• Мәдениет
  • 04 Қараша, 2021

Түркістанда үздіктер анықталды

Түркі елдерінің рухани астанасы Түркістанда Халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер фестивалі (ÁMEN International Animation film festival) жоғары деңгейде өтті.
Салтанатты жиында сөз алған қонақтар қатысушыларды шын жүректен құттықтап, ­кинофестиваль жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар ардагер режиссер Тамара Мұқанова қазақ анимация өнерінің дамуына сіңірген ерен еңбегі мен насихатына қосқан зор үлесі үшін Халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер фестивалінің дипломымен марапатталды. Бұдан соң, байқауға қатысқан фильмдер көрсетілді. Биыл байқауға барлығы 57 өтінім келіп түскен, оның 49-ы іріктеуден өтіп, қазылар алқасының назарына ұсынылды.  Әділқазылар алқасы қатарында танымал суретші-аниматорлар болды. 

Фестивальдің екінші күні түркітілдес елдердің анимация өнерінің бүгінгі ахуалы мен келешек бағдары талқыланған дөңгелек үстелмен басталды. Жиналғандар келешекте «түркі дүниесінің аниматорларын біріктіру керек» деген мәселеге бірауыздан тоқтады.

Түркиядан арнайы келген анимация продюсері және режиссер Мусаб Гүндүз түркі халықтары өз арасында ниеттес, пікірлес, жанашыр болуы маңызды екенін баса айтып, ортақ ұйым құруды қолдайтынын жеткізді.

Содан соң фестивальдің ең маңызды сәтіне де кезек келді. Барлығы 49 жұмыстың ішінен өзбек режиссер-аниматоры Азизбек Мухамедовтің «Дом на колесах» мультфильмі «Үздік анимациялық фильм» атанды. Өзбек режиссері байқауға екі бірдей жұмысын ұсынған. Олардың бірі «Волшебный танбур» қысқаметрлі анимациялық фильмі «Үздік қоюшы суретші» аталымында топ жарса, «Дом на колесах» туындысы фестивальдің «Үздік анимациялық фильмі» деп танылды.

– Әмен Қайдаров атындағы фестивальге қатысып, қазақ анимациясындағы достарыммен қауышқаныма өте қуаныштымын. Туындыларымыздың жоғары бағаланып, еңбегімнің еленгені – үлкен мәртебе. Көрермендеріміз бен фильмдерді жасауға атсалысқан шығармашылық топ бұл жүлделерді ерекше ықыласпен қабыл алатынына сенімдімін. «Дом на колесах» өмірде бәрі бар, бірақ арам ниетті адамдардың сөзіне құлақ асамын деп өзгенің сөзіне ілесіп, өз ойынан айырылып қалған жан туралы шығарма, – деп атап өтті Азизбек Мухамедов.

Жеңімпаздар одан бөлек тағы тоғыз аталым ­бо­йынша анықталды. Екі бірдей қатысушының ­жобасы үздік сериал атанды. Тынышқали Тілегеновтің «Бұзығым» және Бекдос Саятұлының «Суперкөлік самұрық» мультхикаясы өзге жұмыстар арасынан оқ бойы озық тұрды. Өзге шетелдік қатысушылар арасынан Тәжікстан мен Башқұртстан аниматорларының жұмысы жоғары бағаға ие болды. Башқұрт аниматоры Рим Шарафутдинов «Золотой дворец» туындысымен үздік режиссерлік жұмысты жеңіп алды. Осы аталым бойынша екінші жеңімпаз – «LaGare» қысқа метрлі анимациялық фильмінің режиссері Аян Марокканский. Ал тәжікстандық қатысушы  Лолисанам Улугова «Хувайдо» мультфильмімен Үздік сценарий авторы атанды. Байқау қоржынына келіп түскен студенттік жұмыстар екі аталым бойынша бағаланды. Мейіржан Төлепбайдың «Жанұя» мультфильмі студенттер арасындағы үздік жұмыс болса, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері Малика Мақсатқызы мен Қажыбек Гүлнұрдың туындылары «Үздік студенттік режиссерлік жұмыс» марапатын иеленді. Одан бөлек әділқазылардың арнайы сыйлығымен режиссер Нұргүл Дауытова мен Сұлтан Қыдырбаев марапатталды. Ал режиссер Мейіржан Төлепбай «Көрермен көзайымы» аталымына ие болды. Байқауға ұсынылған комикс­тер арасында Мәди Өтегеновтің «Батыл сақшылар» жұмысы үздік деп танылды. Ал фестивальдің ең жас қатысушылары Түркістан Оқушылар сарайының анимация үйірмесінің тәрбиеленушілері креативті қөзқарасы үшін марапатталды.  

Әділқазылар алқасы байқауға келіп түскен жұмыстарды сценарий, режиссура, анимация, кейіпкер, көркемдік шешім бойынша бағалады. Олардың айтуынша, байқау қатысушыларының деңгейі өте жоғары. «Мұндай байқау өсіп келе жатқан жастарымыз үшін пайдалы. Өйткені анимация саласына қызығушылық арта түседі», – дейді мамандар.

Тұрсынай ҚУАНЫШБАЙҚЫЗЫ

1914 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы