• Мәдениет
  • 28 Қазан, 2021

ТҰЛҒАЛАР ТАРИХЫ – ФОТОӨНЕРДЕ

Дағжан Белдеубай
«Ana tili»

ӘКЕМТЕАТРДЫҢ ЖАҢА МАУСЫМЫ

Жақында, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 96-маусымы басталды. Індетке байланысты ашылу салтанаты шектеулі деңгейде өткізілді.

Сонымен жаңа маусымның ­басталуына орай театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Жуасбек бастап, ­режиссерлер мен әртістер қостап баспасөз мәслихатын өткізді. Алдағы жоспарларын да іркіп қалмады.

Бұйыртса, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер. Ақбала», Р.Райымқұловтың «Машқар түнгі махаббат» спектакльдерінің премьералары болмақ. Ал 2022 жылы театрсүйер қауым Б.Шоудың «Пигмалион» комедиясы мен М.Әуезовтің «Ақан-Зайра» драмасын тамашалайды.

Режиссер Алена Қабдешева Рахымжан Отарбаевтың «Қытайдан келген сыйлық» драмасын сахналамақ. Сондай-ақ театр жариялаған «Үздік тарихи монодрама», «Үздік заманауи монодрама», «Үздік инсценировкалық монодрама» байқауында іріктелген бес бірдей шығарма көрерменге ұсынылмақ.

Ары қарай театрдың жаңа маусымы М.Әуезовтің «Абай» драмасымен (режиссері Есмұхан Обаев) тізгін қақты. Әрине, залда адам аз. «Індет кезі ғой» деп қанша жақауратқанмен театр рухани ләззат алатын орын. Жан дүниеңнің шаң-тозаңын сілкіп-сілкіп жіберетін, тазартатын құтхана емес пе?! Оны айтып отырған себебіміз, індетті сылтауратып театрға, жалпы салиқалы өнерге деген көзқарас тіптен төмендеп кеткені байқалады. Белгілі актер Бекжан Тұрыс айтқандай, тойға 100, тіпті кей өңірлерде 200 адам шақыруға болады, театрға небәрі 50 кісі жиналуға рұқсат етілуі – өнердің өрісін шектеу. Бұл құзырлы орындардың шешімі.

Сөзімізге тағы бір дәлел, Мәжіліс депутаты Мақпал Мыса Премьер-министрдің орынбасары Е.Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, «Той өткізу мен ас беруге де рұқсат берілді. Ashyq жүйесі арқылы 100 адамға дейін қатысуға болады. Қазіргі таңда қызыл аймақта тұрған ірі мегаполистер Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы театрларға 30 пайыз көрермен ғана кіре алады. Мәселен, Алматыдағы Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов театрларында 600 орын болса, тең жарымынан астамы бос тұр. Елордадағы Қалибек Қуанышбаев театрында 700 орын болса, 190 орынға рұқсат, көлемі жағынан шағын, дегенмен жастардың сұранысындағы Музыкалық жас көрермен театры 200 орындық болған соң, 30 пайыз шектеумен 40-ақ көрерменді қабылдауға мәжбүр».

Депутаттың пікіріне, әртістің жанайқайына себеп болған мұндай олқылықтарды індетке жаба бермей, халықты неғұрлым озық бағыт мәдениетке жетелеуге міндеттіміз. Көпшілік қауымды той тойлайтын емес, алдымен ой ойлайтын орынға баруға  жол ашу, өсетін, өнетін елдің мінезі дер едік. Демек, үкімет оңтайлы шешім қабылдауы тиіс. 

СУРЕТТЕ – ЖАРТЫҒАСЫРЛЫҚ ШЕЖІРЕ

Ілкідегі әкемтеатрдың жаңа маусымының ашылуында Қалиғұмар Қабдешев, ­Рафат ­Бегишев, Ардақ Төлеубаев есімді фотографтардың суреттері қойылған көрмені тамашаладық. Онда  театрдың қырық жылдық тарихы қамтылыпты. Аталған фотографтардың ішіндегі Қалиғұмар Қабдешев ақсақал, осы саланы қызығушылық танытатын азаматтарға таныс есімнің бірі.

Сексеннің сеңгіріне шыққан фототілші (мамандығын осылай атаған дұрыс депті), жуықта «Суреттерде жартығасырлық шежіре» атты фотоальбом шығарды.  Фотоальбомды тамашалап отырғанда, Асанәлі Әшімовтің «Өнердің ішіндегі ең ұзап кететіні – фото. Біз ойнаған рөлдер сол заманмен кетті. Ал фото қалды» деген сөзі еске түседі. Белгілі тұлғалардың 1960 жылдардан күні бүгінге дейінгі суреттері тұнып тұрған тарих. Кейіпкерлерінің эмоциясының ашылған сәтін дәл басады. Фотографтардың тілімен айтқанда, мергендігінде қапы жоқ. Содан да суреттері сонау Кеңес дәуірінде-ақ Үндістан, Шри-Ланка, Мальдив, Чехословакия, Болгария, Польша, Румыния елдерінде өткен халықаралық көрмелерге қойылған.

Фотоальбомға әр жылдардағы саясаткерлер мен ақын-жазушылардың, еңбек адамдарының суреттері, еліміздің әсем жерлері мен қалалары қамтылған. Спектакльдер мен көркем фильмдегі актерлердің түрліше бейнелері өзінше бір төбе. Әр сурет өз құпиясымен тартады, үңілуге мәжбүр етеді. Өйткені онда өмір, қимыл-қозғалыс бар. Шебер сондай сәтін дәл басқан. Өзінің айтуынша, 1960 жылдардан бергі 41 әртістің фотоэнциклопедиясын жасамақ. Екі том. Қазірдің өзінде макеті дайын көрінеді.

2019 жылғы әкемтеатрдың 94-маусымы, той секілді салтанатпен өткізілгенін де осы альбомдағы суреттерден көріп тамашаладық.

Біз өнеріне тамсанып отырған фотоше­жіреші Қалиғұмар Қабдешұлы 1940  жылы Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданында туыпты. Әкесі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, 1943 жылы Сталинград түбінде қаза болған. 1974 жылдан бері фотосуретке түсірумен кәсіби түрде айналысқан. 1957 жылы 10-сыныпты бітіргенде, ағасының ақылымен Алматыдағы малдәрігерлерін дайындайтын институтқа түскен. Кейін ол оқу орнын тастап кеткен. Себебі фототілшілікке біржола ден қойыпты.

2126 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы