• Руханият
  • 28 Қазан, 2021

160 ДОМБЫРАНЫ СЫЙҒА БЕРДІ

Дариға Назарбаева Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына орай  10 оқу-тәрбие мекемесінің 160 оқушысына 160 домбыра сыйға берді. Музыкалық аспаптарды «Дегдар» гуманитарлық қорының Қамқорлық кеңесінің төрағасы Дариға Назарбаева табыстады.  

«Дегдар» гуманитарлық қорының жаңа қайырымдылық жобасы күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы аясында өтті. Жобаның гуманитарлық мақсаты – домбыра сатып алуға мүм­кіндігі жоқ талантты балаларға қазақтың киелі музыкалық аспабын табыстау. Арнайы жасалған 160 домбыра ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен аз қамтылған отбасылардан шыққан бүлдіршіндерге берілді. Сонымен қатар бұл жоба «күй анасы» атанған Дина Нұрпейісованың бай мұрасын дәріптеуге, ұлттық өнердің насихатталуына үлес қосуды көздейді.

«Дегдар» гуманитарлық қорының Қам­қорлық кеңесінің төрағасы Дариға Назарбаева атап өткендей, домбыра ежелден бері музыкалық мәде­ние­тіміздің басты символы болып келеді.

– «Дегдар» гуманитарлық қоры мектептер мен балалар ансамбльдеріне музыкалық аспаптар сыйлайды, соның арқасында домбыра тартып үйренсем деген талай баланың тілегі орындалады. Бұл сыйлығымыз әйгілі күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдығымен орайлас келіп отыр. Ол өзінің таланты мен музыкаға деген махаббаты және туған жерге сүйіспеншілігінің арқасында «Күй анасы», тұңғыш әйел-композитор атанды. Оның күйлерінде даланың тыл­сым даусы мен бұлбұл құстың әсем үні бар.

Домбыра ежелден бері музыкалық мәдениетіміздің басты символы болып келеді. Бар болғаны екі шекті көне аспапта туған жеріміздің сұлулығы мен сырлы сезім тұнып тұр. Қазіргі музыка әлемі өте бай, алуан түрлі. Ал дәстүрлі өнерді таңдаған сіздердің шәкірттеріңіз үшін заманауи компьютерлік технология домбыраның ғажап даусына көлеңке түсіре алмапты. Мен бұған өте қуаныштымын. Ұлттық музыкаға құштар балалар көп болған сайын, ұлтымыздың болашағы жарқын, рухы жоғары болатынына сенеміз.  

Ал талантты жастарға шығарма­шылық табыс тілегім келеді. Біз сіздерді еліміздің ең үлкен сахналарынан көре­тін болайық! – деп жеткізді Дариға ­Назарбаева өз сөзінде.

Іс-шараға қатысқан Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, өз кезегінде, педа­гог­терге және балалар музыка мек­тептерінің, ансамбльдердің жетек­шілеріне алғыс білдірді:

– Қазақта «Ұстазы жақсының – ұс­тамы жақсы» деген киелі сөз бар. Күй өнерін хас шеберлігімен аспандата білген ерекше тұлға – Дина Нұрпейісова­­ның да бағыт берген ғұлама ұстаз­дары бол­ған, алдымен оның әкесі, содан кейін ұлы Құрманғазының өзі оның музыкаға қызығушылығын қолдап, талантын ұштаған.

Бүгінгі жиында балаларды және өз ісін жақсы көретін осындай тәлімгерлер бар екеніне кәміл сенімдімін. Осынау орайлы сәтті пайдалана отырып, сіздер арқылы барлық педагогтерге, балалар музыка мектептерінің, ансамбльдердің жетекшілеріне баға жетпес еңбектеріңіз үшін алғыс айтқым келеді! – деді ­министр.

Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы аясында өткізіліп жатқан көптеген іс-шаралардың арасында «Дегдар» гуманитарлық қоры ұйымдастырған жобаның орны бөлек екенін күйшінің шөбересі Төлеген Қуанышев атап өтті. «Күй анасы» қорын басқаратын Төлеген Қуанышевтың ­айтуынша, бұл қайы­рымдылық жоба жас бүлдір­шін­дерге Дина Нұрпейісованың мұрасын кеңінен тануға мүмкіндік береді.

Іс-шара аясында қатысушылар күйші Дина мен оның атақты ұстазы Құрманғазының туындылары орындал­ған концерттік бағдарламаны тамашалай алды. Сахнада «Байжұма», «Саранжап», «Баламишка», ­«Балбырауын», «Адай», «Науысқы» т.б. күйлерді орын­далды. Ұлттық музыканың озық үлгілерін Ерлан Рысқали, Ғалым ­Ахмедьяров, сондай-ақ Динаның образында өнер көрсеткен Анар Мұздаханова ұсынды. Бұл концерт домбыра үнінің баршаға ортақ екендігін дәлелдей түсті. Қазақтың күй тартыс өнерін Самвел Азноварян, Мозес Зиборкеде, Сабир Гусейнов, ­Михаил Абуов шебер көрсете білді. Түрлі ұлттық музыкалық аспаптардың үнін жаңғыртқан «Астана сазы» ансамблінің өнері де зор ықыласқа бөленді. Белгілі әртістермен бірге сахнада «Үміт», «Шабыт» және «Бурабай» атты балалар ансамбльдері өнер көрсетіп, жаңа музыкалық челлендж бастады. Ұйымдастырушылар атап өткендей, челлендж аясында әрбір ­видео Instagram әлеуметтік желісінде ­#ДинаНурпеисоваФондДегдар хештегімен жарияланып, домбырада ойнаудың онлайн жарысы ретінде ұсынылады. Челлендж өске­лең ұрпақтың бойына рухани құнды­лық­тарды сіңіріп, ұлттық өнердің сақталуы мен насихатталуын арттыруға бағытталған. Жаңа музыкалық челлендж Instagram әлеуметтік желісінде 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін өтеді.

Жоба аясында еліміздің түрлі аймақ­тарында орналасқан оқу орындары қамтылды. Олардың қатарында:

1) Е.Асқаров атындағы жас ақындар мектебі, Петропавловск қаласы

2) «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» КММ, Өскемен қаласы

3) К.Шакеев атындағы ақындар мектебі, Көкшетау қаласы

4) «Мәдени-сауық орталығы» КМҚК, Қостанай қаласы

5) «SOS Балалар ауылы», Нұр-Сұлтан қаласы

6) «Ер Едіге» жыр мектебі, Актөбе қаласы

7) «Мақат» өнер мектебі жанындағы балалар оркестрі, Атырау облысы

8) «Айналайын» балалар үйінің домбырашылар ансамблі, Талдықорған қаласы

9) Н.Тілендиев атындағы көп балалы және аз қамтылған балаларға арналған мектеп-интернатының «Нұр-Ата» фольклорлық-этнографиялық мектеп оркестрі, Тараз қаласы

10) «Облыстық көру қабілеті бұ­зылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернаты» КММ, Батыс Қазақстан облысы.

 

Н.БЕЙСЕНБАЕВА

1111 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы