• Қоғам
  • 28 Қазан, 2021

ПОСТКОВИД СИНДРОМЫ ДЕГЕН НЕ?

Әсел  МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

«Ana tili»

Коронавирус жұқтырғандар жазылған соң да денсаулығының ұзақ уақытқа дейін түзелмегенін айтып шағымданып жатады. Бірінің буыны сырқыраса, екіншісін ұйқы баса беретін болған. Енді бірі өте мазасыз болып кеткенін байқаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, сауығып кеткендердің шамамен 20%-ында постковид синдромы кездеседі. Ғалымдар мен дәрігерлер әр елдегі 400-ден астам науқастың жағдайын талдаған. 

ДДСҰ анықтамасына сәйкес, постковид синдромымен ауыратын науқастардың көбінде өкпе, жүрек-тамыр, жүйке жүйесінде проблема туындаған, сонымен қатар психологиялық салдары да бар.

«Бұл аурудың жеңіл не ауыр жүргеніне тәуелді емес. Пост­ковид синдромы әдетте ко­ронавирус инфекциясынан жазылғаннан кейін үш айдан соң пайда болады және кемінде екі айға созылады», – деп жазылған ДДСҰ ресми құжатында. Сонымен қатар мамандар симп­томдардың ауытқуы және уақыт өте келе қайталануы мүмкін екенін ескерткен.

«Жалпы белгілер – шаршау, тыныс алу проблемалары, когнитивті бұзылулар және күнделікті өмірге әсер ететін басқа да белгілер. Симптомдар ауырып жатқан кезде немесе жазылғаннан кейін пайда болуы мүмкін. Олар уақыт өте келе жоғалып, қайта пайда болуы ықтимал. Бұл көптеген адамның постковид синдромымен өмір сүретінін қабылдауда маңызды қадам. Деректер науқастарға қажетті ем, күтім көрсетуге кө­мектеседі деп үміттенеміз», – деп түсіндірді ДДСҰ клиникалық көмек бөлімінің меңгерушісі Джанет Диас.

Мұның алдында Lancet Psychiatry медициналық журналында британдық және аме­рикалық дәрігерлердің зерттеуін жарияланған болатын. Онда COVID-19-ға шал­дыққан әрбір үшінші нау­қастың жазылғаннан кейін алты ай өткенде жүйке немесе психикалық қиыншылыққа тап болатыны жазылған. Зерттеуге 236 мың адам қатысыпты. Сауал­намаға қатысқандардың 13 пайы­зына алғаш рет психикалық және жүйке бұзылуларына байланысты диагноз қойылған.

Алматы қаласының сани­тариялық-эпидемио­логиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин де қаладағы эпиде­мио­логиялық жағдайға байланысты брифингте осы мәселені көтерді.

«Адамдар «Дельта» штаммы­ның қаншалықты қауіпті екенін ұғыну үшін оның салдарын түсінуі керек. Бастапқыда диарея синдромы басым болса, қазір жүйке-токсикалық синдром көп кездеседі. Осының салдарынан адамның миына зақым келіп, есте сақтау қабілеті нашарлайды. Адам коронавируспен ауырып шыққан соң да, оны постковид синдромы мазалайтын болады. Осы синдром әсерінен көз жұмғандар да көп. Осы орайда, қалмай екпе алуларыңызды, көпшілік шоғырланған жерлерге бармауларыңызды сұраймын», – деп өтініш білдірді Жандарбек Бекшин.

Есімін атамауды өтінген Нұр-Сұлтан қаласының 25 жастағы тұрғыны коронавирустан жазылып шыққан өте ауыр кезеңді бастан өткергенін айтты. «Мен оның алғашқыда постковид синдромы екенін білмедім», – дейді ол. Айтуынша, 2020 жылдың жазында вирус жұқтырған. Екі апта ауырып, «белгісіз пневмония» диагнозымен ауруханаға жатып шыққан. Одан кейін де біраз уақыт түрлі дәрумендер қабылдаған.
«Жазылған соң, шашым уыстап түсе бастады. Еңсемді бірдеңе басып тұратын. Ештеңеге зауқым соқпады. Оған қоса буындарым, белім сырқырап ауырды. Ұйқым келе беретін. Ал ұйықтай қалсам, шым-шытырық түс көремін. Есіме баяғыда, бала кезімде басымнан өткен небір оқиғалар, жаман естеліктер түсе беретін. Сол кездері өмір сұрғылт тартып кетті. Дәрумен қабылдадым. Содан және жақындарымның жанымнан табылуынан болса керек, қазір жағдайым жақсарып қалды. Кейін вирус жұқтырған таныстарымнан сұрастырсам, көбінің басынан осындай жағдай өтіпті», – деді ол. 
Психолог Гүлжан Досболқызы ауырып шыққан адам үйіне оралғанда қосымша психологиялық соққы алып келетінін айтады. 
«Себебі ауруханада адамдардың осы аурудан қайтыс болып кеткенін өз көзімен көруі, естуі мүмкін. Мұның бәрі адамның психикасына үлкен соққы болады және жүйкесінде посттравмалық бұзылулар ­тудыра алады. Мұндай адамда қорқыныш, үрей қалып қояды. Яғни сол жағдай қайталанатын сияқты болып тұрады. Сол үшін бұрын жасамаған әрекеттерге баруы мүмкін», – дейді психолог. 
Маман постковид синдромы дертке шалдықпаған адамда да болуы мүмкін екенін айтады. Себебі пандемия кезінде бүкіл әлемде үлкен локдаун болды, адамдар үйінен шыға алмай қалды, көп нәрседен шектелді. Достарын, таныстарын, туыстарын жоғалтты. Соның бәрі коронавирус жұқтырмаған адамның жүйке жүйесіне де өте көп зақым келтірген. 
«Адамдар үйреншікті өмірінен бір мезетте жаңылып қалды. Бәрі үйге тығылды. Сыртта ешкім қайдан шыққанын білмейтін, емі табылмаған ауру кезіп жүрді. Ондай кезде адамдарда дистресс, қорқыныш болады. «Мен ауырып қалсам ше?», «Мені құтқара алмай, өліп кетсем не болады?» деп қорқады. Әрине, барлық адам бірдей емес. Әркімнің психикасы әртүрлі. Сәйкесінше, жағдайды әртүрлі қабылдайды. Қорғаныш механизмі де әрқилы», – дейді психолог Гүлжан Досболқызы. 
Психолог тәжтажалдың салдары адам­дардың психикасына біразға дейін әсер ететінін айтады. 
«Қатты сезімтал адамдарда осы постковид синдромы немесе постравмалық бұзылу қалып қоюы мүмкін. Қазір коронавируспен ауырмаса да, психологтың қызметіне жүгінетіндер қатары артты. Күнделікті бірнеше адам әртүрлі себептермен хабарласады. Бұған осы пандемия себеп болды деп ойлаймын. Адамдар жақынын жоғалтты, өлімнің сондай жақын екенін сезді, бұрын-соңды болмаған белгісіздік күйіне тап болды. Бірақ соған қарамастан, өзін бұл жағымсыз сезімнен құтқарып алуға әрекет етіп, психологтың көмегіне жүгінетін адамдарды мақтағым келеді. Себебі олар өзін құтқару үшін әрекет етіп жатыр. Ауыр күйзеліске түскендерге міндетті түрде психиатрдың көмегі керек. Ондай кезде адамның еш нәрсеге зауқы соқпайды. Бұрын жақсы көретін тамағы, сүйіп көретін киносы, хоббиі де қызықсыз болып қалады. Тек жата бергісі келеді, жеке бас тазалығын сақтамай кететіндер бар. Сондай кезде міндетті түрде психиатр, психотерапевтің көмегі, медикаментозды емдеу керек. Көп адам оған жүгінуге қорқады, себебі басым бөлігі жұмыс істейді, өмірбаянына ондай қара дақ түсіргісі келмейді. Ондай жағдайда жеке психиатрларға баруға кеңес беремін», – дейді маман Гүлжан Досболқызы.

1251 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы