• Тұлға
  • 28 Қазан, 2021

ҰЛТТЫ СҮЮ – ҰЛЫЛЫҚ

Туған өлкеңді, ұлтыңды сүю – ақыл­д­ылықтың емес, жүректің қалауы. Талғампаз қазақ елінің ұстанған негізгі бағыты - ата-бабалардың үлгі-өнегесі. 
Ұлттың тәрбиесі – ұрпақ тәрбие­сінің негізгі құралы. Әрбір азамат өз ұлтын сүюге тиіс және өз ұлтына деген терең сүйіспеншілігімен басқа ұлттарды танып, білуі керек. Айларды артқа тастап, жылдар жылжып, уақыт өткен сайын замана иірімі де өзгере түседі. Халық тұрмысы мен тіршілігі де өзгерері анық. Тек ел жадында сақталар естеліктердің өшпесі де, өзгермесі де бәріне аян. Ел естелігі – ерекше мұра, өшпес жалын, сарқылмас қазына. 

Ұлт жайлы толғанғанда ұлттық құндылықтарды алға оздырып, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыруды көздеген ұлтжанды жандар еріксіз ойға оралады. Сондай ерекше тұлғалардың бірі және бірегейі – Бейсен Абайұлы Құранбек. Бұл есімді естігенде жүрек жылып, ерекше күйге бөленеріміз хақ. Ағамыздың есімі талай жанның дертіне дауа, еміне шипа бола білді. Заманның қара желінің өтінде қалған талай жанға шапағаты тиді, халқымен мұңдасып, елімен бірге қуанды. Қара бас қамын емес, қалың елінің қамын жеді. Ел басына күн туғанда, әркім өз жайын ойлары анық десе де, Бейсен ағамыз елі үшін жанын қиятын жанашырдың, халқы үшін қаһарманның бейнесіне айналды. Өз замана көшінде халықпен әрдайым бірге болды. Халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр.

Тал бесіктен тәрбие көріп өскен Бейсен ағаның бағдарламалары жүректі жылытатын. Дертіне дауа тапқан халықпен бірге қуанып, елдің хал-жағдайын сұрауды бір сәт естен шығармайтын. Халықтың жаны сыздаған жерде үнемі Бейсен ағамыз жүретін. Ол халықтың жан-жарасын, жай-күйін сезінетін, жараға ем болатын, халықпен қуанып, халықпен мұңдасатын жалғыз жан еді.

Халық қашанда өр тұлғалы ер азаматтарды жадында сақтайды. Бейсен ағамызды халқы ерекше жақсы көрді. Арыстай азаматтан айырылғанын естігенде, ендігі қайталанбас тұлғаның жоқ екенін сезінгенде, қаймана қазақ жұртының көкірегі қарс айырылды. Еңіреген елдің көз жасы сағыныш пен қайғыға толы еді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында өз өмірін еліне арнаған ағамыз, өз заманының аңызына айналды. Өзгеге жәрдем беріп, өзгенің қайғысын қуанышпен алмастырғанша дамыл таппайтын, әр қазақты ­бауырындай көретін жанашыр жанның ендігі арамызда жоқтығы – қазақ халқы үшін орны толмас ауыр қасірет. Бейсен ағамыздың жалыны жабырқаған жандарды жылытқан шырағы өшті.

Оның жарқын бейнесі өзге жүрек­терде һәм өшпес оттай сөнбесі хақ, ­жалын шашқан сәулелер үміті жүректерде өшпес алау болып қалды. Ұлты үшін өмірлік ғұмырын арнаған жан – бүгінгі ұрпақ үшін аңыз адам. Өз ғасырының қырлары мен сырларын қамтып өткен, ұлтты сүюдің ұлылық екенін түсіндірген дана тұлға бейнесі мәңгі өлмек емес. Соңына өлмес мұра қалдырған Бейсен бейнесі ұлтының ұлылығын ұлықтады. Өз ұлтын шексіз сүйе отырып, халқына өзін сүйгізе білді. Оның жарқын бейнесі өзі жүрегіне сыйдыра білген елімен бірге жарқын болашаққа сапар шеге береді.

Ақтолқын ИГЕРДІ,

Еңбекшіқазақ ауданы

Бәйтерек атындағы орта мектебінің

10-сынып оқушысы

Алматы облысы

 

2035 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы