• Қоғам
  • 28 Қазан, 2021

ЕСІҢДЕ МЕ, ҚАРАБҰТАҚ, ТАХАУИ...

ӘЙТЕКЕ БИ АУДАНЫ ЖЫЛ САЙЫН 400 ДАНА  «АНА ТІЛІ» ГАЗЕТІНЕ ЖАЗЫЛАДЫ

Қысқаша анықтама. Бүкілодақтық Орталық атқару комитетінің 1936 жылғы 29 шілдедегі қаулысына сәйкес Ақтөбе облысында Ырғыз ауданы екіге бөлініп, өз алдына Қарабұтақ ауданы шаңырақ көтерді. Арада отыз жыл өткен соң аталған соңғы өңірден Комсомол ауданы енші алып, дербес отау тікті. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1993 жылғы қаңтардың 4-індегі қаулысымен Қарабұтақ ауданының атауы Әйтеке би есіміне өзгертілді. ­Республика Президентінің 1997 жылдың 16 маусымындағы Жарлығына сәйкес Әйтеке би және Бөгеткөл аудандары (Комсомол ауданының кейінгі атауы – Ж.Қ.) біріктіріліп, ұлы бидің есімімен аталды. 2020 жылдың наурыз айынан бергі уақытта өңірге Дархан Ермағанбетов басшылық етуде. 

Қазанның жайма-шуақ күндерінің бірінде жолға шыққанбыз. Сөз зергері Қуандық Шаңғытбаевтың әйгілі өленіңдегі:

Есіңде ме Қарабұтақ, Тахауи,

Сонау шеткі Есмалайға тақау үй.

Сәби арман құшағына сыймайтын

Сабан менен лайдан соққан жатақ үй, – ­деген жол есімізге түсті. Осы өңірде «Төрт үй» деп аталған мекен­дегі мектепте әдебиетіміздің алыптары Қуан­дық аға мен Тахауи Ахтанов, Қазақ КСР-нің Бас про­куроры қызметін үзіліссіз 18 жыл атқарған Өтеген Сейітов және басқа көрнекті тұлғалар оқып білім алған.

Өткен ғасырдың сексенінші-тоқсаныншы жылдарында осында қызмет еткенімізде қиқы-шойқы жол азабын шегіп, облыс орталығына алты-жеті сағатта әрең жететінбіз. Ел тәуелсіздігінің жарқын жемісі – сымдай тартылған Батыс Еуропа – Батыс Қытай автокөлік дәлізімен діттеген мекенімізге екі жарым сағатта маңдай тіредік. Қарабұтақ ауылына таяу тұстағы осы замандық кемпинг қалашықтары көңілімізді онан әрі көтере түсті. Аудан таратылған кезеңдегі сұрқай көріністер мүлде жоғалған.

Аудандық партия комитетінің бұрынғы екі қабатты ғимаратын селолық округ әкімдігі иемденген. Ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, қызметкерлердің алаңсыз жүмыс істеуіне жағдай жасалған. Әкім Кеңшілік Байдырахманов өзі қызмет еткен үш жарым жылда округ аумағындағы Қарабұтақ, Көрпе, Жарөткел ауылдары табиғи газ желісіне қосылғанын, бұл жұмыс Белқопа ауылында биыл аяқталатынын атап өтті. Орталық мекенде алты көшеге асфальт төселді, ауыз су мәселесі толық шешілді, мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғалы тұр. Ауылдан шыққан белгілі кәсіпкер Қайрат Қойлыбаевтың тікелей қолға алуы­мен «Әкелер саябағында» алты мың түп көшет отырғызылды. Жарөткел ауылының іргесінде ­Саришан қорымын қоршау жұмыстарына тұрғылықты халық түсіністікпен қарап, ерікті түрде ортақ қорға 17 миллион теңге жинады. Қазіргі күнде шырақшы үйіне газ кіргізу, электр желісіне қосу жұмыстары атқарылуда. Әкім игі шаруада бастамашы болған Әлімгерей Ізбасовты ілтипатпен атады.

Ауылдағы Қарабұтақ орта мектебінің тарихы мағыналы сырларға бай. 1925 жылы ашылу салтанатына Қазақ өлкелік комитетінің төрағасы Е.Ерназаров пен «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакторы Б.Бақжанов қатысқан. Бұл күнде Қуандық Шаңғытбаев есімін иеленген оқу орнында 240 оқушы білім алуда. Қайта жөндеуден өткізілген екі қабатты ғимаратқа кірген адам тазалықты, жинақылықты аңғарар еді. Мектеп мұражайындағы бағалы жәдігерлер әр жылдары еңбек еткен ұстаздар мен білім алған шәкірттер жайында мағыналы сыр шертіп, таным-түсінікті байытады.

Ауыл тұрғындарымен, мұғалімдермен болған кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы кеңінен сөз болды. Ақтөбе қаласындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкері Түлкібай Сапаров, осы мақаланың авторы және еңбек ардагерлері – «Әйтеке би ауданының Құрметті азаматы» атағының иегерлері Ақансері Ермағамбет, Зоя Бөлекова өңірдегі серпінді өзгерістерді тілге тиек етті. Мектеп мұражайына даңқты шәкірттер – Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында француз қарсыласу қозғалысының құрамында болған Мінәжадин Құрмашовтың, Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мұғалім Феруза Сражатдинованың портреттері, сөздіктер жинағы тапсырылды. Ауылдағы музей ақын Қызмет Нұралиннің қолжазбаларымен, өлкеге әр жылдары маңдай тіреген белгілі адамдар фотосуреттерімен толықтырылды.

Ауданның ұзақ жылдар Комсомол атауын иеленіп, өткен жылы ғана Темірбек Жүргенов есіміне өзгертілген орталығындамыз. Аймақ басшысы ­Дархан Жанысханұлын біраздан білеміз. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ізбақ Өмірзақовтың қасында бас маман қызметін атқарып жүрген шағында кішіпейілділігі, орнықты іс-қимылы ұнайтын. Кейін мемлекеттік қызмет органдарында сатылап өсіп, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасына жетекшілік етті. Әкімнің салмақты әңгімесінен өлкедегі өркенді өзгерістерді аңғардық.

Негізгі бағыты ауыл шаруашылығы болып саналатын аудан аумағы арқылы Алтынсарин – Хромтау теміржолының тартылуы өңір экономикасына қарқын қосты. Оның үстіне Батыс Еуропа – Батыс Қытай автокөлік дәлізі, Қарабұтақ – Нұр-Сұлтан аралығындағы тас жол көптеген мүмкіндіктерге жол ашты. Теміржол бойындағы Жүргенов ауылында тұрғын үй алу кезегінде 269 адам тұрғанынан ­келешекке қызығушылық байқалары анық. Қазіргі күнде аудан орталығында жалпы құны 175 миллион теңге болатын екі қабатты 8 пәтерлі екі арендалық-коммуналдық тұрғын үй салынуда.

Ауыл тұрмысын жақсартуда мал шаруашылы­ғының үлесі айрықша. Биылғы тоғыз айда қой-еш­кінің 5533-ке, мүйізді ірі қараның 3942-ге артуы, жылқы саны 16 мыңға жуықтауы берекенің басы деп ұқтық.

Өңір басшысы жаңа қызметке кіріскен соң екі мәселеге – мал азығын дайындауға және шабындықтар мен жайылымдарды суландыруға назар аударды. Бұл асыл тұқымды мал санын арттыруға жол ашпақ. «Қазсушар» мекемесінің облыстық филиалымен тығыз байланыс жасап, жұмыс істеу нәтижесінде 1987 жылғы карта анықталды, соның негізінде, 1380 гектар алқапты суландырудың жобалық құжаттары жасалды. Бұрынғы лимандық жүйелер зерттеліп, бесеуі қалпына келтірілді, енді үшеуімен жұмыс жүргізілуде. Шідер өзенінің бойында бұрынғы лиманды іске қосу нәтижесінде едәуір су жиналуына мүмкіндік жасалды.

Жоғарыда Қарабұтақ ауылында алты көшеде асфальт төселгенін баяндадық. Бұдан өзге Жүргенов ауылында жеті көше, Талдысайда екі көше асфальт­талды. Соңғы екі жылда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітірген 156 жас маманға үй берілген, оның тоғызы аудан орталығында балалардың саз мектебінде жұмыс істейді.

Аудандық кітапхана соңғы қырық жыл ­бойына жеке ғимараты болмағандықтан мәдениет үйінде бірнеше бөлмені иемденіп келді. Бұл қолайсыздықтан құтылу үшін дербес ғимарат сатып алынып, ішінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, коворкинг орталығы ашылды. 2019 жылдың желтоқсан айында Комсомол орта мектебінің ғимараты апатты деп танылды. Қазіргі күнде жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, инфрақұрылымдық жүйелер ­жасалуда. Әкімнің айтуынша, бұған дейін пайдаланылып келген оқу ғимараты ескі мәдени мұра ретінде қалдырылып, жаңаша сипатпен көркемделеді. Стадион да жөндеуден өткізіліп, тұрғылықты халық игілігіне соны леппен қызмет етуде.

Бұрынғы екі аудан біріктірілгендіктен аймақ көлемі айтарлықтай ұлғайды. Өңірде біршама жылдар бұрын Әбілқайыр хан кесенесі тұрғызылған ­болатын оның айналасында 17 гектар жер қоршалып, шырақшы үйі салынуда. Ақкөл ауылында Бопай ханымға Ас беріліп, Қарабұтақта бір көше есімін иеленді. Хан моласы, Кілемжайған, ескі Қарабұтақ, Үңгіртас, басқа да бірқатар тарихи орындар облыстық туризм картасына енгізілді.

Әкім осындай ортақ шаруаға ықыласпен қатысып, демеушілік көрсетіп жүрген Қайрат Қойлыбаев, Орынбай Жолмұратов, Сағындық Кішкенебаев, Александр Чемоданов, Берік ­Аяпов, Мұрат Сәтмағамбетов сияқты азаматтарды ризашылықпен атады. Туған өлкесін пір тұтып, қанатымен су сепкен қарлығаштай қолдан келген көмегін жасаушылар қатары сиремейтініне сенімдіміз. Ұлы бабамыз Әйтеке есімін иеленген өңір халқы келешекке зор үмітпен қарайды.

 Жүргенов ауылында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық ұйымының есеп беру-сайлау жиналысы өткізіліп, ұйым төрағалығына Бағдагүл Жаңабергенова сайланды. Жұртшылықпен жүздесу барысында ұлт газеті – «Ана тілінің» тұрақты оқырманы көптігіне көз жеткіздік. Бұл да қуанышымызды еселей түсті.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ

Ақтөбе облысы

1493 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы