• Руханият
  • 28 Қазан, 2021

ҚАСЫМНЫҢ «НӘЗІК СӘУЛЕСІ»

Қарагөз СМӘДІЛ

«Ana tili»

Қазақтың аса көрнекті ақыны Қасым Аманжоловтың туғанына 110 жыл толуына орай мемлекеттік көлемде бірқатар іс-шара өткізіліп жатқаны белгілі. Мәселен, республикалық деңгейдегі «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ...» атты дәстүрлі Қасым оқулары аяқталып, поэзия және вокал жанрлары бойынша өткен сайыстың жеңімпаздары анықталды. Күйші Қайрат Айтбаевтың құрастыруымен жарыққа шыққан, ішіне Қасымның өз әндері және оның өлеңдеріне жазылған әуендердің мәтіні мен нотасы енген «Бір нәзік сәуле» топтама кітабының тұсауы кесілді. Қасым Аманжолов атындағы «Дүниеге келер әлі талай Қасым…» республикалық мүшәйрасының да жүлдегерлері анықталды. Оған қоса Қарағандыдағы Қасым Аманжолов атындағы көшеге 110 қайың егілді.

 

Міне, осы іс-шаралардың заңды бір жалғасындай болып, Қарағандыдан Алматыға сапармен келген қоғам қайраткері Нұрлан Дулатбеков Қасым Аманжоловтың Алматыдағы қарашаңырағы саналатын үйге ­арнайы барды. Онда ақынның қыздары ­Жанна және Дариға Аманжоловалармен кездесіп, Қарағандыда өткен мәдени іс-шаралар легін ақынның перзенттеріне таныстырып өтті.

Сөз орайы келгенде айта кету ­керек, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік универси­тетінің ректоры, заң ғылымының докторы Нұрлан Дулатбековтің баста­масымен «Қасымтану» орталығы ашылған еді. Ғылыми-зерттеу орта­лығының жетекшісі, филология ғылы­мының докторы, профессор Жансая Жарылғапов, орталық қызметкері Алмаз Мырзахмет бастаған ғылыми экспедиция Қ.Аманжолов мұраларын жаңашыл ғылыми көзқараста зерттеу үшін былтыр Алматыға ат басын тіреген екен. «Қасымтану» ғылыми-зерттеу орталығы қызмет­кер­лері ақпан айында ­Алматы, Орал қалаларына экспедицияға ­барып, ақынның жарияланған, жария­ланбаған суреттерін жинақтаған. Қасым мұраларына қатысты зерттеу еңбектерінің екі томдығын, ақын шығар­машылығы мен өміріне қатысты библиографиялық көрсеткішін, ақын шығармаларының академиялық сөздігін дайындау, ақынның тұлғалық энциклопедиясын шығару секілді ауқымды жұмыстарды қолға алған орталықтың тағы бір жаңалығы – ақынның тікелей ұрпағы, қызы Дариға Аманжолованың көпшіліктен жасырып жүрген жазушылық қыры бар екенін осы Алматыдағы экспе­диция барысында білген. Міне, сол сапардың жемісі ретінде Дариға Қасымқызы Аманжолованың талай жыл жеке мұрағатында сақталып келген «Повесть о кубинце» романы биыл тасқа басылыпты. Дариға Қасымқызы бұл шығармаларын бірлі-жарым басылымдарға ұсынып көрген. Бірақ оны «өзің көрмеген, білмеген ел туралы емес, осы заман шындығын жаз» деген сыңайдағы желеумен шығарып салыпты. Өзің көрмеген, білмеген ел демекші, Дариға Қасымқызының жазбалары шынымен де басқа елдің өміріне, мәдениетіне, салтына жетелейді. Шығарма кейіп­керлері бірде Кубаға, бірде Индо­незияға, бірде Камбоджаға тарта жөнелетіні сондықтан. Бұл туралы Дариға Қасымқызының өзі: «Жастық шағымызда асқаралы армандарға қол создық. Үлкен төңкерістер, адамзат жасампаздығы үшін үлкен қадамдар жасаймыз деп ұмтылдық. Шетелдерді көзіміз көрмесе де, газет, журнал, теледидардан көргенімізді көңілге көп тоқыдық. Міне, соның барлығын қағазға кестеледік. Одан бір көркем дүние күттік пе, күтпедік пе, мәселе онда емес. Мәселе, сол уақытта біздің әдебиетке, көркемдікке іңкәрлігімізде еді ғой», – дейді. Сіңлісінің сөзін іліп әкеткен Жанна Қасымқызы да өз заманындағы әдеби-мәдени өмірдің жарқын тұстарын еске түсірді. ­Жанна Қасымқызының ­айтуынша, Дариға Аманжолова әуел ­баста өлең де жазған екен, алайда өлеңдері ұнамағандықтан, жеке мұрағаттарында көп сақтамапты. Жанна Қасымқызы сіңлісі Дариғаның суретті тамаша салатынын айтып берді. Университетте қабырға газеттері Дариға Аманжолованың суреттерінсіз шықпайтын болған екен. Міне, Дариға Аманжолова жазған-сызғанын өзі өңдеп, жаңа дәптерге көшіріп, жинап қойғанымен қатар, әрбір дәптер сыртына кейіпкердің, кейбір беттерге сюжеттік суреттеріне дейін салып қойған. Дариға Қасымқызының «Повесть о кубинце» романының мұқабасында да автордың өзі салған суреті тұр. Нұрлан Орынбасарұлы ақынның қос перзентіне Қасым мерейтойына қатысты өткен іс-шаралардың қысқаша видео нұсқасын да таныстырды. Әкенің қоңыр өлеңіне жазылған әндерді ұйып тыңдаған қос перзент өткен уақыттың естеліктерімен бөлісті. Осы шаңырақта өткен кездесулер мен тәлімді әңгіменің жібін тарқатты.

Айтқандай, Қасым Аманжоловтың туғанына 110 жыл толуына орай «Қасымтану» орталығы тағы бір игі ­бастаманы қолға алған екен. «Қасым­тану» зерттеу орталығының бір топ зерттеушілердің еңбегі нәтижесінде жинақталған Қасым ақынның көп­шілік біле бермейтін кітаптары, басқа құнды деректер жинақталып, көрме жасақталыпты. Осы көрме қазір Қарағанды облысының бірқатар ауданында қойылып, жергілікті халыққа Қасым өмірінің беймәлім беттерінен сыр шертіп жүр екен. Ал Қасымның өмірінің жалғасы, оның кейінгіге қалдырып кеткен «нәзік сәулесі» Дариға Қасымқызының тасқа басылған жаңа да көне хикаятының тұсаукесері қараша айында өтпек.

Ақын шаңырағынан шыққанда ­Жанна мен Дариға Аманжоловалар игі тілегін айтып қоштасты. Қасым мерейтойы елдің тойына айналғанына қуанышын білдіріп, ақын жыры кейінгі ұрпақтың да көңіл қылын шертетініне сенімін айтты. Дариға Қасымқызы әке бейнесінен құралған фотоальбомды жылымен, түсіндірме мәтінімен қайта өңдеп жатыр екен. Ол да «Қасымтанудың» болашақ ғылыми зерттеуіне жаңа дерек қосарына күмәніміз жоқ.

1202 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы