• Руханият
  • 28 Қазан, 2021

МҰҢЫ БӨЛЕК «МҰҚАҒАЛИ»

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

«Ana tili»

Тағдыр атты кемеде әр адамның сүрлеуі, соқтықпалы-соқпақты жолы болады. Қазақ киносының қоржынына жаңадан қосылған «Мұқағали» туындысында ақиық ақынның өмірінің соңғы жылдарындағы ішкі жан күйзелісі, ауыр да күрделі тағдыры суреттеледі. 
«Мұқағали» фильмі қоғаммен үндес қойылым. Әр эпизоды сөйлейді. Әр көрінісі сыр ақтарады. Әр кейіпкерінің жаратылысына, болмыс-бітіміне қарап, бірде жымиясың, бірде мұңаясың. 
Кішкентай сұлу да сымбатты Майгүлдің әкесінің қолынан ұстап алып, трамвайға дейін барғаны қандай сүйкімді, жүрегіңді елжіретеді. Әке мен бала арасындағы жарасымды қарым-қатынас. Екеуінің де бір сәттік бақытты шағы. Әкесі қызының аяқкиімінің ескіріп кеткенін көріп, жаңа туфли сатып әперетінін сондай бір қамқорлықпен айтады. Бала да мәз. «Әке, ауылға қашан барамыз? Әжемді сағынып кеттім», – деп еркелей сөйлеп бара жатқан қызы мен әкесіне қызыға қарайсың.

Мұқағали – диктор. Дауысы жағымды, тыңдарманын бірден ­баурап алатын жанды дауыс. Жұмыста отыр. Кенет... далаға жүгіріп шығып, алманың сабағынан ерте үзіліп түскенін көргендей күй кешеді. Өзінің еркесі, еліктің лағындай сүйкімді қызын көлік қағып кетіп, жедел жәрдеммен әкетіп барады. Сол сәт... Қызына жаңа туфли кигізіп, аяғынан құшақтап, еңіреп жылағанын көргенде көрермен де мұңайып, жанарына жас алады.

Ұлы Айбар әкесіне тартқан. Өлеңді жақсы оқиды. Әкесі Мәскеуде оқуда жүргенде Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін таратқаны үшін ұсталып, түрмеге қамалады. Түрмеден мүгедектер арбасына таңылып шығады.

Балалардың анасы, ақынның жары – Лашын. Ұстаз. Лашын ұстаз болғанымен, үйде қарапайым әйел. Әйелдің жан жарасын әйел ғана түсінер. Мұқағали сыртқа шықса, Лашын алаңдап қалады. Оның өз себебі бар. Мәселен, Нұрғиса Тілендиев Мұқағалиды іздеп, үйіне келгендегі көрініске назар аударыңызшы. Үстіне тон киіп, аяғын легенге ыстық суға салып отырған Мұқағали... Соған қарамастан Нұрғиса ағасын көре сала, қазақы үстелге қарай тұра жүгіріп, құрмет көрсетеді.

Мұқағалидың анасы Нағиман шешейдің шарасыздығы, ұлы мен келіні сөзге келіп, ренжісіп жатқанда ақырын барып, олардың бөлмесінің есігін жауып қояды. Аяғын еппен басады. Өз анаңды, әжеңді, қала берді қазақ әйелінің образын көресің. «Көңілін мұң торламаса екен» дейсің.

«Фариза, Фаризажан, Фариза қыз,

Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.

...Жігітінен қазақтың  дос таба алмай,

Қыз да болсаң, мен саған  мұң шағамын»,

– деп Мұқағали жыр арнаған Фаризаның қайсарлығы, болмыс-бітімі кинода дәл суреттелген. Менің пайымымда Фаризаның Мұқағали алдындағы тәкәппарлығы қазақ қызының ұстанымы ­болуы керек. Фаризаның образын сомдаған ­Раушан Мәжитованың жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы, тіпті кірпік қаққанына дейін қыз баланың болмысын көрсетеді, актерлік шеберлік деп осыны айтса керек. Кейіпкерінің жан дүниесін аша білу – актрисаның биік шыңды бағындырғаны.

Ауылдан Алматыны аңсап, арман арқалап келген Мұқағали өмірден көп теперіш көрді. Қызғаныш, көреалмаушылық, сатқындық... осының бәрі ақынның жанын жүдетіп, қажытты. Басын тауға да, тасқа да соқты. Көзге көрінбейтін опасыз дүниеде жолы болмай-ақ қойды.

Мәскеу. А.Дантенің «Құдіретті комедиясын» өз аудармасында оқығанда оған айналасындағылар қызыға қарайды. «Қандай керемет тіл» деп, қазақ тілін жоғары бағалап, тіпті бірі «Әттеген-ай, мен сенің тіліңді білмеймін, әйтпесе өз тіліме аударар едім», – деп қынжылады. Жұтаң өмір шаршатқан Мұқағали Мәскеуде де жанына сая таппады.

Режиссер Болат Қалымбетов «Мұқағалиды» түсіру барысында көп қиналғанын, тағдырлы ақынды, оның үстіне Бауыржан Момышұлы, Нұрғиса Тілендиев, Фариза Оңғарсынова сынды ұлы тұлғаларды экранға шығару оңай шаруа емес екенін, кейіпкерлерді сомдайтын актерлерді іздеу қиынға түскенін айтты. Мәселен, бас кейіпкер Мұқағалиды сомдаған Асланбек  Жанбалаевты Атырауда бір қойылымда көрермен арасынан көріп қалып, бірден ұсыныс жасаған. Ол кейін кастинг арқылы іріктеуден өткен. Сонымен қатар Фаризаның бейнесін сомдайтын актрисаны табу да қиынға соққан.

Ал Махамбет Өтемісов атындағы Атырау облыстық драма театрының артисі Асланбек Жанбалаев: «Бұл фильмде ақиық ақынның өмірін, тағдырын, ішкі жан дүниесін беруге тырыстық. Ақынның жанын түсіну, экранға шығару өте қиын. Себебі Мұқағалидың тағдыры ауыр», –  деді.

Асылдың сынығы, Мұқағалидың ұлы Жұлдыз Мақатаев фильм жайын­да: «Туынды өте мұңды шыққан. Біздің әулеттің пікірі солай. Көркем фильм болғандықтан әсірелеу бар. Ал басты рөлді сомдаған Асланбектің келбеті әкемізге ұқсайды екен. Жүріс-тұрысы да сол. Кинодан әкемді көргендей болдым», – деп әулет атынан алғыс айтты.

Жұлдыз ағаның жары Бақытгүл Айдарова: «Біз алғашқы көркем фильмді көріп, қуанып отырмыз. Әркімнің жүрегінде ешкімге ұқсамайтын өз ақыны бар. Әсіресе, осы фильмнің сценарийін жазған жазушы Жүсіпбек Қорғасбекке, режиссер Болат Қалымбетовке, ұлыларын ұлықтап, ұлы тұлғаларды киноға шығарып, халықтың жүрегіне жеткізіп отырған киностудияның президенті Ақан Сатаевқа алғыс білдіреміз. Халықаралық ақын атындағы қоғамдық қордың атынан атамыздың арнайы мерейтойына арналған төсбелгімен марапаттаймыз», – деді.

Актер Асланбек Жанбалаевқа М.Мақатаев төсбелгісі тапсырылды. Лашын рөлін сомдаған Толғанай Бейсембаеваға қордың атынан д­иплом берілді.

 «Адамның ішіне түсетін кино. Бір қарасаңыз, Мұқағали туралы кино, бір қарасаңыз, Мұқағали сияқты емес. Әлемдік тәжірибеде бар, кейде киноны бір эпизод үшін көреді. Бір эпизод үшін сол киноға барады. Бір актриса, бір режиссер үшін барады. Бір фраза үшін барғанды да мен естідім. Бұл киноның ішінде соның барлығы да бар.

Енді сөзіне, сюжетіне қатысты бірді-екілі пікірімді айтайын. Фильмде кейбір сөздер құлаққа тосын естіледі. Бірақ кішкене ойлансаңыз, адамның өн бойына сіңеді. Соның бәрі Мұқағалидың әр жерде айтқан фразалары, Б­ауыржан Момышұлының, Нұрғиса Тілендиевтің, тіпті бір жерінде Тоқтар Әубәкіровпен бірге отырғанда айтқан сөзін де енгізіп жібердік. Өйткені олар – тұлғалар. Тұлғаның бәрібір мысы басып тұрады. Сондықтан  тұлғаның нақ өзін шығару оңай емес, –  деді белгілі жазушы, фильмнің сценарийін жазған Жүсіпбек Қорғасбек.

– Біз Мұқағалидың, Лашынның көзін көрген адамдармыз. Ол кезде студентпіз. Актер Асланбек Мұқаңның жүрісін, характерін дәл тапқан, –  деп Үмбетбай Уайдиннің жары актерге, режиссерге ақжарма тілегін айтты.

Осы тұста режиссер Болат Қалымбетов ағамыз көңілі босап, көзіне келген жасты іркіді. «Ақынның жан дүниесін, сезімін, жүріс-тұрысын, соның бәрін өмірге жақындатуға тырыстық. Көркемдік дүние болғаннан кейін 100 пайыз ұқсастықтың болуы заңды емес. Фильмді көріп, Жұлдыз ағамыз көзіне жас алды. Демек, Мұқағали образы 90 пайыз өзіне жақын. Ұлы ақын туралы әңгіме көп. Аңыз да жетерлік. Бірақ әркімнің өз Мұқағалиы бар. Бұл – біздің Мұқағали, менің Мұқағалиым, Жүсіп­бектің, Асланбектің ­Мұқа­ғалиы», – деп режиссер ағынан жарылды.

Фильмде кейіпкердің болмыс-бітімі, мінезі, көзқарасы арқылы сол дәуірдің ащы запыраны көрсетіледі.

– Мұқағали  – біздің мақта­ны­шымыз. Ол – қазақ поэзиясына шексіз кеңістік пен биіктікті әкелген ақын. Тағдыр оны өмірдің тұңғиығына тастап, әбден сынады. Бірақ ол барлық сынақты қайсарлықпен жеңді. Оның шығармалары маған өмірде талай көмектесті, бағыт берді, үміт сыйлады. Мұқағали Мақатаев туралы фильм түсіру идеясы 15 жылға жуық уақыт бойы ойымда жүрді. Ол туралы ақпарат жинап, ақынның көзін көргендермен кездестім, – дейді фильмнің режиссері Болат Қалымбетов.

Фильмде қоюшы суретші Ермек Өтегенов бастаған суретшілердің ізденісі де бірден көзге түседі. Олар өткен заманның бейнесін сол кезгі тұрмыс арқылы дәл көрсеткен. Режиссердің айтуынша, ескі Алматыға ұқсас қаланы табу үшін Қазақстанның түкпір-түкпірін аралаған. Түсіруші топ ақыр аяғында ескі көше мен үйлері жақсы сақталған Өскемен қаласын таңдаған. Сондай-ақ  негізгі түсірілімдер Өскеменде, Санкт-Петербургте, Алматы және Алматы облысында түсірілген. 

Жаңбыр сіркіреп тұр. Қолшатыр ұстаған адамдар. Өмірде өзіне қарсы болған адамдар ақынның денесі салынған табытты көтеріп, Жазушылар одағы ғимаратынан алып шықты...

Қоңырқай әлемнен ең соңында Айбар көрінеді. Демек, ұрпағы барда, елі барда ақын рухы мәңгілік жасай беретіні сөзсіз.  

1082 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы