• Тұлға
  • 04 Қараша, 2021

СЫРБАЗ

«Мен редакцияда партия тұрмысы бөлімінен жауапты хатшылыққа ауысқан кезім. Бөлімге Сауытбек барған. Олардың материалын мен қараймын. Сауытбектің партия тақырыбына бас мақала жазуы керек еді. Әдетте ол типографияға кем дегенде бір күн бұрын жіберілуі тиіс. Жұмыс аяғына дейін мақала жоқ, Сауытбек те жоқ. Бір уақытта: «Ертең таңертең апарамын ғой...» – деп хабарласып тұр. Өзі қаланың сыртында көрінеді. Қатты ренжідім. Редакторымыз Балғабек Қыдырбекұлы бас мақала қайда деп қысып жатыр. Сірә, Сауытбекке сенгендік те болар: «Ширатыңқыра деп қайтарып бердім...» – деп өтірік айтуға тура келді. Сауытбегім таңертең келіп тұр, мақала әлі жазылмаған. Бұл енді шектен шыққан жай, тіпті ұрсуға сөз таппай, булығып қалдым. Сауытбегім: «Машинистканың біреуіне нұсқау беріп, менің кабинетіме жіберсеңіз, диктовка жасап, бір сағатта бітіріп беремін ғой», – дейді. Бас мақаланы диктовка жасау – жұрт естімеген жай. Оны тіпті бас мақала жазудың перісі Сарбас Ақтаев та жасамайды, жазып әкеледі. Ал Сауытбектікі мынау. Амал жоқ, оған машинистка бөлуге тура келді. Бір сағаттан аса уақыттан кейін бас мақала қолға тиді. Төгіліп тұр. Мақтауға сараң Балғабек ағамыз да риза болды. Тек: «Бас мақаланы нөмірге жазуға болмайды, ал мынаны жіберейік», – деп ескерту жасады.

Ол әлі журналистік шеберлікті толық меңгерді деуге жетпеген кезі. Сонда-ақ өзінің жоғары қабілетін аңғартқан, кейін оған көз үйренді ғой. Осыдан біраз бұрын Алматыда өткен үлкен бір форумға қатысып, содан бір бетке жуық есепті диктовка жасап, өзі тағы бір жиналысқа қатысатын болған соң, менен сол материалын оқып жіберуді өтінгені бар. Артық-кемі болса, мұртын басарсыз деген. Теруші қыздың бір-екі әріп қатесінен басқа жөндейтін еш нәрсе табылмады».

Мұны жазған адамы – біздің асыл ағамыз, «Егемен Қазақстанның» сыйлы ардагері Мамадияр Жақып. Айтып отырған адамы – осы күндерде жетпіс деген жотаға көтеріліп жатқан ұлт азаматы Сауытбек Абдрахманов. Әңгімелеп отырған кезеңі – партияның дүрілдеп тұрған шағы. Партиялық газеттің бас мақаласын бір сағаттан асыра бере ауызша айтып тастаудың қандайлық кәсібилікті қажет ететінін облыстық газетте талай жыл жұмыс істеген мына біз жақсы білеміз. Сөйтіп жүрген тұста біздің кейіпкеріміз орда бұзар отызына жаңа толған екен-ау.

Сауытбекті білгеніме жарты ғасырдан асты. Бірге оқығанбыз. Бірінші курстан-ақ арамызда дараланып тұратын. Университетке түспей жатып, «Жұлдызға» (1970, № 5) мақала жариялап жүрген жігітке, студент бола салып, Асқар Сүлейменовпен, Зейнолла Серікқалиевпен, Оралхан Бөкеевпен, Сағат Әшімбаевпен кәдімгідей аға-іні күйінде араласып-құраласып кеткен курстасымызға құрметпен қарайтынбыз. Сол Сауытбек сол қарқынынан қайтқан емес. Асықпайды да, аптықпайды да, алқынбайды да, сөйтіп жүріп-ақ бір асудан кейін бір асуды ала береді, ала береді.

Парасатты публицист, зерделі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің қадірлі депутаты, филология ғылымының докторы, Ұлттық Ғылым академиясының құрметті мүшесі, профессор Сауытбек Абдрахмановтың қанша-қанша жылдардан бері елге белгілі тұлғалардың алдыңғы қатарында ширақ адымдап келе жатқаны қандай ғанибет! Иә, жас күнімізден бері жанымыз жарасқан, жарты ғасыр бойы жүрек пен тілек табыстырған асыл достың осындай ғибратына, әлбетте, шын көңілден сүйінеміз. Сол себептен де айкөл азаматымыз өмірдария кемесінде жетпіс деген жемісті жастың желкенін керіп жатқан кезде үндемей қалуды жөн көрмедік. Өзіміз аңдаған кейбір адами қырларын, шығармашылық сыр-сипаттарын әліміз жеткенше айтып берейік деп ұйғардық. Ұзын саны жиырмадан асып жығылатын кітаптарының ешқайсысын қағас қалдырмай, ілтипатты қолтаңбамен көркем көмкеріп беріп тұрған, әр-әр кездерде ақжайлау жақсылығынан да кенде қылмаған, алты белеске асқан кезімізде «Алпысқа сен де келдің, Қорғашым-ай, Жас күннен бірге өскен жолдасым-ай!» деп бастап өлеңдетіп алты ауызын арнаған аға-досымыздан бір ауыз сөзімізді біз де аяп қалмаспыз. Өзінің «Егеменіне» мөлдіретіп мақала жазған Мархабат Байғұттың үлгісімен мен «аға-дос» деп сөйлейін енді.

Ана жылдары «Егемен Қазақстанда» мерейлі жасқа жеткен әріптестерге редакция қызметкерлерінің лебіздерінен құрастырылған жұқа жинақ сыйлайтын бір дәстүр бар еді. «Қара шаңырақ» аталатын сол басылымның Сауытбекке арнаған санына жазғанымызды: «Студенттік» деп аталар жас дәуреннен бергі досым Сауытбек «Мінез – адамның сауыты» дейтін Абай сөзін жақсы көретінін, жиі қайталайтынын әрі содан тағылым алатынын байқаймын. Менің білуімше, Сауытбектің өзінің де сауыты осы мінез деуге сиятындай. Оның мінез-құлқын бір ауыз сөзбен сипаттасам, тоқетерінде «Сырбаз» деп бір-ақ қайырған жөн сияқты. Өйткені біздің ат үстіндегі, абыройлы азаматымызға жайдақтық жат, жілігі татымас жылтыраққа қолп ете қалар асығыстан аулақ, көлгірлік пен мүләйімнен азат. Болмайтын іске босқа емексітпейтін ебедейсіздігі тағы бар. Қалайда, қашанда табиғи қалыбынан таймайды. Аудитория жылымынан жасқанбас, академиктердің мысынан ықпас, биік беделдерден бұқпас ойлы шешендігіне де сан мәрте куә болып жүрміз. Біздің жігітіміз біз білген 50 жылда жан дүниесін кіршік шалдырмай таза сақтаумен келеді. Сыры терең, ой-мұраты асқақ. Өнерге құмар, өлеңге ғашық. Кейде мен таңырқаймын: қызметі мен лауазымына орай мың сан көңіл күйін бастан кешіретін, нешеме сезімдердің арбауына түсетін адамның әрқашан жаймашуақ сабыр сабатынан табылуының не сиқыры бар? «Ойында бүкіл дүние сәулелері, Көз нұрын алдай алмас құбылыстар», – деген Қасым ақын шумақтары ақынжанды Сауытбекке құйып қойғандай жарасады десем, әй, қателеспеспін» деп бастаған екенмін.

Жақсы көретін тағы бір ағамның сөзін куәлікке тартайыншы. «Егемен Қазақстанның» 90 жылдығына арналып, опера және балет театрында өткен кешті еске алғанда журналистикадағы тұлпар таланттардың бірі, асқан аудармашы, Сауытбектің әрі ағасы, әрі ұстазы ­Сарбас Ақтаев былай дейді: «Қанша жерден қолда өскен құлынның тай аты қалмайды дегенмен де, ақылы асқанды аға тұтпай қоймайды екенсің. Сол торқалы тойда мен Сауытбекті жаңа қырынан танып, соны биіктен көргендей болдым. Әдетте әр сөзін саралап, байыппен баяу сөйлейтін оның шын мәнінде суырылған шешен екеніне көзім жетті. Қазақта ­шашасына шаң жұқтырмайтын небір дүлдүл ділмәрлар болған ғой. Солардың іздеп жүріп сарқытын ішпесе де, ізденіп үйрену арқылы сорабына түскен оның шалдырмас шешен екендігіне қайран қалдым. Ағалықтан бабалыққа қадам басқан бас газеттің тоқсан жылғы жасампаз тарихы туралы баяндаманы бір жапырақ қағазсыз жасауы кімді болсын таң-тамаша еткені даусыз. Сөзінде де, ойында да не бір іркіліс, не бір қайталау деген атымен кездескен жоқ. Сондықтан болар, театрды аузы-мұрнынан шығарған жұрт сүттей ұйып, бір сағат бойы сілтідей тынып тыңдады оны. Білімдарлық де мейлі, ділмарлық де мейлі – қайсысы болсын, оған жарасып-ақ тұр. Талмай ізденудің, тынбай үйренудің ұдайы оқып, ой-өрісін байытудың игі жемісі осындай-ақ болар». Солай ғой.

Осындай, мұздай құрсанған мінезді, тыңғылықты, әр іске әлекедей жаланған, ұқыпты, ішкі мәдениетінің мәйегі мол, әр пайымынан парасат сәулесі себездеген, патша көңілді Сауытбек қайдан шықты, қалай қалыптасты? Міне, гәп осында. Әрине, тектен дарыған тамырлы қасиеттерді ешкім жоққа шығармайды, ол өз алдына бір бөлек әңгіме. Ал біз бұл арада ­Сауытбек үшін үлкен тәлім мен тағылым мектебі кітап, кино, театр, жалпы әдебиет, өнер мен мәдениет және жас кезінен бастап жанасқан жақсы ағалардың ортасы болғандығына баса мән береміз. Кітапқұмарлығы студенттік жылдарда-ақ аңызға айналып, әдебиетке, өнерге әбден беріліп кеткеніне байланысты әзіл әңгімелер де соңынан ере жүретін-ді. Бір жолы Әуезовтің музей-үйіндегі халық университетіне барады. Оңтүстіктен Төлеген Момбеков келіп, «Шертпе күйдің шеберлері» деген кеш өтеді. Сол кеш декан Темірбек Қожакеевтің дәрісіне дәлме-дәл келеді. «Темірдек» атанып кеткен деканның дәрісін тәрк етіп, күй тыңдауға барған Сауытбек ертеңінде ағайының алдына кіріп, ғафу өтінбек ниетпен: «Кеше халық университетінде «Шертпе күйдің шеберлері» деген кеш болып еді, соған барып...» дей бергенінде Темкең қашандағысындай шалт айтқыштығымен: «Сөзін қарашы... «Халық университеті»... Сонда сеніңше мынау не, жаудың университеті ме?!» дейді... «Әскери іс» деген сабақ болды. Болашақ лейтенанттармыз. Зенит-пулемет қондырғысы (ЗПУ) бойынша сабақ өтіп жатқан. Кенет оқытушының даусы оқыс шықты: «Что это такое?! Бросьте книгу!»... Бәріміз жалт қарадық. Сөйтсек, арт жақтағы қатардың біріне жайғасып алған ­Сауытбек қалың кітапты алдына жайып тастап, бас алмай оқып отыр екен... Дәл әскери кафедра үшін тіпті ­тосын жағдай. Оқытушы студенттің жанына барды. Сауытбектің қолынан кітапты алды. Алды да, мұқабасына қарап, басын шайқады да: «Молодой человек, ну что ж, за такую книгу простить можно» деді. Кітапты қайтарып, сабағын жалғастыра берді. Тегі, студенттің сондай кітап оқитынына таңданса, тіпті іштей риза болса керек.

Иә, негізінде, Сауытбек үлгілі студенттердің қатарынан табыла қоймайтын. Көңілі қаламаған сабақтарға қарамай, кітапханасына ма, кітап дүкендеріне ме, кинотеатрға ма кетіп қала беретін. Өзі соны кейін бір сұхбатында былай деп түсіндіреді: «Бірінші курстың бірінші семестрінде Сағат Әшімбаев маған тамаша ақыл айтты. Ой ретінде керемет сөз емес шығар, бірақ маған пайдасы көп болды. «Білім үшін оқитын пәндер болады, стипендия үшін оқитын пәндер болады. Осыны ұмытпа» деп еді. Соны ұмытпадым. Бірінші курстан басталып, үшінші курста зорға бітетін «КПСС тарихы» деген ұзын сонар пән бар. Оқулығы қалың-қалың үш том. Әрқайсысы бір-бір жылдан жүретін «Орыс журналистикасының тарихы», «Батыс журналистикасының тарихы» деген пәндер де болды. Әрине, оларды да білу керек, бірақ соншама ұзақ оқытатындай қажеттілік жоқ. Сәкеңнің ақылымен сондай біраз пәндерді «­зачет» алатындай, емтихан тапсыратындай, емтихан тапсырғанда да стипендиядан қағылмайтын баға алатындай етіп ғана оқығаным рас. Досым Заманбек Әбдешевтің старосталығының арқасында талай сабаққа қатыспағаным да рас. Содан көп ұтылмаған сияқтымын». Ұтылған жоқ. Жай ғана оқып қоймайды, ой қорытады, оқығандары жайлы сын-рецензиялары газеттерге үзбей шығып жатады. Жаңа кино, спектакльдерді де құр жібермейді, пікір қосқан кезекті мақаласын және жариялайды. Болашақ үлкен кинотанушы, театртанушы, мәдениеттанушы алғашқы қадамдардағы осындай құштар қызығушылықпен, іздемпаз тынымсыздықпен қалыптасты.

Жақсы ағалардың ортасы дегенімізге бөлек тоқталайық. Ол кезде «болатын баланы», талапты жастарды айналып кетейін алтын ағалар сырттан жазбай танып байқап, қамқорласады екен-ау. Біздің жас талабымыздың кеудесіндегі қоздаған шоқты үрлеп, үмітін алғаш алаулата жандырған көреген де анау-мынау емес, кәдімгі аңыздай абыз Асқар Сүлейменов. Асекеңнің ақ баталы алқауымен, мөлдірете мақтауымен біздің курстас ойламаған жерден білдей бір мемлекеттік мекеменің дыңдай қызметкері болып шыға келген. Есімде. Қуанғанбыз. Құттықтағанбыз. Осы бір тәлейлі жағдайды өткен жылы еліміздің ең мәртебелі сыйлығын енші­леген «Абыз Әбіш» кітабының әлқисса­сында Сауытбектің өзі былай бедерлепті: «Университеттің бесінші курсында, 1974 жылдың күзінде Мемлекеттік кино коми­тетіне жұмысқа орналасқаным – өмірдегі баға жетпес олжам. Комитет төрағасы ­Камал Смайылов, комитеттің бас редакторы Қалтай Мұхамеджанов, киностудияның бас редакторы Әбіш Кекілбаев...»

Қарай қалыңыз. Құдайдың бергені осы емес пе! Өсемін, өрлеймін, өркендеймін деген, мақсатқа жетемін деген риясыз ұмтылыс-тілек үшін осыдан артық қандай ғибратты орта керек?! Қазақтың кіл жақсылары, жақсылық жолынан жаңылдырмас темірқазық жұлдыздары, ұқсап бағатын үлгілер еді ғой бұл асыл ағалар. Ақжайлау ағалар ортасы Сауытбекке де үлкен өмір мектебі, азамат ретінде, білікті қызметкер ретінде шыңдалып, сыналып қалыптасу мектебі болды, әсіресе Әбіш ағасынан көп үйренді, үлгісіне ұмтылып бақты. Қайткенде де ес білгеннен бері Әбіш абызды қаламгер ретінде де, адами тұрғыда да алдындағы жарық жұлдыздай үлгі тұтқан Сауытбек Абдрахмановтың ең жоғары әдеби-шығармашылық абыройға да Кекілбаев туралы толымды толғаныстар кітабымен жетуі сірә да кездейсоқ емес-ау. Иә, кезінде «Комсомольская правдада» жүріп Лениндік сыйлық алған атақты Василий Песков сияқты, елімізде журналистер арасынан Мемлекеттік сыйлықтың тұңғыш лауреаты болғанын меңзеймін. Сауытбек үлгісі журналистер қауымы үшін бөлекше қадірлі.

Жайсаң ағалар жақсы көрген, солардың өнегесін көрген Сауыт досқа қалай қызықпассың. Таптырмайтын қызметкер таптым деп Ақселеу ағасы қуанады екен. Журналистиканың қара нары Бекболат Әдетов ізетті інісін өмір бойы Сауытжан деп өтті. Ал осы Сауытжанның әйгілі актер Сәбит Оразбаев, мәшһүр қайраткер ­Мырзатай Жолдасбеков, фольклортанушы академик Сейіт Қасқабасов сынды ағалармен өмірбойғы сыйластығының өзі сырлы саздай баурап алары бар. Күні кеше оқулығын оқып өскен жүз мыңдаған жұртты мұңға батырып, тоқсанның бесеуінде арамыздан аттанып кете барған академик Серік Қирабаевтың «Егемен» бүгін шын мағынасында ел газетіне айналды» деген аталы сөзі басылым таралымының бес еседен астам өсуін қамтамасыз етіп, 200 мыңның мол үстіне шығарған Сауытбек басшылығының тұсында айтылған еді. 2007 жылғы Мәжіліс сайлауында Парламент депутаттарының қатарына қосылып тұрған жерінен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Сауытбек маған газетте керегірек» деп, тізімнен өзі алып қалып, қандай да қандай марапат, орденіңізден де артық баға бергенде де, оны партия басшыларының бірі редакция ұжымына келіп айтқанда да, ол әсте асып-таспады. Сырбаз сабырынан жазбай, елдік мүддеге сол баяғы тиянақты тындырымдылығымен қызмет ете берді. Парламентке түбі бір баратынына сол кезде-ақ сенген бе, немене? Солай болса да Сауытбекке таңданбаймыз.

Үлкен ағалар оның мансап қумай, мақсат қуатынын да баяғыдан аңғарып, байқаған-ды. Тағы да кемеңгер Кекілбаевқа жүгінсек, «Талантты қаламгер, білікті ғалым, қайраткер азаматымыз Сауытбекке қандай сенім артып, қанша үміт күтсек те көптік етпейді» дегеніне сайма-сай, оған мансап та, марапат та өзі келді. Ақпарат министрі де болды, Парламентіміздің бел ортасынан ойып тұрып орын алды. Сөйтсе де біздің Сауытбегіміз сол баяғы сыпайы, сырбаз, сабырлы қалпында. Адамшылығы мен шығармашылығы – қос қанаты...

 Жалпы «СҚ»-да істеген ағалардың да, кейінгі жігіттердің ішінен де шікірәмсіп сықиып қалғандарын білмейді екенмін. Сырбаз Сауытбектің күлімсірей мырс етер айтқыштығы да қызық.

Ақселеу ағасымен де әзіл жарастырып жүріпті. Астананың әлі Ақмола кезі екен. Қарағанды театры гастрольге келеді. Алғашқы спектакльден кейін Қаллеки театрының бас режиссері Жақып Омаровтың кабинетінде дастарқан ­жайылады. Біраз адам ­жиналып, Ақаңа бас тартылады. Ақаң ­болса бастан бас тартып, «Менің төрде отырғаным да жетеді, осы басты Сауытбекке бұрамын» деп жібереді. «Сіз тұрғанда біз қалай бас ұстаймыз?» деген інілік уәжге де көнбей, «Сен осы елге қонақсың» деп бастырмалатады. Сауытбек бұл сөзді азырақ көңіліне алып қалады. Астана елдің бәріне ортақ емес пе? Енді ағасын сөзбен шаншуды ойластыра бастайды. Тілек кезегі келгенде әуелі театрды, спектакльді айтып, Ақаңа қарай ойысады. Біраз мақтап, «Ақаңнан үйренетін нәрсе көп. Үйренетін нәрсенің бірі – Ақаңның кішіктігі. Ақаң – қазақтың Ақселеуі. Бірақ Ақаң бойына біткен кішіктігіне салып, өзін тек Тарақтының Ақселеуі санайды» дейді... Сол жылдарда Ақаң жазғандарын, кітаптарын «Тарақты Ақселеу» деп шығарып жүрген ғой. Жұрт тынып қалады. Ағасы Сауытбекке жақын келіп, райлана күліп, «Қатырдың ғой ақыры» дейді. Қатырғанның көкесі сол, Ақаң келесі кітабына «Ақселеу Сейдімбек» деп қол қояды.

Қызметкерлерге тапсырма бергенде де «Тоқсан жылдықты Тоқсанбай жазсын!» дегендей әдемі әзіл араластырмай тұрмайды. Бұл – «Егеменнің» жүйрік журналисі Қарашаш Тоқсанбайдың айта жүрер әйбәт естелігі. Тіпті ренішін де әзілмен әдіптей салатыны бар. Астанада (Нұр-Сұлтан) жүргенімде туған күнімде «Егеменнің» жігіттеріне дастарқан жаймақшы болдым. Редакциядағы құттықтаудан кейін бірнешеуін үйге алып бара жатырмын. Жол үстінде Сауытбек досым қайта-қайта телефондайды. Жігіттерге қоса салғаным ыңғайсыз болар дедім бе, бірден жауап бере қоймадым. Сөйткенше ватцабыма былай деп сүйкектете салыпты:

Атап өтіп өмірде басты күнді,

Еске салып жалынды жастығыңды,

Құттықтап қайтпақ едім, амал қанша,

Шақырмадың бұрынғы бастығыңды.

 

Өмірдегі курстас мен емес пе ем,

Көңілдегі дұрыс дос сен емес пе ең?

Қорғашым, шығар тауың биік болсын!

Қайтейін, тілек жаздым эс-эм-эспен...

Бірінші әлде екінші курста жүргенде Тұманбай ағаның жыр жинағына: ­«Сауытбек, Алматыдан бір сұлу қыз ­тауып кет!» деп сый еткен автографындағы арманнан ақиқатқа айналған айдай Мәрия – Сауытбектің қай-қай дертені де абыройлы тартуына көмегін аямайтын өмірлік жан жары. Сауытбек министр лауазымында жүрген кезде Мәрия теледидардан соңғы жаңалықтарды, бірін де қалдырмай қарап отырады екен. Неге десеңіз, оның бәрін көруге министр күйеуінің уақыты бола бермейді, түрлі жиын, кездесулерде жүреді. Ал дүниеде болып жатқан жаңалықтарды, соның аса маңыздыларын біліп отыруы шарт. Міне, осындай жағдайларды өзі де қаламгер, журналист Мәрия ретіне келтіріп, азаматын жарау арғымақтай бабында ұстап келе жатқаны да бір ғанибет.

Досымның тағы бір жақсы қасиеті – жақсылығыңа қуана білетіндігі. Министр кезінде Әлібек Асқаров екеуі әлемдік әдебиеттің жауһары – Герман Мелвиллдің «Моби Дик немесе Ақ кит» романын қазақ тіліне қотаруды сеніп тапсырып, менің аудармашылық қырымды ашты. Газетке жақсы бір дүнием шыға қалса, дереу ­Сауытбектен хабарлама түсті дей беріңіз. Сол дүниемнің шынымен жақсы екенін автор – менің өзім сол кезде барып бір-ақ білемін. Қадағаңмен – Қадыр Мырза-Әлі ақынмен сұхбат-толғанысыма «Құбылысың» құтты болсын, Қорғаш!» деп қанаттандырды. Мұхтар Мағауин ағатайым туралы «Классик» деген эссе мақалама «Классикалық мақала жазыпсың! Осылай тарта бер!» деп тілектестігін білдірді. Соның алдында Шымкентте іссапарда жүрген ­Сауытбекке телефон шалып, мақаламның үлкендеу болып кеткенін ескертіп айтқам. Сонда «Қорғанбек, мақалаңның жақсы ­болып шыққанын дауысыңнан байқап тұрмын. Сен алаңдама. Қысқартпай беріңіздер деп Ерекеңе (Ержұман ­Смайыл, бірінші орынбасары) айтамын» деген. Иә, бір сөзін де қысқартпапты. Екі бетке бөліп, жайып салыпты. Адамның ішкі ойын оқып тұратын, мақалаңның жақсы екенін оқымай тұрып білетін психолог Сауытбектің мұншалықты қолдау-демеуін қалай ұмытарсың. Бірде түнгі бірде телефоныма шылдыр етіп хабарлама түсті. «Түн ортасында бұ кім әй?» деп қарап жіберсем – Сауытбек. «Жаңа Мәрия екеуміз сенің «Жыр тұмасы Тұмағаң» деген сұхбат-эссеңді дауыстап оқып, сондай рақаттандық. Рақмет саған, Қорғаш!» дейді. Одан соң мен де керемет рақат сезімге бөленіп жатып ұйықтап кетіппін. Кім-кімнің де болсын сәттілігіне сүйінішін айтып, сүйемелдеп отыруы басқалар үшін де қалтқысыз қуана білетін біздің азаматтың дарқан табиғатын танытса керек.

2006 жылдың соңына қарай «Жұлдыздан» Мағауинмен бірге кеткенбіз. Шақырған екі-үш жерге бара қоймай, жарты жылдан аса жеке шығармашылықпен айналыстық. Жұмыссызбын деп ешкімге шағынбадық. Ақыры, бұл жағдайымды Сауытбек біліп қалып, қоярда-қоймай елдің бас газетінің Алматы бөлімшесіне қызметке алды. Оны да жай жасай салмайды ғой. Содан біраз жыл бұрын шыққан кітабымда «Бастан асып барады қарыз деген, Арман болып қала ма Париж деген» деп жабырқаған, уайымшыл өлеңім бар-ды. Соны есінде сақтаған екен. «Сен, немене, Парижге барғың келіп жүр ме?» дейді телефондап. Жұмыссыз жүрген адамға Парижі несі деп ренжіп үлгергенімше болған жоқ, «Парижге барғың келсе, «Егеменге» кел. Бірге жұмыс істейік» дегені. Шағын ұжымға мені таныстырғанда әңгімесін өзіне тән нәзік юморымен: «Өздеріңіз жақсы білесіздер, акционерлік қоғамның жарғысында «Қоғам президенті қызметіне кіріскеннен кейін бес жылға дейін курстастарын жұмысқа ала алмайды» деп көрсетілген... Ол мерзім өтті. Сондықтан мен сіздерге университетте бірге оқыған курстасым Қорғанбек ­Аманжолды қызметке қабылдайтынымды хабарлағалы отырмын...» деп бастағаны есімде. Сөйтіп, «Жұлдыздан» кейінгі тағы бір жұлдызды жылдарым басталды. Сауытбектің айтқаны: «Қорғанбек, біз де жасарып бара жатқан жоқпыз. Бір алты-жеті жыл армансыз шырқа! Кесек турап, ірі сөйле!»... Осы үдеден шығуға тырыстық. Артығымен он жыл шырқадық. Сауытбектің арқасында. Қызметті де берді – Алматы бөлімшесінің жетекшісі де болдық, Астанаға алдыртылып, бас редактордың орынбасары да болдық. Ең бастысы – «Егемендегі» жылдарым журналистік қарым-қабілетімді әбден айқара ашты. Ел көргізді, жер көргізді.

Ал мына қызықты қараңыз. Аузының дуалылығы ғой, «Егеменге» келгеннен кейінгі алғашқы іссапарым дәл сол ­Парижге жол түсіргені! Жүрсін Ерман дәл сол кезде Парижде Еуропа қазақтары үшін айтыс ұйымдастырып қалғаны! Бардық. Көрдік. Жаздық. Қанаттана түстік. Мен сапардан келгенде Сауытбек: «Ал енді Нью-Йоркке ұйқас тап!» деп күлді. Содан төрт-бес ай өткенде телефон соқты: «Сен Нью-Йоркке қашан ұйқас табады деп күтіп отыратын жайымыз жоқ. ООН-ның 64-ші сессиясын жазуға Америкаға аттанатын болдың, дайындала бер» деді. Сөйтіп, Нью-Йоркке де барып келдік. Одан кейін Нью-Йорктің ұйқасы да табылған. Әрине, ол өлең Сауытбекке арналып еді.

Сұлулықты жақсы көретін қиялшыл, романтик Сауытбек 2018 жылғы жазғы демалысын Парижде Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілі қызметінде істейтін тарихшы ұлы Асқардың үйінде қонақта болып, Франция арқылы Португалияға әдейілеп сапарлап, Еуразияның ең шеткі батыс нүктесі – Рока мүйісін ­отбасымен бірге барып, өз көзімен көрді. Сол тарихи жерде түскен суреттерін маған да жіберген. Мүйісте орнатылған ескерткіште португалдың ұлы ақыны Луиш Камоэнстің «Осында жер бітіп, су басталады» деген сөзі бәдізделіп жазылыпты. Мұндай сәулелі сапарлар біздің жаһандану заманының қаламгері, әлемдік ауқымда толғайтын мәдениеттанушымызға рухани олжа салып, жанын дәйім әсемдеп нұрландырып тұратынына сөз бар ма! Өзімен ғана шектелмей, Камоэнстің поэмасын сен аударсаң жақсы болар еді деп бізді де жақсылыққа жетелейтінін қайтерсіз.

Жалпы біз Сауытбектің екі тілді қаламгер екеніне мән бермейтін сияқтымыз. Өзіне айтқызсаңыз, «бір жарым тілді». Сұхбаттарының бірінде осы жөніндегі сұраққа кішіктікпен: «Что касается двуязычия в журналистике, то не стоит ­заниматься самообманом. Писать одинаково профессионально на обоих языках очень сложно» деп те айтқаны бар. Әйтсе де, біраз мақалалары орысша жазылып жүр. «Художественная литература» баспасынан шыққан ­«Олжас и я» кітабындағы мақаласына мәскеулік редакторлардың да қол тигізбегенін көргенмін. «Аударып, дайын ұстап отыр. Түзете қалса, соған сәйкес келтірерсің» деген еді. Мәскеу баспаларындағы, газеттеріндегі мақалаларын қазақшалауға мен өзім де атсалысқам. Талай жерде реті келіп, қажет болып қалғанда орысша көсіліп те, шешіліп те сөйлеп береді. Осыдан біраз бұрын Мәскеудегі Орыс шетелі үйінде аса көрнекті орыс жазушысы, баяғыда Бунинмен қатар Нобель сыйлығына ұсынылған Георгий Гребенщиковтың 130 жылдығына арналған кеш өтіп, сонда Сауытбек сөз сөйлеген. Себебі Гребенщиков тумысы Шығыс Қазақстаннан, эмигрант қаламгер, арғы аталары түркілік хандардың тұқымынан, қазақтар жайлы зор тебіреніспен жазды, әлем әдебиетіне Алтай тақырыбын әкелді... Жан-жақты зерделі баяндама мәскеулік зиялылардың жүрегіне жетті... Сондағы сөзін де ­газетке мен аударып шығарғанмын. Сауытбектің тағы бір осындай сәулелі сәтін қазақ жырының мәңгі жарық жұлдызы ­Фариза Оңғарсынова былайша бейнелепті: «Санкт-Петербургтегі атақты Таврия сарайындағы Дума залында Жамбыл атамыздың «Ленинградтық өренім» жырымен басталған мәртебелі жиында Сауытбек ініміздің сөйлеген сөзі соншалықты әрлі де нәрлі болғаны сондай, кез келгенді менсіне қоймайтын ақсүйектер тұқымының тұяқтары қайта-қайта қол соғып, қошемет көрсетумен болды. Президиумда отырған менің сүйсінгеннен жанарыма жас келіп, мына мінберден осыған дейін қазақ сөйлеп көрді ме екен деп толқып отырдым». Асылтек ақын апамның бұл сөзіне алып-қосарым жоқ. Осыны өзінің есіне салсаң, сөзіне әзіл қоса сөйлейтін әдетімен: «Залда отырғандардың арасында Ресейдің қазіргі Президенті де болды... Бірақ оның қол соққан-соқпағанын нақты айта алмаймын» дейді. «Қалайша?!» деп, сенер-сенбесіңді білмей сұрасаң, «Солайша. Путин ол кезде қала мэрі Собчактың орынбасары еді. Күндіз бізді қабылдауға қатысқан. Мэрияға Мәдениет министрі Талғат Мамашев екеуміз барғанбыз. Мен ол кезде министрдің бірінші орынбасарымын» дейді аспай-саспай.

Зияткер Сауытбек қашанда осындай. Еліне қызмет қылады. Жүрген жерінде қазағының мерейін өсіреді. Соған қуанғаннан ­Фаризадай ақын апайы көзіне жас алған. Бір бұл ғана емес, Мәскеудің беделді баспаларында, белді газеттерінде жарияланған Абай туралы мақалалары, ұлы хакім жайында үш тілде шыққан, әлемдегі негізгі кітапханалардың ­талайына жеткізілген «Аударма ­алыбы. ­Конгениальность. Congeniality» атты кітабы һәм басқалары да дүйім дүниеге қазақ әдебиеттануының деңгейін лайықты танытуда. Жақында оқырманмен қауышатын шығармаларының бес томдығы да ұлт руханиятына олжа салары сөзсіз. Өйткені Тәуелсіздікті парасатты публицистика тілімен дәл Сауытбек Абдрахмановтай тереңдете талдап жазған, жүйелі жазған қаламгерді атау қиын. Тәуелсіздіктің отыз жылдығында олардың басы қосылып, жарық көруі әбден қисынды.

Өрелі өмірде де, киелі сөз өнерінде де олжалы бола бер, сырбаз Сауытбек дос!

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты  

1737 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы