• Тіл
  • 04 Қараша, 2021

БІРЕГЕЙ ЖОБА

Бүгінде атажұртынан қол үзіп, түрлі себептермен жер жаһанның түкпір-түкпірінде тарыдай шашылып жүрген қандастарымызды ұйыстыратын бір-ақ нәрсе бар. Ол – тіл. Ана тіліне зәру болып, еліне қайтуды аңсап жүрген осынау қандастарымызға қол ұшын созып, армандарын ақиқатқа айналдыруға исі қазақ бірауыздан атсалыссақ, сауабы мол іс тындырғандай болар едік. Бүгінде мемлекет тарапынан осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы сұрақтарымызға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің Әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының ­басшысы Айнагүл Көкен жауап берді.

– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен «Абай институты» бағдарламасы аясында АҚШ, Түркия, Ресей, Франция, Германия, Британия, Бельгия, Иран, Моңғолия, Өзбекстан, Мажарстан мемлекеттерінде тұратын қазақ диаспорасы өкілдеріне қазақ тілін үйретіп жүрген оқытушыларға әдістемелік көмек ретінде «Қазақ тілін үйрету: отандық және шетелдік тәжірибе» курсы ұйымдастырылды. Осы курстың бірінші кезеңі тамыз айында өткенін атап өткен жөн.

«Отандастар» қорымен бірлесе отырып онлайн режимде өткізілген шараның ұзақтығы бір аптаны құрады. Курстың ­басты мақсаты – шетелдердегі қазақ мәдени орталықтарына ғылыми-әдістемелік қолдау көрсету және Қазақстан аумағынан тыс жерде тұрып, қазақ тілін үйреніп және үйретіп жүрген қандастарымызға қолдау көрсету. Курсты қазақ тілін үйретіп жүрген отандық оқытушылар мен әдіскерлер өздерінің жылдар бойы қалыптасқан тәжірибелері негізінде деңгейлер бойынша (А1, А2, В1, В2, С1) жүргізді.

Шараға қатысушыларға сандық техноло­гияның көмегімен қазақ тілін ана тілі және екінші шет тілі ретінде оңтайлы үйрету, оқытудағы әдіс-тәсілдерді, әдістемелерді, технологияларды қазіргі кезең талаптарына байланысты қолдану жолдары көрсетілді. Қатысушылар тілді қашықтан тиімді оқытудың әдіс-тәсілдерімен танысып, өзара тәжірибе алмасты. Сондай-ақ оқытушылар қазақ тілін үйретуге арналған үздік оқу-әдістемелік құралдармен танысты. Курсқа 250-ге жуық тыңдаушы қатысып, сертификатқа ие болды.

Курс 2020 жылдан бері жүргізіліп келеді. Жалпы осы жерде «Абай институты» жобасына ерекше тоқталып өткен жөн. Себебі курс осы жоба аясында қарқынды жүре бастады.  Мемлекет басшысы ұлы Абайдың 175 жылдығын мерекелеу туралы арнайы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Жарлық аясында «Абай институты» ашық білім беру жобасы іске асырылды. Жобаның бастапқы міндеті қазақ тілін, әдебиеті мен мәдениетін дәріптеу және танымал ету, сондай-ақ мемлекеттік тілді оқыту бағдарламаларының жалпыға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін республикада және ­шетелде қазақ тілінде ашық білім алуды жүзеге асыру. Сондай-ақ жоба арқылы ұлы Абайдың өмірі, шығармашылығымен кеңінен танысып, сол арқылы елімізді насихаттауға жол ашылып отыр.

Дүниежүзінде бір халықтың тілін, әдебиетін, мәдениетін, тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін насихаттауға бағытталған орталықтар өте көп. Оған мысал ретінде түріктің Юнус Эмре институты мен немістің Гёте институтын айтуға болады. Бұлар тек тіл үйретумен шектелмейді, мәдениет, өнер саласындағы еларалық өзара әріптестікті одан әрі дамытуды, достықты нығайтуды мақсат тұтады. «Абай институты» да осындай мақсатта құрылған, дегенмен шетелдердегі қазақ диаспорасына, ирриденттеріне қазақ тілін оқып-үйренуге қызығушылық танытып жүрген ел және шетел азаматтарына арналған.

Әлемнің әрбір елінде миллиондаған қандастырымыз бар. Біз олардың туған тілі – қазақ тілінен сусындап, оны ұмытпауларына жағдай жасауға тиіспіз. Ресми, бейресми мәліметтерге сүйенсек Өзбекстан, Ресей, Қытайдың өзінде 5 миллионнан аса қазақ бар. Әрине, олардың барлығын оқумен қамтып үлгеру мүмкін емес. Дегенмен тілге мұқтаж қандастарға міндетті түрде тиісті жағдай жасалуы тиіс және өзіңіз көріп отырғандай бұл жұмыс басталып та кетті.

Қазір Димаштың ықпалымен әлем елдеріндегі түрлі ұлт өкілдері де қазақ тіліне қатты қызығушылық танытып отыр. Осы ретте біздің жобамыз олар үшін таптырмас құрал дер едім. Жоба аясында Түркия, АҚШ, Ресей, Франция, Германия, Бельгия, Иран, Моңғолия және Өзбекстанда қазақ тілі кабинеттері ашылып, оқыту офлайн және онлайн форматтарда жүргізілуде. Қазақ тілін оқытуға жауапты кураторлар белгіленген. Былтырғы жылдан бері білім алушылардың саны біршама өсті.

Шетелдегі отандастармен жұмысты ұйым­дас­тырып, жоғарыда аталған елдердегі қазақ тілі кабинеттерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп отырған «Отандастар қоры» АҚ-ның жобадағы рөлі ерекше. Оқыту Zoom платформасы арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ бұл жоба аясында «Аbai.institute» порталы іске қосылды. Порталда «Абай әлемі», «Қазақша үйрену», «Ақпарат», «Кітапхана», «Форум», «Елтаным», «Медиа» қызметтері істеп тұр.

«Abai.institute» порталының интерфейсі 6 тілде (орыс, ағылшын, түрік, неміс, француз, парсы тілдері) берілген. Яғни кез келген азамат қазақ тілін орыс, ағылшын, түрік тілдері арқылы меңгере алады. Сабақты виртуалды оқытушы жүргізеді. Сондықтан кез келген азамат өзі қалаған уақытта қазақ тілін өз бетінше үйренуге мүмкіндік алып отыр.

Порталдың «Қазақша үйрену» web-қосымшасы әліпби, этикет, сапа, үйге арналған заттар, сандар, менің отбасым, адамның дене мүшелері, киім, мамандық, тамақ, уақыт, мезгіл, орта, хобби/театр/демалыс, саяхат, мереке бөлімдерінен тұрады. «Сабақ» бөлімінде алған білімді «сұқбат» бөлімі арқылы шыңдап, бекітуге болады. Портал күнделікті жетілдіріліп, контенті толықтырылып отыр. Тіл үйренуге ниет білдірушілерге арналған жалғыз жоба емес. Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен дайындалған «Tilqural.kz», «Tilmedia.kz», «Balatili.kz» сынды тамаша жобаларымыз бар.

 «Tilqural.kz» – мемлекеттік тілді кезең-кезеңімен үйренуге арналған веб-сервис. Сайтта қазақ тілін меңгеруге ниеттеніп жүрген ересектерге А1, А2, В1, В2, С1 дең­гей­лерінде тіл үйренуге мүмкіндік беретін онлайн-курс бар. Сайт сөздік қорын толық­тыруға, жаңа сөздердің мағынасын түсінуге және оларды күнделікті өмірде қолдануға көмектеседі. Қосымшаны Android, iOS платформалары арқылы жүктеуге болады. Сонымен қатар электронды оқулықтарды web-порталдан смартфонға жүктеу мүмкіндігі қарастырылған.

«Tilmedia.kz» үштілді сайты орыс және ағылшын тілді азаматтарға  мемлекеттік тілді қызықты және тиімді оқытуға көмектеседі. Тілдерді оқыту әдістемесі аудио және бейне мазмұнға негізделген. Сайтта латын және араб графикалары қарастырылған.

Кейінгі кезде балаларға арналған контентті дамыту мәселесі өте орынды көтеріліп жүр. Бұл ретте «Balatili.kz» сайтының орны ерекше дер едім. «Вalatili.kz» сайты үш жастан асқан балаларға, сонымен қатар бала тәрбиесі мен оқытуды жүзеге асырушы тәрбиешілер мен мұғалімдерге, ата-аналарға арналған сайт. Сайт интуитивті іздеу жүйесі мен ыңғайлы навигация жүйесі бар онлайн платформа негізінде жұмыс істейді.

Сайтта дыбыс пен әріп, сөз, сөз тіркесі, сөйлем, мәтін, тұрақты сөз тіркестеріне қатысты дидактикалық оқу материалдары, сонымен бірге балалардың тілдік, жазу және көркем жазу, оқу дағдыларын қалыптас­тыру мақсатындағы оқыту материалдары орналастырылған.

Баланың жеке жұмыс істеуіне арналған жұмыс парақтары, ұcтаздар мен тәрбиешілерге, ата-аналарға әдістеме парақтары ұсынылған.

Лингводидактикалық мақсаттарына сәйкес оқыту материалдары мазмұны мен нысанына байланысты топтастырылған. Олар: «Әріп», «Дыбыс», «Сөз», «Сөйлем», «Сөз тіркестері», «Мәтін», «Санамақ», «Шығармашылық жұмыс», «Әдістемелік бұрыш».

Қазақ әріптерінің жазылуынан бастап қазақ тілінің грамматикасы мен орфографиясын меңгеруге қатысты материалдар, соның ішінде интерактивті әліппе, жас ерекшеліктеріне сәйкес аудиодиктанттар, интерактивті ­ойындар, тапсырмалар, каллиграфиялық дағдыларды дамытуға арналған бастырмалар қарастырылған.

Қазақ тіліне ғана тән ерекше атаулар мен сөз тіркестеріне қатысты семантикалық түсіндірмелер берілген. Тұрақты сөз тіркес­терінің мазмұнына назар аударылып, оларды қолдану ерекшеліктеріне қатысты интерактивті ойындар ұсынылған.

Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқуға арналған көркем мәтіндер, соның ішінде қызықты әңгімелер, тақырыптық өлеңдер, интерактивке негізделіп жасалған жаңылтпаштар, жұмбақтар мен мақал-мәтелдер топтастырылған.

Сонымен қатар ұсынылатын мәтін­нің мазмұнын түсініп мазмұндауды, мазмұн­даманы жазуды, тірек сөздер арқылы әңгіме құрастырып, өз ойын қалыптастыруға көмектесетін арнайы тапсырмалар әзірленген.

Арнайы мамандардың лингвистикалық мәселелерге қатысты, балалардың ой-өрісі мен сөз байлығының дамуына, азамат ретінде қалыптасуына, тәрбиеге қатысты мақалалары, ғылыми еңбектері, сонымен қатар балабақша мен бастауыш сыныбының мұғалімдеріне көмекші құралдар, сабақ жоспарлары жарияланып отырады.

11 қазан – 2 қараша аралығында білім беру мекемелерінің барлық деңгейіндегі қызметкерлерге осы және басқа да IT өнімдеріміздің таныстырылымы жүргізіліп, 20 мыңнан аса адам қамтылып үлгерді.

-Әңгімеміздің өзек болған «Аbai.institute» жобасының одан әрі қанатын кеңінен ­жайып, танымалдылығын арттыру үшін отандық және шетелдік мекемелер мен ұйымдарды, қауымдастықтар мен  қорларды және тағы да басқа мүдделі мекемелерді серіктес болуға шақырар едім.

Еркін ҚАЛДАН

1228 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы