• Руханият
  • 09 Желтоқсан, 2021

УЫЗ ТӘРБИЕ: ТОЛҒАМ.ЖАС БАЛАНЫҢ ЖАДЫ – КІРШІКСІЗ, ШЕКСІЗ, ШЕТСІЗ ӘЛЕМ

Бірінші қағида. Жас баланың есте сақтау қабілеті ақ қағаздай кіршіксіз таза, оған түскен таңба өшпестей болып жазылады және ол ақпаратты жадына өлшеусіз сіңіретін керемет қасиетке ие.

Әдетте біз ес білгенге дейінгі көрген-білгенімізді есімізге түсіре алмаймыз. Зерттеулерге қара­ған­да адамның сәбилік шағындағы оқиғаларды есіне түсіре алмауы оның түбегейлі ұмытылуы болып табылмайды екен. Адамның туа салғаннан ­бастап естіп, көрген-білгенінің бәрі оның жадында сана астарында сақталып отырмақ.

Мәселен, гипноздау арқылы кез келген адамды бір жастағы кішкентай бала деп сендіретін болса, ол өзінің бала кезін қайталап, бүлдіршінше былдырлап, әрекет ете бастайтын көрінеді. Бұл дегеніңіз, сәби кезіндегі кез келген әсердің оның санасының астарында мәңгілікке сақталатынының дәлелі.

  Сол сияқты адамды зорықтырып, есінен тандыратын болса, ол кенеттен өзін балаша сезініп, сандырақтап кететін кездері де болады екен. Ол кезде адам сәби рөліне еніп, сықылықтап күліп, былдырлап сөйлей бастайтын көрінеді.

Жапониялық саяси қайраткер ­Кукэй Манака деген адамның айтуынша, оның жадына балалық шағы туралы естеліктер күтпеген жағдайда оралыпты. Соғыс жылдары госпитальда өлім мен өмірдің арасында жатқанда есіне кішкене кезінде өзін анасы храмға қалай апарғаны және қақпаның алдында тұрған монахты, оның киген киімі мен бет әлпетін, сөйлеу мәнерін – барлығын дәл сол кездегідей анық көз алдына келтіреді. Кейіннен сол көргендерін анасына баяндап береді, анасы шындығында да ол оқиғаның екі жасында болғанын растайды. Дәл осындай жағдайды жас кезімізде біздің ауылдағы Байдархан деген ақсақалдың аузынан естіп едік. Ол кісі: «Мен туа салғанда көзіме киіз үйдің босағасында ілулі тұрған қойдың өкпе-бауыры түсті», – деп отыратын. Біз оған, әрине, сенген жоқпыз. Кейінгі зерттеу­лерге қарағанда мұндай естеліктің де қисыны бар сияқты. Себебі балаға туа салысымен әсер еткен жағдайлар оның сана астарында жазылады да, кейін әртүрлі жағдайларға байланысты түс көргендей санасында жаңғыратын көрінеді.

Қалай болғанда да сәбидің есте сақтау қабілеті ол туа салысымен қалыптаса бастайды. Алғашқыда анасының дауысы мен бейнесін есте сақтайтын болса, ол қабілет күн өткен сайын күшейе береді. Сондықтан бұл қабілетті де үздіксіз дамытып отыру қажет. Ол үшін, ең алдымен, «сәби ештеңені түсінбейді, ол ештеңені есіне сақтай алмайды, оған өте көп ақпарат берудің қажеті жоқ, олардың барлығын игеруге қабілеті жетпейді» деген сияқты қасаң ойдан арылу керек. Адамның миы – дүниеге аппақ қағаздай тап-таза болып туады. Ал сол кіршіксіз дүниені кейін кезі келгенде толтырамыз деп қапы қалуға әсте болмайды. Оны ақпаратпен үздіксіз қамтамасыз етіп отыру қажет, ол бір сәтке де қалғымайды. Ондай тап-таза табиғатты туа салысымен жақсылықтармен жарақтамаса, кіршең дүние жағымсыз әсерден тез тотығып, басқа реңкке ие болып кетуі де ғажап емес.

Ғалым-педагогтер бүлдіршіндерді жастайынан тәрбиелеуді екі кезеңге бөліп қарастырады. Оның алғашқысы – туғаннан екі жасқа дейінгі жылдар, екіншісі – үш жастан жоғары. Алғашқы кезеңде сәбиге бірдеңе үйрету үшін оған тиісті дүниені талмай қайталауға тура келеді. Ал үш жастан кейінгі уақытта баланың қызығушылығымен санасуға, оның үйренетін дағдысына құштарлығын ояту алдыңғы кезекке шығады. Бұлардың ең маңызды кезеңі алдыңғысы, өйткені алғашқының негізін дұрыс қаламай екіншісінің нәтижелі болуы екіталай.

Бірінші кезеңді мамандар «патерн-кезең» (ағылшынша «Pattern»- модел, бейне), қазақша – бейнелі тану кезеңі деп атайды. Бұл уақытта сәбилер дүниені тұтас модел, бейне ретінде қабылдайды. Олар өздері жиі көріп жадына тұтқан нәрсенің жекелеген қасиеттеріне мән бермей, оларды тұтас бейне ретінде қабылдайды. Мәселен, сәбиіңіздің күнде қолына ұстап ойнап жүрген әбден үйреншікті болған ойыншығын басқа бірдеңелердің ішіне араластырып жіберсеңіз, ол оны қалайда танып тауып алады. Бірақ оны түсіне немесе басқа бір белгілеріне қарап емес, тұтас бейнесіне қарап таниды. Немесе бөтен, бөгде адамды көрсе жатырқап жылай бастайды. Өйткені ол адамның бейнесі өзінің күнде көріп жүрген жақындарына ұқсамайды. Демек, нәресте өзі жиі қайталап көретін бейнесін жадына берік сақтайды. Сондықтан да бұл кезеңде баланың жадына белгілі бір бейнені сіңіру үшін оны толассыз қайталап көрсету қажет. Және бұл дағдыны нәресте туа салысымен дамыту шарт.

Бала табиғаты туғаннан ақпарат қабылдауға, бір нәрсені білуге, көруге, тануға талпынған ерекше қабілетке ие. Айта берсек, білуге, тануға, сезінуге деген құмарлық оның өмір сүруінің мәні. Қайта оны бір сәтке ақпарат алу мүмкіндігінен айырсаңыз, ол даму, өсу қарқынынан сонша уақытқа қалыс қалады. Онсыз оның ми клеткалары да ашылмайды, сезім мүшелері де жетілмейді, дене мүшелері де ойдағыдай өспейді. Нәрестені үздіксіз рухани қорекпен құнарландырып отыру, топыраққа түскен дәнге су құйып, тыңайтқыш сеуіп нәрлендіріп отырумен бара-бар. Баланың дәннен артықшылығы рухани нәрді қаншалықты көп берсеңіз, ол соншалықты оны мейірлене бойына сіңіріп, құлпыра бүр жарып, гүлдене дамиды. Балаға берілетін рухани нәр сан алуан: ол – білім, өнер мен мәдениет, cалт-дәстүр мен ар-ұят, әдеп пен әділет сияқты адамгершілік дағдылары. Міне, мұның барлығы бала санасына нәресте кезінен бастап сіңуі қажет. Аталғандардың бірде-біреуін кейін есейгенде үйретеміз деп кейінге ысыруға болмайды. Және олардың қай-қайсысын болмасын бала жаны бойына сіңіруге дайын болып туады. Бұларды неғұрлым ерте дарытатын болса, баланың адамгершілік қасиеттері соғұрлым тез марқаяды.

Мәселен, екі жастағы бала ата-анасы дағдыландырған қасиеттерден өзгеше оғаш қылық жасап қойса, беті бал-бұл жанып ұялатынын байқау қиын емес. Егер сәбиді осындай жағдайда кешірім сұрауға үйретсеңіз, ол оны тез меңгеріп, ілтипат көрсетуге дағдыланады. Мәселен, еуропалықтар баланы кез келген дүниеге күле қарап, жауап қатуға сәби кезінен дағдыландырады. Ересек, еуропалықтар қаншалықты ренжіп тұрса да езу тартып тұрмай ма?! Сол сияқты, әрбір ілтипатты іске рақмет айтып, ризашылық көңіл білдіру де олардың бойына бала кезінен сіңген дағды.

Ұлы Абайдың «Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибраттану керек, көңілденіп тұщынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше рет қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек», – деген сөзі бала тәрбиесінде ерекше есте ұстайтын ұлағатты сөз. Әрине, бұл сөзді ересектерге қаратып айтқан. Ал бала тәрбиесі жағдайында бұл мәселелерді ата-ана мен тәрбиеші үйлестіруі ­керек. Мәселен, сәбиге бір нәрсені үйретердің алдында ата-ананың өзі оның дұрыстығына сенімді болғаны дұрыс. Екіншіден, ата-анасының үйреткен дүниесіне баланың қызы­ғушылығын туғызу керек. Бала өзін қызықтырған нәрсені өте жылдам қабылдайды. Үшіншіден – баланың көңілі басқа нәрсеге алаң болмауы тиіс. Сәбилердің әрбір әрекетті өзгеріссіз жасай беретіні немесе бір ойынды қайталап ойнаудан жалықпайтыны оның сол дағдыны меңгеруге деген табиғи құлшынысының болуынан. Ал сол үйренген дүниені көңілінде бекітудің жолы – қайталау.

Екінші қағида. Бала жадын қалыптастырудағы, алған білімі мен дағдысын бекітудегі теңдессіз тәсіл – қайталау. Ол – барлық дағдыны жетілдіріп, шыңдап шығаратын шеберлік мектебі.

Қайталау қандай жағдайда болмасын қажет. Мәселен, әнші-күйшілер, спортшылар үлкен жетістіктерге күндіз-түні тер төгіп, өз дағдыларын шексіз қайталаудың арқасында жетпей ме?! Жаңа туған сәби де сол сияқты. Оның жадын темірдей етіп шыңдаудың тиімді тәсілі – қайталау. Бұл – тәжірибеде дәлелденген ақиқат. Сондықтан балаңызға үйрететін нәрсеңізді қайталаудан жалықпаңыз. Сіз сол қайталау арқылы балаңыздың есте сақтау қабілетін шынықтырасыз. Кейде аналар сәбиге бір нәрсені көрсетеді де ол бірден қағып алмаса, оған ол әлі ерте деп тастай салатыны бар. Егер сол әрекетті қайталай берсеңіз, ол оны көп ұзатпай үйренеді. Келесі жолы оған осындай әрекетті көп қайталаудың қажеті болмайды. Өйткені сәт сайын оның қабілеті өсіп отырады. Сіз қаншалықты көп айналыссаңыз, ол соншалықты алғыр бола түседі.  Кішкентай нәресте табиғатының ерекшелігі сонда, ол үйренетін дүниесінің мағынасын түсініп талдап, талғап үйренбейді. Оны тұтас дүние ретінде бейнелі түрде қабылдайды. Мәселен, екі жастағы баланы мешітке жиі апарып, құран тыңдата берсеңіз, біраздан соң ол оны жаттап алады. Немесе сәбиіңіз үйде үнемі шетелдік музыканы тыңдаса, біраздан соң оны айнытпай қайталап отырады. Бірақ онда не айтылғанын ол түсінбейді. Біз сәбилерді осындай жолмен адастырып жіберетін кезіміз де көп болады. Өскенде оларға ие бола алмай қаламыз.

Баланың жадын тәрбиелеудегі таптырмас тәсілдің бірі – жастайынан өлең жаттату. Мәселен, жапондықтардың дәстүрлі тәрбиесінде сәбилерге хайку (оны орта ғасырдағы жапон ақыны Исса Кобаяси жазып қалдырған) жаттату ерекше дамыған. Біздің ежелгі тәрбиеде қара өлеңнен бастап халық жырларын бала кезінен жаттатудың тамаша дәстүрі бар еді. Кейіннен көмескі тартты. ­Дегенмен соңғы кезеңде осы бір жақсы дәстүр қайта оянып келеді. Мәселен, өткен жылдары (2017–2018 жж.) Алматы қаласында «Тұлпар мініп, ту алған» деген атпен батырлар жырын жатқа айтудың жарысы болды. Сол сайысқа Қобыланды, Алпамыс батыр жырларын жатқа айтатын Алматы қаласының мыңдаған баласы қатысты. Балалар жадының  соншалықты қуаттылығына қала жұртшылығы қайран қалды.  Қайбір жылдары Абай өлеңдерін түгел жатқа айтатын балалар да көңіл қуантып еді. Бұл тәсілді бұрынғы көшпенділер ерекше қадірлеген, қырғыз манасшылары алты айға дейін «Манасты» жатқа айтқан, оның сарқыны қырғыздарда әлі бар. Қазақ жыраулары да «Қырымның қырық батыры» сияқты циклді жырларды күнді-түнге ұластырып жырлайтын болған. Демек, жыр жаттау, өлең оқу – сәби жадын шыңдаудың сынақтан өткен ең көне тәсілі. Тек поэзия ғана емес, ертегілер оқып, оны ауызша айтудың да зор пайдасы барлығы баршаға мәлім. Оның да анасы – қайталау. Сәбиге өлеңді бір рет жаттатып одан кейін елеусіз қалдыруға болмайды. Оны үнемі қайталап айтқызып отыру ­керек. Егер бала бір жолды ұмытып қалса, бүкіл өлеңді басынан бастап қайталап шықсын. Өз жадын осылай жаттықтырған бүлдіршін кез келген ертегіні үш-төрт қайталағаннан жадына тұтады. Кейбір оқырмандар жадты бұлай жаттықтыруға сенімсіздікпен қарайды. Дегенмен тәжірибе оның өте тиімді тәсіл екендігін әбден дәлелдеген. Оған ғалымдар да күмән келтірмейді. Оның мақсаты тек өлеңді жаттап алу ғана емес, сонымен қатар олардың эстетикалық сезімдерін, ақыл-ой дамуы мен шығармашылығын қоса арттыру болып табылады. Тек, балаға жаттауға ұсынылатын өлеңдер оның жүрегіне ізгі сезім ұялатуы тиіс және оны мәңгілік есіне тұтатындай ұйқасты, көркем, сұлу  болуы керек. Сонда ғана ол баланың жүрегін баурайды.

Ондай жағдайда, екі-үш жастағы сәбидің миы жүзден екі жүзге дейін қысқа өлеңдерді жаттап алуға қабілетті. Бірақ жадты жаттықтырып отырмаса, тот басқандай мұқала береді.

Баланың ақыл-ойын да­мытудағы тағы бір керемет тәсіл балаға мысал есептер айтып, шығартып отыру. Әлі оқып, жаза білмейтін бүлдіршіндер ойын түріндегі ауызша есептерді шығаруға қабілетті. Осы тектес мысал есептер барлық халықтардың фольклорында кездеседі. Қазақ фольклорында мұндай есептер жеткілікті. Яғни бала жады қаншалықты белсенді қолданылып, жаттығып отырса, соншалықты қызметі жақсарып, өткірлене түседі.

Баланың жаттау қабілетін ол сондай қайталаулардан ләззат алатын кезде үздіксіз жаттықтыра беру керек. 

Қайталау – қандай жағдайда болмасын қажет, пайдасы зор әрекет. Кейде бір көрсеткеннен қағып алмаған баланы «қабілетсіз» деп кіналап жатамыз, ол дұрыс емес, ең  жақсы бала – үздіксіз қайталауға күш-жігері жеткен бала. Ондай бүлдіршін қандай қиын, күрделі тапсырманы табыспен жеңіп шығады. Қайталау мен төзімділік егіз құбылыс. Ол екеуінің жеңбейтін қиыншылығы жоқ.   

Үшінші қағида. Сәбидің көру, елестету қабілеті мен ересектердің танымы үнемі сәйкес келе бермейді. Сондықтан балаға өз пайымыңды тықпалаудың қажеті жоқ, оған өзінше әрекет етуге ерік беру керек.

Бала мен үлкеннің ара­сындағы таным мен әсер айыр­машылықтары суретті кітапшалар мен ертегілерді бірлесіп оқыған кезде анық байқалады. Италияндық ұлы педагог, ерте жастан білім берудің негізін қалаған Мария Монтессори өзінің тәжірибесінен мынадай мысал келтіреді. «Анасы өзінің бір жарым жастағы баласына түрлі аңдар мен аңшылықты бейнелейтін суретті тамашалауға береді. Бала суретті Монтессориге көрсетіп, өзінің бал-бұл тілімен «мәшине, мәшине» деп қайталайтын көрінеді. Анасы болса, суреттен мәшинеге ұқсас ештеңе таппаған соң, «бұл жерде мәшине жоқ қой?» депті сұраулы жүзбен. Бала болса, кішкентай саусағымен суретті басып, «міне, мәшине» деп қоймапты. Сонда ғана суретке әйел мұқият көз жібереді. Шынында да, суретке барлап қараса, иттің, аңшының, аттың бейнелері айқын көрінеді екен, ал олардың арғы жағында көмескілеу болса да жолға ұқсас жолақ байқалады, оның үстінде мәшине тектес ноқат бұлдырайды. Бала дәл сол ноқатты басып, «мәшине» деп тұр екен. Әрине, бұл бала көзімен қарағанда алыстан қарауытқан кішкентай «мәшине» болатын».

Мадам Монтессори осындай тағы бір мысал келтіреді. Бір жарым жастағы баласына шешесі «Самбо» деп аталатын түрлі-түсті суретті кітапшаны беріп, ертегінің мазмұнын баяндап айтып шығады. Ертегі мазмұны мынадай: «Самбо» деген кішкентай негрдің баласы өзінің туған күніне сыйлаған сыйлықты алып, үйіне келе жатады. Жолда оған жабайы аңдар жолығып, сыйлығын тартып алып кетеді. Жылап келген оны үйінде әке-шешесі жұбатып, көңілін көтереді. Бақыттан бал-бұл жанған Самбо дәл мына суретте тұрғандай үлкен бәліш қойылған түстік столға рахаттана жайғасады», – деп анасы кітаптың бетін жауып, әңгімесін аяқтайды. Суретке қарап отырған кішкентай бала кенеттен анасына қарап: «Жоқ, ол жылап отыр», – деп, кітаптың тысының екінші жағындағы жылап отырған Самбоның суретін көрсетеді.

Мұндай мысалдарды өмірден көптеп кездестіруге болады. Бірде әжесі екеуміз 2 жастағы немере­мізбен бақта серуендеп келе жатқан сәтте алаңда тұрған балалардың ескерткішін көріп Алуа атты немереміз: «Олардың мамалары қайда?» деп сұрағаны бар. Сол сияқты мультфильм көріп отырған сәби бас кейіпкер қайғылы оқиғаға тап болса, жылап жіберетін сәттері немесе оған көмектесіп белгі беріп жататын сәттері де жиі болады. Кейде өздері тыңдаған ертегілердің сюжетін өзгертіп, басқаша баяндап кететін сәттері де аз емес. Тіпті жаттаған тақпағына да жанынан өзінше сөз қосып дамытып айтып кететін кездері аз емес. Бұл орайда, балаларды түзетіп, олай емес еді ғой деп «үлкендік» танытудың қажеті шамалы. Бұл бала қиялының ұшқыны, оның алғаш жасаған өзінше шығармашылық талпынысы. Қайта, керісінше, оған қолдау көрсетіп, жағдайды дамытып алып кетуіне қолпаш көрсеткен дұрыс болады.

Былайша айтқанда, кішкентай баланың қабылдауы тосын және ересектердің танымынан мүлде басқаша болып шығуы мүмкін, сон­дықтан балалармен қарым-қатынас жасағанда ұшқары пікір­лерден аулақ болуға және дүниені балалар қалай көріп, қабылдаса, өзімізді соған лайық­тауға тырысуымыз керек. Бұл, біріншіден, нәрестенің көрген-білгенін баяндауға деген тұңғыш талпынысын қанаттандырады, екіншіден өз әсерін еркін айтуға, оны шығармашылықпен дамытуға жолбасшы болады, үшіншіден, ата-анасынан қолдау көрсе өзінің қарым-қабілетіне деген сенімділік пайда болады.

Үшінші қағида. Сәбидің көру, елестету қабілеті мен ересектердің танымы үнемі сәйкес келе бермейді. Сондықтан балаға өз пайымыңды тықпалаудың қажеті жоқ, оған өзінше әрекет етуге ерік беру керек.

Бала мен үлкеннің арасындағы таным мен әсер айырмашылықтары  суретті кітапшалар мен ертегілерді бірлесіп оқыған кезде анық байқалады. Итальяндық ұлы педагог, ерте жастан білім берудің негізін қалаған Мария Монтессори   өзінің тәжірибесінен мынадай мысал келтіреді. «Анасы өзінің бір жарым жастағы баласына түрлі аңдар мен аңшылықты бейнелейтін суретті тамашалауға береді. Бала суретті Монтессориге көрсетіп, өзінің бал-бұл тілімен «мәшине, мәшине» деп қайталайтын көрінеді. Анасы болса, суреттен мәшинеге ұқсас ештеңе таппаған соң, «Бұл жерде мәшине жоқ қой?» депті сұраулы жүзбен. Бала болса, кішкентай саусағымен суретті басып, «Міне, мәшине» деп қоймапты. Сонда ғана суретке әйел мұқият көз жібереді. Шынында да, суретке барлап қараса, иттің, аңшының, аттың бейнелері айқын көрінеді екен, ал олардың арғы жағында көмескілеу болса да жолға ұқсас жолақ байқалады, оның үстінде мәшине тектес ноқат бұлдырайды. Бала дәл сол ноқатты басып, «мәшине» деп тұр екен. Әрине, бұл бала көзімен қарағанда алыстан қарауытқан кішкентай «мәшине» болатын».

Мадам Монтессори осындай тағы бір мысал келтіреді. Бір жарым жастағы баласына шешесі «Самбо» деп аталатын түрлі-түсті суретті кітапшаны беріп, ертегінің мазмұнын баяндап айтып шығады. Ертегі мазмұны мынадай: «Самбо» деген кішкентай негрдің баласы өзінің туған күніне сыйлаған сыйлықты алып, үйіне келе жатады. Жолда оған жабайы аңдар жолығып, сыйлығын тартып алып кетеді. Жылап келген оны үйінде әке-шешесі жұбатып, көңілін көтереді. Бақыттан бал-бұл жанған Самбо дәл мына суретте тұрғандай үлкен бәліш қойылған түстік үстелге рахаттана жайғасады», – деп анасы кітаптың бетін жауып, әңгімесін аяқтайды. Суретке қарап отырған кішкентай бала кенеттен анасына қарап: «Жоқ, ол жылап отыр», – деп, кітаптың тысының  екінші жағындағы  жылап отырған Самбоның суретін көрсетеді.

Мұндай мысалдарды өмірден көптеп кездестіруге болады. Бірде әжесі екеуміз 2 жастағы немеремізбен бақта серуендеп келе жатқан сәтте алаңда тұрған балалардың ескерткішін көріп Алуа атты немереміздің «Олардың мамалары қайда?» деп сұрағаны бар. Сол сияқты мультфильм көріп отырған сәби бас кейіпкер қайғылы оқиғаға тап болса, жылап жіберетін сәттері немесе оған көмектесіп белгі беріп жататын сәттері де жиі болады. Кейде өздері тыңдаған ертегілердің сюжетін өзгертіп, басқаша баяндап кететін сәттері де аз емес. Тіпті жаттаған тақпағына да жанынан өзінше сөз қосып дамытып айтып кететін кездері аз емес. Бұл орайда, бала­ларды түзетіп, «олай емес еді ғой» деп «үл­кендік» танытудың қажеті шамалы. Бұл бала қиялының ұшқыны, оның алғаш жасаған өзінше шығармашылық тал­пынысы. Қайта, керісінше, оған қол­дау көрсетіп, жағдайды дамытып алып кетуіне қолпаш көрсеткен дұрыс болады.

Былайша айтқанда, кішкентай баланың қабылдауы тосын және ересектердің танымынан мүлде басқаша болып шығуы мүмкін, сондықтан балалармен қарым-қатынас жасағанда ұшқары пікірлерден аулақ болуға және дүниені балалар қалай көріп, қабылдаса,  өзімізді соған лайықтауға тырысуымыз керек. Бұл, біріншіден, нәрестенің көрген-білгенін баяндауға деген тұңғыш талпынысын қанаттандырады, екіншіден, өз әсерін еркін айтуға, оны шығармашылықпен дамытуға жолбасшы болады, үшіншіден, ата-анасынан қолдау көрсе өзінің қарым-қабілетіне деген сенімділік пайда болады. 

Төртінші қағида. Баланың көшбасшылық қабілеті де балауса кезінен қалыптасады. Оның алғашқы қадамы өз қатарластарының ортасында топ бастап өнер көрсетуінен, ойын кезінде ұйымдастырушы болуынан басталады.

Әдетте, адамдарды басқару, оларға көшбасшы болу ересектерге тән қасиет деп саналады, сондықтан бұл дағдыны қалыптастыруға бері айтқанда мектеп жасына келгенде көңіл бөліне бастайды. Ал, шын мәнінде, көшбасшылыққа тәрбиелеу көпшілік ойлағандай емес, әлдеқайда ерте жастан бастау алады. Байқасаңыздар топтағы бүлдіршін балалардың да арасынан көшбасшылық рөлге ұмтылушылар әркез табылады.

Көшбасшылыққа ұмтылатын бүлдір­шін маңайын қаншама бала қоршап тұрса да, әрқашанда өз ойы мен іс-әрекетін жіті назарында ұстайды. Ойын кезінде болсын, сабақта болсын ол үнемі тыңнан бірдеңе табуға және сол идеясын жедел жүзеге асыруға тырысады. Мәселе солардың тұмса қабілеттерін қолдап, ерте оятып, қанаттандыра білуде. Сәби алғашқы қимыл-қозғалыстарын жасап, әрекет ете бастағаннан бастап барлық шаруаны өзі жасауға ұмтылады. Тіпті сіз көмектесуге тырыссаңыз да, қолыңызды қағып жасатпауы, ал егер өзінің шамасы келмей жатса, қолыңыздан тартып сізді көмекке шақыруы да мүмкін. Міне, сәбидің сізді «басқаруға» талпынған тұңғыш талпынысы осылай басталады. Яғни алдымен бала барлық әрекетті өзі жасауға ұмтылады.

Бірде мынадай жағдай болған. ­Отбасымызбен Ұлттық музейді тамашалап жүргенбіз. Үстіңгі қабаттағы баспалдақтан түсер кезде екі жастағы Шұғыла атты немеремнің өз бетімен ақырындап түсуін күтіп тұруға тағатым жетпей көтеріп түсіргенмін. Бірақ оған Шұғыла бұлқына қарсы болды. Төменге түскен соң қызым өз ойындағысын істеп, жоғарыға қайта көтеріліп, мен көтерген жерден бастап өз аяғымен қайта түскені бар. Міне, сәбидің өз ырқына өзін де, өзгені де көндіруі. Көшбасшылықтың алғашқы ұшқындары осылай көрінеді. Бұдан әрі сәби өз еркін билеп, болмаса өзгені іске қосуға деген қабілетін дамыта түседі.

Бұл қасиет, әсіресе музыкалық аспаптарға немесе ұжымдық спорт ойындарына қатысып жүрген балаларда тез дамитын көрінеді. Олардың ішіндегі өз аспаптарында шебер ойнайтын ­немесе спорттық ойындарында жақсы өнер көрсететіндері жарқылдаған өжет, жігерлі мінездерімен бірден көзге түседі. Бұл жеткіншектер уақыты келгенде сондай адамдарды қажетсініп отырған қоғамның көшбасшыларына айналатыны сөзсіз. Сәбидің көшбасшылық қабілетін дамытуда ұжымдық ойындардың, әсіресе драмалық, рөлді ойындардың, спорттың әсері өте күшті болады екен.

Оған дәлел ретінде қазіргі кезде көзге түсіп жүрген қоғам қайраткерлерінің өміріне назар аударып көріңіздерші, олардың көпшілігі бала кезінен қатарластары арасында ойындарды ұйымдастырып, әртүрлі шараларға басшылық жасау қабілеттерімен көзге түскендер. Олардың тұмса қабілеттерінің ашылуына ата-аналары сәби кездерінде мүмкіндік бере білген.

Жастайынан музыкаға әуестенген, әртүрлі аспаптарда ойнауға үйреніп жүрген балалардың да көшбасшылыққа ұмтылысы белсенді дамитын көрінеді.

Ол жөнінде Масару Ибука мынадай бір мысал келтіреді: «Біз Ерте дамыту Ассоциациясында алғаш жиналғанда ата-аналары ешқандай айырмашылықты байқамаған бөбектермен эксперимент өткіздік. Біраз уақыт өткен соң, сол топтан ерікті түрде біраз балаларды бөліп алып, оларға Моцарттың шағын «Түнгі серенадасын» тыңдаттық. Төрт айдан соң, бұл балалар басқа балалардан ерекшеленіп шықты: олар өте жігерлі, көздері жанып тұратын болды». Демек, музыка, соның ішінде жеке ән салу мен аспаптарда ойнау балалардың тұмса табиғатын ашуға үлкен қозғаушы күш болады. Жекелеген дағдыларды үйреніп жүрген балалар, олар мұндайда іштей, бәсекелестікке, жарысқа түсетіні белгілі. Ол балалардың жігерін одан сайын жани түседі.

Бесінші қағида. Білуге, көруге, әр нәрсені өзі жасауға деген жа­сам­паздық қасиеттер адам баласымен бірге туады. Тәрбиенің мақсаты сол табиғи талантты көркейтіп дамыта білу.

Таным – бала өміріндегі ең қызықты, маңызды, ойын түрінің бірі. Ол дүниені осы керемет ойын арқылы таниды. Әрбір таным әрекеті арқылы жаңалық аша отырып, ол одан теңдессіз рухани ләззат алады. Демек, ол – бала үшін жұмыс емес, құштарлығын арттырып, алға сүйреп отыратын құмар ойын. Тану, білу – сәбиді ешқашан жалықтырмайды, ауыр еңбек сияқты қиналысқа да салмайды, қайта әрбір табысқа жеткен сайын бүлдіршінге қуаныштар мен артықшылықтар сыйлайды. Бұл – тек қана ұтысқа шығарып отыратын, өмірлік маңызы да жоғары ерекше ойын. Сондықтан ата-ана бүлдіршіннің таным қабілетін дамытуға барынша қолайлы жағдай туғызуы қажет. Танымдық ойынға кірісерде баланың көңіл күйі көтеріңкі болуы, ауыру-сырқаудан аман-есен болуы шарт. Егер баланың көңілі алаң, шаршаңқы, қарны аш болса,  танымдық ойындарға зауқы соқпайды. Сондықтан да сәбиді үнемі сергек күйде ұстап, ойынға барынша қызығушылықпен кірісуіне ықпал ету керек. Ол үшін ата-ананың да бала әрекетіне деген ықыласы жоғары болуы маңызды.

Үш жасқа дейінгі бала өзін қы­зықтырған дүниені ешқандай қиын­дықсыз меңгеріп, жаттап алады. Мәселен, сіз балаларыңызға мазмұнын әлі толық түсіне қоймаса да суретті кітапшалардан ертегі мен әңгімелер оқып бердіңіз дейік. Егер оны ерінбей бірнеше қайтара оқысаңыз, балаңыз сөзбе-сөз жаттап алады. Енді сіз оқып отырып жаңылысып кетсеңіз, ол қатеңізді бірден түзетіп отырады.  Тіпті өзіне түсініксіз сөздердің өзін сіз айтқандай етіп жатқа айтып береді. Бүлдіршіннің жадының алғырлығы сондай сіз баяндаған оқиғалар мен сөйлемдерді аса зор дәлдікпен есіне тұтады, ондайға кейде ересек адамдардың да шамасы келе бермейді. Оның себебі, бүлдіршіндер ересектер сияқты әр нәрсені талдап, мазмұнын түсініп барып жадына тоқымайды, олар нені болмасын бейнелі (ассоциативті) түрде елестетіп жадына сақтайды. Ол әлі әріп танымаса да, естіген оқиғасын кітаптағы суреттермен салыстырып, өзі танымайтын әріптерге мұқият көз жүгірте отырып, санасына сіңген бейнелер арқылы кітапты сізге айнытпай «оқып» бере алады. Оның дәл осындай зейінділігі баланың тануға, білуге деген құштарлығының айшықты көрінісі. Демек, білуге, құпияны ашуға деген құштарлық сәбидің туа біткен қасиеті. Сіздің міндетіңіз сол құштарлыққа қозғау салу. Ол үшін баланы барынша ынталандырып отыру керек. Уыз тәрбиенің ең басты ұстанымы – балаға нені үйретсеңіз де оның қызығушылығын ояту. Ықылассыз, ынтасыз кіріскен істен нәтиже шықпайды. «Көңілсіз құлақ – ойға олақ» (Абай)

Екі мен үш жас аралығындағы ­балаларды қолынан жетектеп күн ­сайын музыка сабағына немесе пәндік, спорттық үйірмеге алып бару – ­былайша қарағанда,  олардың еркіне қарсы әрекет. Олар жан-жағына балалық құштарлықпен қарап, аулада, асыр салып ойнауға құмар, ал сарылып сабақ оқуға құлықсыз.  Егер ата-аналары баласын мәжбүрлеп оқытуға тырысса, мұндай талпыныстардың барлығының соңы  көз жасымен, байбалам салумен аяқталады. Бас еркіндігінен айырылған балалар, тұтқынға түскендей көңілсіз болады. Олардың мұндай қуатты бұлқынысын күштеуге көнбейтін өзіндік санасы мен сезімінің  оянып, жеке «менінің» пайда болуымен түсіндіруге болады. Сондықтан да алғашқыда тәжірибелі тәрбиешілер балаларға қалағандарының барлы­ғын жасауға ерік береді. Мәселен, му­зыкалық мектеп шәкірттерін партаға отырғызып, музыкалық аспапқа да бірден жақындатпайды. Тек сазды әуенді тыңдатумен болады. Көп ұзамай кішкентай сәби сабасына түсіп, тынышталады да, музыканың әуеніне ден қояды, одан соң басқалардың  аспапта қалай ойнап жатқанын ықыласпен бақылай бастайды. Мұндай тәсілді байырғы қазақ күйшілері балаларға домбыра үйретуде көп қолданған. Екі-үш айдың ішінде сәби құлағының құрышын қандырған әуендерді  жадына берік тұтып алады, енді оларды өзі ойнап көргісі келеді. Тәрбиеші баланың тағатының шарықтау шегіне жетуін асықпай күтеді, сонда ғана оның қолына домбыраны (аспапты) береді. Әр баланың дайындық кезеңі әрқилы болады. Ең ұзағы – алты айға созылуы мүмкін екен.

Бұл әдістің басты мақсаты – баланың қызығушылығын ояту, бұл – құлшыныстың қайнар көзі. Педа­гогтердің пайымынша, мәжбүрлеу – тәрбие мен оқытудың ең нашар тәсілі.  Егер баланың музыкаға деген қызығушылығы оянса, ол аз уақыттың ішінде үлкен жетістіктерге жетеді, тіпті кейде мұғалімнің межелегенінен де асып кетеді. Озат педагогикалық әдістеме дегеніміз – баланың кез келген дүниеге деген қызығушы­лығын оята білу. Сондықтан да ата-аналардың басты міндеті, егер  баласын бір нәрсеге үйреткісі келсе – олардың қызығушылығын ояту.  Мысал үшін баланы бірден әріп тануға емес, алдымен оның кітапқа деген қызығушылығын тудыру, бас салып санауға үйрете бастаудың орнына, оның есепке деген қызығушылығын ояту керек. Оның қолын шап беріп ұстап жазуға үйретудің орнына, жазу процесіне деген қызығушылығын  туғызу керек. Былайша айтқанда, ата-аналардың міндеті – баланы әрбір пәнге қызықтыра дайындау.

Бала жүрегінде мұндай қызы­ғушылықты туғызу үшін, алдымен, оған қажетті жағдайларды жасау керек. Мәселен, баланың сурет салуға деген қызығушылығын туғызу үшін, оның маңайында түрлі-түсті қарындаштар мен қағаз жеткілікті болуы тиіс. Егер мұндай қажетті жағдай жасалмаса, баланың әлденеге қызығушылығы туындайды деп емексудің қажеті жоқ. Музыка мен суретке енжар қарайтын көптеген ересектер өздерінің бұл мінезінің себебін ерте жаста жасалған мәжбүрлеу немесе қажетті жағдайдың жасалмауынан деп түсіндіреді.

Кенжехан МАТЫЖАНОВ

(Жалғасы бар)

2120 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы