенмен оқығаны мен жиған тәжірибесі енді толығып, жан-жақты жетіліп келе жатқан Нұрперзенттің Алла өмір бергенде әлі де жазары да, ұлтқа берері де көп еді. Туған тіліміздің тұғырын нықтап, ұлттың жаны, рухының үні, ең қымбат дүниесі екендігіне елін сендіріп, ұрпағын ұғындырып кетуге ұмтылар еді. Тілің жоқ болса, ұлтың ұмытылып, тегің тоналып, халқың жоғалып кететініне әлі де келешек жастардың көзін жеткізуге көп еңбек сіңіреріне күмән келтіруге болмас еді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Байтақ жер де, бай тіл де қазақтікі», – деген даналығын дәріптеп, қазақ тілі тек қазаққа ғана тиесілі екендігін, оған тек қазақ қана  ие болуы тиістігін, әлемдегі  ең әуезді, ең әдемі, шұрайлы да құнарлы, ең бай тіл қазақ тілі екендігін ертеңгі елдің иесіне сөзі жеткенше жеткізіп, жазары да сөзсіз еді.

Өйткені ол ана тілінің күнделікті қолданыста болуына адал еңбек еткен, соны армандаған, тіл тағдырына алаңдаған арда азамат еді.

«Адам қасиеті ортақ іске атсалысуымен өлшенеді» (А.И.Герцен) дегендей, ұлтымыз үшін ең үлкен құндылық – ана тілінің тағдырына қатысты шұрайлы шығармалар жазып, ұлттық рухқа қызмет еткен қаламгер журналист, ақын Нұрперзент Домбай біз үшін осы қасиетімен елдің есінде қалды және осы еңбегімен бағаланды деп мақтанышпен айта аламыз. Бақыт та барын салып еңбектенгенге бұйырады емес пе?!

Гүлзия ПІРӘЛІ,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және

өнер институты  «Әуезов үйі» ҒМО-ның

бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы

 

1256 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы