• Руханият
  • 28 Қазан, 2021

БІЛІМНІҢ БҰЛАҒЫ КІТАП ЕКЕНІ РАС БОЛСА...

Соңғы аптада қазақтілді торапта әңгіме мен дау КІТАП тақырыбына да жетіпті. Құп, мейлі дейік, алашапанды ағайындарша, бәрекелді, дұрыс, құптарлық іс екен. Себебі баршаға түсінікті «бес саулық» немесе «екі сиырмен» алысқа бармайтынымыз анық болды. Жаһандану заманында айдай әлемнің білім мен ғылым, технология, қарумен сайысу жыл санап артуда, қатерлі тенденция­лар жан-жақтан көрініс беруде. Басты қару – білім, білімнің бұлағы – кітап екені рас болса, кітап туралы әңгіме саналы жанды бей-жай қалдырмайды. Әңгімені «көңіл күнделігіне» түрткен бір жайдан бастаудың қисыны келіп тұр. 

КІТАП ОҚУҒА ҚҰМАРЛЫҚ:

КҮНГЕЙ МЕН КӨЛЕҢКЕ

 

– «Максим Пешков, кенет байып кетсең не істер едің?

– Көп қылып кітап сатып алар едім...»

Пролетариат жазушысы Горькийді дәріптейтін осындай жолдар білім бұлағының асқақтығын түсіндіру үшін 1970-80 жылдардағы «Ана тілі» оқулығында (шамасы 2-сыныптың) арнайы орын берілген-ді. Расында, феодализмнен социализмге «секіріп» өткен қазақ қауымына ХХ ғасыр ғылым мен техникада, руханиятта зор жетістікті нәсіп еткеніне шүкіршілік дейміз (ұлан-ғайыр жер мен қазынаға қызыққан өгей ұлт тарапынан жасаған этноцид пен экологиялық апаттардың қатар жүргені қызыл жүйенің басты ­айыбы ретінде ұмытылмас). Биологиялық әлеуеті зор халқымыз күллі кедергі мен қиыншылыққа төзе отырып, сан ғасырда жіберген есесінің орнын толтырғысы келгендей, бәлкім, поэтикалық кең тынысты санасы тарылғаннан ба, кітап оқуға, ғылым мен білімге жаппай бас қойды. Ұрпақтарының білімді болуына барын салды. Әзір де ЖОО-да оқитындардың саны жағынан (ақылы университеттердің дәурені жүріп тұрғаны да соның арқасы) да алда екендігі сол игі дәстүрдің сорабы екені кәдік (дегенмен білімге құштарлықты диплом алу, қатырған картон алу деп санайтын ағайын көп). Кітапқа деген, білімге деген құштарлық қазақты әлемдік аренаға шығарды, жай ғана емес, бәсекеге қабілетті, дарынды ұлт ретінде. Солай жаһандану дәуірінің көшінде ілбіп келеді.

Айтайын дегенім басқа, рухани интеллектуалды жақтан нендей жетістікке, я ойсырауға ұшырадық? Көп жанды толғандыратын бұл сауал төңірегінде ­Будапеште 92-ші мәрте өткен (қыркүйектің басында) мажар кітап апталығындағы құжынаған жұрт пен кітап сатып алуға тұрған ұзын-сонар кезекті көргенде тағы бір мәрте толғандым. Дәл осы кезде балалар әдебиетінің Steppe & World баспа үйінің директоры Раиса Сайранқызының Ұланбатырдағы кітап жәрмеңкесі туралы хабарламасы отқа май құйғандай болды.

Сыныптас туысым ­Бегзат Мағзатайұлының зілді әзілі еске түсті: «Пешковтың хикаясын» немересі оқып бергенде, Алтай ауылындағы бір ақсақал: «Басына қоя ма, көшкенде түйеге жүк қылып не қылмақ кітапты», – десе керек. Бүгінгі қазақ кітап оқи ма, ала ма, жинай ма?

Шынтуайтында, бүгін қазақ кітап түгілі, газет-журнал оқуға құлықсыз, самарқау елге айналып кеткен сыңайлы. Себеп неде, гәп қайда? Қазақ тілінің пұшайман қалге түсуі ме, елдегі мәдени һәм рухани жаңғырудың оңтайлы нәтижеге жете алмауы ма? Қайсысы басым, гәптің төркіні неде? Осы сауалды зерделеген жан бар ма білмейміз. Бәлкім, жартысы орысша аудиторияға қызмет ететін қазақтың рухани энергиясы тарамдалып кеткендіктен болар. Сауалмен сөйлейтін заманда «ұялған тек тұрмастың» кебімен «жынды қылу» үшін жалтарма жауап табылатынын бәріміз сеземіз.

 ХХ ғасырдың екінші жартысында, тіпті қала мен кенттегі жұмысшылардан бастап, шалғай қыстақ­тардағы шопандарға дейін жаппай кітап мен газет-журналды түбін түсіріп оқитын. Осы кезде қаламгерлер «армиясы» қазақтың ұлттық жаңғыру майданына айналғаны соншалық, олардың мәртебесі асқақтағанның үстіне асқақтай берді. Кітап басу ісінде мемлекеттік стратегия, кітап тарату ісіне арналған тәртіпті кемел жүйе бар еді. Бірегей жүйеде қаламгер-оқырман, сұраныс-ұсыныс, ұлтшылдық-намыс, серпіліс-кемелдену деген тандем­дердің өзара шебер үйлесіп жатқаны аян. Аталған кітап индустриясы мен идеоло­гиялық майдан ынтымағы академик Рымғали Нұрғалиев «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» деп бағалаған кемел қазынаға қол жеткізуге мүмкіндік жасаған еді. Ол кезде қаламгер кітабы данасының шегі одақтас ­республикалар үшін 60 мың дана болатын. «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет және тұрмыс» журналдарының тиражы 372 мың екені есімде. «Ақ желкенге» жазылудан сонау Моңғолиядағы қазақтар Шымкент облысынан кейін тұратынын атақты шайыр Фариза апай Оңғарсынова айтып таңданғаны бар-тын. Атамекендегі оқу бағдарламасымен оқитын Алтайдың Моңғолия бетіндегі шалғай ауылдарға бара қалсаңыз, қыстық үйдің қабырғасына қазақша кітап-журналдан жасалған коллаж тұсқағаз орнында тұратын. «Қазақстан пионері» арқылы жеткіншектер кең байтақ қазақ жерінің түкпір-түкпірінен достар тауып жататын. «Білім және еңбек» (кейін «Зерде» атанған) атты танымдық журналдың жетекшісі Ақселеу аға Сейдімбек кезінде әкеме жазған хаттарында журнал таралымын онан ары арттыруға атсалысуға ден қоюды сұрайтын. ­Демек, қазақтілді басылым қазақ халқының болашағын баянды ететін бірден-бір фактор ретінде әспеттелетін, мән берілетін. Сый-кәдеге, тартуға кітап тарту ету ерекше үрдіс еді. Бүгін жастар мен балалар арасында қай деңгейде екенін білмесем де, жазушы мен ғалымдар арасында бұл киелі дәстүр әлі де өміршең екеніне куәмін.

Енді ше, соның бәрінен айырылдық па? Үлкен өкініш, ойсырау бар. Оның орнын толтырар не амал бар? 30 жылда еңсерілген ауыз толтырып айтатын, әлемге мақтана алатын, тек мақтанып емес, ұлттың өз игілігіне жарар нендей жетістікке қол жеткізе алдық? Әлде, Әбіш Кекілбаев айтқандай, «өсу көп, есеюі шамалы» балаң кезеңнен арыла алдық па?! Арамыздағы классик Мұхтар аға Мағауиннің «Ұлтсыздану ұранындағы» баға берген жайттарды еске алу қорқыныш! Істеп тұрған Кітап мұражайын жабу, бір емес, екі бірдей мәдениет саясатымен айналы­сатын ғылыми-зерттеу институтын (оның бірісі ең көне институт еді, әрі Ахмет Байтұрсын сынды ұлт серкелері қызмет еткен) жауып тастауды немен ақтауға болады? Қазақтың мәдени дамуының, қарыш­тауының сыйқы осындай күйге түсті.

Қазір оқушыларға техникалық, техно­ло­гиялық, биологиялық-танымдық бағдар беретін қазақтілді журнал бар ма? Ұлтымыз қалай сапалық түрленіске түсіп, реалды ойлайтын, технократтыққа бейім этнос ретінде бой түзеп, әлемдегі сан қилы бәсе­кеге сай, қауқарлы этнос болып қалыптаса алмақ?! Әлі де поэтикалық пафоспен ойланып, нақтылыққа бой ұрмай әлемдік бәсекеге қабілетті ұлт бола аламыз ба?

Расында, әлі шекара асып, немесе ауыл мен қала арасында сабыла көшкен қазақтың «(уақыт пен кеңістік) көшіне» арқалап жүрген «білім бұлағының (кітаптың)» саны қанша, сапасы қалай? Ұлт келбетінің орасан үлкен критерийіне саналатын бұл құндылықтың бүгінгі қазақ қоғамындағы орны қай деңгейде? Оны қаттап, шоттап, көздің қарашығындай сақтап, тұтынушыға ұсынып отырған кітапханаларымыз не күйде? Кітап басу ісі ше? Қазақты кітап арқылы айдай әлемге таныту ісі қай деңгейде, нәтижесі қандай, өзгелер қалай бағалайды қазақ интеллектісін?

 

КІТАП – БІЛІМНІҢ  ҚАЙНАР КӨЗІ ҒАНА ЕМЕС...

Кітап қолымызға ұстаған қасиет­ті бұйым емес, күрделі де, кешенді индус­трияның, қым-қуат қатынасты құрушы жүйе, мемлекеттің экономикалық, мәдени, технологиялық тұрғыдан дамуының кілті, шешуші тетігі, стратегиялық нысан, арысы елдің болашағының бірден-бір арқауы. Кітап өзара жіті байланған бірнеше қадау-қадау ірі саладан кітап басу, тарату, сату, тұтынушыға қызмет көрсету сияқты қоғамдық жұлын-жүйкесіне айналған тіннен тұрса, сол құрғырыңның Қазақстандағы бүгінгі қалі нешік? (кітапты мыйын ашытып, жанын жалдап жазатындар туралы әңгіме мүлдем өзгеше! Кітаптан қадір қашқалы, оны «өндіруші» руханият иелері мен ғалымдардың жағдайы қалай болатыны өздігінен белгілі). Ұлт үшін кітаптан асқан көкейкесті тауқымет болмас. Демек, кітап мәселесі миллиондаған жанды ойлантты, жанын мазалады, жаралады, ашуын сыртқа шығаратын кез келді. Таң атпайын десе де ататыны тәрізді, бәрін, жақсы мен жаманды, асыл мен жасықты, жалған мен көлгірді, тағысын тағы толып жатқан антиподтардың жағымсыз сыңары қаншама «жауырды жаба тоқып» жасырғанмен, бетпе-бет келген пандемия су бетіне қалқытып шығарды. Аграрлық саланың дамуы, индустриалдық-серпінді жобалар, денсаулық сақтау, қаржы-қаражат, инфрақұрылым, азық-түлік қауіпсіздігі сияқты өмірдің өзекті сала­ларындағы келеңсіздік пен олқылықтар КІТАП айналасында да толып жүр. Соның біразы есте.

Менің кәллам­ның түйсігі айтады: мәселе кітапхана жүйесінің қызметін реттейтін, заң ережелерінің замана талабына сай келмейтін қауқарсыздығына, соның салдарынан тұтынушы құқығын қанағаттандырарлық қызмет түрлерін тиісті деңгейде атқара алмай отырған пұшайман күйіне наразылық сияқты. Себебі біреу ғана: елдің мәдени-әлеуметтік, экономикалық жақтан келеңсіз жағдайға тап болуына қаймана халықты біліммен «қарулануына» тиісті деңгейде қызмет ете алмаған кітапхана жүйесінің де үлкен айыбы бар десек артық айтқандық емес.

КІТАПТЫҢ БҮГІНГІ  АХУАЛЫ ҚАЛАЙ?

Г.Н.Потанин «моңғол отбасына бас сұқсаңыз, тибетше жазба «судар», манускриптерін жайып, сонысымен мақтанады, ал қазақтар бүркіт, жүйрігімен мақтанады. Қазір сонан асып кеттік пе, жоқ елде бір жұттық, бір төңкерістік байлықпен масаттанатындаймыз (себебі мұндайды көшпелі бабасынан бері көрмегендіктен болар, бәлкім). Моңғолдардың рухани құндылықтарының бір парасын, орыс большевизмінен қорғаштап, Мажарстанға жеткізген моңғол ғұламасы Ренчиннің арқасында бүгін Будапешт университеті әлемдік монголистиканың беделді орталығына айналып отыр. Олар моңғол тілінен диплом беретін әлеуеті бар (кафедра меңгерушісі Бирталан Агнеш ханым Халықаралық моңғолтанушылар ассоциациясының төрағасына сайлануы соның айқын дәлелі. Әзірге дейін 160 маман Мажарстанда моңғолтанудан диплом алған). Екі жыл сайын өтіп тұратын моңғолтанушылардың әлемдік конгресінің жүздеген том (тек биб­лиографиясының өзі ондаған том) материалдарын келесі басқосуға дейін үлгеріп тасқа басады.

Ұлы даланың орта тұсын алып жатқан сахараның иесі, көшпеліліктің заңды мұрагері ретінде өз өткен-кеткені мен мәдениетін әспеттейтін қазақтар шетелде қазақ тілін оқытатын толыққанды кафедра құруды ұмыт қалдырды. Қыпшақ тілтармағына енетін мемлекеттер ортақ­таса отырып, осындай құрылымды жа­сақтауға қаражаты мен ықпалы қаптал бола отырып, әлі күнге дейін жете мән бермей келе жатқандығына көзі қарақты жандар қынжылады. Ал мемлекеттік органдар құлықсыз. Заманында үш құрлыққа таралған қыпшақ тілін Еуропада оқытудың бірегей бір құрылымын (ықылас танытып отырған бір университетте кафедра құру) жасақтайтын кез келгенін еліміздің СІМ, БжҒМ, Мәдениет министрлігі күн тәртібіне қоюын тағы сұрар едік. Бұл қадам тіл мәртебесін ғана көтеріп қоймай, болашақта қазақ тарихы мен мәдениетін, әдебиеті мен экономикасын зерттеу, зерделеу, насихаттау, таныту ісінде шетелдің қаражаты мен әлеуетін өз мүддесіне ұтымды үйлестіру дегенге саятыны айтпаса да түсінікті. Дегенмен, бұл салада әлемнің алпауыттарынан гөрі, тілі мен ділі жақын Түркия, Мажарстан, Балқан мемлекеттерінде толыққанды қазақтану орталығын ашатын кез келген болар?!

Қош, негізгі әңгімемізге оралайық. Осы заманауи қазақ бір жарым ғасыр бұрынғы келеңсіз тенденциядан арыла алдық па? Әй, қайдам? Небәрі 3 млн тұрғыны бар Моңғолияда жарық көретін кітаптардың (онда мемлекеттік қолдау, бағдарлама, мемлекеттік сатып алу деген жоқтың қасы), тіпті ағымдағы газет-журналдың тиражы 19 млн қазақпен (ел тұрғындары да, әлемдегі қандастары да осы шамада) қарайлас. Жуықта Алматыда өткен кітап фестивалі қандай деңгейде болғанынан анық хабарым жоқ. Дегенмен, осыдан 2017-нің күзінде Алматыдағы Шоқан алаңында өткен кітап жәрмеңкесіне жиналған селдір-селдір жұрт пен кітапқұмарларға жарымаған «жетім» павильондарға куә болғанбыз. Бір шетте жазушы Тұрысбек Сәукетай мен драматург Серік Асылбекұлымен кездесуге жиналған отыздай адамды көріп қапаландық.

 

КІТАПХАНА  ТЕК ҚОЙМА ЕМЕС

Постсоветтік кеңістік советизм­нің кейбір солақай қылықтарынан, қасаң қағидаларынан арыла алмай отырған жақтары көп. Гәптің басым көпшілігі – технологиялы, мешеулік, кәсіби мамандардың жетіспеушілігі, ең бастысы, істі ұйымдастыра білетін мамандардың қазіргіше айтсақ, менедж­мент жүйесінің жоқтығы. Дәлірегі, құлықсыздық, сірескен қалыпты бұзуға мүдделі басшының тап­шылығы. Қазақы түсінікпен айтсақ, Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков сынды тұлға­лар­дың мәдениеттің тұтқасына келмеуі.

Мұражай, мұрағат, кітапхананы қойма санау келмеске кетті. Ширек ғасыр бұрын «музей – мәдени құндылықтар сақтайтын қойма» деген қасаң түсінікке балта ­шауып, оны ғылыми-мәдени айрықша институт ретінде дамуына ықпал етіп, оны құқықтық, ғылыми, практикалық жақтан жүзеге асыруға тер төккен, жолашар болған бір жан бар. Ол – Нұрсан Әлімбай. Осындай тұлғаларды кітапхана ісі мен мұрағат және руханият пен мәдениеттің басқа саласы да сұрап тұр, елдің игілігі мен ертеңі үшін ауадай қажет. Талапты, білімді жастар көп-ақ, мәселе биліктің ниетіне ғана байланысты...

Кітап индустриясы мен кітапхана қызмет көрсету саласы халық игілігін көріп, жемісін жеуге жарамды, тұрақты (стабильді түрде) қызмет ете алатын, елдің алғыс-алқауына бөленген іргесі берік салаға айнала алмағаны анық. Бұған, дау айтып, билікті ақтайтын «адвокаттар» мен көзбояқы (блеф) жасап, атам қазақ айтқан «шешенді жаңғалақ жаңылдырады» демекші, концептуалды ой-пікірден ада, сөзтапқыш жандар бой көрсетуі кәдік. Ақтауға алуан ұсақ-түйекті алға тартар мысалға. Оларға айтарым, рас бар біраз дүние, бірақ жетістік пен табыс халыққа баянды қызмет көрсету үшін емес, имитация үшін, есеп үшін жасалатыны немесе «өрт» болғанда атойлайтын әпербақан істер екенін естен шығармалық. Қазақылап айтар болсақ, «Көтібар батырдың келіні айтты» дейтін «атамның аты дардай, өзгеде жоқтай, өзінде ғана бардай» дейтін тәмсілге айналған сөзі оралады.

КІТАПТЫ КЕМЕЛ, КІТАПХАНАНЫ КЕНЕН ЕТУДІҢ ЖОЛЫ БАР МА?

Әрине, екі бастан белгілі, бар. Ол үшін Американы ашудың қажеті шамалы. Техника, технология, суперкомпьютер, софтвер (компьютерлік бағдарлама деп тантып жүрген) бәрі бар. Тек ниет болсын. Мәдениет саласының жылдық бюджетінен қажетті дүниені сатып ал да, адал, ұлтжанды, арлы жастарға тапсыр. Бар болғаны тұтынушы деңгейіне жеткізу ғана, басқасын өркениетті әлем жасап қойған. Болмаса, кешегі Советтегі ергежейлі, бүгін әлемде IT технология, дижитал саласында озық ел - Эстониядан ноу-хау алыңыз. Немесе сол елдің тәжірибесімен айдай әлемге жар салып, жақсы қаржыға белгілі мәселені шешудің жолын жасап беретін IT мамандарын шақырып жасатып алыңыз... Тіпті басқа елдердің тәжірибесін пайдаланыңыз.

 

МАЖАРСТАН ТӘЖІРИБЕСІ

Осыдан тура 101 жыл бұрын Трианон келісімі салдарынан жерінің үштен екісінен, халқының үштен бірінен ­айырылып шәкене елге айналған Мажарстан елдің мәдени-рухани саласын бір ғана порталға байлап қойған. Ол елдегі ғана емес, осыдан бір ғасыр бұрынғы Үлкен Мажарстан аумағына қатысты күллі мәселені толық қамтитындығымен де дара. Бұл – соңғы отыз жылдық көлемінде елдің мәдени-рухани доктринасында қол жеткізген жетістігі. Мажарстандағы «HUNGARICANA» атты интернет порталы – мажар руханиятының, тарихи мәдени құндылықтарын заманауи ақпараттық технология «тіліне» көшіру, дәлірегі, технологияны ұлт құндылығына қызмет етуші құралы. Ұлттық мәдени қоры (NKA) тарапынан қаржыландырылған аталмыш дерекқорда бар мәдениет сақтаулы: елдегі күллі кітапханалардың, мұрағат, мұражай, галерея, барша музыкаға, карта, сәулет өнеріне қатысты толық мәліметтері топтастырылған (https://hungaricana.hu). Қолданысқа қолайлы, барлық дерек­қорларды бір уақытта шолуға жарамды: іздестіру, тапсырыс беру сияқты барлық жайттар мен шарттар тиімді ескерілген, қарапайым. Әрі басқаруға, әрі есебін, сақталуын қадағалау үшін де таптырмайтын амал.

Созбақтамай бір ғана мысалды кел­тірсек жеткілікті болар: Хунгарикана дерек­қорында Мажар этнография мұра­жайы­ның 5 мың тақырыпты қамтыған 65 мың материалының дерегі. Арасында бір кітапханаға жүк боларлық дүние бар: 287 журнал, 142 газет, 24 мыңдай музей ба­сы­лымы, 34400 кәсіби әдебиет, 393 карта, 19 дыбыстық жазба, этнография тақы­ры­бында түсірілген жүздеген деректік фильм және т.с.с. қыруар мәліметті алға тартады. Ол аздық етсе, аталған мұражай­дың 450 мыңнан фотодерегі тұр (Г.ЖҮГЕН­БАЕВА, Б.ХИНАЯТ МАЖАР ДЕРЕК­ТЕ­МЕЛЕРІНДЕГІ ҰЛЫ ДАЛА ТАРИХЫ МЕН МӘДЕНИЕТІ // SHYGYS (ғы­лыми журнал). 2019, №1. 157-170 б). Марха­бат, үйде отырып, қарап, сонан тап­сы­рыс жөнелте бересіз. Сабылмайсыз, рахат!

Сечени есімді бекзаданың қаражаты мен жинақтарының арқасында 1802 жылы негізі қаланған Мажар Ұлттық кітапханасы елдің бетке ұстары, қоры бай, салтанатты. Байырғы патшалар сарайында. Кітапхана қорындағы барлық жинақ толықтай электронды каталогта, ал әдебиеттер мен газет-журналдардың ауқымды бөлігі сандық форматқа көшірілген. Тұтынушыға да қолайлы. Оның қорынан советтік диссидент, атасы қазақ Таған Ғалымжанның еңбектерін, 1970 жылдардағы Мандоки Қоңырдың еңбектеріне қол жеткізу әп-сәтте жүзеге асты. Көп жағдайда кітапханаға сабылып барудың да қажеті болмай қалды. Ұлттық кітапхана жанындағы Кітапханатану институтының ашық дереккөздегі (https://www.ki.oszk.hu/dokumentumtar/minden-konyvtar-minden-adata-2019) мәліметіне қарағанда, 2019 жылы елде 3907 кітапхана істеген, оның 212-сі филиал (елдегі жан саны 10 млн шамасында. ЖІӨ көрсеткіші бойынша Қазақстаннан кейінгі 55-орында). Кітапханалар дәрежесі бойынша тоғыз санатқа бөлінеді: ұлттық, ұлттық жинақтық, республикалық, университет пен коллеждің, мамандандырылған, қоғамдық, аудандық және қалалық, шіркеу, электронды кітапханалар деген. Қорытынды кестеде кітапхана туралы толық мәлімет тұр: мекенжай, жетекшісі, штаты, сайт, деректерді жинау жүйесінің идентификатор нөмірі, кітап қоры, оқыр­ман саны ғана емес, жыл сайынғы қор толығуы, қаржылық айналымы, демеушілерден жиналған қаржы, кітап айналымы, дигитализация, өткізген көрме, шара, қорды қорғау, қалыпқа келтіру т.с.с.

 

КІТАП ӨНДІРІСІНЕ  ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ҚАЖЕТ

Бұл осы саланың басы-қасында жүрген­дердің ғана емес, елдің мұң-мұқтажын ақтау үшін қолайлы жағдай қалыптастыру керек. Қала көшелерінде муниципалитеттің қолдауымен кітап «артқан» «Секереш», яғни «Күйме кітап дүкеннен» небір көне кітаптарды табуға болады, бағалары арзан. Ал Будапештің орталық даңғылы (Музеум пр) бойында кемі он антиквар дүкені қаз-қатар тұр. Мұндайды Ташкентте, Самарқанда да кездестіресіз. Көп елде, кітап сату қызметіне салық жеңілдігі бар. Кітап басу ісіне мемлекет қолдау көрсетеді. Көп елде Қазақстандағы «әдебиеттердің маңызды түрін басып шығару» сияқты мембағдарлама жоқ. Тек бір бөлігін қолдау ғана, оның өзінде мемлекеттік кітапханаларға қажетті тиражды сатып алу үшін ғана қаржы босатылады. Кітапты қажетті сапа мен бәсекеге қабілетті етіп шығару үшін демеушілер мен мүдделілерді табу баспаның өз менеджменті, өзінің бас ауруы. Мемлекет шағын көлемде қаржылай көмек көрсеткен соң, арғысына бас ауыртпайды. Тек қадағалайды. Себебі қарапайым, мемлекеттің бас ауыртатын басқа істері жетіп артылады.

 

КІТАП ШЫҒАРЫЛАДЫ, БІРАҚ ХАЛЫҚҚА САТЫЛМАЙДЫ

Расында солай. Парадокс! Себебі мемтапсырыспен шыққан кітапты сатуға болмайды. Баспалар өздері қосымша тираж шығарып, халыққа саудалауға қалыптағы заң ережелері жол бермейді. Бұған не дейсіз? Жылайсыз ба, күлесіз бе? Кітап басуға арналған тендер де – елге жете ме, селге кете ме, арғы жағы беймәлім, бұлың­ғыр іс. Оның өзінде, кітапханаларға, «зор­лықпен» беру, құжаттап, қаржы иге­рілді деген «галочка» үшін. Мемлекеттік әдеби, мәдени тапсырыспен кітап шығару сая­са­­тында түбегейлі өзгеріс, тың реформа қа­жет ететіні көптен көтеріліп жүргені сондықтан.

Орманы да жоқ, қағазы да, бояуы мен техника да сырттан алатын ел сырдаң мырзалықтан арылып, үнемді жолдарды іздеудің, әсіресе электронды кітапхана жаб­дықтаудың ұтымды жолын таңдаса, көп «макулатурадан» құтылар еді. Сонда са­па­лы, өрелі кітап өнімдеріне жол ашылар еді.

Мұнан басқа көне кітаптарды антиквар­ларға тапсырыс беру қолайлы. Себебі жеңілдік пен қолдау бар дейді мамандар. Жуықта Бауыржан Момышұлының «Үшқан ұясына» тапсырыс бердім (https://moly.hu/konyvek/momisuli-baurdzsan-a-nagy-csalad-mogottunk-moszkva).

Кітап сату жүйесі келмеске кетті, толық­қанды жаңасын құра алмадық. Сондықтан көбіміз қырын қарайтын ресейліктер құрған flip.kz көмегіне мұқтажбыз. Ірілі-ұсақты кітап тарату жүйесі болғанымен, олардың тірлігі Алматының қара базарынан затты қаптап, арқалап таситын алыпсатарлардың тірлігіне ұқсас. Жүйе, бірізділік, мемлекеттік қолдау болмаған жерде Еуропаның ширегіне татитын Қазақстан тәрізді ұлан-ғайыр аумақта кітап түгілі, азық-түлікті жеткізудің өзі кемел логистиканы талап етеді.

 

ҮМІТ – САНДЫҚ КІТАПХАНАДА

Мажарстан тәжірибесін бекер сөз еткен жоқпыз. Бәлкім, шу болған СБЕР-ден асып түсетін бір портал (тіпті суперкомпьютер) жабдықтап, елдің мәдени-рухани өмірін бір арнаға тоғыстырар кезеңі келген болар. Зәуде ондай жағдай туындай қалса, шу болған кітапхана мәселесі бір шағын, ұсақ тірлік қана болып қалар еді. Себебі қуатты техника мен қазақтың аттандап тұрған жас буынын іргелі іске қамту, сөз жоқ, келелі нәтиже беретініне баршамыз сенелік. Себебі олар шетел тәжірибесін біледі, ең бастысы, өскелең ұрпаққа не керек, оны қалай жасауды біледі. Олар 25-35 аралығындағы жас буын. Араларына «ойы арам бұқа бұзаудың арасына жатады» демекші, «советизм» дертінің шалығына ұшырағандарды жақын жібермеген абзал.

Мұндай портал ең алдымен, 150 жылдан бері қазақ тілінде жарық көрген күллі кітап, газет (аудандық газеттерге дейін), журналдардың скан көшірмелерін, ең дұрысы қолданысқа оңтайлы болу үшін сандық форматқа (күйтабақтарды қоса) көшірсе, елдің мұң-мұқтажын бір сәтте шешкен болар еді. Онан кейінгілері рет-ретімен жүзеге асатыны анық.

Парламенттегі шешендер мәдениет саласына, ұлт мүддесінің үдесіне қызмет етер Мәдениет туралы заң ойластырса екен. Тіпті болмаса Еуродақтың стандартын толықтай көшіре салса жаман болмас.

Кітап түзелсе, ұлт та еңсесін тіктер. Сан құбылған мектеп реформасы, тілдерді (қазақ, орыс, ағылшын) оқыту жүйесі, әдістемесі, дидактикасын толыққанды жасап, қалыптастырып үлгермеген, білім мазмұны мен бағдарламасы ұдайы өзгеріс пен шала-жансар бүлдіргіш реформадан көз ашпайтын білім саласы КІТАПТЫҢ соңынан еретініне кәміл сенемін!

Бабақұмар ХИНАЯТ

 

551 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы