• Әдебиет
  • 04 Қараша, 2021

ҚОЛЫНДА ЛӘТИПАНЫҢ КҮМІС ҚАЛАМ...

Қарагөз СМӘДІЛ
«Ana tili»

Баршаға мәлім халық әнінің сөзін сәл-пәл өзгертіп бергенімізді патша көңілді оқырман айып көрмес деп ойлаймыз. Біздің айтпақ Ләтипамыз – белгілі ғалым, Қазақ радиосының ардагері, ұстаз Ләтипа Ахметова да заманында «бозбалалар көзін сүзіп қадаған» сұлу болғанына сөзіміз жоқ. Заманына үйлесе шашын төбеге үйме қылып түйіп, жанары шоқтай жанған жастық дәуреннің суреті бұл сөзімізге дәлел. Алайда біз қазақтың көрнекті ғалымы, сөз зергері Рымғали Нұрғалидай тұлғаның жары Ләтипа Ахметованың ұстаздық, тәлімгерлік қыры туралы сөз қозғамақпыз. Кейіпкеріміздің қолына күміс қалам ұстатып қойғанымыздың да сыры – осы. 

Биыл киелі қара шаңырақ Қазақ радиосының ғасырлық мерейтойы. Қазіргі ұрпақ радионың қадіріне қаншалықты жетіп жүр – бөлек әңгіме. Ал өткен ғасырдың орта тұсында әр үй осынау сиқырлы қорапшадан төгілген қазақ сөзіне, қазақ әні мен сазына ерекше елжіреп құлақ қойғаны анық. Тіпті осы радио сөзі, сазы мен әні талай ­буынды тәрбиелеп шығарғаны да көптің есінде. Міне, сол радио тарихында Ләтипа Ахметованың да орны ерекше. Бұлай дейтініміз, ол әзірлеген радиоәңгімелер әлі күнге «Алтын қорда» сақтаулы. Қазақ және әлем әдебиетінің қомақты тізімі осы Ләтипа Ахметова да үлесін қосқан бағдарлама арқылы толыққаны рас. Дәл осы Ләтипа Ахметованың буыны қазақы болмыс пен ұстанымға қызмет еткенін, ұлттық жігер мен намысты ту еткенін екінің бірі біле бермес. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысал келтірейік, дәл біздің кейіпкеріміздің қызмет еткен кезінде, ұядай ғана жалғыз студияда отырып-ақ қазақтың сөзі мен әнін, дәстүрлі музыкасын халыққа көптеп ұсынғаны рас. Ал ­жастар мен балаларға арналған «Ұшқын» бағдарламасы аясында шоқтығы биік тұлғалар Нәзипа Құлжанова, Нағима Арықова, Алма Оразбаева сынды қазақ қыздарының мәртебелі көшін өз заманындағы қадірлі ғалымдар мен қаламгерлердің жары туралы бағдарламаларға дейін жалғаған. Осы күнге дейін сол замандастарының кейбірінің үні кейіпкеріміздің жеке архивінде де бар. Соның бірі – Әбеңнің жары Ажар апайдың бағдарламасы. Дәл сол аралықта қазақтың дәстүрі ұмыт болып бара жатыр деп дабыл қағыла бастағаны белгілі. Әр ісін ықтияттап істейтін Ләтипа Ахметова өзі жұмыс істеген жылдары Қазақ радиосынан ұлттық ою-өрнектің философиясы, қазақы киіз үй құрылымының қасиеті, сипаты туралы бірнеше бағдарлама ­даярлайды. Ол бағдарламаларды да іздеген жан мұрағаттардан табары анық. Осы жұмыстардан өзге радио қызметкерлері редакцияға толассыз келіп жататын хаттарды да қорытып, жауап беруге бар күшін салып, тыңдармандар арасындағы тығыз байланыстың одан әрі нығая түсуіне еңбек сіңіріпті.   

Л.Ахметова Қазақ радиосындағы қызметінен бөлек, ғылымға да ерен еңбегін сіңірген жан. Бұл турасында белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай былай деп жазады: «Қош, сонымен араб тілі бөлімінде оқып, әліпбиді таныған соң, Рымғали ұстазым Сапарғали Бегалиннің, Сәду Машақовтың, Жүсіпбек Елебековтің үйінен әкеп берген, әуелі Жүсіпбектің, сосын Міржақыптың, сосын Мағжанның араб қарпіндегі кітаптарын оқыдым. Енді сирек кітаптар қорына  бет алдық. Екінші курста, мен кітапханадан тапсырыспен алып танысқан «Әйел теңдігі» мен «Жаңа мектеп» журналдарының тігіндісі пайда бола бастады. Сөйтсем, оның кітап палатасында да тігіндісі бар боп шықты және тігінділері түгел. Беттері жыртылмаған. Со жылы Ләпәң аспирантураға түскен. Тақырыбы осы басылымдар екен.  Жүсіпбектің «Ақбілегін» сол «Жаңа мектептен» толық оқып шықтым. Бұл оқулар мен үшін арнайы курс пәнінің міндетін атқарды. Есепті Рымғали ұстазыма беремін. Әрине, сақтық бірінші орында тұратын. Бұл тұрғыдан алғанда, Ләпәнің аспирантуралық тақырыбы менің Алаштану тақырыбын игеруіме желі тартты. Ара-арасында өз оқығандарымнан мағлұмат сұрап қояды. Бір-екі рет журналдағы кейбір мақалаларды  көшіріп бергенім де бар. Бірақ менің қолүштігіме олар мұқтаж емес еді. Бірте-бірте бұл үйдегі қарбалас жанталасқа ұласты. Бірі – докторлық, бірі – кандидаттық диссертациямен әуре. Менің де қартұяқтана бастаған кезім. Ләпәңнің кандидаттық қорғауы, талқылауы, мәжіліс пен мәзірдің әбігерлігі есімде қалмапты. Соған қарағанда, Ләпәң өз жұмысын өз бетімен ың-шыңсыз тындым қылған сияқты. Ал Рымғали ағаның қорғауы кезіндегі жанталас пен қарбаласты есіме алсам, қазір де төбе шашым тік тұрады. Сол кезде жаңа үйге, бұрынғы Хамза Есенжанов тұрған Төлебаев пен Совет көшесіндегі кірпіш үйге ауысты».

«Қазақ әйелдерінің теңдігі» деген тақырыпта ғылыми жұмыс қорғадым. 1914 жылы «Абай туралы материал жазған қазақтың қаламгер қызы Назипа Құлжанова, қайраткер Алма Оразбаева, қазақтың бірінші гинеколог-дәрігер әйелі Қадиша Мырзалиевалардың қоғамдық-мемлекеттік еңбегіне ғылыми баға бердік» дейді Л.Ахметованың өзі.  Сол ғылыми зерде кейіпкерімізде әлі күнге жоғалмаған. Оған Л.Ахметованың тірнектеп жинаған кітап, мақалалары дәлел. Қазақ баспасөзінде әр жылдары жарық көрген, Рымғали Нұрғали шығармашылығынан хабар беретін материалдардың денін Л.Ахметова ықтияттап жинап, топтастырған. Рымғалитануға қажет дерек керек пе, алып пайдалана беруге болатындай. Осы күнге дейін қазақ баспасөзін мұқият қадағалап оқитын Ләтипа Ахметованың күміс қаламы бұл баспасөздердегі керек деген мақаладардың да астын сызып, ерекшелеп қойған.

«Ана тілі» газетіне «Талғат Бигелдинов қанжығалы Бөгенбай батырдың жетінші ұрпағы» деген мақала бердіңіздер ғой. Міне, олар бөлек, біз бөлек ұшақпен шықсақ та, сол Талғат Бигелдиновпен қатар қажылыққа барған едік. Талғат ­Бигелдиновпен екінші жақындығымды осы газеттеріңді оқығанда ұқтым. Менің де әжем қанжығалы ғой. Атам Ахмет бойы кішірек кісі екен. Тәуіптік қасиеті болыпты. Содан тұқымым ұсақталып кетпесін деп, бойы ұзын жар іздепті. Қанипа әжем қарулы, бойы ұзын еді. Бірде кешқұрым қораның іші апыр-топыр болып кетеді. Қойға қасқыр түскенін сезген әжем демде қораға кіріп, сипалап жүріп, қатты қылшықты қасқырды тауып алып, мойнынан шап берген екен. Екінші қолымен шоқпар ала кірген көрінеді, бар күшімен қойып қалыпты. Осылай ел арасында әжемді қасқыр соғып алған деген аңызға қосатын», – дейді Ләтипа Мұратбекқызы.

Иә, кез келген қазақ әйеліне тән мінезден Ләтипа Ахметова да ада емес. Яғни, ең алдымен, отағасын алға оздыру, отбасының амандығы мен саулығын ойлау біздің кейіпкердің де өмірлік ұстанымы десе де болғандай. Әсіресе ұлттық ұстаным мен намыстан Ләтипа апай да кенде емес еді. Осындай отбасында ержеткен Ердос Рымғалиұлының әке туралы «Алдымда асқар тау боп сен тұрасың...» деген естелігінде мынадай жолдар бар:  «Осы ретте шешем Ләтипа Ахметованың да ұлттық намысы әкемнен кем емес екенін де ел біледі. Оған бір мысал – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, алаңда тіл мәселесін қозғаған және кейін айтулы ақындар қатарына қосылған студенті Аманғазы Кәріпжан әулетінің тағдырына араша түскендігі. Оқудан шығарылып, комсомолдан қуылып, МҚК тергеуіне алынған Аманғазы аға үшін топтың кураторы ретінде партиялық сөгіс алды. Совет аудандық компартия бюросы арқылы берілген бұл сөгіс бірнеше жылдан соң зорға алынып тасталған еді. Бұл туралы  ақиқатты желтоқсаншы Аманғазы ағаның мақаласынан да оқып білуге әбден болады. Газеттен сол мақаланы оқыған Зәки Ахметов, Сұлтанғали Садырбаев, Уәлихан Қалижан сияқты қаламгер-ғалымдарымыз анама кезіккен кезде ризашылық ойларын білдірген екен.

Бәлкім, бұл да бекер емес шығар. Ол кісінің бес бірдей ағасы, менің туған нағашыларым, сол секілді ағайынды аталарының бірнешеуі Ұлы Отан соғысына қатысқан, кейбіреулері хабарсыз кеткен. Бүгінде аяулы анам өзі жүрек тазалығы үшін қажылыққа үш рет барып қайтқан дін жолындағы адам...».

Айтқандай, Ләтипа Ахметова «Ұшқын» жастар мен балалар хабарының редакторы есебінде Орталық комсомол комитетінің жіберуімен Францияны көреді. «Біз сені көрдік, Париж!» деген мақала Л.Ахметованың күміс қаламынан сол кезде туады. Демек, қолына күміс қалам ұстаған Ләтипа Ахметова әр кезең бейнесін ғана емес, әр құрлық келбетін де қағазға түсіре білген журналист.

Л.Ахметова өз заманының тау тұлғаларының, көңілін кір шалмаған замандастарының татулығы мен достыққа адалдығы осы күнгінің жасына үлгі болса екен дейді. Айтқандай, сол уақытта қазақ сөзіне, руханиятына, мәдениетіне бір шоғыр жұлдыз келіп қосылғаны анық. Тіл және әдебиет, журналистика деген екі мамандық, екі бөлім болғанмен бірге оқыған сол студенттер арасынан елге белгілі тұлға көп шығыпты. Олардың ішінде ғылым докторлары Әлімхан Жүнісбеков, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Байынқол Қалиев, ақын, профессор Өтеген Күмісбаев, профессор Лазар Керімов, Әміржан Шалтықов, Республикалық, Халықаралық, облыстық, аудандық газет редакторлары Болат Бодаубаев, Мәткәрім Әкімжанов, Нұриден Мұфтахов, Бақтыбай Далабаев, Идош Асқар, Мәкен Өсербаева, Маман ­Ементаев, Жұмабай Есекеев, Байтұрсын Ілияс, Әміржан Қалиев, Әкімжан ­Оралбаев, Жақсылық Темірбеков, Әнуар Жапаров, ғылым ­кандидаттары ­Нарбай Ыбыраев, ­Назар Қанафин, Серік Жармұхамедов, Өтежан Нұрғалиев, Мағираш Сарикова, Өтен Ахметов, Ерғали Ахметов, Құрманбай Толыбаев, Қабыш Жаркенов, Қарауылбек Қазиев, Әлдихан Қалдыбаев, Қоғабай Сәрсекеев, Есенбай Дүйсенбаев, Сәрсенбек Жұмабеков, Жорабай Молдақұлов, бокс­тан Қазақстан чемпионы Айдарбек Жапсарбаев... сынды елге белгілі азаматтар бар еді. Міне, осындай шоғырмен қатар жүріп есейген Ләтипа Ахметованың елден ерек ұстанымының қайдан қалыптасқанын түсінуге болады.

Айтқандай, осы курстастарының атын атап, түсін түстеп, қаламынан шыққан туындыларын санамалап беріп отырған Ләтипа Мұратбекқызы ол заманның ең биік мінезі – достыққа адалдықта екенін айтып қалды. «Біз достық пен татулық жырын ту қылып көтердік. Адалдықты дәріптедік. Жанашыр болуды дұрыс деп білдік. Қазіргі жастардың бойынан да осындай мінез көрсем, қуанып кетіп, қағазға түртіп қоямын. Қалам жақсылықты дәріптеу үшін керек қой», – дейді.

Иә, біз білген, әңгімелескен Ләтипаның қолындағы күміс қалам ізгілікті, достықты, татулықты жазған, қазір де қойын дәптеріне жазып келеді.

1221 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы